Ахмәди Есқалиев – Ғұмар Қараштың ең жақын шәкірттерінің бірі. Ақынның баспа бетін көрмеген біраз шығармасы Ахмәди Есқалиевтің дәптерінен табылып отыр.
Ахмәди Есқалиұлы 1888 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы аумағында туған. Ата тегі – Кіші жүздің жетіруына қарасты кердері руынан. 1956 жылы өз қолымен жазып қалдырған шежіреге қарағанда, жамбас кердері Далбай деген кісіден Айдақай, Нұрәлі, Біләл, Берекен тараған. Осы Айдақайдан – Есқали, одан Ахмәди мен Қыдыр туған. Есқалидың Қыдыр деген баласы ерте қайтыс болған. Ахмәди де ата-анасынан 3 жасында қалып, жетім өскен. Ахмәдидің ұлы Болат Есқалиевтің айтуынша, «Ғұмар Қараш жетім балаларды бауырына басып, тәрбиелеп өсірген» екен. Ахмәди де Ғұмардың медресесінде оқып, бітірген. Ахмәдидің өзі Ғұмар Қараштың ең талантты шәкірттерінің бірі болған. Дінге де, ақындыққа да жүйрік болғанға ұқсайды. Ұлы Болат Есқалиевтің айтуынша, Ахмәдидің өзі де ауылда 18 жасында мешіт ұстаған екен. Мұны Мұхамбет Жұмаұлы деген кердері қарт жеткізіпті. Ахмәдидің үлкен ұлы Сұлтан 1908 жылы туған. Ахмәдидің әуелгі алған әйелінен Сұлтан (1908), Хакім (ерте қайтқан), Басир (ерте қайтқан) және Зүкәй (қыз бала, 1920-1978, Шыңғырлау ауданында аудандық тұтынушылар одағының бухгалтері болды) тараған. Бірақ алғашқы әйелі қайтыс болған. Ахмәдидің екінші әйелі – Қатақызы Мәдина (руы – ноғайқазақ, қояс) 1907-1967 жылдар аралығында өмір сүрген. Бұл кісіден төрт бала: Мұхтар (1927-2007), Сара (1932 ж.т.), Қадер (1936-2009), Болат (1946 ж.т.) тараған. Совет үкіметі келерде Ғұмар Қараш молдаларды жинап алып, «әркім өз жолын өзі тапсын, мына өкімет молдаларды жақтырмайды» депті. «Ахмади атамыз мұғалімдікпен айналысқан сияқты» дейді Болат Есқалиев. Жұрттың бәрі оны «мұғаллем» деп атаған. Сұлтан Ахмәдиұлы жоғары білімді, көзі ашық азамат болған екен. Болат Есқалиевтің айтуынша, Сұлтан ағай ҚазПИ-де оқытушы, доцент болып қызмет еткен. Білімді қайдан алғаны белгісіз, химик болса керек. Сұлтан Есқалиевтің әйелі қайтыс болып, 1932-33 жылдары әкесін (Ахмәди Есқалиевті) Алматыға көшіріп алған. Ұлы Болаттың дерегінше, Ахмади ата Алматыда көпшілік кітапхананың меңгерушісі болып қызмет еткен. Москвада курста оқыған. Олар Алматыда 1937 жылға дейін тұрған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің сайтындағы «Мемориал» айдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімінде Сұлтан Есқалиев (Султан Искалиев) туралы төмендегідей деректер берілген: «Сұлтан Есқалиев 1906 жылы туған, қазақ, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының тумасы. Білімі жоғары (профиль белгісіз). Тұтқындалғанға дейін тұрған жері: Алматы облысы, Алматы. Қызметі-доцент. 30.04.1937 жылы ҚазКСР НКВД МҚБ, 6-бөл. 4-бөлімшесі тұтқындаған. КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы 26.04.1938 жылы соттаған, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-11, 58-10, 58-8, 58-9-баптары бойынша ең жоғары үкім – ату жазасына кесілген. 15.06.1959 жылы КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы қылмыс құрамы анықталмағандықтан ақтаған.» Сұлтан тұтқындалған күні-ақ туыстарын үйіне кіргізбей қойған. Олар Алматыда Пролетар көшесінің бойындағы бір пәтерде тұрған екен. Сұлтанның көп еңбегі, қағаздары болған екен, бәрін кәмпескелеп алып кеткен. Ахмәди Есқалиевтің өз қолымен, араб жазуымен жазған естелігі бар: «1937 жылы мені «балаң Есқалиев Сұлтанмен бір семьядасың» деп партиядан шығарып, орыннан алып тастады. Пәтерден шығарып жіберді, содан қаңғып Құйбыш (Куйбышев – қазіргі РФның Самара облысы – қ.) облысына қолдан келген қара жұмысты істеп, күн көріс жасадым. Балалар жас, оларды асырау керек. Солай болып жүріп, Құйбыш облысының Чернигов райондық оқу бөлімінен сұранып, мұғалімдік жұмыс сұрап, мұғалім болып Қызылақырап қалқозына І-інші басқыш Бостандық мектебіне мұғалім болып 41-нші жылдан 50-нші жылға дейін оқытушы болып қызмет істедім. Солай қызмет істей жүріп қуынып, Сұлтан туралы Жоғарғы Соттың «Искалиев Султан реабилитирован» деген решениесін алдым». Ұлы Болат Есқалиевтің айтуынша, Сұлтан тұтқындалған соң (1937 жылы) Ахмәди бірден жұмыстан шығып, Алматыдан елге, Жәнібекке қайтып келген. Ол жерде көп кідірмей, ары қарай Сталинград облысына асып кеткен. Қара жұмыс істеген. Одан Саратов облысына келеді. Бұл жерде де 1-2 жыл тұрып, мал бағады. Содан Куйбышев облысына келеді. Бұл соғыс басталған жыл болса керек. Соғысқа сұранған екен, жасы үлкен деп алмаған. Мұғалім болып қызмет еткен. Сол Қызылақырап деген ауылда кенже ұлы Болат дүниеге келген. Ахмәдидің отбасы 1947-1948 жылдары Орынбор облысы Теплое деген ауылға көшіпті. Теплыйда Ахмәди ағай есепші болып қызмет еткен. 1950 жылы Қазақстанға, Орал облысына, Орал қаласының іргесіндегі тәжірибелік станса – Селекционныйдың бөлімшесі Ветелки ауылына көшіп келген. Ахмәди Есқалиев 1965 жылы зейнет демалысына шыққанша осы жерде есепші-учетчик болып қызмет еткен. Ахмәди Есқалиев 1968 жылы маусым айында дүниеден өтті. Зираты Ветелкиде. Кенже ұлы Болат Есқалиевтің айтуынша, Ахмәди атаның тірі кезінде Алматыдан Ғұмар Қарашты зерттеуші ғалымдар Мұстафа Исмағұлов, Гүлжау Сұлтанғалиевалар іздеп келіп, әңгімелерін, жырларын жазып алған, хат жазысып тұрған. Болат ағай Гүлжау апайдың Ахмәдиді арнайы іздеп келіп, қонақ болғанын, жанында 1-2 кісімен бірге түнімен отырып, әңгіме айтқанын еске алады. Мұндай кездесулер бірнеше мәрте болған. Сірә, алматылық зерттеушілер Ғұмар Қараш шығармаларының түптің түбінде сұрауы болатынын сезіп, барынша жинақтап қалуға тырысқан. «Жайық Пресс» ЖШС тарапынан Қазақстанның батыс өңіріндегі қазақ баспасөзінің даму тарихы зерттеліп, «Қазақстан» газеті, оны шығарушы Ғұмар Қараш есімі жиі айтыла бастаған шақта редакцияға Ахмәди Есқалиевтің ұлы Болат ағай Есқалиев арнайы іздеп келді. Болат ағай әкесінен қалған жазбаларды жеткізді. Екі қалың дәптерге араб жазуымен және кириллицамен тізілген мәтіннің ішінде Ахмәди Есқалиевтің шежіре-тегі, түрлі өлеңдері, сонымен бірге Шәңгерей, Ғұмар Қараш, Қашаған жырау т.б. шығармалары жинақталған екен. Ғұмар Қараштың Ахмәди жазып қалдырған шығармалардың кейбірі бүгінге дейін баспа бетін көрмеген. Ахмәди Есқалиевтің өз қатарластарының алды, Ғұмардың мақтаулы шәкірттерінің бірі болғанын дәлелдейтін бірер мысалды келтіре кетейік: Орал қаласында татар тілінде шыққан «Яңа турмыш» («Жаңа тұрмыс») газетінің 1908 жылғы 15 – қаңтардағы №10 санында Ахмәди Есқалиевтің «Тәбәрік» және «Дұға» атты екі өлеңі жарияланған: «Естідук шығыпты деп «Яңа тұрмыш», Шатландық бұ «Тұрмышқа» шамадан тыш. Дауамын туғралықтың нәсіб етіп Құдайым қылғай еді хайырлы іш. Йазылып әбунаға әр тарафтан «Тұрмышдан» ұлығ, кішік алсын үлуш. «Фікірдай» либералный мәслук тұтып Файдалы мұсылманға болсын бек қош. Жиһанның шар тарафын шиыр қылған Мысалы болсын аның самрұғ құш. «Тұрмышның» бізге ерісіп хабарлары Дұға еттік «Иа, алми қылғыл!» деп хош. «Фікірге» дұшман болған наданлардан Бұ «Яңа тұрмыш» бірлән алыңуз өч. Файдесі қар”инге уәсіл уолыб Көп болғай бұ «Тұрмышны» алыб тұрғуш». Бір қызығы, сол кезде Оралда татар тілінде шығып тұрған жаңа бағытты «Фікір» газеті туралы жазып, «Яңа турмыштың» шыққанына құтты болсын айтып, озық бастамаға ой қосып отырған Ахмәди өзінің «Астрахан губернасы Ішкі Ордалық Талуфка қисымында ахунд Ғұмар әл-Қараш талабасындан» яғни Астрахан губерниясы Ішкі ордалық Таловка бөлігіндегі ахун Ғұмар әлҚараштың шәкірті екендігін атап көрсеткен. Бұдан бөлек, Ғұмар Қараштың жәдитшілдік көзқарастарына сәйкес ел ішіндегі молдалармен арада болған сөз-соғыстардың да бел ортасында Ғұмар Қарашпен бірге Ахмәдидің есімі жүреді.
«...Арқалауға қалғанда
Қарашев пенен Ахмади,
Жүгің болар мол ғана.
Жүк санасаң айтайын:
«Көксіл», «Шайыр», «Қарлығаш» –
Үш арба жүк сол ғана.
«Тумыш» «Тұлпар», «Өрнектер»
Бәрін қосып санасам,
Шамадан артық ол ғана.
Бұл заттарды аз дейсің
«Бәдел» бенен «Фікірің»
Тағы да тұр ол және.
Көтерер едіңіз амалдап
Сегіз түрлі рисалаң
Әрбір болса бір дана.
Мүмкін емес көтеру,
Жоғалғырдың әрбірі
Бірнеше мың рисала.
...Кітаптан өзің көресің:
«Қарлығашпен сөйлесуің
Рас па?» деп сұраса
Не деп жауап бересің?!.
Рас десең сөйлесуің,
Қарлығаштан сұралар.
«Омармен қайда сөйлестің?» - деп
Тергеуге оны да бір алар.
Сөйлеспедім десе Қарлығаш,
Жүйрік болса да Ғұмарың
Сол орында бір сыналар.
Осындай түпсіз өтірікті
Ақыл иесі кім алар...»
Көріп отырғанымыздай, бұл жолдардың авторы Жұмағали Арыстанов Ғұмар Қарашқа қарсы арнайы жазылған «Раддия» шығармасында Ғұмармен бірге шәкірті Ахмәдиді қоса түйрейді. Сөйтіп, Ғұмарға бағытталған таяқ оның адал шәкірті Ахмәдиді де соғып өтеді. ...1921 жылы қаскөйлер ақынды Құнаншапқан деген жерде қылышпен турап өлтіріп кеткенде ұстазын жоқтап, зар жылаған да Ахмәди еді. Ол Ғұмарды жоқтап екі өлең шығарған:
Бір жұлдыз үстімізден кетті байып,
Жүзінен мынау жалған болды ғайып.
Мысқалы мың ділдалық қайран ерім,
Қалайша сипаттасам болар ылайық.
Кең пейіл, терең ақыл данышпаным,
Басыңнан бақыт құсы кетті тайып.
Аз ғана тіршіліктің базарында
Ел үшін еңбек еттің қанат жайып.
Ит дұшпан іліндірді дұзағына,
Жүргенде бір өзіңді мыңға сайып.
...Айдынды адал жүрек, асыл едің,
Хатқа ұста, сөзге жүйрік басым едің.
Тоздырған қарашаның тобын қоймай,
Сияқты алғыр қыран лашын едің.
Сіңіріп миларына надан елдің,
Жарыққа сүйреп, көзін ашып едің.
Келмеске кеттің қайта зарласақ та,
Жаннатта болғай жаның, асыл ерім...
...Қазақтың талай марғасқа ұлдарын қыршынынан қиып, талайын тентіретіп жіберген Совет билігі Ғұмар Қараштың талантты шәкірті Ахмәди Есқалиевті де аяған жоқ. Үміт күткен ұлынан айырды. Тағдырдың жазуымен жат жерде жабығып, қаңғып кетті. Өмір бойы қалың қазақтан «қашып», орыс арасында өмір сүрді. Алайда Ахмәди ағамыздың арманы да жоқ екен. Өлмейтін сөзді өшпестей етіп қағазға түсірді. Аманатты жеткізді. Ол, міне, бүгін қолдарыңызда.
«Ғұмар Қараш шығармалары» ІІІ том, «Ғұмар Қараш туралы естеліктер», Орал 2018. 418-бет