Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселені жүзеге асыру үшін елімізде қыруар жұмыс атқарылуда. Соның бірі Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарын анықтау болатын. Бұл тізімге біздің облысымыздан жеті нысан кірді.
Осы мақалаға сол жетеудің екеуі, яғни Ғұмар Қараштың жерленген жері мен Жымпитыдағы Алашорда үйі арқау болып отыр. Дәлірек айтсам, Ғұмар Қараш пен Алашорда үкіметі батыс қанатының жетекшісі Жаһанша Досмұхамедов туралы сөз болмақ. Бұл екі тұлға да саяси қуғын-сүргін құрбаны. Өмірлік ұстанымы, айтқан сөзі, атқарған ісі үшін 1921 жылы Ғұмар Қараштың айуандықпен өлтірілгені аз болғандай, артынан барлық жазған еңбектері репрессияға ұшырады. Әрі аласапыран, әрі жылымық кезеңде өмір есігін ашып, азаттығымызды алуға бар күшін салып еңбектенген Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуде тұтқындалып, Бутов полигонында атылды. Мәскеуге барған сапарларымда бүгінгі тәуелсіздік таңын бізге жақындата түскен осы аталарымыздың бірінің жазғандарын жинақтап, бірінің жүрген жерін анықтаудың да реті шықты.
Осыдан алты жылдай бұрын Мәскеуде Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашева тұратындығын біліп, арнайы барып сұхбаттасқанмын. Ол жөнінде уақытында ақпарат құралдарына кеңінен жарияланды. Сол сапарда Надежда Бұрханқызы атасына қатысты жинақтаған барша материалдарды аманаттап, маған табыстаған болатын. Осы кезге дейін Ғұмар Қараштың мұрасын іздестіру, араб әліпбиінен аудару бағытында дамылсыз жұмыстандық. Нәтижесінде үш томдық жинағын шығардық. Бұл өте ауқымды, жауапты іс болды, Қабиболла Сыдиқовтың «Замана» жинағынан соңғы толыққанды дүние осы. Міне, осы үш томдықты асылдың сынығы Надежда Бұрханқызына Мәскеуге барып, қолына табыстаудың сәті түсті. Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсан айында оқуымның мемлекеттік емтиханын тапсыруға Мәскеуге барғанмын. Сол жолы қолым қалт еткенде, Жаһанша Досмұхамедов пен Әлихан Бөкейхановтың зираттарына барып тәу еттім. Сонда Жаһанша атамыздың жерленген жері Бутов полигонында болғанымда, көп нәрсеге қанықтым.
Енді осы сапарламамдағы маңызды тұстарды ретімен баяндайын.
Жағымды өзгеріс Бес жылдай бұрынғымен салыстырғанда, Мәскеуге былтыр барғанда, көп өзгешелік көзге шалынды. Бұрын барар жеріңе таксиді көшеден қол көтеріп ұстасаң, қазір тек ұялы телефонға таксилердің қосымшасын жүктеп алып, интернет арқылы шақырасың. Такси жүргізушілерінің арасында қырғыз, өзбек, әзербайжан, тәжік ұлттарының өкілдері көп кездеседі, қазақ мүлде кездеспейді. Шақыртуға келген такси жүргізушісінің дені – қырғыз ұлтының өкілі. Сәлемдесуіңді қазақшадан бастайсың, жол бойы қазақша сөйлесесің. Көлік жүргізушілерден: «Такси жүргізушісі, аспаз т.б. осы бағыттағы жұмыстарда қазақтарды кездестіресің бе?» – деген сауалға бәрі де «Жоқ, кездестірмедік, тек әуежайдан, теміржол бекеттерінен күтіп алып, қалаған жерлеріне жеткізіп саламыз, қазақ жастарының көбі оқуға келеді, басқалары кәсіпкер болар», – дейді.
Дон зираты
Өткен жылғы желтоқсан айындағы сапарымда алдымен Мәскеу қаласының аумағындағы Дон зиратына бардым. 1930-1950 жылдар аралығында Мәскеуде саяси айыппен қырық мыңға жуық адам өлім жазасына кесілсе, соның жеті мыңдайының (кей деректе он мыңдай) күлі осы зираттағы 1927 жылы салынған крематорийдің қасына көмілген. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын жерлеген үш орын бар. Біріншісінде, 1930-1942 жылдар аралығында өлім жазасына кесілгендер. Мұнда 1937 жылы 27 қыркүйекте атылған Әлихан Бөкейханов және Нығмет Нұрмақов та бар. 1933-1938 жылдары Қазақстанды басқарып, бар қанды қырғынды жүргізген, тіпті жоғарыға тағы да 1600 адамды атуға рұқсат сұраған Л. Мирзоян да 1939 жылы атылып, күлі осында бір жерге көмілген екен. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына дұға бағыштап, одан әрі қала шетіндегі Бутов полигонына жол тарттым.
Бутов полигоны – Жаһаншаның мәңгі мекені
Бұл жерде арнайы ғылыми-ағартушылық мемориалды орталық ашылған екен. Еріктілердің күшімен зерттеу, насихаттау бағытында көп жұмыс жүргізіліпті.
1935 жылдар шамасында НКВД-ның шаруашылық басқармасы арнайы адам көметін жерлер іздей бастайды. Мәскеу маңынан үш орын белгілейді. Соның бірі – Бутов ауылының аумағында. Жергілікті халыққа ауыл маңында оқу-жаттығу ату алаңы болады деп хабарлайды. Одан әрі бұл жерге 8.08.1937-19.10.1938 жылдар аралығында 20 761 адам атылып, көмілген.
Алдын ала экскаватормен 13 шұңқыр қазады. Тереңдігі 4-4,5 м, ені 4,5-5 м, ұзындығы 70 м шамасында болады. Өлім жазасына кесілгендерді Мәскеу түрмелерінен түнде Бутов полигонына әкеледі. Сол жерде бәрін қамап, құжаттарымен тексереді де, таң ата Мәскеуден арнайы келген атқыштар тобы қанды қырғынды бастайды. Тұтқындарды азғантай топпен шұңқырдың қасына әкеліп, жақыннан атады да, шұңқырға құлата салады.
1938 жылы тамыздың 3-і күні таңда Жаһанша атамыз Бутов полигонында болған. Сол күні таңертең қазылған 13 шұңқырдың бірінің қасына әкеліп, жендеттер тап қасынан атып, шұңқырға лақтырған. Осылайша бүгінгі жарқын күніміз үшін күрескен арысымыз озбырлықтың құрбаны болды.
1962 жылы Бутов полигонын ағашпен биік етіп қоршайды. Тек 1990 жылдан бастап өлім жазасы үкімдерін орындау құжаттарының құпиялылығы алына бастайды. Сол кезден бастап құрбан болғандардың ұрпақтары осы жерге келіп тәу етуді әдетке айналдырады.
Қанды қырғын болған жерді сол кезде еске алу орнына айналдыратын жер етуге мемлекетте, қандай да бір саяси күш те мойнына алмайды. Тек саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары бас қосып, қоғамдық негізде өз жауапкершіліктеріне алады. Қалың ағаш, шөп басып кеткен жерді абаттандырады. 13 шұңқыр ойылып, топырағы ортаға түсіп кеткендіктен, үстіне топырақ төгіп биіктетеді. 2002 жылы «Бутов» ғылыми-ағартушылық мемориалды орталығын ашады.
Осы орталықтың күшімен, халықтың қолдауымен барлық опат болғандардың аты-жөнін жазып, арнайы белгі де қойған. Белгіге әу баста қазылған 13 шұңқырдың өлшемін негізге алып, 70 метрлік шұңқыр қазып, ішін толығымен мрамор тақтамен бекітеді. Атылғандардың тізімінде ЖаҺанша атамыздың да аты-жөні бар.
Жаһаншаның университеттегі жеке ісі
Мәскеуге жүрер қарсаңда алаштанушы Сүлейменова Дәметкен апа: «Жаһанша Досмұхамедов 1906-1910 жылдар аралығында Мәскеудегі Императорлық мемлекеттік университетінде оқығанын білеміз. Бірақ қолымызда дипломы жоқ, мүмкін болса, іздеп көр» деген. Уақыт тауып, орталық архивке бардым. 1917 жылға дейінгі Ж. Досмұхамедов оқыған оқу орнындағы құжаттар Мәскеу қаласының орталық мемлекеттік архивіне тапсырылған екен. Деректер 418-қор, 320-тізбесінде сақталған. Тапқан күні құжаттармен танысуға өтініш жазып кеттім. Елу беттей студенттік жеке ісінің көшірмесін алдым. Тек дипломы жоқ. Соңына былай жазылыпты «Докум и диплом не выдава.. (соңғы әрпі түсініксіз, «т» не «л» әрпі болуы мүмкін)». Осылайша жеке ісін алғаныммен, дипломын кезіктіре алмадым.
Жаһанша Досмұхамедовтың 1906-1910 жылдар аралығында Мәскеудегі Императорлық университетте оқыған кездегі жеке ісінің (личное дело) толық көшірмесін жақында ЖаҺанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишеваға қазіргі әліпбиге сәйкестендіріп, кітапша етіп табыстадым.
Мәскеуде Жаһаншаға арналған көрме
Мәскеудегі Жаһанша Досмұхамедов тұрған үйдің қасында Мәскеудің мәдениет департаментіне қарайтын «Шаболовка» галереясында Серпухов валы, 24 үй мекенжайында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме өтті. Онда Жаһанша Досмұхамедовке арнайы орын беріліпті. Бұл істі ұйымдастырып жүрген Мәскеудегі Лестев көшесі 19/1 үйінің тұрғыны Инна Дробинская.
Бұл бағытқа маған жөн сілтеген Сырым Датұлы атындағы музейдің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева еді. Инна қолы бос уақытында «Соңғы мекенжай» («Последний адрес») қозғалысына қолғабыс етіп, волонтерлық қызмет атқарады екен.
Олардың мақсаты – Совет өкіметі кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, өлім жазасына кесілгендердің тұтқындалып, ақырғы тұрған үйіне арнайы белгі қою. Машақаты көп бұл жұмыста Инна Дробинская тақта қойылатын үйлерге арнайы рұқсат алу жұмыстарымен айналысыпты. Өзі 1927 жылдары салынған «Шаболовка» аталатын ауданда тұрады. «Содан өзге үйлерден гөрі өзім тұратын аудандағы үйлерде тұрып, құрбан болғандар болса іздеп, тауып, белгі қойсам деген ой келеді» дейді өзі. Әзірге бес тұлғаны тауыпты. Соның бірі – Жаһанша Досмұхамедов.
Мәскеу музейінің аға ғылыми қызметкері Александра Селиванованың қолдауымен көрме ұйымдастыруды қолға алады. Сырым ауданындағы Айнагүл Ойшыбаеваға хабарласып, қажет суреттер мен мәліметтерін алған. Өз қаржыларымен көрнекілік құралдар жасап, Мәскеу тұрғындарына қараша айынан бастап тамашалауға бар жағдай жасапты.
Инна Дробинская мен Александра Селиванованың атқарып жүрген істері құрметке әбден лайық. Өткен жылдың желтоқсан айында Жаһанша Досмұхамедовтың пәтерін білмесек те, тұрған үйін көріп, көрмеге қатысып қайттым.
Жаһаншаның соңғы мекенжайы
Жаһанша атамыздың соңғы тұрған үйін көргеннен соң енді пәтерін қалай табуға болар екен деген оймен жүргенде қуанышты хабарды Айнагүл Ойшыбаева жария етті. Ол фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына былай деп жазды: «Мәскеу қаласында тұрған Жаһанша Досмұхамедовтың бұрынғы Хавско–Шаболовка көшесі, 11-үй, 7-корпус, 265-пәтерден тұтқынға алынғанын білетінбіз. Соңғы уақытта ол көшенің Лестев болып өзгергенінде көзімізбен көрдік. Мына құжаттарда Ольга Досмұхамедова мекенжайы Лестев болып өзгергенде жазған «Өсиетнамасы» табылды. Онда «Москва. 117 – 419, Лестев көшесі, 19-үй, 2-корпус, 84-пәтер» деп көрсетілген. Бұл олардың өзгертілген дұрыс мекенжайы. Ал, ол үйді оларға кезінде Тұрар Рысқұлов алып берген болатын. Ольга Досмұхамедова қартайып, ауырып жүрген кезінде үйін Рысқұловтың балаларына қайта тапсырып, «Өсиет хат» жазған екен. Біз ол кісіні 1986 жылы желтоқсанда қайтты деп естіген едік. Шын мәнінде 90 жасқа қараған шағында 1986 жылы 26 маусымда қайтыс болғанын дәлелдейтін құжат қоса тіркеліпті. Иә, уақыт пен деректің тарих сахнасында кездесуі осы шығар».
Биыл мамыр айында Мәскеуге Надежда Бұрханқызына Ғұмар Қараштың үш томдығын табыстауға бардым. Осы жолы Айнагүл Ойшыбаеваның жазбасындағы Лестев көшесі, 19-үй, 2-корпус, 84-пәтеріндегі Жаһанша атамыздың тұрған орнын көру үшін арнайы соқтым. Үйін білгенмен, пәтері белгісіз болуына байланысты «Соңғы мекенжай» жобасы аясындағы әрекет бәсеңдеп қалған еді. Алдымен «Соңғы мекенжай» жобасы бойынша осы ескі үйлер орналасқан ауданның үйлестірушісі Инна Добринскаяға жолықтым. Екеуміз Жаһанша атамыздың тұрған үйінің подъезіне келіп, 84-пәтердің нөмірін бастық. Ар жағынан әйел адам есік ашты. Лифтімен 4-ші қабатқа көтерілдік. Есік қағып едік, кідірмей ашты. Мән-жайды түсіндіргенімізде, үйге кіріп, фото, видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді. Пәтердің иесі Юлиана Геннадьевна Красовская 2003 жылы Ресейдің Түркиядағы елшісінің қызы Елена Павловадан сатып алыпты. Алғаш келгенде, үйдің ішінде ескілікті әдемі, антиквар жиһаздар болыпты. Шығарғанда есіктерден сыймағандықтан, бұзып алып кеткен. Үй екі бөлмелі. Төбесі биік. Ұзына бойы кіреберіс, бір кішкене, бір үлкен бөлме, ас және қол жуатын бөлмелері бөлек. Үйде бес подъезд, бір подъезде 12 пәтер бар. Үй 1927 жылы салынған. Үйдің қазіргі иесі Юлиана Красовская «Соңғы мекенжай» жобасы бойынша үйдің сыртына белгі орнатуды қолдайтындығын және осы үй тұрғындарынан келісім алуға қолұшын беруге дайын екенін жеткізді. Жалпы, «Соңғы мекенжай» жобасының мәні Кеңес дәуірінде саяси репрессияның құрбаны болып, өлім жазасына кесілгендердің соңғы тұрған үйін анықтап, қажет құжаттарын жинап, сол үйдің тұрғындарының жазбаша келісімімен үйдің сыртына кішкене көлемдегі тақтайша ілу. Суретінің орнын әдейі бос қалдырып, қысқаша мәліметтер береді. Бұрын нақты пәтерін білмеп едік. Ол табылды, көрдік. Үй иесі келісім берді. Енді қалған пәтер иелерінің келісімін алуға жұмыстану керек.
Үш томдықты табыстау
Осы жұмыстарды ұйымдастыру жолдарын ойлап, таксимен Надежда Қарашеваның үйіне қарай бет алғанмын. Жаңағы Жаһанша атамыз тұрған үйден кішкене жүргеннен соң Дон зиратының маңынан өттік. Бұнда өткен жылдың желтоқсанында тәуелсіздік күні қарсаңында арнайы келгенмін. Бұл – Әлихан Бөкейхановтың мәңгілік мекені. Ел үшін қызмет еткен көшбасшылардың бірі осы маңнан тұтқындалса, бірі осы жерге әкеліп көмілген.
Кешкісін Надежда Қарашеваның үйіне соқтым. Әдеттегідей ерекше жылы шыраймен қарсы алды. Құлап, аяғын сындырып алған екен. Содан бірнеше отадан өтіпті. Құлағы да нашар еститін болған. Осыдан алты жыл бұрын маған сенім артып берген материалдардан, басқа да іздеу шараларының нәтижесінде жинақталып, жарық көрген Ғұмар Қараштың үш томдығын табыстадым. Қатты қуанды, елге сәлем айтып, алғысын білдірді. Ертеңіне Ресей халықтар достығы университетінде Қазақстаннан оқитын қазақ студенттеріне осы үш томдықтың таныстырылымын жасадым. Мәскеуде жүрсе де, білім алумен қатар «Сана» бірлестігін (жетекшісі Дамир Қадырбеков) құрған жастар ұлттық рухты көтеретін түрлі шаралар ұйымдастырып жүр екен, бірсыпырасымен таныстырды. Жаһанша атамыздың тұрған үйіне белгі қоюға қолдан келгенше қызмет етуге дайын екендіктерін айтып, шара соңында маған да кітап сыйлады. Елден жырақта жүрсе де, елдік іске ынталы жастарға ризашылық көңілмен елге қайттым.
Осылайша Ғұмар Қараштың мұрасын жинақтай жүріп, Жаһанша Досмұхамедовке қатысты тың деректерге қанықтым. Бұл екі тұлға әлі талай зерттеулерді қажет ететініне көзім жетті. Байыбына бара білсек, олардың айтқан сөздері мен атқарған істері ұлттық идеологияның арқауы болары анық.