Совет үкіметінің дінге қарсы болғаны белгілі. Молдалар 1928 жылы кәмпескелініп, жер аударылса, 1937-1938 жылдары жаппай атылып, сотталып кетті. Кейінгі жылдары да дін қызметкерлеріне оңай болған жоқ.
1937-1938 жылдың алапатында ел ішіндегі хазірет-ишан, молда атаулының барлығы атылып, айдалып кетті. Біразы бас сауғалап ішкі Ресейге немесе Қазақстанның орыс ауылдарына тығылды. Батыс Қазақстан облысындағы дін қайраткерлерінің тарихына көз жіберсек, «Дін менен молданы қойдай қу қамшымен!» деген асырасілтеу ұран айнымай жүзеге асқанын көреміз. Дінге қарсы саясат қоғамның барлық саласында жүрді: жержерде «Құдайсыздар қоғамы» құрылып, қазақтың діні мен ескі салт-дәстүрінің бәрі қиратылып жатты. Аз-мұз шариғат білетін, молданың алдын көрген жандар онысын жасырып, бетегеден биік, жусаннан аласа қалыпқа түсті. «Молда-имамдар байлардың шашбауларын көтереді; мешіттерде патшаға тілек тілетіп дұғалар оқыды; мұсылман еңбекшілерін қанауға байларға көмек берді, жалмауыз байларды дін-шариғат бен қорғап, қанаты астына алды! Еңбекшілерді сабыр қылуға, төзуге, жазмышқа ырза болуға үндеді. Кедейлерді байларға жығып беріп отырды. Мүпти мен діни мекеме туралы ауыз ашқанда мүптилердің патшаның оң көзі болғанын, діни мекеме болса патшалықтан асыралған шапағатшы болғанын көрсету керек» делінген сол кездегі нұсқаулардың бірінде. «Дін – апиын» деген насихат совет оқушысының санасына әліппеден бастап сіңірілді. 1935 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Әліппе» кітабына назар аударайық: «Қалқозда құлып жоқ еді. Қалқозшылар жиылысқы қыс мектепте, жаз далада жасайтын еді. Ауылда үлкен мешіт болатын. Молда 1928 жылы кәнпескеленген. Мешітте намаз оқитын адам жоқ. Мектеп балалары мешітті құлып жасау керек десіп жүрді. Оқытушы мұны ұнатты. Оқушылар ата-аналарына айтты. Қалқозшылар жиылыс қылды. Мешітті құлып қыламыз деп қаулы етті. Мұнараның айын қағып тастады. Мешіт құлып болды. Құлыпта жиылыс болады. Онда түрлі ойындар қойылады. Бос кезде қалқозшылар барып, газет, кітап оқиды...» Сол кездегі молданың хал-күйі туралы әйгілі «Ғалия» медресесін бітірген молданың баласы, 1938 жылы өзі де «халық жауы» атанып атылып кеткен жаңақалалық ақын Салық Қайырғалиұлы былай жырлайды:
«...Молданың білсең, Көңіл, күні кетті,
Себебі жас жағының діні кетті.
Мұхтасиб, мүфтиді де молда түгіл
Бұл күнде жер аударып тентіретті.
Садақа, пітір де жоқ, зекет те жоқ,
Бұл күнде ондай заттың бәрі кетті
Боламын демек түгіл болар ма ед деп
Аузыңа ала көрме ондай кепті.
«Молда» деп сотқа беріп, үкім қойса,
Сол күнде әкетпей ме берекетті?!.»
Бұл Ай мен Күндей шындық, сол заманның шынайы суреті болатын. Орал мешітінің тағдыры Совет үкіметінің дінге сәл-пәл жылымық танытуы – 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде болды. Өйткені ел мен жерді, Отанды жаудан қорғау үшін халықты жұмылдыруға діннің ықпалы үлкен екенін атеистердің өзі амалсыз мойындады. Архив құжаттарын қарап отырсақ, дәл осы соғыс, соғыстан кейінгі жылдары дін ұстаған жамағатқа сәл-пәл еркіндік беріліп, мешіттер қайтарылып беріле бастаған. Белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» кітабында Оралдағы көне мешіт ғимараты 1944 жылы халыққа қайтарылып, қайтадан діни құлшылық орнына айналғанын жазады. Орал қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің «Мешіттің бұрынғы ғимаратын діншіл мұсылман тобының қызметіне беру туралы» 1945 жылдың 18-желтоқсаны күні шығыпты. Қаулыда «Орал қаласы Рабочий көшесі, 16 мекенжайдағы бұрынғы мешіт ғимаратын мұсылмандарға қайтарып, ондағы КЭЧ гарнизонын (қарулы-күштердің тылын қамтамасыз ететін әскери ұйым – Қ.Қ.) №4 мектептің бос тұрған сол қанатына көшіру, мешіт ғимаратын 1945 жылдың 23 – желтоқсанынан қалдырмай босату» туралы айтылған. Бұл 1897 жылы салынған көне мешіт ғимараты еді. Оның негізгі демеушісі Мұртаза Абдуллин деген бай болыпты. 1930 жылы мемлекет меншігіне өткен мешіттің мұнарасы қиратылып, әр жылдары байланыс бөлімшесі, әскери трибунал, қуғынсүргінге ұшыраған ауыл тұрғындарын жинап, жер аударуға жіберетін пунктке айналған. Кейін мұсылмандар меншігіне берілген соң да басынан бұлт кетпеген. Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің 1962 жылғы тігіндісін ақтарып отырып, «мешітке шабуыл» операциясына куә болдық. Әуелі облыстық «Октябрь туы» газетінің 25 наурыздағы санында «Құран – дін құралы, дін – кімнің құралы?» деген тақырыппен бір мақала жарияланған. Мұнда Фурманов (қазіргі Жалпақтал – Қ.Қ.) селосында тұратын бұрынғы молда Сырымғали Айтуғанов былай деп жазады: «Мен ескі дүниеде туып, сол қараңғылық өмірдің тәрбиесін алған адаммын. Жасым жетпіске келді. Азды-көпті діни оқуым да бар. Қазақ ауылын, қазақ даласын қапырық пен мешеулік басқан сонау дәуірде молдалардың атқосшысы, қолбаласы болып, олардың сарқытын да іштім, айтқандарын да бұлжытпай орындадым. Оларға еліктеп молдалық та құрдым. ...Қазірет-молдалар дін арқылы қараңғылықтағы адамдарды тұншықтырып, оларды билеушілердің аяғының астына салды. ...Міне, енді біз өмір сүріп отырған кеңестік дәуірде дін елкезбе дүмше молдалардың, алдауыш бақсы балгерлердің құралы болып қана қалды... Менің діннен үзілді-кесілді қол үзуімнің себебі, қазіргі өмір шындығында». Әрине, мақаланың ең басты түйіні мынау болатын: «Діннің әртүрлі салты бар – намаз оқу, ораза ұстау, баланы сүндетке отырғызу, пітір, зекет беру, тағысын тағылар. Кәрі адамдар дінге сенгенде осындай діни салттарды да ұстайды. Мұның өзі жасөспірімдерге өте зиянды. Жаман әдеттің жұқпалы келетіндігі түсінікті. Санасы әлі қалыптасып болмаған балалар үшін бұл жат нәрсе. Жастарды ескі салттан, қолайсыз көріністен аулақ ұстау керек». Жоғарыдағы мақала жалпы дінге, діни дәстүр мен қағидаларға бағытталған әңгіме болса, «Октябрь туы» газетінің 13 мамырдағы санында оралдық мұсылмандардың сол кездегі жалғыз меншігі, соңғы қамалы – мешітке соққы берген. Мақала «Мешіт үйі – халық меншігі, ол халық пайдасына берілуі тиіс» деп аталыпты. «Мешіт халық қаржысымен салынған үй болғандықтан, халық меншігі болып есептеледі. Сондықтан оны қандай орынға пайдалану керектігін де халықтың өзі шеше алады. Осы тұрғыдан алып, Орал қаласындағы мешіттің қазіргі пайдаланылуы туралы мәселені шешу үшін жұртшылық талқысына салуды және оны көпшіліктің пайдасына – балалар мекемелерінің пайдалануына беруді ұсынғымыз келеді. Оған мынадай бірнеше дәлелді себептеріміз де бар: Біріншіден, халықтың көпшілігі түгелдей мешіттен әлдеқашан қол үзді. Өйткені халықтың сана-сезімі өлшеусіз өсті, діннің надандық пен қараңғылықтың құралы екендігіне көздері әбден жетті, оған ешбір сенбейтін болды. Тіпті дінге нанушылардың ішінен де мешітке барып, Құдайға құлшылық ететін адамдар өте сирек кездеседі. Мәселен, аптасына бір рет оқылатын жұма намазының өзіне 5-10 адам ғана жиналады. Олардың да көпшілігі мешітті бетке ұстап, пітір, садақа сияқтыларға ақша жинаудан оңай олжа тауып құныққан дүмше молдалар, сопысымақтар. Ал былайғы күндері мешіт қаңырап бос тұрады. Екіншіден, мешітке көп жылдан бері күрделі түгіл жеңіл де жөндеу жүргізілмеген. Оның есік-терезелері тозған, сылақштукатуркалары түсіп қалған. Мешіттен түскен қаржыны молдалар тек өз құлқындарына ғана жұмсап, оны жөндетпестен, аздырыптоздырып, үлкен иесіздікке ұшыратқан. Егер осылайша тұра берсе, көп қаржы жұмсалған халық меншігі жылдан-жылға бүлініп, істен шығатыны сөзсіз. Үшіншіден, мешітте тазалық сақтау деген атымен жоқ. Көп жылдан бері оның іші ақталынбаған. Қабырғалары шаң-тозаң басқан, сондай лас, едендері өте кір. Жайнамаз ретінде еденге төселінген кілем шаң-тозаңға батып, түрлі микробтың ұясына айналған. Қысқаша айтқанда, тазалық әрі санитарлық жағынан алғанда мешітті пайдалануға түгелдей тыйым салуға болады. Мұндай халде мешітке адам жинаудың өзін үлкен қылмыс деп санаймыз. Төртіншіден, мешіт төңірегіне жиналған он шақты дүмше молда мен сопысымақтар оны оңай олжа табатын, арамтамақтықпен шұғылданатын орынға айналдырып келеді. Олардың ішіндегі бас молда Зейнолла Үмбетов – арабша шала сауатты, Құранның тек қарасын жүргізіп оқитын ғана білімі бар адам. Ол дінге сенетін адамдарды алдап, молда атын иемденіп жүр. Діншілдердің бар сүйенетін діни кітабы құран болса, араб тіліндегі құран сөздерінің мағынасына түсінбейтіндігін бас молда Зейнолланың өзі де мойындайды. Алайда Үмбетов өзінің осындай надан адам екендігіне қарамастан, ұялмай молдалық қылып жүр. Ол «еңбекақы» деп мешітке түскен қаржыдан айына 60 сом ақша алады. Әрине, бұл оның көрсетіп алатыны ғана. Ал молданың көрсетпей қымқыратын табысы бұдан бірнеше есе көп. Өлген адамға жаназа оқу, дәуір ұстау, діни мейрамдарда және басқа уақыттарда пітір, садақа алу, құрмандық терісін жинау, неке қию, тағы басқа осындайлардан бас молданың қалтасына түсетін табыстың көлемі де, түрлері де көп. Мешіттің атағын жамылып, Үмбетовпен бірге молдалық құратын және сол арқылы оңай табыс тауып құныққан адамның бірі – Мұса Темірғалиев. Ол Үмбетовтің туған құдасы, мешіттің мүшесі. 1960- 1961 жылдары мешіттің кассирі әрі тексеру комиссиясы болып, ол мешіттен түскен ақшаны бас молдамен бірге пайдаланды. Мешіттің бас молдасы Үмбетовтің жемтіктес оң қолы жалғыз бұл емес. Өз құлқындары үшін мешітке «қызмет» еткен болып жүретін басқа да дүмше молдалар бар. Олар: Мұса Ділмағанбетов– мешіттің есепші-кассирі, Ғалла Құрманов – бұрынғы саудагер, мешіттің қазіргі садақа жинаушысы, Хамза Жапаров – мешіттің тексеру комиссиясының бастығы, Абдолла Исқақов – мешіттің есепшісі, Қабир Уахитов – өлген адамның басына қоятын құлпытас жасаушы, Сұлтан Шарафутдинов – мешіттің мүшесі және басқалар. Бұлардың бәрі де молдалық құрады. Олар қайтыс болған адамдарға жаназа оқып, Құран шығады, пітір, садақа алады, мешіт пайдасына деп қосымша ақша жинайды. Ал жинаған ақшаны өз құлқындарына пайдаланады. Сөйтіп, Зейнолла Үмбетов бастаған бір топ дүмше молда мешітті өз пайдалары үшін оңай табыс табатын орынға айналдырып отыр. Бұдан былай мұндай жағдайға ешбір келісуге де, төзуге де болмайды. Міне, осы жоғарыда келтірілген фактілерге байланысты Орал қаласындағы мешіттің қазіргі пайдаланылуын өте орынсыз деп есептейміз және мешітті бұдан былай пайдалану мәселесін жұртшылық талқысына салып шешу керек деп санаймыз. Біздің ұсынысымыз мынадай: мешіт үйі – халық қаржысымен салынған, халық меншігі. Сондықтан да оны балалар мекемелерінің пайдалануына беру жөн болған болар еді. Міне, осы жағдайда ғана халық меншігі өзінің дұрыс орнына пайдаланылатын болады». Мақалаға Қазақ КСР-ының мектептеріне еңбек сіңірген мұғалім, дербес зейнеткер Ғ.Молдашев, Орал педагогикалық институтының аға оқытушысы С.Өтешев, дербес зейнеткерлер Т.Нұрымбаев пен Ғ.Махамбетов, зейнеткер М.Үмбетов қол қойған. Облыстың әр аймағынан елге белгілі адамдардың басын қосып, тақырыпты барынша зерттеп жазған «әшкерелеуші» мақала жоғарыдан ұйымдастырылғандай әсер қалдырады. Әрине, бұдан кейін газет беті «орынды ұсынысты қолдаған оқырман хаттарына» толып кеткен. Аталған газеттің 26 мамырдағы санында «Мешіт туралы мақаланы талқылаймыз» деген айдармен Орал облысының әр түкпірінен мақаланы қолдаған, «дүмше молдаларды әшкерелеген» хаттар топтамасы жарқ ете қалған. Бұл хаттардың тақырыбын оқысақ та жеткілікті. «Біз де қостаймыз» дейді мектеп инспекторы Б.Барадосов. «Орынды ұсыныс» дейді қала тұрғыны, дербес пенсионер Ғ.Ахметов. «Батыл күрес жүргізілсін» деген мақаланың авторы З.Қылышев Шілік совхозында бұрынғы мешіттің орнына жиылып, айт намазын оқыған ауылдастарын, Хаби деген молданы сынайды. Өлеңті совхозы, Тайпақ ауданынан «Менің пікірім» деп хат жазған мұғалім Құрмаш Самарханов «жергілікті партия, совет ұйымдары бұқара арасында пәрменді атеистік насихат жүргізбейді» деп наразылық білдірген. «Діншілдердің әрекеті» деген мақалада И.Жанашев деген оқырман «Приурал ауданының Красный Урал поселкесінде Ғабдолла деген қожа мен Оралдан келген Ділмұхамбетов деген дүмше молда 1961 жылы қазан айында 40 баланы сүндетке отырғызып, бала басына 5 сомнан ақша жинап кетті. Ақшаға құныққан олар мұны азсынып, бала басына 10 сом, 5 метр мата талап еткен. Трекин селосында да осындай оқиға болған» деп әшкерелейді. Мешітке, дін қызметкерлеріне шабуыл орыс тілінде де жүріп жатты. «Уральск» газетінің 1962 жылғы 28 қарашадағы санында «Нужна ли мечеть в Уральске?» деген мақала жарияланып, онда да Оралдағы көне мешіт ғимаратының «орнымен пайдаланылмай тұрғаны» мәселе ретінде көтерілген. «Адам аз, аптасына бір мәрте жиналады, осындай үлкен ғимараттың бос тұрғаны жараспайды. Көктемде «Октябрь туы» газетінде мешітті жабу туралы мәселе көтерілген еді, бірақ жергілікті билік тиісті шара алмады. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі құзырына алып, діндарларға шағын ғимарат беру керек». Зейнеткер Т.Нұрымбаев, Клара Цеткина атындағы тігін фабрикасының бригадирі А.Есқалиева, №11 мектеп мұғалімдері К.Қабашева мен Ж.Исанова қол қойған хаттың мазмұны осындай. Бір таңғаларлығы, осындай шабуылға қарамастан, Орал қаласындағы көне мешіт мұсылман жамағатының құзырында қалды. Бірақ тәуелсіздік таңы атқанға дейін тарихи ғимараттың жағдайы мәз болмағаны шындық. Тек 1991 жылы ғана мешіттің мұнарасы халықтың күшімен қайта тұрғызылды. Биіктігі 38,5 метрлік мұнарадан азан даусы ашық тарай бастады. Назардағы молдалар Бір таңқаларлығы, атеистік үгіт-насихат кезінде де дін ұстап, халықтың рухани сұранысына қызмет еткен жандар болыпты. КСРО Министрлер Советі жанынан құрылған Дін істері жөніндегі Кеңес елдегі дін мәселесін толық қадағалап, жыл сайын, тоқсан сайын есеп алып отырғаны белгілі. Діни сеніммен күрес Кеңес Одағы құлағанша жүрді деуге болады. 1986 жылы 18 тамызда КПСС Орталық Комитетінің «Исламның ықпалымен күресті күшейту туралы» құпия қаулысы шықты. Ғылыми атеизм институты түрлі тақырыпта брошюралар шығарып, газет-журналдарда мақалалар басылып, әр ауылда лекторлар баяндама оқитын. «Орал облысы бойынша Оралда ғана мешіт бар, жамағаты 100 шақты адам, ораза ұстап, намаз оқитындар санаулы, жастар мүлдем қызықпайды, діни мейрамдардың жалпы халықтық сипаты жоқ, бірақ марқұмның жаназасын шығару, «жетісі» мен «қырқын беру» қалмай келеді, зиратқа жарты ай мен руын жазып қою ұлттық дәстүр саналады, көп отбасы пітір садақа береді...» деп жазыпты 1987 жылғы есепте. 1986 жылғы мәліметке қарағанда, облыста 552 жаназа оқылған, қадағалаушы органдар «өткен жылдарға қарағанда, жаназа көбейіп барады» деп алаңдаушылық білдірген. «Бұл нақты сан емес, ауыл зираттарында мұсылман символикасы толып тұр» дейді жазбада. Сол жылдардың құжаттарын қарап отырсақ, «мешітсіз молда», «қаңғыбас молда» деген термин кездеседі. Бұл мешіт қызметкері болмаса да, ел ішінде діни рәсім жүргізіп, молдалық қылған санаулы адамдар еді. Совет үкіметі олардың қызметіне қатаң тыйым салған. 1987 жылы 28 мамырда Орал облыстық атқару комитеті «мешітсіз молдалармен күрес» жөнінде шешім шығарып, аудандарға таратқанын көреміз. «Тайпақ ауданының Қарауылтөбе, Котельный ауыл кеңес-терінде заңсыз жаназа өткізіп жүргендерге тосқауыл қойылды. Тайпақ және басқа аудандарда қайтыс болған адамдарды азаматтық үлгіде жерлеуді ұйымдастыратын комиссиялар құрылды. Сайқұдық ауылында тасаттық ұйымдастырған адамдар әшкереленді. Орал медицина училищесінің оқытушысы хирург Сағыналиевтің ел ішінде балаларды сүндеттеп, ақша алып жүргені анықталды. Теректі ауданында ішкі істер органдары рұқсатсыз үш молданың қызметіне тыйым салып, көне зиратта салынғалы жатқан кесене құрылысын тоқтатты». Бұл сол кездегі дінге қарсы күрестің бір парасы ғана. Сол кездегі билік орындары ел ішінде өте беделді халық молдаларының кейбірін облыстық мешітке тіркеп, жұмысын толық қадағалауға тырысқан. Және бұл молдалардың елден алған жаназа, пітір садақа т.б. қаржыны «Бейбітшілік қоры» секілді қоғамдық ұйымдардың қазынасына аударуын қуаттап отырған. Мысалы, 1986 жылы Орал облысында мұсылмандардан жиналған 12,9 мың сом қаржы түрлі қоғамдық қорлардың есебіне аударылған. Соның ішінде Бейбітшілік қорына 1986 жылы 7 мың сом жіберілген. (Ал бұдан 10 жыл бұрын, яғни 1976 жылы ол қаржы 0,5 мың сом ғана болған екен.) 4 мың сом Баку халықаралық мұсылман конференциясын өткізу үшін аударылыпты. «Мешіттің өз қажеттіліктері үшін 7,5 мың сом қаржы өздерінде қалды» деп жазады есеп-хатта. Бұдан мешіттің ішкі-сыртқы қызметі толық бақылауда болғанын байқаймыз. Сенім үшін сергелдең 271 Сол жылдары Жаңақала ауданы Пятимар ауылында тұрған Мерғали молда Құбашевтің бір өзі 1987 жылы 1720 сом 50 тиын, 1988 жылы 2550 сом қаржыны халықтан жинап, мешіт пен Бейбітшілік қорының есепшотына өткіз-ген екен. Ал енді Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде сақталған мына бір құжатқа назар аударайық. 1986 жылғы 1 желтоқсанда толтырылған бұл тізімде облыстық мешітке тіркеліп, ел ішінде діни рәсім атқарып жүрген молдалар көрсетілген: Жұмалы Аманғазиев, 1902 ж.т., қазақ, діни білімі жоқ, Бөрлі ауданы Ақсай қаласында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Мерғали Құбашев, 1905 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жаңақала ауданы Пятимар совхозы Пятимар ауылында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Төлеу Мұхамбетов, 1909 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Камен (Тасқала) ауданы Степной совхозы Мартынов ауылында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Закария Бақтығалиев, 1909 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Әбдрағазы Хасанов, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Теректі ауданы Долинный совхозы Алғабас ауылында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Дәулет Қиясов, 1903 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Теректі ауданы Красный маяк колхозы Донецк ауылында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Фазыл Бекқалиев, 1911 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Орда ауданы Шоңай ауылында тұрады, 1982 жылы тіркелген; Сенім үшін сергелдең 272 Әбу Мұхамеджанов, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жымпиты ауданы Қызылақырап колхозы Жаңаөңір ауылында тұрады, 1983 жылы тіркелген; Мәлік Наурызбеков, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жымпиты ауданы Жымпиты ауылында тұрады, 1983 жылы тіркелген; Қали Қауылбасов, 1906 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Қазталов ауданы Әжібай ауылында тұрады, 1983 жылы тіркелген; Қалеш Мұхатов, 1903 ж.т., қазақ, діни білімі жоқ, Ақжайық ауданы Өлеңті совхозы Қурайлысай ауылында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Есенжан Төлегенов, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жымпиты ауданы Талдыбұлақ ауылында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Рауат Әзірбаев, 1916 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жымпиты ауданы Талдыбұлақ ауылында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Боқай Жасымбетов, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жымпиты ауданы Талдыбұлақ ауылында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Әйіп Молдабеков, 1894 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Зайнулла Ғұбаев, 1914 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Зеленов ауданы Орал қаласында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Зияп Хасенов, 1907 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Тайпақ ауданы Қарауылтөбе ауылында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Әділгерей Рысқалиев, 1917 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Фурманов ауданына тіркелген, Орал қаласында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Махамбет Жалымбетов, 1904 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Чапаев ауданына тіркелген, Орал қаласында тұрады, 1984 жылы тіркелген; Мұхамбетқали Есенғалиев, 1902 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Жаңақала ауданы Мәштексай совхозы Ленин ауылында тұрады, 1985 жылы тіркелген; Сенім үшін сергелдең 273 Береген Бектұрғанов, 1909 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Қаратөбе ауданы Аққозы совхозы Қоржын ауылында тұрады, 1985 жылы тіркелген; Қажығали Намазов, 1905 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Приурал ауданы Фурманов ауылында тұрады, 1985 жылы тіркелген; Сәт Шағыров, 1908 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Шыңғырлау ауданы Қызылкөл совхозы Шоқтыбай ауылында тұрады, 1985 жылы тіркелген; Хамидолла Арысламбеков, 1923 ж.т., қазақ, діни білімі жоқ, Бөрлі ауданы Ақсай қаласында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Садық Нұрмұхамбетов, 1911 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Зеленов ауданы Железнов ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Кәрім Байшақов, 1898 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Қазталов ауданы Бостандық ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Тастамбек Хайрушев, 1896 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Камен ауданы Красный маяк совхозы Киров ауылының №2 бөлімшесінде тұрады, 1986 жылы тіркелген; Салық Дүйсембиев, 1904 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Өтеғали Қажығалиев, 1902 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Приурал ауданы Погодаев ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Нығметжан Құмаров, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Приурал ауданы Январцев ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Жұмағазы Даумов, 1901 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Тайпақ ауданы, Калмыков ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Хұзайыр Жұмағалиев, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Орда ауданы, Орда ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Қарабала Сейітқалиев, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Фурманов ауданы Қараөзен ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Қамеш Жұмағалиев, 1910 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Чапаев ауданы Чапаев ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Бақшан Қазиев, 1895 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Шыңғырлау ауданы Полтавка ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Сенім үшін сергелдең 274 Жаулыбай Орысбаев, 1912 ж.т., қазақ, бастауыш діни білімді, Шыңғырлау ауданы, Лубен совхозы, Сырсай ауылында тұрады, 1986 жылы тіркелген; Лұқпан Халелов, 1909 ж.т., татар, бастауыш діни білімді, Орал қаласында тұрады, 1986 жылы тіркелген. Осы тізіммен бірге ел ішінде тиісті рұқсат алмай, заңсыз молдалық қылғандар туралы да көрсетіліпті. Олар: Ақжайық ауданы, Сарыөмір ауылынан Кеңес Лұқпанов, 1910 ж.т., Бөрлі ауданы Бөрлі ауылынан Жексенғали Шыналиев, 1920 ж.т., Ақсай қаласынан Ғалым Өтебаев, 1921 ж.т., Жымпиты ауданы Қоңыр ауылынан Қасым Бекқалиев, 1914 ж.т., осы ауылдан Дүйсен Малаев, 1907 ж.т., Бұлдырты ауылынан Жәрдемғали Сұлтанғалиев, 1912 ж.т., Аралтөбе ауылынан Жәлел Самарханов, 1921 ж.т., Абай совхозы, Коминтерн ауылынан Қаби Кенесариев, 1918 ж.т., Жымпитыдан Ғизат Еспанов, 1900 ж.т., Төлеуіш Иманғалиев, 1906 ж.т., Ғабдолла Балдаев, 1906 ж.т., Жәнібек ауданы орталығынан Сабыр Қанаев, 1908 ж.т., Зеленов ауданы Переметное ауылынан Қаман Ұзақбаев, 1920 ж.т., Үлкен Шаған ауылынан Исләм Жұмағалиев, 1919 ж.т., Камен ауданы Ақтау ауылынан Қасым Меңдібаев, 1915 ж.т., Шипов ауылынан Ғазез Кәрімов, 1900 ж.т., Ақтау ауылынан Мардан Шәмшаев, 1912 ж.т., Қаратөбе ауданы, Шөптікөл ауылынан Кәрім Есболатов, 1910 ж.т., Қоскөл совхозы Ақтай ауылынан Мұса Қажиханов, 1912 ж.т., Тайпақ ауданы Базаршолан ауылынан Зейнолла Құрманғазиев, 1912 ж.т., Приурал ауданы Даринск ауылынан Халел Ғабдуллин, 1919 ж.т., Чапов ауылынан Бақтыгерей Меңдіғалиев, 1916 ж.т., Теректі ауданы Төңкеріс ауылынан Ғамрам Қажығужиев, 1918 ж.т., Пойма ауылынан Жәлел Тимонов, 1915 ж.т., Долинный ауылынан Хуснетдин Сармұхамбетов, 1919 ж.т., Ақсуат ауылынан Нури Қодаров, 1915 ж.т., Орда ауданынан Сәрсенбай Әшенов, коммунист, 1943 ж.т., Фурманов ауданы Көктерек ауылынан Шантемір Көкбаев, 1912 ж.т., Шыңғырлау ауданы Шілік ауылынан Ораз Атабаев, 1919 ж.т., Орал қаласынан Дош Кереев, 1908 ж.т.. Бұлардың бәріне ескерту беріліп, қызметі тоқтатылған. Соның ішінде Жексенғали Шыналиев, Сабыр Қанаев, Халел Ғабдуллин, Ғамрам Қажығужиев мен Жәлел Тимоновтың ресми түрде рұқсат алу үшін құжаттары даярланып жатқаны көрсетілген. Сенім үшін сергелдең 275 Архив құжаттарында осындай тіркелмеген молдалар арасында тәртіп бұзушылар көбейді делінген. Мысалы, Орда ауданы Шоңай ауылында халықты ұйымдастырып, тасаттық бермек болған. Сайхын ауылында Қарес, Әйіп, Қасым деген тіркелмеген молдалар рұқсатсыз жаназа өткізіп, бетімен кеткен, ал рұқсаты бар Ф.Бекқалиев пен Х.Жұмағалиев бос қалған. Партия құжаттарында «күні өткен діни сенімнің арқасында күн көрушілікті жою керек», «тұрғындардың сауатын көтеріп, үгіт насихат жұмыстарын жандандыру қажет» деген тапсырма жиі берілген. Мәселен, 1987 жылы КПСС Орталық Комитетінің «Ислам ықпалымен күресті күшейту туралы» қаулысын жүзеге асыру үшін облыста жаппай жиналыс өтіп, идеологиялық күрес күшейтілген. «Білім» қоғамының лекторлары дәріс оқып, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды айыптаған, қайта құруды жақтаған. 1988 жылы да үгіт-насихат белсенді жүргізіліп, ауызша 1,5 мың дәріс оқылған, оған ауыл интеллигенциясынан 500 мұғалім, 200 дәрігер, мәдени қызметкерлер т.б. қатысқан. Билік халықтың діни сенім негізінде топтасуын, ұйымдасуын қаламаған. Мысалы, Орда ауданында халық өзі қаржы жинап, зиратты қоршамақ, тасаттық-садақа бермек болғанда, ол әрекетке тыйым салынған. Ауыл кеңестерге «зиратты өз күштеріңмен абаттандырыңдар» деп тапсырма берілген. Сол жылдары коммунист Лұқпан Ерғалиевтің мешітке есепші болып жұмысқа тұрмақшы болғаны, 1962 жылы туған Х.Ғалимовтың медресеге оқуға өтініш бергені арнайы органда талқыланып, оларға тыйым салынған. КСРО Министрлер Советі жанындағы Дін істері жөніндегі советтің Қазақ ССР Орал облысы бойынша өкілі А.Шухов 1988 жылы 15 көкекте Қазақ КСР-ының Дін істері бойынша өкілі Т.Сауранбековке «Діни экстремистік ұйымдарға және тіркелмеген молдаларға қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар жайында» есеп берген. Онда «1987 жылы төмендегі молдалардың рұқсатсыз қызметпен айналысқаны анықталып, есепке қойылды» дейді: Ақжайық ауданы Восход ауылынан Нури Сапуанов, 1909 ж.т., Бөрлі ауданы Бөрлі ауылынан Хамидолла Истілеуов, 1902 ж.т., Сенім үшін сергелдең 276 Жымпиты ауданы Қособа ауылынан Бөрінияз Ысқақов, 1918 ж.т., Қарақұдық ауылынан Мәтиғолла Хайруллин, 1906 ж.т., Зеленов ауданы Зеленый ауылынан Ғалым Ыдырысқалиев, 1900 ж.т., Камен ауданы Камен ауылынан Жәрдем Құлжанов, 1907 ж.т., Шыңғырлау ауданы Шілік ауылынан Тапар Сүлейменов, 1910 ж.т., Лубен ауылынан Медет Ермұхамбетов, 1918 ж.т., Алмаз ауылынан Жұмабек Жүкеев, 1915 ж.т.. «Ауылдарда нағыз мұсылман бірен-саран ғана қалды, фанатиктер жоқ. Ешбір аудан немесе ауылда діни ұйым құрайық деген ұсыныс талап жоқ, жамағат болып құлшылық жасау жоқ. Анда-санда мұсылман діни мейрамдары өтеді, бірақ оған көп халық, соның ішінде жастар бармайды. Сүндеттеу сиреді, неке қию мүлдем жоғалды. Қаза кезінде марқұмды азаматтық үлгіде жөнелту жолға түсіп келеді», Бұл Батыс Қазақстан облысында 1980 жылдардың соңында берілген ресми ақпар. Алайда коммунистердің Құдайсыз мемлекет құрмақшы болған жоспары жүзеге аспады. Совет өкіметінің түрлі қысымына қарамастан, дін ұстап, халыққа имандылық жолын насихаттаған жандардың батылдығына, иманының беріктігіне таңғалуға болады. Төменде солардың бірнешеуіне жеке тоқталып отырмыз.
Мерғали молда Құбашұлы
Мерғали Құбашев 1906 жылы Бекетай құмындағы №24 ауылда дүниеге келген. Жастайынан медреседе оқып, діни білім алған. Совет өкіметі-нің қуғынын біраз көріп, Астрахань жағында, Атырау тарапында түрлі қызмет атқарған. Ол көп жыл Орал облысы Жаңақала ауданының Пятимар ауылында сауда саласында қызмет еткен, дүкенші болған. Өз қызметіне өте жауапты, адал болған Мерғали Құбашев Совет өкіметінің кезінде де кісі қарап, емшілікпен айналысқан. Тіпті елден ораза кезінде пітір садақасын, былайғы кезде зекет т.б. садақаны жинап, Оралға,мұсылмандар мешітіне, Советтік Бейбітшілік қорына жеткізіп отырған. Бір қызығы, былайғы уақытта дінге қарсы жұмыс істеп, атеистік саясат жүргізетін Совет билігі Мерғали молданың бұл ісін қолдап, мақтау қағазын да беріпті. Мерғали молда ақжүрек адалдығымен, мырзалығымен Совет билігіне де жаққан, шариғат жолынан да ауытқымай, ислам шарттарын да орындап, ораза-намазын қалдырмаған, тіпті зекет пітір жинаған; сонымен бірге түрлі қиындыққа, дертке ұшыраған ел жұртқа барынша көмек көрсетіп, ем-дом да жасаған. Бүгінде ұрпақтарының қолында молда атаның тұтынған діни кітаптары, арабша жазылған суретті дәптерлері сақтаулы. Оның есімі Орал қаласындағы мұсылмандар мешітінің Құрмет тақтасында жазылған. Тұтынған бұйымдары, киімі ауыл мектебіндегі мұражайға қойылған. Ол кісінің соңында қалған қолжазбалары Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығына тапсырылды. Мерғали ата арқалы, аруақты адам болған. Ауылдастары, ұрпақтары атамыздың көзі тірісінде тылсым құпиялы қасиеттеріне талай куә болған. Мысалы, 1983 жылы тосын өрттен қора-жай түгел отқа оранып, үйге қарай кетіп бара жатқан сәтте Мерғали ата тілсіз жауды дұға оқып тоқтатқан екен. Ол 1992 жылы өмірден өтті. Бүгінде Мерғали атаның басына ұрпақтары ескерткіш белгі орнатқан. Халық зиярат ететін киелі орын саналады. Мерғали Құбашевтың Мәулетқали, Мерахмуд, Нұрахмет, Мейрамғали деген 4 ұлы болған. Олардың әрқайсысынан ұрпақ тараған. Сенім үшін сергелдең 278 Тәжиден молда Батырұлы 1895 жылы Батыс Қазақстан облысы Калмыков уезіне қараған Тайсойған құмындағы №23 ауылда дүниеге келген. Тәжиден Батырұлының әкесі Батыр ишан сол өңірге белгілі дін қайраткері болған екен. Тайпақ аймағындағы көп шәкірт білімді осы Батыр ишаннан алған. Ал Тәжиденнің өзі 1912-1914 жылдары Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқыған. Содан совет үкіметі келгенше туған жерінде, әке медресесінің ісін жалғастырған. Дінге қас большевиктердің қолына Тәжиден 1931 жылы 27 көкекте түсіпті. «Совет өкіметінің саяси науқандарына қарсы үгіт-насихат жүргізді», «саяси науқандардың бағытын бұрмалап, ел-жұртты дін жолына шақырды» деген айыппен бір жыл түрмеде отырған. 1935 жылға дейін тағы екі мәрте қамалған. Бұл түртпек басылмайтынын білген соң Тәжиден бір түнде көшіп, Орал облысы Приурал ауданына қарасты Шолпан ауылына келеді. Жер үй қазып, сонда тіршілік етеді, жалданып ауылдың малын бағады. Тек қана орыстар мен татарлар тұратын жат ауылда тұрмысы өте қиын болады. Үш баласы бірінен соң бірі дүниеден өтеді. Бірте бірте өзінің тақуалығымен, еңбексүйгіштігімен, адалдығымен ауылдастарының ықыласына ие болады. Татар ағайындар Тәжиденнің діни терең білімін байқап, бірде марқұмның жаназасын шығаруға өтінеді. Басына қауіп төнетінін білсе де, Тәжиден мұсылмандық парызын атқарған. Осыдан кейін ерекше сыйлы болып, ауыл тұрғындары Тәжиденге шағын үй салып беріпті. Кейін Ұлы Отан соғысы басталғанда, 1942 жылы соғысқа алынып, Сталинград майданында ауыр жарақат алады. Елге оралған соң да елеусіз тірлік кешіп, 1953 жылы Орал қаласына қоныс ауыстырады. Сөйтіп, облыста жұмыс істеп тұрған жалғыз мешітке жақындайды. Құдай үйінің санаулы жамағатының біріне айналады. Мешітті жабу жайында дүркін-дүркін көтерілген науқандар тұсында діндар қауымның мүддесін көтеріп, батыл қарсы шығады. 1969 жылы Алматыдан Орта Азия Дін Басқармасының Қазақстан бойынша қазиы Сәдуақас Ғылмани Орал қаласына келіп, мешітте жиын өткізеді. Сол жиында жамағат Тәжиден Батырұлын Орал мешітінің имамы етіп сайлайды. Осылайша Тәжиден Батырұлы өзі дүниеден өткен 1984 жылға дейін Орал облысындағы жалғыз мешіттің имамы ретінде дін жолына, Хақ Исламның жолына қызмет етті.
P.S. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанда әр адамның діни сенім бостандығы Ата заңмен қуатталған. Бүгінде аға ұрпақтың басынан өткен жоғарыдағы оқиғалар туралы көпшілік біле де бермейді. Сондықтан өткен тарихты еске алып, Совет үкіметі жылдарында дін ұстанған, халыққа рухани бағдар берген, сол үшін сан түрлі қиындыққа тап болған аталарымыз туралы айтып отырмыз. Олардың көпшілігі, шынында да, батыр һәм білімді болатын...
«DANAkaz» журналы, №52, 15 мамыр 2021 жыл, 24-32 бетте