Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш арыстары барша қазақтың басын бір идеяға тоғыстыру үшін баспасөз ісін қолға алғаны белгілі. Елдік тұрғыда айтылған сөздері, атқарған істері сол кездегі газет беттерінде сақталды. Ол кезде халыққа насихат жүргізуге аса маңызды ең алдыңғы технология осы газет болғаны анық.
1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінде Ғұмар Қараш: «...бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет...» десе, биыл жүз алты жылдан соң Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын «Ұшқыннан» бастау алатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетіне жариялауы бүгінде баспасөздің қоғамдағы орнын анықтап тұр. Халқымыздың санасын рухани жаңғыртуда баспасөздің өткенін білу, бүгін оңды пайдалану, болашаққа дұрыс жоспарлау бірліктің кепілі болмақ.
Бастауы Кеңес өкіметі құрылғаннан соң, 17 қараша 1918 жылдан басталады деп қалыптасқан Батыс Қазақстан облысындағы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері ақиқатында 28 шілде 1917 жылдан екендігін дәлелдедік. 100 жыл. Бір ғасыр. Осыны батыл айту үшін біз аянбай тер төктік. Талай ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізіп еңбектендік. Атқарған істерімізге қаныққан Алматы, Астана, Орал ғалымдары: «Бір ғылыми институттың жұмысын жасап жүрсіңдер» деп марқайтып қойды. Артық болса да осылай бағалайтындай не тындырдық? Абай атамыз он бесінші қара сөзінде: «...Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?...» деп есті болуға шақырады. Міне, баспасөз тарихын зерттеу жұмысымыздың есебін беретін уақыт келді.
Ғасырлап отаршылдықтың қамытын киген елдің алдымен тілі, діні бұзылып, тарихы әбден бұрмаланады. Алаштың 100 жыл-дығымен тұспа-тұс келген біздің баспасөздің де тағдыры осылай. Біз ақиқатты анықтауға бар күшімізді салдық. Тіпті іздене жүріп, газеттерді зерттеп, бастауында болған тұлғалардың өмірі мен жанкешті істерін білген сайын өзімізде соларға қарап бой түзей бастадық. Соның ішінде «Қазақстан» газетімен толық танысып, оны ұйымдастырып, тұрақты шығарған Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтердің қиын-қыстау заманда, өздерін қауіп-қатерге тігіп, аянбай ұлтқа қызмет етулері бізге сабақ болды. Тек алған жалақың үшін ғана қызмет етпей, бос уақытыңды ұрпаққа қажет іспен айналысу қажеттігінің дұрыстығына нақты тағы бір дәлел болды. Бізде «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуге бекіндік. Шүкір, азаттығымыз қолда, енді осыны бекіте түсу үшін ұлттық рухты көтеруіміз қажет, ол үшін алдымен әбден бұрмаланған тарихымыз қайта түзілуі тиіс, біздің қолдан келері шынайы тарихымызды жазуға қажет деректерді жинақтау деп түйдік. Содан соң бір емес, бірнеше рухани бағыттағы жобаларымызды бастадық. Соның бірі осыдан бес жыл бұрын жүз жылдықты лайықты қарсылауға бағытталған баспасөз тарихын зерттеу болатын.
2013 жылы газеттеріміздің 95 жылдығын өткізу барысында тарихымызды түгендеу бағытындағы әр ісіміз басылымдардың жүз жылдығына дайындық екенін айтқанбыз. Міне, тыңғылықты маңдай тердің арқасында бес жылдан кейін емес, төрт жылдан соң жүз жылдыққа жетіп отырмыз. Әр облыста да тарихы түгенделмей жатқан талай аудандық, облыстық газеттер бар. Жаңа тарихымызды түзуге талай құнды дүниелер бәрінде сақталғаны анық. Тек құнттап, кәдеге жаратушы аз. Атқарған ісімізді егжей-тегжейлі баяндауымыздың басты мақсаты жүрген жолымызбен таныстырып, жақсы жағы болса үлгі етіп алсын, әрі қарай жалғасын деген ниет. Ал енді баспасөз тарихын зерттеу бағытындағы істерімізді ретімен баяндайын.
Бастау «Қазақстаннан»
Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығы таяғанда арнайы музей жасақтап, газеттерімізді өзіміз зерттеп, тігінділерін түгендеп, ең алғашқы нөмірлерінен бастап ұйымдастырған, шығарған тұлғаларды іздестіруден бастағанды жөн санағанбыз. Бұл ретте «Орал өңірі» газетінің елу жылдық мерекелік нөміріндегі сол кезде Мәскеу қаласында тұрған Тамимдар Сафиевтің мақаласы (1968 жылғы 17 қараша) ерекше назар аудартты. Мақалада газеттеріміздің тарихына қатысты көптеген құнды деректер келтірілген, соның ішінде көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» (1919 жыл) болып өзгертілгенде оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиевтің де болғандығы жазылған. Біздің жұмысымыздың арнасын осы мәліметтер күрт өзгертті. Алқада мүше болған бесеудің үшеуі, яғни Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетін шығарушылар екендігін білген соң жұмысымызды атауы мен шығарған тұлғалары маңызды «Қазақстан» газетін зерттеуден бастадық.
Тігіндісі сақталмаған, не жөнді зерттелмеген газетті елімізден таба алмадық. Талмай іздеудің арқасында Санкт-Петербургтегі М. Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасы мен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан таптық. Он алты нөмірі қолымызға тиді. Ыждағаттап газеттің түпнұсқа көшірмесімен бірге араб әліпбиінен кириллицаға аудармасымен (аударған Қазбек Құттымұратұлы), газетті шығарушылар мен кейін зерттеген азаматтар туралы деректер және зерттеу-шілердің еңбектері мен осы тақырыпта түрлі басылымдарда жарияланған мақалаларды қосып «Қазақстан» 1911-1913» атауымен 2012 жылы кітап етіп шығардық. Бұл тек облыстық газеттердің емес, жалпы еліміздің баспасөз тарихына зерттеуге қосылған сүбелі іс болды. Елбасы Батыс Қазақстан облысына келген бір сапарында кітап қолына табысталды. Жиырмасыншы ғасырдың басында газеттің әр нөмірінде «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым өнер турасында» деп азат ел болуды аңсап «Қазақстан» атауымен газет шығарған тұлғаларымыздың еңбегімен 1991 жылы мемлекетіміздің атауын «Қазақстан Республикасы» деп бекітіп, бабаларымыздың еңбегін жалғап, армандарын жүзеге асырған Н. Назарбаев ғасыр өткен соң парақтап танысты. Осыдан соң Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада кең көлемде таныстырылымын өткіздік, ғалымдар зерттеумен айналысып кетті.
Осы кезде газет тарихына байланысты тағы бір кітапты қызу дайындық үстінде болдық. Ол тамыры тереңнен бастау алатын басылымдарымызда еңбек еткен редакторлардан бастап қарапайым қызметкерге дейін ұмыт қалдырмау мақсатындағы іс еді. Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан алдырылған газеттер сараланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында жасалған жұмыстардың арқасында көптеген тың деректер табылды. Кемінде бес редактордың саяси қуғын-сүргін құрбандары болып, ату жазасына кесілгендігі анықталды. Газеттеріміздің алғаш шыққан кезінен бастап бүгінгі күнге дейінгі редакторлардың тізімі жасалды.
Мүмкіндігінше басылымдарда қызмет еткен қызметкерлер туралы анықтамалық мәлімет суреттерімен және ұжымдық суреттерді де жинадық. Әр кезде редакцияда қызмет еткен әріптестеріміздің естеліктерін де ұмыт қалдырған жоқпыз. Оған Мәскеу мұрағаттарынан газеттерімізді қалай әкелгендігіміз жөніндегі жолжазбаларда енгізілді. Басылымдардың басын біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрылу, даму тарихы, басқарған басшылары туралы да ақпараттар топтастырылды. Жинақталған қолда бар мәліметтермен газеттеріміздің тарихына байланысты алғашқы «Қос газеттің тарихы» - «История двух газет» атауымен кітап шығардық.
2013 жылы «Жайық Престе» қызмет ететін барша шығармашылық сала қызметкерлерінің әрқайсысының өз қалауы бойынша сол жылы газет бетінде жарық көрген ең үздік мақалаларын топтастырған алғаш рет «Жайық журналистері» кітабы да жарық көрді.
Осылайша бір жылғы тынымсыз еңбегіміздің арқасында 2013 жылы «Қос газеттің тарихы» - «История двух газет», «Жайық журналистері» атты үш кітап шығардық.
Осы жылы газеттеріміздің 95 жылдығын қызметкерлеріміз, ардагерлеріміз, оқырмандарымыздың қатысуымен Орал қаласында кең көлемде атап өттік.
Өз күшімізбен «Қазақстан» газетін шығарушылар және басылымның бағыты жөнінде деректі фильм түсіріп, ол телеарналарда көрсетілді. «Жайық Пресс» ЖШС бастамасымен газеттің ресми редакторы болған Елеусін Бұйринге Зашаған кентіндегі көшеге есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатылды.
Е. Бұйриннің Алматы қаласындағы туған немересі Валерий Бұйринді Оралға алдырып құрмет көрсеттік. Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Бұрханқызы Қарашеваны тауып, бірнеше рет арнайы сапарлап бардық. Қолындағы Ғұмар Қарашқа қатысты түрлі зерттеушілердің еңбектерін бізге табыстады. Біз де өз тарапымыздан Ғ. Қараш-тың еңбектерін тырнақтап жинап жүрміз, жақында прозасы мен поэзиясын бөліп екі том шығармақшымыз.
«Ұранға» неге бет бұрдық?
«Қазақстан» газетін бірыңғайлаған соң сол кезде газетіміздің бастауы саналған, 17 қараша 1918 жылдан жарық көрген «Известия» - «Хабар» газеттерін зерттеуге кірісуіміз қажет еді. Солай бастап та едік. Қазақстаннан табылмай, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан әкелінген алғашқы нөмірлерді араб әліпбиінен кириллицаға аударуымыз жоспарымызды тағы өзгертті. Хабардың алғашқы нөмірінде араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп...» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейтіні анық және «Ұран» баспаханасы» дегені «Ұран» газетінің баспаханасы» дегенді аңғартады. Осылайша «Ұранның» орнын «Известия» - «Хабар» газеті басқаны аңғарылып тұрды. Дәл осы мәлімет «Ұран» газетін зерттеуге бет бұруға түрткі болды. «Ұран» газетінің тоғыз нөмірінің түпнұсқасы
Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-дан Мақсат Тәжімұрат ағамыз тауып берді. Арнайы барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «Халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954 ж. ж.) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Музей қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған. «Ұран» газетінің кей нөмірлерінің көшірмелері Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде де сақталған екен.
Мұстафа ағамыз «Ұран» газетінің фотокөшірмелерімен қатар осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап қойыпты. Музей басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.
Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз – «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Біз тоғыз нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16(3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.
2014 жылы бар тапқан нөмірлерімізді кириллицаға аударып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектерді қосып, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақалаларын және «Ұран» туралы жазылған материалдарды топтастырып «Ұран» газеті 1917-1918» кітабын шығардық. Газет туралы танымдық деректі фильм дайындадық.
2013-2014 жылдары шығарған кітаптарымызды Орал, Алматы, Астана қалаларындағы іргелі оқу орындарында ғалымдар мен студенттердің қатысуларымен таныстырылымдарын жасадық. Түсірген деректі фильмдерімізді көрсетіп, кітаптарымызды кітапханаларына тарту еттік. Елеусін Бұйринмен қатар Зашаған кентіндегі тағы бір көшеге Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатып, барша ұжым боп барып, көшеге ағаштар отырғызып, мәдени шара өткіздік.
«Хабар»
Осыдан соң «Известия - Хабар» және «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы» газеттерін зерттеуге кірістік. Бұл газеттердің көшірмелерін Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан әкелген болатынбыз. «Известия - Хабар» газеті 1918 жылдың 17 қарашасынан осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарық көрген. Барлығы 31 нөмір болса, біздің қолымызда 4-6, 24, 26 нөмірлері жоқ. Қалғандары толық. 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы» атауымен осы жылдың 7 ақпанына дейін шыққан. Барлығы 24 нөмір, оның 19-ы қолда бар, жоғы 7, 12, 14, 19, 21 нөмірлер. Газеттердің орысшасы кириллица, қазақшасы араб әліпбиімен жазылған. Қолымыздағы бар нөмірді жинақтап, араб әліпбиінен кириллицаға аударып (аударған Ерсайын Мергенбаев, Мұратбек Жахатов), газетті шығарушы тұлғалар туралы деректерді қосып «Известия - Хабар» және «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы» газеттерін қалың бір кітап етіп 2015 жылы шығардық.
2013 жылы 21 маусымда жұма күні жолымыз болып Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан «Известия - Хабар» және «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы» газеттерін тапқан болсақ, ертеңіне Мәскеу маңындағы Химки қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінен «Дұрыстық жолы» газетінде тапқанымызда қуанышымызда шек болмаған. Сол сәтте тапсырыс беріп, көшірмесін ала келгенбіз. Мұның алдыңғы басылымдардан басты ерекшелігінің бірі - қылышынан қан тамып тұрған Совет дәуірінің өзінде тек қазақ тілінде шыққандығы. Бастауында Алаштың біртуар қайраткер-ағартушылары Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевтер болған. 1919 жылы Ордада 20 ақпаннан 10 шілде аралығында айына екі рет, барлығы 11 нөмірі жарық көрген. Толықтай араб әліпбиінде. Барлық нөмірін аударып, шығарушылар туралы ақпаратты, газетті шығарушылардың бірі Тамимдар Сафиевтің Мұстафа Ысмағұловтың өтініші бойынша 1916-1920 жылдар арасында Бөкей ордасында болған қоғамдық-саяси оқиғаларды суреттеген араб әліпбиінде жазылған естелігін аударып (аударған Гүлмару Мырзағалиева) қоса бердік. Осылайша 2016 жылы «Дұрыстық жолы» газеті 1919» кітабын шығардық.
«Ұшқынның» тарихына неге қызықтық?
Осы жылы баспасөз тарихына қатысты тағы бір аса маңызды газетті жинақ етіп шығардық. «Қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитетінің атағынан жетісіне екі шығарылатын саяси, әдеби һәм шаруашылық газетасы» деп сипатталған, 1919-1920 жылдары сол кездегі астанамыз Орынборда жарық көрген, бүгінгі тәуелсіз еліміз, Қазақстан Республикасының бас газеті – «Егемен Қазақстанның» бастауында тұрған «Ұшқын» басылымы. Шарқ ұрып іздемеген жеріміз қалмады. Орынбордағы мұрағат пен кітапханалардағы ізденісіміз нәтиже бермеді. Әдеттегідей Мәскеудегі кітапханалар мен мұрағаттардан сұраған са-уалдарымызға оң жауап болмады. Бірақ іздегеніміз елден табылды. Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында 37 нөмірі сақталыпты. 2, 3, 5, 6, 7, 13, 32 сандары жоқ екен. Алдырдық. Аудардық. Ресейде большевиктер билігі орнаған соң пайда болған тұңғыш жалпықазақтық газет. Саяси бағыт-бағдарына қарамастан, газеттің басы-қасында жүрген азаматтар ең алдымен қазақ қамын ойлап, қазақ жерінің бүтіндігін көздеген, өз ұлтының жыртығына жамау болуға ұмтылған. Мұны газетте жарияланған мақалалардың мазмұнынан-ақ байқайсыз. «Батыс Қазақстандағы «Жайық Пресс» мекемесі Орынборда шыққан «Ұшқын» газетінің тарихына неге қызықты?» - деген сауал да тууы мүмкін. Біріншіден, біз бір ниет, бір тілектегі тұтас ел болғандықтан, қазақ басылымдарының қай-қайсысы да бізге жат емес. Екіншіден, «Ұшқын» газетін шығару үшін Ордадағы жазушылар құрамасы Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевтер шығарып тұрған «Дұрыстық жолы» газетін жауып, баспаханасын Орынборға көшіргені туралы Тамимдар Сафиевтің естелігінде айтылған. Осы естелікте Сейітқали Меңдешев газеттің атауын «Ұшқын» деп қойып, осы газетті шығаруды Тамимдар Сафиев өзіне тапсырылғанын айтқан. Яғни «Дұрыстық жолы» газетін шығарушы бөкейлік Тамимдар Сафиев «Ұшқынның» алғашқы редакторы болса, сол кезде Халел Есенбаев «Ұшқынды» шығарушы жазушылар құрамында болған. Осыған дейін «Егемен Қазақстанның» алғашқы редакторы кім болғандығын зерттеушілер тап басып айта алмағанын ескерсек, бұл мәліметтер тыңнан түрен салғандай. Сондықтан аласапыран жылдарда алаш қамын ойлаған басылымның сөзін қайта тірілтіп, оқырман қолына ұстату ісін борышымыз санадық. Әдеттегідей қолымыздағы бар нөмірді араб әліпбиінен (аударған Гүлмару Мырзағалиева, Мұратбек Жахатов) кириллицаға аударып, шығарушылар туралы мәліметтерді жинап, газетке қатысты зерттеу материалдарды топтастырып, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған Тамимдар Сафиевтің естелігін қосып, 2016 жылы «Ұшқын» газеті 1919-1920» кітабын шығардық.
Тәуелсіздік жылнамасы
2016 жылы желтоқсанда азаттық алғанымызға 25 жыл толды. Осы атаулы датаға біз де ісімізбен нақты үлес қосуды мақсат еттік.
Жүз жыл үздіксіз жарық көрген басылымда өңірдің жүз жылдық шежіресі де хатталғаны анық. Тәуелсіздік күніне біздің тартуымыз болсын деп, 1991 жылы 16 желтоқсаннан бастап 2016 жылға дейінгі, яғни ширек ғасырды қамтитын облысымыздың хронологиялық шежіресін жасадық. Осы жинақты жасау үшін Тәуелсіздік алған күннен бастап шыққан қос газетіміздің әр нөмірін бүгінгі күнге дейін парақтап, өңірімізде атқарылған маңызды шаралар, атқарылған істер, елеулі оқиғаларды нақты күнімен көрсетіп тізбектеп шықтық. Еңбегіміз қазақ тілінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016) (700 бет), орыс тілінде Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)» (935 бет) атауымен қалың кітаптар боп жарыққа шықты.
Баспасөз тарихын зерттеумен айналыса жүріп, басқа да еліміздің тарихы үшін маңызды құжаттарға кезігеміз. Алматы қаласына газет тігінділерінің электронды көшірмесін жасауға жіберген маманымыз А. Есеналинге кезіккен 1905 жылы жазылған хат соның бірі еді. Оны да ала келуді тапсырдық. 1905 жылы Орал және Торғай облысының Петербургқа депутаттар болып барған ізгі ишандарының Һәм билерінің дін тұрғысындағы Һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге жазған хатын араб әліпбиінен кириллицаға (аударған Сайфолла Моллақанағатұлы) аудардық. Аса маңызды екеніне көзіміз жетті. Сол кезеңдегі саяси ахуалды жан-жақты талдап, мәселені оң шешуге тырысқан ұмтылыс. Дінді сақтау арқылы жерді сақтауға, жерді сақтау арқылы отаршылдыққа тойтарыс беруге талпыныс екендігі анық байқалады. Дін мәселесі бүгінде өзекті боп тұрғанда, толық нұсқада бұрын-соңды жарық көрмеген ата-бабамыздың жеке бастың емес, елдің тағдырына орай жазған хатын «Дін үшін. Жер үшін» атауымен арнайы жинақ етіп шығардық. Бұның өзі шынайы тарихымызды жазушыларға маңызды дереккөз болмақ.
2017 жылы осы «Дін үшін. Жер үшін» кітапшасынан бөлек 1920-1922 жылдар аралығындағы «Қызыл ту» газетіндегі маңызды мақалаларды іріктеп аударып, жинақ етіп шығарудамыз. Көпшілік бұл кезеңде қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің саясатын соққан болар деп ойлайды. Ақиқатында олай емес. Қиюын тауып қиыстырып, халықтың қиын жағдайын ашық жазған. Артынан көпшілік редакторлардың «Халық жауы» болуларына осы әсер еткен.
Біз шығарған кітаптар
Қорыта айтқанда, соңғы бес жылдың ішінде, 2012 жылдан бері «Жайық Пресс» ЖШС жанынан баспасөз тарихын зерттеу орталығын құрып, өңірдегі баспасөз тарихын зерттеп, әр жыл сайын сериялы кітаптар шығардық.
2012 жылы әуелі Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы), кейіннен Орал қаласында шыққан «Қазақстан» газетіне арналған «Қазақстан» газеті 1911-1913» (400 бет);
2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына арналған «Қос газеттің тарихы – История двух газет» (436 бет) және «Жайық журналистері» (257 бет);
2014 жылы Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы) шығып тұрған алашшыл қазақ газетіне арналған «Ұран» газеті. 1917-1918» ( 400 бет);
2015 жылы Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы) Совет өкіметі орнаған соң қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрған басылымға арналған «Хабар - Известия» 1918. «Қазақ дұрыстығы - Киргизская правда» 1919» (680 бет);
2016 жылы Бөкей ордасында құрылған «Жазушылар құрамасының» құрылтайшылығымен шыққан қазақ тіліндегі басылым тарихы туралы «Дұрыстық жолы» 1919» (300 бет) және Орынборда шыққан басылым «Ұшқын» газеті 1919-1920» (370 бет), Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қазақ тілінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016)» (700 бет), орыс тілінде «Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)» (935 бет).
2017 жылы 1905 жылы Орал және Торғай облысының Петербургқа депутаттар болып барған ізгі ишандарының Һәм билерінің дін тұрғысындағы Һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге жазған хатын аударып «Дін үшін. Жер үшін» жинағын және 1920-1922 жылдар аралығындағы «Қызыл ту» газетінде жарық көрген мақалалар топтастырылған «Қызыл ту» 1920-1922».
Міне, бес жылдың ішінде баспасөз тарихымен байланысты он кітап шығарыппыз! Бұл кітаптардағы деректердің маңыздылығы жыл өткен сайын арта бермек. Келер буынға құр сөз емес, нақты іспен үлгі жасап, жол салғанымызға шүкіршілік етеміз.
Газеттерді арнайы жинақтап кітап етіп шығаруымыздың мақсаты – республика бойынша байырғы басылымдардың қатарындағы біздің «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бүгінгі қоғамда алатын орнына айрықша мән беру, 100 жыл бойы мемлекеттік саясатты халыққа насихаттап келген, елімізде бірліктің, ынтымақ пен татулықтың салтанат құруына қосқан үлесін, білім мен өнерді, ғылым мен тарихты, тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін, сөйтіп, әр азаматтың тұлға болып қалыптасуына тигізген ықпалын оқырманға паш ету.
Жүз жылдық тігінді
Жүз жылдық мерейлі күнімізге дейін атқаруға мақсат еткен маңызды жобаның бірі «Жүз жылдыққа - жүз жылдық тігіндімен» бастамамыз еді. Жүз жылдыққа дейін талай мерейлі жылдары атап өтілді. Бірақ бүгінгі күнге дейін толық тігіндісі жасалмаған. Осы олқылықты толтыру басты мақсатымыздың бірі санадық. Әйтпесе, «жүз жылдығымыз» деп алысқа айқайлағанымызбен, «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегеннің кейпінде боларымыз анық. Сондықтан электронды және қағаз нұсқасындағы толық тігіндісін жинау табан тірер нақты істердің бірі болмақ деп шештік. Бұл өте ауқымды іс екенін білдім. Жүз жыл бойы аптасына кемінде үш рет, жыл сайын орташа 150 нөмір, Кеңес заманында дені А2 форматында, кемінде төрт бет боп жарық көрген газеттің ұзын-саны неше бет болатынын долбарлай беріңіз. Қазақ және орыс тілінде шыққан екі газет болғандықтан, тағы екіге көбейтіңіз. Міне, алдымызда осындай ауқымды іс күтіп тұрды.
Істі газеттерді сканерлеуге мүмкіншілігі жоғары құрылғы сатып алудан бастадық. Содан соң алдымен Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында сақталған газеттерімізді алып, сканерледік. Жоқ нөмірлерін Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасынан тауып, электронды көшірмесін жасадық. Орал қаласында газеттеріміздің тігіндісі сақталған тек осы екі мекеме болды. Бірақ екеуінен жинасақ та, толық тігіндісін жасақтай алмадық. Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінде бізде жоқ тігінділері бар екендігін білген соң маманымызды құрылғымен Алматы қаласына аттандырдық. Бір ай жатып, бізге қажет нөмірлердің оларда барының барлығының электрондық нұсқасын жасады. Алматыдағы ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының баспасөз мұрағатында кей нөмірлеріміздің бар екендігін анықтап, салып отырып онда да барды. Барын алды. Осылай Мәскеу мен Алматыдағы кітапханалар мен мұрағаттардан денін жинадық. Қызығы, «Приуралье» газеті 1921 жылдан облыстық мемлекеттік мұрағатта бүгінгі күнге дейін ретімен сақталған. «Орал өңірі» олай болмады. Біздің Алматы мен Мәскеу асуымызға да осы «Орал өңірі» газетінің толық болмауы себеп болды. Қолдан келгенді жасадық. Қалғанын табу - болашақтың ісі. «Орал өңірі» газетінен - 56 212, «Приуралье» газетінен - 91 636 бет сканерленді, барлығы - 147 848 бет. Осының бәрін өңдеп, қағазға шығарып, түптедік. Ғимаратымыздың бесінші қабатында арнайы бөлме жасақтап, жүз жылдық тігіндіні самсатып тізіп қойдық! Дәл осы ісіміз Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасымен үндесіп жатқаны және біз бұл тапсырманы орындауға нақты үлес қосқанымызға марқайа түстік. Бұл да бір біткен іс болды!
Тарихымызды танытар жобалар
Баспасөз музейін жасақтау бағытында үздіксіз жұмыс әлі жалғасуда. Түрлі жәдігерлер, маңызды құжаттар, басқа да музейге жарамды дүниелерді бір жерге жинақтаудамыз. Қазір қолымызда түпнұсқадағы ескілікті газеттер, тарихи суреттер, кітаптар, қолжазбалар, түрлі құрал-жабдық-тар, жеке құжаттар және т. б. бар. Музейге лайықты арнайы бөлме де жасақтаудамыз.
Орал қаласында «Қазақстан» газетінің және Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылындағы «Ұран» газетінің редакциясы болған үйге арнайы тақта ілдік. Қазір бұл үйлердің жанынан өткен адам бұл орынның тарихи маңызды екендігін біле жүреді.
Газеттерімізде қызмет еткен тұлғаларымызға қатысты тарихи суреттерді жинақтауды да қолға алдық. Оларды өңдеп, қағазға шығарып, рамкаға салып, ғимаратымыздың ішіне ілдік. Бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін көтерілген адам суреттерді тамашалау арқылы баспасөз тарихымен қанығады. Ғимаратымыздың іші баспасөз тарихынан сыр шертетін фотокөрмеге айналды.
95 жылдықтың қарсаңында бес редактор саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын таптық десек, 100 жылдықтың қарсаңында 15 редакторымыздың «Халық жауы» атанып, дені ату жазасына кесілгенін анықтап отырмыз!
Бірнеше жыл қатарынан «Елеусін Бұйрин және Ғұмар Қараш атында: тілші болғың келсе» байқауын өткіздік. Мақсатымыз - аты аталған қос тұлғамызды халық арасына кеңінен насихаттау, жазуға икемі бар, қабілетті жастарды газетке қызметке алу. Осы байқаудың арқасында облыстық, аудандық газеттерге орналасқан жастарымыз өздерінің іскерлігін дәлелдеп, бүгінде бар ынта-жігерімен қызмет етуде.
Баспасөздің бастауында тұрған Ғұмар Қараштың өлеңдерінің аудионұсқасын жасап, арнайы дискілер шығардық. Мұқабасында тарихи тұлғаларымыздың суреті бейнеленген дәптерлер шығарғанбыз, оның ішінде Ғұмар Қараш та бар. www.gumar.kz сайтын жасап, оған өмірбаяны мен шы-ғармаларынан бастап барлық ақпаратты енгіздік.
100 жылдыққа орай жасаған істеріміздің бәрінің басын тоғыстыратын маңызды жобамыз www.1911.kz сайты болмақ. Бұл сайтта шығарған кітаптарымыз, дайындаған фильмдеріміз, музей жәдігерлері, саяси қуғын-сүргін көрген журналистер туралы, тарихи суреттер, басқа да баспасөз тарихына байланысты құнды деректердің бәрі қамтылды. Кез келген қызығушыға қолымызда барды ұсынамыз.
Осы жұмыстың бәрін сайттарымызды күнделікті жаңартып, газеттерімізді уақтылы шығара отырып, өз қызметкерлеріміздің күшімен атқардық. Мұндай ауқымды іс ұжымда ынтымақ, ауызбіршілік болғанда ғана нәтижелі болары анық. Әр жыл сайын 22 наурыз, 16 желтоқсан, жаңа жыл, журналистер күні, басқа да мейрам күндерді барша ұжымның ауызбіршілігін арттыру мақсатында мазмұнды етіп, кеңінен атап өтуге тырысамыз. Ардагерлерімізге құрмет көрсету де осы асыл мақсаттан туған. Өздерінің шығармашылық бағытындағы еңбектерімен елге танылған әріптестеріміздің туған күндерін де кең көлемде ұйымдастыру - бір-бірімізге құрмет көрсетудің үлгісі. Мысалы, облыстық қазақ драма театрының залында Ұлдай Сариева, Ертай Бимұханов, Есенжол Қыстаубаев, Бауыржан Ғұбайдуллин әріптестеріміздің мерейлі жастарын шығармашылық кеш ретінде өткізуіміз осының айғағы.
Жалғасын таппақ жобалар
Жүз жылдыққа қатысты жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін биыл бастаған бірнеше жобамызды аяғына жеткізуіміз қажет.
Тұстастары «Абайдан кейінгі ақын...» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақ. Мұнда Ғ. Қараштың өлеңдері, әдеби шығармалары, мақалалары, көсем сөздері, пәлсапалық ой-тұжырымдары, жинақтаған ауыз әдебиеті туындылары енгізіледі. Нобайы дайын. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған елеулі үлес болмақ.
Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай толық түрлі-түсті деректі-жылнамалық жинақ әзірлеуге кірістік. Жинақта облыстық газеттердің тарихы, кезеңдері, атаулары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер беріледі. Биылғы жылдың қыркүйек айында 100 жылдыққа орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, оған елге белгілі баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарды шақырып, баспасөз тарихын зерттеу мәселелерін талқылап, болашақта бірлесе қимылдауға ақылдаспақшымыз. Негізгі салтанатты шара да осы қыркүйек айында болмақ.
Жалпы, баспасөздің дұрыс зерттелмеуіне газеттердің бұрын-соңды елге әкелініп, түсінікті әліпбиге аударылмағаны себеп болды. Осы олқылықтың орнын толтырудамыз. Енді жинақтаған дүниелерді жеделдетіп, ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Осы орайда ғасырлық той аясында еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын журналистика, филология және тарих факультеттерінің студенттері мен магистранттары арасында баспасөз тарихы тақырыбында курстық, дипломдық, магистрлік жұмыс байқауын жарияладық. Мақсат – баспасөзді зерттеу объектісіне айналдыру. Байқау жөнінде алғашқы жүздесу Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарымыз ғалымдар мен студент жастар тарапынан қолдау тапты.
Елімізге белгілі ақын, баспасөздің бастау алған Орда жерінің тумасы, барша аналарға өлеңмен ескерткіш орнатқан Қайрат Жұмағалиев ағамыз өмірінің соңғы жылдары «Жайық Престе» қызмет етті. Марқұм Қайрат аға тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.
Осы атаулы жыл аясында Қайрат Жұмағалиев атында шығармашылық байқау жарияладық. Сонымен қатар ортамыздан жастайынан кеткен, ерекше еңбекқор, өз ісінің шынайы маманы әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға арналған фотобайқауды ұйымдастырудамыз.
Мақсатымыз – еліне еңбегі сіңген азаматтарды үлгі етіп, халыққа насихаттау, әріптестікке адал болу. Баспасөз тарихын, Ғұмар Қарашты зерттеуге үлес қосқан, сөзі мен ісі қабысқан баспасөз саласының үздіктеріне Ғұмар Қараш атындағы арнайы төсбелгі табыс ету де биылғы жылдың еншісінде.
Бүгініміз 100 жылдықтың қарсаңындағы біздің атқарған істеріміз уақыт өте тарихқа айналары сөзсіз. Осы кезеңдегі газет тарихын зерттеуден бөлек заман ағымымен, күнделікті атқарып жатқан істеріміздің бірсыпырасымен, тыныс-тіршілігіміз туралы хабар бергенде жөн болар. Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Пресс» ЖШС мемлекет саясатын, ел мен облыста болып жатқан жаңалық-өзгерістерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел де мазмұнды жеткізу мақсатында өз қызметін қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жаңашылдықпен жүргізіп келеді. «Жайық Пресс» ЖШС 2003 жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін біріктірген мекеме болып құрылған. Кейін ЖШС құрамына 12 аудандық газеттер біріктірілді. Ал облыс аумағында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу үшін ғаламтор мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, «Жайық Пресс» ЖШС ең алдымен 2012 жылдан бері ақпарат орталығын құрып, www.zhaikpress.kz сайтын жолға қоюмен бірге облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және он екі аудандық газеттерінің жеке сайттарын жасақтады. Мұндағы басты ерекшелік – облыс көлеміндегі және барлық аудандардан келетін жаңалық - ақпарат сол бойда сұрыпталып, сайтқа орналастырылады. Бұл бағытта қазақ және орыс тілдерінде арнайы мамандар жұмыс жасайды. Облыстық және аудандық газеттердің сайттары да осылайша жаңарып отырады. Сонымен қатар маңызды жарияланымдар «Жайық Престің» әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларында жарияланады. Медиахолдингтің әлеу-меттік желілерде мыңдаған тұрақты оқырмандары қалыптасты. Республикалық басылымдар өңірімізге қатысты өздері іздеген мақала, хабар, деректерді осы сайттан ала алады. Осы орайда «Жайық Пресс» ЖШС беделді республикалық газеттер және ақпарат агенттіктерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Яғни «Жайық Пресс» - өңірлік ақпараттық агенттік іспеттес.
«Жайық Пресс» ЖШС-ға қарасты барлық сайт материалдары екі тілде, суреттерімен жарияланады. Сайт қазіргі заманғы талаптарға сәйкес безендірілген. Облыста қалаға қоса, он екі ауданды бірдей қамтитын мұндай сайт әзірге жоқ. Бұл жерде атап өтетін жайт, әр аудандық газет өз сайтын дербес жүргізіп, жаңартып отырады. Сонымен қатар олардың әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар. Осылайша аптасына бір рет жарық көретін аудандық газеттер көкейкесті тақырыпта жазылған мақалалары мен маңызды жаңалық - хабарларын алдымен сайт пен әлеуметтік желіде орналастырып, алыста жүрген оқырмандарымен де күні бұрын қауышып отырады. Бұл сол газеттердің танымалдылығын арттыру бағытында таптырмас мүмкіндік болып отыр. Жергілікті журналистер де өскелең заман талаптарына тез бейімделіп, осындай мүмкіндіктерді молынан пайдаланып, әлеуметтік желілерде өз белсенділіктерін көрсетіп келеді. Мұның бәрі медиахолдинг құрамына облыстық-аудандық БАҚ-тардың бірігуінен, олардың жұмысы жүйеленіп, жаңа медиа мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білгенінен деп есептейміз.
Жүз жылдықтың қарсаңында облыстық газеттердің логотиптері жаңартылды. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасалды. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің логотиптері де осындай ықшам болған екен. Қазіргі ғаламтор жаулап, жаһандану жамыраған заман да басылымның атауы, мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі талапқа сай, жаңа-ша болуын талап етеді. Қос газет жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырды. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «Менің газетім», «100 жылдыққа – 100 тұлға» айдарымен материалдар берілуде. «Приуралье» газетінде де «Летопись Приуралья газетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала газета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа да айдарлар көрініс тапты.
Тұрғындармен тікелей байланысты жақсарту мақсатында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қосылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, газетке немесе сайтқа өз тақырыбын ұсына алады. Сонымен қатар шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді. Қазірдің өзінде оқырмандар аталмыш нөмір арқылы хабарласып, соның нәтижесінде облыстық газеттерде жедел ақпараттар берілуде.
Әлбетте, әр адам өзінің шыққан тегін білмесе, не білуге ұмтылмаса, оның мәнсіз өмір сүргені. Сол сияқты мемлекет те халқына өз тарихын терең зерделеп ұғындырмаса, оның ел ретінде тарих сахнасынан жойылары кәдік. Тап осы секілді, біздің газеттеріміздің де тарихын тыңғылықты зерттеп, тиянақтамасақ, оны газетте болашақта қызмет етер ұрпаққа жеткізбесек, басылымдарымыздың болашағы бұлыңғыр болары хақ. Өскелең ұрпақ бұл басылымдарды тірі ағза ретінде қабылдауы қажет. Егер әр қызметкер газетіміздің тарихын терең үңіліп, қоғамдағы орнын жете сезінсе, өз жұмысын жанашырлықпен, мақсат-керлікпен атқарып, газеттің о бастағы ұйымдастырушылық, насихатшылық ұлы миссиясын алға апарары сөзсіз. Әріптестерімді баспасөзіміздің бастауы болған Ордаға апаруымның басты мақсаты осы! Жиырмасыншы ғасырдың басында бүгінгі бізге жарқын өмір сыйлау үшін бастарын бәйгеге тігіп, еңбек еткен Алаш арыстарының табаны тиіп, қолдарының табы қалған қасиетті жерді көзбен көріп, қолмен ұстап сезініп, рухани жаңғыруларына сеп болу.
Қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқарған істеріміз барша қазақтың қамы үшін қайғырып, қолына қалам ұстап, қиын кезде газет-журнал шығарып, елге қызмет еткен барша қаламгерлердің рухы алдындағы құрметіміз.