Қуанышты хабар, Уфадан өңірімізге қатысты құнды мәліметке толы 10 мың беттей архив құжаттарын әкелдік. Башқұртстан Республикасының ұлттық архивінен 1865, 1871, 1875 жылдардағы Ішкі орданың метіркелік журналдарының электронды көшірмелерін жасап, Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығының жаңа жасақталған қорын құнды құжаттармен толықтырдық.
Араб әліпбиіндегі бұл материалдар толық аударылғанда, талай адам өз ата-бабаларын тауып, қай күні, қай жерде дүниеге келгенін, кімге үйленіп, қанша қалың мал төлегенін, қай жылы, қандай сырқаттан дүние салып, қай жерге жерленгенін білмек. Бұдан бөлек бұл мәліметтерге қарап сол кезеңде туу көрсеткіші қалай болғанын, ер бала мен қыз баланың үлес салмағын, қалың малдың көлеміне қарай елдің әлеуметтік жағдайын, қандай ауру түрлері болғанын, тарихи тұлғалардың жерленген жерін анықтауға болады.
Осыған дейін де шетел архивтерінен түрлі құнды материалдар әкеліп, жинақ етіп шығардық. Архив құжаттары тарихи тұрғыдан маңызды болса, осы құжаттардың әкелінуінің де өз тарихы болады. Әрине, уақыт өте табылған деректер айналымға енген соң көпшілік бұл ақпараттардың қалай елге келгендігіне мән бермес. Бірақ шетелден табылып, ортамызға оралған әр құжаттың артында нақты адамдардың маңдай тер еңбегі жатады. Табылмай, табылса да қолжетімсіз болып жүрген құжаттар кейде бар ынтасымен іздеген адамға еш кедергісіз-ақ келетіні, тіпті сол адамды өзі іздеп тапқандай болатыны бар.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығына қызметке келгеннен кейін алғашқы сапарымды Уфа қаласынан бастадым. Алдымен өзім Уфа қаласындағы Башқұртстанның ұлттық архивінен өңіріміздің тарихына қатысты құжаттарды қарап, елге көшірмесін әкелу жолдарын қарастыру үшін барлауға бардым. Бастысы, метірке журналдары, мүмкіндік болса, басқа да құжаттарды қарай келу жоспарымда болды. Тек метірке журналдарының бет саны он мыңға жуықтайтынын анықтадым. Басқа да құнды мәліметтер мол екен. Бұл көшірмелерді сатып алуға архивтің бекітілген тарифімен тым қомақты қаражат кетеді. Өзіміздің сканер құралымызды апарсақ, көшірмені алуға жұмсалатын шығындардың айтарлықтай азаятынын білдім. Мән-жайды толық түсінген соң, елге келіп көшірмелерді әкелу жұмысын ұйымдастыруға кірістім. Бір айдан соң, қазан айының басында баспасөз тарихын зерттей жүріп, талай архивтерге бірге барып, әкелген газеттерді араб әліпбиінен аударған, құлпытастарды зерттеу барысында да бірлесіп жұмыстанған Қазбек Қабжан және облыстық газеттердің 100 жылдық тігіндісін фотосканермен электронды көшірмесін жасаған, тіпті өңірімізде жоқ нөмірлерді Алматыға құрал-жабдығын арқалай барып, көшірмелерін әкелген Ақылбек Есеналинмен бірге Уфаға жеттік. Сөйтіп, Башқұртстанның Уфа қаласындағы ұлттық архивінде сақталған метіркелік журналдардың электронды көшірмесін жасауды бастадық.
Архив қызметкерлері өз құралжабдығымызбен артынып-тартынып келгенімізге таңданыс білдірді. Сканерімізді құрған сәтімізде бірінен соң бірі келіп, қызықтап, қарап кетті. Негізі архив жұмысын уақытша тоқтатқан екен. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетін болып, құжаттардың бәрін жинақтап тастаған. Басшысы Галей Гуляддиновичпен келісуіме байланысты оқу залы жабық архив біз үшін емін-еркін жұмыс жасауға ашық болды. Бізге қажеттінің, ең бастысы, 295-қор болатын.
Қазбек Құттымұратұлы екеуміз осы қордың тізбесін алдырып, алдымен метіркелік журналдарды іздедік. Әкелгендерін қарап, өңірге қатыстыларын фотосканер жасауға Ақылбек Есеналинге бердік. Метіркелердің барын алдырған соң, өңірімізге қатысты басқа құжаттарды іздеуге көштік. 295-қордың сегіз тізбесін әкелді. Бір тізбенің өзі 5-6 томнан тұрады, қажеттерін теріп отыру көп уақыт алатын болғандықтан, тізбелердегі өңірімізге қатысты құжат нөмірі бар беттерін телефонымызға суретке түсіруге көштік. Кешкісін, архивтен келген соң түсірген суреттерімізді жүйелеумен айналыстық. Ертеңіне істерді әкелуге тапсырыс беріп отырдық.
Әдетте талап бойынша бір адамға бір күнге бес іс беріледі. Біз көзге ілінген қажетті деректің бәрін сұраттық, күніне отыз шақты істен қарадық. Көшірмелерін жасауға кемінде бір апта қажет екені анықталды. Ал архив бүкіл құжаттарын буып-түйіп тастаған, күрделі жөндеу басталса, түбегейлі жабылмақ. Содан архив басшысынан сенбі, жексенбі, яғни демалыс күндері де жұмыс жасауға рұқсат етуін сұрадым. Жағдайымызды түсініп, келісім берді. Архив мамандары да демалыс күндері жұмысқа шығатын болды. Архив директоры Галей Гуляддиновичтің бұл көмегіне разы болдық. Түпкі тамырымыз бір, алыстағы ағайынның ниеттестігінің астарында үлкен мән бар еді. Нәтижесінде елге он мың бетке жуық метірке журналдарының және көптеген түрлі тарихи маңызды істердің көшірмелері әкелінді. 2018 жылдың қараша, желтоқсан айларында аудару жұмыстарына кірісіп кеттік. 600 бетін Мұратбек Жахатов аударса, құлпытастарды аудару жұмыстарын бірыңғайлаған бойда Гүлмару Мырзағалиева 200 бет аударды. Аудармалармен таныса отырып, деректік мәліметтің молдығына еріксіз таңдандым. Осы уақытқа дейін қалың малдың түпкілікті мақсатын түсінбегенімді білдім. Мұның бәрі алдағы уақытта жазылар мақалалардың арқауы болмақ.
Біздің тарихымызды мұқият сақтап, шын көңілімен қолымызға ұстатқан Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласындағы ұлттық архивтің директоры Галей Гуляддиновичке және осы істің нәтижелі болуына себепші болған досым Батырбек Бисенқұлов пен Вадим Давлетшинге (Қазақстанға күйеу бала) зор ілтипатпен алғысымды білдіремін.