Репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған жұмыс тобының ерекше назарындағы бір тақырып – қудаланған дін қайраткерлері және жабылған, большевиктер тартып алған ғибадат үйлері.
Жалпы Жымпиты ауылының тарихы тым әріде емес, ХІХ ғасырдың соңында отаршыл орыс билігінің қазақ ішіндегі билігін нығайту мақсатында үкімет тарапынан тұрғызылған елді мекен болатын. Шамамен 1881-1890 жылдары іргетасы қаланған Жымпиты бірден үлкейіп, аурухана, мектеп, мешіт пен шіркеу салынып, қалаға айналады. Айтпақшы, ел аузындағы әңгімеде болашақ Жымпиты уезінің орталығы Қоспа мекенінде салынуы тиіс болған екен, бірақ қазақтар қағылған қазық орнын ауыстырып жіберген-мыс. Тарихи деректерге қарасақ, Жымпитыда әуелі шіркеу көтерілген екен. Сырым Датұлы атындағытарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның дерегінше, шіркеу 1890 жылы салынып біткен. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорында «Жымпиты ауылындағы бұрынғы шіркеу ғимаратын пайдалану туралы Жымпиты аудандық атқару комитетінің жазбалары» атты құжаттар сақталған. 1937 жылы қатталған бұл жазба православ христиандарының ғибадат үйінің тағдырын біржола шешіпті. «Облаткөмге. Аудан орталығы Жымпиты пәселкесінде өткен жылдары көпшіліктің (соның ішінде діншілдердің) өздерінің мақұлдауымен мәдени қоғам орындарына пайдалану үшін тапсырылған бір шіркеу болатын еді. Ол шіркеу осы күнге дейін түрлі ретте пайдаланылып келген еді. Айтылған шіркеуді обылқамқоздың (облыстық коммуналдық шаруашылық мекемесі – Қ.Қ.) технигін арнайы шақыртып қаратқанымызда, ол техник «тасын пайдалануға жарайды, бірақ бұзбай, сол күйінде ештеңеге аспайды, келер жылдар құлайды» деп әкті жазып кетті. Сондықтан осыны қатеріңізге салып, ауатком сұрайды, оның әктісін қоса жолдап отырмыз, сол шіркеуді бұзып, тасын пайдалануға ұлықсат етуіңізді. Ескерту: оның тасын Жымпиты қаласынан стандартты монша салуды ұйғарып отырмыз». 1937 жылы 7 шілдеде №531 санымен тіркелген бұл хатқа ауатком төрағасы Санатов пен хатшысы Есәлиев қол қойған. «Жымпиты ауаткомының төрағасы Ж.Нұрышовқа. Сіз Жымпиты паселкесіндегі шіркеуді бұзып, монша салуға ұлықсат сұраған екенсіз. Бұрынғы шіркеу, мешіт үйлерін заң бойынша үшкөл, құлып, оқу үйі, библетека секілді мәдени ағарту орындарына ғана пайдалану керек. Сондықтан бұрынғы шіркеу үйін монша салу үшін бұзуға обылаткөм ұлықсат ете алмайды. Егер де шіркеуді бұзып, жоғарыда көрсетілген мәдени-ағарту орындарының біріне алғыңыз келсе, мәселені қайта қойыңыз. Облатком секретары Назаров». Бұл хат 1937 жылы 15 шілде күні жазылған. Дәл осы күні Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің Президиумы арнайы қаулы шығарып, Жымпитыдағы шіркеу үйін тозуына байланысты бұзып, кірпішін алуға рұқсат берген. Шіркеу ғимаратының әбден тозып, пайдалануға жарамай қалғанын Жымпиты поселкелік кеңесінің мүшесі О.Строева, коммуналдық шаруашылық бойынша кеңестің инспекторы Қойшыбаев, облыстық коммуналдық шаруашылық басқармасы жобалау бөлімінің инспекторы Юркин қол қойған акт әйгілеп тұр: «Шіркеу ғимараты әуелден сапасыз кірпіштен қаланған, кірпіш арасына құйылған әк те бүгінде жарамсыз болып қалған, ғимараттың төрт бұрышы да жарылып, төменнен жоғарыға дейін саңылау көрініп тұр, сондықтан тек бұзылып, кірпіші басқа ғимарат салу үшін пайдалануға жарамды». * * * Енді Жымпитыдағы мұсылман мешітінің тарихына келейік: Белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақстан мешіттері мен медреселері» (Алматы, «Аруна», 2009) кітабында Сырым аудандық мешітінің көне ғимараты 1896 жылы татар сәулет үлгісімен салынғаны айтылған. 1921 жылы мешіттің күмбезі қиратылып, аудандық партия комитетіне берілген екен. 1958-1965 жылдары бұл ғимарат аумақтық басқарма мекемесіне берілген, ал 1965-1986 жылдары Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінің редакциясы ретінде пайдаланылған. Ал 1986-1990 жылдары тіпті жеке тұрғын үй ретінде үш отбасы осында тұрыпты. Тек 1991 жылдың күзінде күрделі жөндеуден өтіп, мұсылман мешіті ретінде мұсылмандардың иелігіне берілген. «Жымпитыдағы мұсылмандар мешітін 1896 жылы Файруза Ғұсманова деген адамның әкесі салдырған. Көлемі – 26х10 метр, биіктігі – 10 метр. Күмбезсіз, имам тұратын михрабы шығыңқы. Қабырғалары саман тастан қаланған. Сол кезең дәстүрі бойынша сырты ағашпен қапталып, шатыры қаңылтырмен жабылған. Мешіттің алғашқы үлгісінде алдында бір үлкен мұнарасы және төбесінің орта шамасында шағын кішкене мұнарасы болған. 1937 жылдар шамасында Қуанай қазіреттің күйеу баласы қос өгізбен тартып, мешіттің алдыңғы мұнарасын құлатқан...» . Бұл деректер– Сырым ауданындағы Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханасының сайтында жарияланған мәлімет. Тағы да Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив құжатына – Жымпиты мешітінің метіркелік дәптеріне көз салайық: «Насреддин бин мулла Фахреддин Хужашев 1878-нчі йылда 13 януарда туған. Указ үшбу 1908-нчі йылда 15-нчі майда, №1496 нөмірінде моллалық дәрәжәсіне тағайын итілган. Шахар Қазанда дамолла Ғабдуссалам айле Мұхамед-Қасым бин Ғабдуссалам Салиховлардан ғылым тахсил еткен. Месжидтің тұрған жері «Қызыл үй базары». Низам ғиндінде (құжат бойынша – Қ.Қ.) Жымпиты, халық арасында «Қызыл үй базары» есімлі-дүр. Месжид құзырындағы жамағат саны: 550 – ер, 500 әйел адам. Месжид 1907- нчі йылдасалынған, Уральский областной правление тарафындан рухсат берілген. Бұ рухсат қағаз Уральский областной правлениеде сақлаулы-дүр. Бұл месжидте 1908 йылдан бастап метірке йүріледі». Татар тілінде жазылған бұл құжатта Жымпиты мешітінің ғимараты 1907 жылы Орал облыстық басқармасының рұқсатымен салынғаны, 1908 жылдан бастап метірке жүргізілгені айтылып тұр. Мешіт имамы – Фахреддин молданың баласы Насреддин Қожашев 30 жасында Жымпиты мешітінің имамы болып тағайындалған екен. Оның діни білімді Қазан қаласында әкелі-балалы Ғабдуссалам және Мұхамед-Қасым Салиховтардан алғаны, мешіт тұрған жерді халық «қызыл үй базары» деп атайтынын, құжат жүзінде Жымпиты аталатыны да көрсетілген. Сол жылы мешіт құзырындағы мұсылмандар саны 1 мың адамнан асатындығы да жазулы тұр. Жоғарыда Әбсаттар қажы келтірген деректегі мешіт пен метірке дәптеріндегі мешіт бір ғимарат па, әлде екі бөлек құлшылық үйі ме, бізге белгісіз. Жымпитыда тағы бір мешіт болғаны, ол «қазақ мешіті» деп аталғаны туралы дерек айтылады. Соған қарағанда, Жымпитыда қазір сақталған көне мешіт ғимараты, метіркеде айтылғандай, 1907 жылы салынған болса керек. Ендеше, келер жылы мешіт ғимаратына 115 жыл толады.
P.S. Жақында ғана Жымпиты ауылында су жаңа мешіт салынып, пайдалануға берілді. Осыған байланысты көне ғимаратты қалай пайдалану туралы мәселе де туындайтынын әріптесіміз Бауыржан Ширмеденұлы көтерген болатын. Талай-талай тарихи оқиғаның ортасында болған, Күнбатыс Алашорданың астанасы ретінде де күллі қазақ үшін қасиетті Жымпитыдағы қастерлі ғимарат күтімсіз, ескерусіз қалмас деп сенеміз.
«Орал өңірі» газеті, №21, 5 маусым 2021 жыл