Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Совет өкіметі жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде Жарлыққа қол қойды.
Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен бірнеше отырысын өткізіп те үлгерді. Өйткені біздің тарихымызда ақтаңдақтар әлі көп. Солардың бірі – 1920-1930 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлері, молдалар, ишандар. Профессор Назира Нұртазина «Қазақстандағы ислам діні» кітабында: «1929 жылға дейін 2469 ишан қамалып, ит жеккенге айдалды. 1931-1932 жылдары ел ішінде жасырын мешіт-медресе ұстап отырған 19812 ишан ұсталып, жазаға тартылды. Олардың отбасына ауыр салық пен айыппұл салынды. Бала-шағасы, немересіне дейін қуғындалды» деген деректерді келтіреді. Міне, Кеңес үкіметі кезінде қуғындалған молданың бірі – Мұқан Ыдырысқалиұлы. Мұқан – азан шақырып қойған есімі Мұхамеджан, 1873 жылы Бекетай құмында дүниеге келген. Оның атасы Өтеғали да, әкесі Ыдырысқали да бөкейлікте ислам дінін таратып, мешіт-медресе ұстаған дін қайраткерлері болатын. Указной молда Өтеғали Зорбайұлы – Уфа мен Астрахань қалаларындағы Орынбор мұсылмандары діни шурасының метірке құжаттарында есімі жиі кездесетін тұлға. Ол указной молда болған, мешіт ұстап, медреседе шәкірт оқытқан. Мәселен, Қамыс Самар қисымының Жүніс Байтүменұлы басқарған старшындығында бір жәми мешіті, бір бес уақтылы (зәбия) мешіт болған. Мешіт жамағаты 1870 жылғы деректе 330 шаңырақ болған, старшындықта 4 медресе, 400 шәкірт оқыған. Орынбор мұсылмандары діни шурасының 1858 жылғы бұйрығымен осы ауылда Өтеғали Зорбайұлы указной молда қызметін атқарған (1870 жылғы дерек, Уфа мемлекеттік архиві, №295 қор, №3 тізбе, №7260 іс). Уфа мемлекеттік архивінде Өтеғали Зорбайұлының қолымен толтырылған 1865, 1869, 1871 жылғы метірке кітаптары сақталған. Өтеғали Зорбайұлының діни ағартушылық қызметін кейін ұлы Ыдырысқали жалғастырған. Ыдырысқали 1847 жылы туған. Өйткені 1898 жылы толтырылған метірке кітабында өзі «жасым 51-де» деп жазған екен. Ол Ішкі орда Қамыс Самар қисымының №10 ауылында мешіт ұстаған. Бұл қызметіне 1891 жылы 9 қыркүйекте Астрахан губерниялық басқармасының №4368 нөмірлі бұйрығымен имам хатиб болып бекітілген. «Ғылым тахсил еткен жерім – Орал губерниясындағы молда Рахметолла Оразаев медресесі» деп жазады. 1898 жылы имам молда Ыдырысқали Өтеғалиұлы ұстаған мешіт хұзырында 1228 ер, 1131 әйел тіркелген екен. (Астрахан ОМА, F-1115, Op-1, D-83) Мұқан көрген машақат Заман өзгермей, сол күйінше тұра берсе, Ыдырысқали балалары да ата жолын қуып, дін тарататыны анық еді. Алайда Кеңес өкіметінің келуімен «бай менен молданы қамшымен қойдай қуған» заман туды. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорында сақталған мына құжатқа назар аударайық: «Қазақстан Орталық Атқару комитетінің ағзасына! Батыс Қазақстан облысы Камен ауданының азаматы Мұқан Ыдырысқалиұлынан тілек! Мен 1925 жылдан бастап бұрынғы Шежін ауданы Меңдеш кеңесінің қарауында қара шаруа ретінде болып келдім. Меңдеш кеңесі Қосшы кеңесіне ауғансын 1929 жылы ілкі колхоз құралуында «Голощекин» атты колхозға мүше болып кірдім. 1931 жылы астық майданы кезінде «бұрынғы молданың баласысың» деп астық (салық) салды. Оны төлей алмағандықтан, үйдүниямды һәм меншікті жалғыз сиырымды алып, «Голощекин» колхозына берді. Мен әкем молда Ыдырысқалидан еншімді 1912 жылы алып, бөлек болдым, Ыдырысқали 1918 жылы қайтқан еді. Соған қарамастан, Камен учаскелік халық соты 2 жыл түрме, 4 жыл жер аууға үкім төкті. Өкімді тұтқын арқылы Орал еңбек түзеу үйіне алып, 2 жылдан соң «тұтқын үкімі өтелді, енді 4 жыл жер аууды өтейсің» деген. Содан үй-жаныммен осы аудан қарауындағы Камен ет совхозына кіріп, 4 жыл қызмет етіп отырмын. Қызмет жайлы екпінділік билет, мақтау алдық. Осылай үкімді өтедім деп облыстық прокурорға арыз берсем, бұл жәйлі ауыл кеңесі һәм ауатком алдына мәселе қою керек дегенсін о/кеңесімен ауданға барсам, бізден беркілген, сондықтан Қазаткомнан сұрану керек дейді. Сондықтан Сізден өтініп сұрайтыным, үкімді өтеген менің дауысымды өзіме қайыруыңызды сұраймын. Ақпарын төмендегі әдіріске тез арада жіберуіңізді (сұраймын). Переметный стансасы, РТЖБ, БҚО Камен ауданы Камен ет совхозы №4 ферма. Арыз иесі Мұқан Ыдырысқалиұлы, 3/VI/35 жыл». Алайда бұл арыз қанағаттандырылмаған. Оған арыз иесінің «қоғамға пайдалы еңбек өтілі жеткіліксіз болғаны», «бұрынғы молда, бай-құлақ» ретінде сотталып, жер аударылғаны себеп болған. - Мұқан атам ұзын бойлы, қайратты кісі болды. Өмір бойы ораза-намазын үзген жоқ. Менің білуімше, совет өкіметі қызметінде болмаған сияқты. Атына салт мініп, болмаса арбаға жегіп, ел аралайтын. Көбіне атажұрт – Жаңақала жаққа жол тартып, апталап, айлап жоқ болып кететін. Үй шаруасына жоқ, ақсүйек адам еді. Ел ішінде өте беделді болды. Кейде шариғат ісімен айналысып, неке де қиятын. Мұқаннан 4 ұл болды, өзі ұзақ жасап, 1961 жылы 88 жасында дүние салды, - дейді немересі, бүгінде Переметный ауылында тұратын Сағира Мәжитқызы. Бауырлары Ыдырысқалидың Мұқаннан өзге Башир, Ғалым деген балалары болған. Башир Ыдырысқалиұлы туралы нақты мәлімет жоқ. Тек Ғалым Ыдырысқалиевтің өз қолымен жазып кеткен ата-тек шежіресінде «Ыдырысқалидан – Мұқан, Ғалым, Башир. Баширдан – Ғайса, Әдиет» деген дерек қана қалған. Ал Ғалым, негізі, Мұқанның тұңғыш ұлы екен. Бірақ қазақ салты бойынша атасының бауырында өсіп, Ғалым Ыдырысқалиев атанған. Ұрпақтарының айтуынша, құжаттарында «сауатсыз» деп жазылғанымен, Ғалым ата қазақ, араб, орыс тілдеріне жүйрік болған. Мұны ол кісіден қалған араб, латын, кирилл жазуындағы жазбалар, көне дәптерлер де айғақтап тұр. Ол 1898 жылы Нарын құмында дүниеге келген. Ұрпағы Жүсіптің жазуынша, 1934 жылға дейін Жаңақала ауданында, атажұртта өмір сүрген. 6 сиыры, 2 аты, 2 түйесі, 48 қойы бар орта шаруа болыпты. Колхоздастыру кезінде ортақ қазанға кетпеуі үшін сиырын сойып тастаған. Сол үшін 5 жылға сотталып, Беломор-Балтық еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген. Кейін соғыс басталғанда майданға алынған. Осы Ғалым ағайдан қалған көне Құранның алғашқы бетінен араб жазуында карындашпен жазылған «...Башир хафиз Ыдырысқалиұлы», «22-нші жылы 20-жаузада жұмға күні офат болып, сенбі күні...» деген жазуларды байқадық. Жазу өше бастаған, толық оқу мүмкін болмады. Өз ойымызша Башир Ыдырысқалиұлы 1922 жылы мамыр айында қайтыс болса керек. Баширдың есіміне «хафиз» анықтауышы жалғануына қарағанда, «Құран Кәрімді көкірегіне сақтаған», яғни қасиетті кітапты толығымен жадында сақтап алған болуы мүмкін. Ғалым ағайдың көне жазбаларының бірінен: «Әдиет 1929 жылдар шамасында туған. 1933 жылы ақпан айында Чуваш АССР-ының Алатыр ауданы орталығындағы балалар үйіне Зейнеп тапсырған. Өздері сол кезде Алатыр ауданының Сурский совхозында тұрған екен. 1935 жылы Әдиет пен Нәзипаны Қапсиық көруге барса, «Нәзипа қайтыс болды. Әдиетті Қазан қаласына жібердік» деген жауап алған» деген деректі оқыдық. Әдиеттің одан кейінгі тағдыры белгісіз. Ғалым ағай, інісі Хамит осы Әдиетті кейін көп жоқтаған. Чуваш АССР-ына, Татарстанға қайта-қайта сұрау салып, Ыдырысқалиев Әдиет Баширұлын іздеген. Бірақ сұрау салған жердің бәрінен қанағаттанарлықсыз жауап келген. Соғыстағы сергелдең Бүгінде Бәйтерек ауданының Новенький ауылында тұратын Мақсот Зинуллин мынадай жантебірентерлік әңгімені айтып берді. Мақсот аға – Мұқанның туған, немересі, үшінші ұлы Зинулланың баласы. «Ғалым ағайдың Закария деген үлкен ұлы да өте білімді, алғыр жігіт болған екен. Ол 1923 жылы туған. Орал педагогикалық институтының 3 курсында оқып жүрген жерінен майданға алыныпты. Байланысшы болған екен. Кейін хабарсыз кетті. Осы Закария ұрыстардың бірінде жарақат алып, майдан госпитальдарының бірінде емделген екен. Жазылып, ұрысқа қайта аттанған күннің ертеңіне дәл сол госпитальға әкесі Ғалым түсіпті. «Ыдырысқалиев» деген фамилиясын естіген жаралылар «Кеше ғана осы жерден Ыдырысқалиев деген жас жігіт кетіп еді» дейді. Сұрастыра келсе, әкелі-балалы болып шығады. Ұлын талай жылдан көрмеген Ғалым жанұшыра іздегенімен, Закария өз бөліміне аттанып кеткен екен. Осылайша, Ғалым ұлының төсегін ғана сипап қалған. Құдай тағала әке мен баланы қайта қоспады. Екінші дүниежүзілік соғыста тағдыры талқан болған 50 миллион-ның бірі – Закария Ыдырысқалиев. Мұқанның 1914 жылы дүниеге келген Зинолла деген ұлының тағдыры да теперішке толы. Қан майданға алғашқы лекпен алынған Зинолла Мұқанов соғыста шофер болып, полуторка машинамен зенитшілерді тасыған. 1943 жылы неміс тұтқынына тап болған. Фашистік лагерьден оларды 1944 жылы одақтастар армиясы – американдар құтқарыпты. Соғыс аяқталғанша партизандар қатарында, Италияда болған. Германияның капитуляциясынан кейін Зинулланың алдында бірнеше жол тұрған: елге барғанда қиын болатынын ескертіп, батыс мемлекеттерінде қалуға, тіпті Америкаға виза берілген. Бірақ туған елін сағынған солдат Совет Одағына асыққан екен. Алайда бұларды – «бұрынғы тұтқындарды» Мәскеуде аз уақыт ұстап, кейін «Отанын сатқан опасыз» ретінде соттап жіберген. Якутиядағы Курнурак алтын кенінде адам айтқысыз азапты жағдайда жұмыс істеген Зинуллаға туған жердің дәмі ақыры бұйырыпты. 1953 жылы Сталин өлген соң пайда болған жылымықта тайгадан қашып шығып, үш ай дегенде елге – бүгінгі Тасқала өңіріндегі әке шаңырағына әрең жеткен. Зинолланың құжатын бірнеше айдан кейін лагерьде бірге болған досы алып келіпті. Зинулла Мұқанов соғыс ардагері ретінде өкіметтен құрмет көрмегенімен, қос ұлынан бірнеше немере-шөбере сүйіп, 2007 жылы 94 жасында дүние салыпты... P.S. Заманында дін исламның шырағын жағып, елге ізгілік таратқан Ыдырысқали молдадан, Мұқан мен Ғалымнан тараған бір қауым әулет бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет атқарып, аман-сау өмір сүріп жатыр. Ғалым ағай маржандай етіп жазып, әр шаңыраққа таратып кеткен шежіре-жүйенің арқасында олар әулет тарихын жақсы біледі. Бүгінде Алматы қаласында тұратын белгілі опера әншісі, баритон дауысты Қуат Ыдырысқалиев әлеуметтік желіге аталары туралы мәліметті мақтанышпен бөлісіп отырады...