Біз бүгінде найзаның ұшымен, білектің күшімен ата-бабаларымыз қорғап қалған ұлан-байтақ кең жердің иесі болып отырмыз. Бірақ қазіргі кезде кейбіреулер «Қазақта бұрын терең білім, тұрақты кәсіп болмаған, ру-руға бөлініп, басы қосылмаған» деп, ежелгі тарихымызға қарата «оқ ата» бастады.
Бүгін кемшілік ретінде айтылып отырған сол құрылымдардың көбі өз заманында жақсы қызмет етіп, оң нәтижесін берді. Әрине, бұрын бәрі де кем-кетіксіз болды деп айту орынсыз. Әйткенмен жауынгер халқымыздың (саны жағынан аз болғанмен) жер көлемінің кеңдігінен әлемдегі алғашқы ондыққа кіретіндей жерді келер ұрпаққа мұра етуі еріксіз таңғалдырады. Мәңгілік ел болу үшін бұрынғының бәрін елеп-екшеп, бүгінгіге қажет тұстарын қабыл алып, барынша пайдаға асыра білуіміз қажет. Ата-бабаларымыздың бойындағы ең жақсы қасиеттер мен үлгі аларлық істерін бүгінгі ұрпақ жалғастыруға тиісті. Соның бірі – «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген, Құлағы мен жағын жер» деп халық даналығында айтылғандай, жеті атасын жете білуге баулу. Бүгін жеті атасын білмейтін жетесіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл – қазақ ұлтының қасіреті.
Жеті ата – қазақ халқының салт-дәстүріне тән адамның ата жағынан тегін таратудың нақты жүйесі. Бүгінде кейбіреулер жеті атамды білемін деп аталарының есімдерін тізбектеп шығады. Одан әрі таратып жатпайды. Әрине, бұл түк білмегеннен жақсы. Бірақ жеті адамның атын үш жасар балаға да жаттатуға болады емес пе? Сонда оның қаншалықты мәні бар? Жеті атасын білу дегенді жеті атаңа дейінгі туыстарды толық, жүйелі таратып, олардың туып-өскен жерлерін, өмірбаяндарын біліп, елге елеулі, адал қызмет еткен бабаларын ұрпақтарына насихаттап жеткізу деп түсінген жөн. Ең басты қағида – жеті атаның ішінен қыз алуға болмайды. Бүгінде осы тәртіпті қатаң сақтағанымыз жөн. Осы арқылы дені сау, текті ұрпақты өрбіте аламыз. Мұны медицина да толығымен құптайды.
Медициналық негіз
Жеті ата құрылымының қажеттілігін бірінші кезекте медициналық тұрғыдан дұрыс түсінгеніміз абзал. Жеті ата ұстанымының ең басты қағидасы – жеті атаға дейін қыз алыспау. Біз бұны жалпылама «қан тазалығы» үшін, «ұрпақтың денсаулығы дұрыс болу үшін» деп айта саламыз. Сөздің жаны бар. Бірақ бұның медициналық тұрғыдан себебін сұрасақ, көбіміздің тосылып қаларымыз анық. Бұл қағиданың сырын адамның тұқым қуалаушылық қасиеттерін зерттейтін генетика ғылымының антропогенетика саласы ашып береді екен.
Медициналық-генетикалық тілмен айтсақ, адамның денесі миллиондаған жасушалардан тұратындығы белгілі. Әрбір дене жасушасында 46, ал жыныс жасушасында 23 хромосома болады. Ұрықтану кезінде ер мен әйел адамның жыныс жасушалары қосылып, яғни 23 хромосомаға 23 хромосома қосылып, дене жасушасындағы толық хромосома жиынтығы қалыптасады. Гәп осы жерден басталады. Биолог ғалымдардың айтуынша, әр адамның генотегінде жағымсыз рецессивті гендер болады, яғни қарапайым тілмен айтсақ, жыныстық жасушадағы хромосома саны 23 емес, одан көп немесе аз болуы мүмкін. Бұл жағдай адамның ағзасында еш зиянсыз гетерозигота күйінде жүре береді.
Бұндай жағдай кез келген адамның дене жасушаларында болады. Егер ердің де, әйелдің де жыныстық жасушалардағы хромосомалар саны 23-тен аз не көп болса, екеуі де бұзылған ген болғанымен сәйкестендіріледі де, бірі қабыл алынады. Міне, осы жерден адамның денесінде бұрыс жасуша қалыптасады. Адамның ауру болатын да себебі осы деп тұжырымдайды сала мамандары. Бір әке, бір анадан тараған адамдардың ағзасында бір-біріне сәйкес келетін (жағымсыз ген) гетерозигота күйіндегі жасушалар жиі кездеседі. Сондықтан гетерозиготалы ата-анадан ауру ұрпақ тууының ықтималдығы жоғары. Тіпті еш ұрпақ та болмай қалуы мүмкін. Кестеге зер салайық.
Бірінші ұрпақта жағымсыз рецессивті гені бар гетерозиготалардың ықтималдығы елу пайыз болса, жетінші ұрпақта бір пайызға да (0,78 ) жетпейді. Демек, бұл жеті атадан кейінгі ұрпақта мутантты гендердің әсері байқалмайтынын көрсетеді. Осыған байланысты туыс емес адамдардың жыныстық жасушаларында жағымсыз гендердің сәйкес келу ықтималдығы өте төмен. Яғни жеті атаға жетпей қосылса, адам генетикасындағы хромосомалар санының, құрамының қалыпты жағдайдан өзгеруіне және белгілі бір гендердің мутациясына байланысты адам ауру болады. Осы кестеден-ақ атам қазақ не себепті алты не сегіз емес, нақты жеті атаға дейін қыз алыспау тәртібін енгізгені түсінікті.
Генетикалық ауытқушылықтан болатын аурудың түрі өте көп. Мысалы, Клайнфельтер синдромымен ауыратын адамдардың кариотипі: 44 + ХХY = 47. Бұнымен әрдайым ер адамдар ауырады. Олар жыныс бездерінің жете дамымауымен, ақылының кемістігімен, аяғының ұзын болуымен және бойының ұзын, басының кішкентай болуымен сипатталады. Трисомия-Х синдромы кариотипі (44 + XXX = 47) әйелдерде кездеседі. Оларда жыныс бездері жете дамымайды, дене және ақыл-ой дамуында кемістіктер болады. Даун синдромында кариотипінде 21 жұп хромосомалар үшеу, жалпы саны 47 (47ХҮ немесе 47ХХ) болады. Гемофилия — қанның ұйымауы, гемералопатия – түнде көрмеу, дальтонизм – түсті ажырата алмау, рахит – сүйектің қисаюы, галактоземия – галактозаны игере алмау, бауыр циррозы, ақылдың кемдігі, т.б.
Шетелде шектеу жоқ
Әлем тарихында шексіз билікті, яғни өлшеусіз байлықты өзге қолға бермеу үшін жоғары билік лауазымындағы адамның өзінің туысымен некелескен мысалдар көп. Түптің-түбінде әлемді билеген талай алып мемлекеттердің бірі тіптен жоқ болып кетсе, бірі билеушісінің кемтарлығынан барша халқы қор болған. Көптеген генетик ғалымдар бұған египеттік фараондардың әулеттерін тілге тиек етсе, тағы бір нақты мысал Испания корольдігіндегі Габсбург әулетінен ел басқарған король отбасындағы жағдай. Онда король Филипп II әйелдікке өзінің жақын туысын алады. Одан әрі тараған ұрпақтары Филипп III, Филипп IV осы үрдісті жалғастырады. Нәтижесінде ешқандай бала тұрақтамай, жастайынан шетіней береді, ал тірі қалса, ұзақ өмір сүрмейді, ақыл-естері кем болып, ақыры өздері тұқымымен құрып, корольдық құрдымға кетеді.
Көптеген дамыған елдерде туыс адамдардың арасында некелік қатынас әлі де жиі кездеседі. Мысалы, АҚШ-тың отызға тарта штатында туыс адамдарға некелесуге тыйым салынбаған. Бұған ол елдің бас көтерген жанашырлары дабыл қағуда. Сөздерін дәлелдеу үшін көптеген мониторингтік зерттеулер жүргізген. Тіпті ғаламторда қарапайым мысалға Чарльз Дарвинді келтірген. Ол әйелдікке өзінің туысы Эмме Веджвудты алған. Олардың он баласы болған. Үшеуі түрлі сырқаттан он жасқа дейін қайтыс болса, қалған алтаудың үшеуі ұзақ жылдар некеде болса да, ұрпақ болмапты. Зерттеуге қатысушы Тим Берра «бұл келеңсіз жайттың бәрі тек туыстық қатынастан деп үзілді-кесілді айтпаймыз, бірақ алты баланың біреуі белсіз болса, ештеңе дәлелденбес еді, ал үшеуінің қатар белсіз болуы тұжырым жасауға негіз», депті.
Ғаламторда Англияда тұратын Тазин Ахмад өзінің отбасындағы жағдайды басқаларға сабақ болсын деген ниетпен жария етіпті. Оның шыққан тегі Пәкстаннан. Англияда ағайын-туманың некелесуі жиі кездесетіндігі, соның салдарынан онда жылына 700-дей сәби генетикалық ауытқушылықтармен дүниеге келетіндігі айтылған. Тазиннің туған атасы мен әжесі бір атадан тарайтын тумалар екен. Бірақ екеуі қосылған. «Әжемнің басындағы жантүршігерлік жағдайдан шошынамын, олардан туған ұрпақтың үшеуі сәби кездерінде қайтыс болған, үшеуі керең болып дүниеге келген, тек әжем ғана жастық шаққа дейін өмір сүрген», дейді Тазин.
Біздің еліміз де бұндай келеңсіз жағдайлардан ада деп айта алмаймыз. Бірақ салыстырмалы түрде шүкіршілік етуге болады.
Атын атап, түсін түстемесек те, әлемдегі көптеген елдер жеті аталық қағиданы ұстанбайды. Соның кесірінен зардабын да шегуде. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» демекші, қазіргідей технологияның дамыған заманында жастарымызды өзге елдегі жат қылықтардан аман алып қалуды бүгіннен ойластыруымыз қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, дені сау ұрпақ жалғастыруда аса жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.
Салтымыз бен заңымыз үндесе ме?
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 11-бабының 3-тармағында жақын туыстардың араларында неке қиылуына (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейтіндігі көрсетілген. Осы кодекстің 1-бабының 13-тармағында жақын туыстарға – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер жататындығы нақты жазылған.
Осыдан-ақ біздің салтымыз бен заң нормасының сәйкес келмейтіндігін анық көреміз. Атап айтқанда, бәріміз жеті атаға дейін қыз алыспау дұрыс дейміз, бірақ заңымыз бұл дұрыстықты қорғауда қауқарсыз. Тіпті жеті атаға дейін емес, төртінші атаға дейін қыз алыспау талабын бекіте алсақ, орынды болар еді. Бұл ұсынысқа Қазақстанда тек қазақтар емес, өзге де ұлт өкілдері бар, оларда бұндай салт жоқ деген уәж айтылуы әбден мүмкін.
Бірақ біз, Елбасымыз сәуір айында өткізген Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында шегелеп айтып бергендей, бір халықпыз ғой, сондықтан өзге ұлт өкілдерін дұрыстық жолына жөн сілтесек, олар оң қабыл алары, ұрпақтары алғыс айтары анық деп есептеймін. Дұрыстықты заңмен қолдауымыз парыз. Ата-бабаларымыз бұл салтты, яғни заңды қалай қорғағанын әр оқырман білетіні анық. Енді біз ұсақтыққа жол бермеуіміз керек. Әйтпесе Франциядағы бір жыныстылардың некелесуіне рұқсат бергеніне таңғалмайтын жағдайға баруымызға ешкім кепілдік бере алмайды.
Тарихи, тәрбиелік, танымдық негіз
Қазақ халқының басында да қара бұлт үйірілген кезеңдер болды. Кеңес дәуірінде жеті атаға дейін қыз алуға тыйым салынған қағиданы бұрмалап, надандық, екі жастың арасындағы махаббатқа орынсыз араласу деп түсіндіруге ұмтылды. Мысалы, кейінгі ұрпақ тәрбиесінде «Қалқаман мен Мамыр» поэмасындағы басты кейіпкерлер арасындағы, «Абай жолы» эпопеясындағы Абай мен Тоғжан арасындағы сезімнің әдемі суреттемесі оқиғаның дәмді тұсы, арқауы ретінде қарастырылды. Ал, олардың жеті атаға жетпей қосылатын туыс екендіктері зор айып ретінде түсіндірілмеді. Керісінше, мұны ескіліктің, қараңғылықтың қатал заңы деп талдап, тіпті ата-дәстүрге деген беріктікті жауыздықпен теңестіруге де тырысып бақты. Осындай солақай саясаттың салқынынан бүгін өзінің жеті атасына дейін дұрыс, толық таратып жазған шежіресі бар адамды таппайсың. Оның үстіне кей аға буын өкілдері тарапынан шежіре деген неге керек, руға бөлінудің жолы деп қате түсінік беріп жүргендер де табылады. Бұл руға бөліну емес, тегіңді, діңгегіңді білу деп түсінген жөн.
Өзіңді жетінші атамын деп алсаң, жетінші ұрпағыңның тұсында сенен тараған адам шамамен қанша болатынын білесің бе? Есептеп көрелік. Биыл 2013 жыл, жасың 35-те, үш балаң бар. Әр буынның арасын 35 жыл деп алалық:
1) 2048жыл 3*3═9
2) 2083жыл 9*3═27
3) 2118жыл 27*3═81
4) 2153жыл 81*3═243
5)2188жыл 243*3═729
6)2223жыл 729*3═2187
7)2258жыл 2187*3═6561
Міне, шамамен 2258 жылы сізден тараған ұрпақтың саны 6561 адамға жетуі мүмкін. Осыншалықты тума-туысты жазып қоймасаң, бәрін жадыңа сақтау мүмкін емес. Өзіңнен жетінші ұрпағыңа дейінгі аралық шамамен 245 жылды қамтиды екен, яғни екі жарым ғасыр көлемінде туғандарыңның, бұған қоса еліңнің тарихын білесің. Айналып келгенде, қан тазалығын (тектілік) сақтаумен қатар, осынша тарихты білу арқылы әр қазақтың бойында терең де кең дүниетаным қалыптасатыны түсінікті. Ал, мұндай ұрпақ еліне, халқына адал қызмет етері сөзсіз.
Әрісін айтпағанда, соңғы жүз жылда қазақ халқы адам саны жағынан да өте көп шығынға ұшырады. 1921-1923 жылдары, 1932-1933 жылдары аштық, 1937-1938 жылдары қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғыс, 1949 жылдан ядролық сынақ айлақтары – осының бәрі қазақты қынадай қырды. Аллаға тәубе, тәуелсіздігімізді алдық, бейбіт заман орнады. Қазақта «Елу жылда ел жаңа» дейді. Төзімділікпен тоқырау жылдарынан да өттік. Алдымызға дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деген меже қойып, өрлеу заманына аяқ бастық. Болашақта халықтың саны артып, заман талабы, қызмет бабымен адамдар бір-бірімен мидай араласып кетеді. Осы кезде туманы жат деп, жеті атаңа жетпей қосылатын ағайыннан қыз алыссақ, масқара болғандығымыз. Тектіліктен айырылып, азғындыққа жол бергендігіміз. Бұл қатердің алдын алуымыз қажет. Ол үшін әр адам төмендегідей ұсыныстарды қабыл алып жатса генеологиялық тектілігімізді алдағы кезде де сақтап қала аларымыз анық.
Біріншіден, әркім өзі білетін атасына дейін тізбектеп, мүмкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап жазуды қолға алса. Арғы аталарың білмесе, ең болмағанда, өзінің туған атасынан бастасын. Оның неше ағайынды болғандығы, оның балалары, содан соң өзін, әрі қарай өзінің балаларын және немерелерін таратып жазса деген ұсыныс айтпақпыз.
Екіншіден, жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиеттері барлары туралы мағлұматтарды жинақтағанның қосары көп.
Үшіншіден, әр әке өз жазбаларын балаларына беріп табыстап отырса. Олар өз кезегінде оны әрі қарай толықтырып, ұрпақтарына жеткізетініне сенгіміз келеді. Тек сонда ғана жетінші ұрпағыңыз сізге уақытында ризашылығын білдіретіні кәміл.
Ал мемлекет тарапынан түрлі деңгейдегі оқу бағдарламаларына жеті ата ұстанымын түсіндіру бағытында қосымша сағаттар енгізіліп, мүмкіндігінше жеті ата ұстанымы талаптарын заңмен қорғау тетіктері жетілдірілсе, оң болар еді.
Қорыта айтқанда, жеті атаны білудің мән-мазмұнын ұрпақтан ұрпаққа жеткізе ұғындырып, ағайын-туманы татулыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу қажет. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны, әрі азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек.