Уақыт өте газеттеріміздің алғашқы нөмірлерінің елге әкелінуі қалыпты жағдайға айналып, қызығы мен қуанышы мол бұл сәт те тарих қойнауына өтер. Газеттеріміздің тарихында маңызды орын алатын сапарымыздың желісін есте қалсын деген оймен баяндауды жөн көрдім.
Жалпы, Мәскеуге сапарымыз туралы әріптесім Қазбек Құттымұратұлының мақаласы жарияланған болатын. Мақалада «Мәскеудегі алғашқы күніміздің жартысы күтумен, жартысы шаң басқан газет тігінділерін ақтарумен өтті» деген жолдар бар. Осы мақалада айтылған жәйттерді қайталамай, кейбір айтылмаған тұстарға тоқталмақпын.
Облысымыздағы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне биыл 95 жыл деп кеуде кергенімізбен, қолымызда ешқандай тігінділері, соның ішінде алғашқы нөмірлері болған жоқ. Кезінде, 1960 жылдары газетіміздің алғашқы нөмірлері Ресейден алдырылған екен, бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыранда редакциялар баспаханамен қоса ғимараттан да айырылып, қаңғырып жүргенде бәрін жоғалтқан. Сондықтан мерейлі жасқа байланысты атқарылатын шараларымыздың бастысын алғашқы нөмірлерді тауып, көшірмелерін елге әкелуден бастауды жөн көрдік. Іздегеніміз Қазақстаннның бірде-бір мұрағаты мен кітапханаларда болмағандықтан, Мәскеуге жол тарттық. Сол сапарда менің ойыма осыдан бір ғасыр бұрынғы оқиғалар түсті...
«Қазақстан» газеті, №8, 1912 жылдың 6 наурызы. Ғұмар Қараштың «Баку» атты мақаласында: «Былтыр 1911 жылы зауза жұлдызының бас күнінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп, адам ету қайғысында адамдар арасында етілген бір қаулы бойынша Алла деп аттанып, Баку қаласындағы қажы Зинелғабиден Тағиевті іздеп елден екеу шықтық. «Еріккен екі тентек елден шығып кетті» деушілер көп болса да, жан-тән көңілдерінен «қайырлы сапарлары болып, жеңіл барып, ауыр қайтқай» деп дұға етуші қайыр достарымыз болуын да білетін едік. Ақ ниетіміз құрметіне Алла тізгінімізді оңғарып, барған қажымыз хош алды. «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді...» делінген еді. Осыдан 101 жыл бұрын халықтың санасын оятып, білім, ғылымды үйренуге шақырған тұңғыш басылымды ұйымдастырушылар Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин өз қаражатымен, елге қажет газетті шығаруға керекті қаржыны қарызға іздеп Азербайжанның Баку қаласына барыпты. Арада бір ғасыр өтті. Жағдай тіптен өзгерді. Кешегі Ғұмар Қараш аталарымыздың сөзі қалған газет тігінділерін іздеп елден төртеу Мәскеуге аттанып барамыз. Бізде бәрі басқаша. Қарыз сұрамаймыз, ешкім жеке қалтасынан қаржы шығармайды, барлық жол шығыны мемлекеттің есебінен. Мұның бәрі – ата-бабаларымыздың орындалған арманы – ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің арқасы!
Біздің топтың құрамында «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, «Приуралье» газетінің фототілшісі Александр Куприенко, бейне оператор Темірболат Тоқмамбетов және осы жолдардың авторы болды. Әрқайсымыздың өзіндік міндетіміз бар. Қазбек Қабжанов араб әліпбиімен жазылғандарды оқып, бізге қажеттісін айқындау керек. Фото-тілші ыждағаттап табылған құжаттарды суретке түсірсе, бейне оператор болашақта жасалатын деректі фильмге түсірілім жасауы тиіс.
Бұдан бір жыл бұрын да Мәскеуге арнайы барып, Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашевамен емен- жарқын әңгімелескенбіз. Биыл да сол әдеттен жаңылмадық. Мәскеуге келіп, орналасқан соң Ғұмар атамыздың немересіне сәлемдесуге бардық. Апамыз әдетінше жылы шыраймен қарсы алды. Ұзақ әңгімелестік, күн бата үйге қайттық. Ертеңіне ертемен Ресей мемлекеттік мұрағатына бардық. Алдын ала электрондық пошта арқылы хат жазысып, телефонмен сөйлескенімізде, біз іздеген газет нөмірлерінің бар екендігін хабарлаған еді. Бірақ көшірмесін жібермей, «өздеріңіз аяқтай келмей іс бітпейді» деген. Осы сөзді айтқан РФ мемлекеттік архивінің ғылыми кітапхана меңгерушісі Тамара Буякевичке бас тіреп бардым. Оған келу мақсатымызды егжей-тегжейлі түсіндіріп, қасымдағы әріптестеріммен іске кірісуге рұқсат сұрадым. Әңгімелесіп отырған кезде ол біз іздеген газеттердің түпнұсқа тігіндісін алдырды. Көзбен көріп, қолға ұстағанда іштей қатты қуандым. Бірақ қуанышым су сепкендей басылды. Өйткені «Фото және бейне мамандарыңды архивке кіргізуге болмайды. Аппаратурасыз кіріп, қажеттеріңізді қарай беріңіздер» дейді. Мен газетті қарауға емес, көшірмесін елге алып кетуге келгенімді айта келіп, «ендеше көшірмесін сіз жасап беріңіз, мен ақысын төлейін» деп ұсыныс жасадым. «Әр бет – 200 рубль, неше бет керек, тапсырыс беріңіз. Бірақ біздің фотокөшірме жасайтын маманымыздың жұмысы өте көп. Сондықтан сіздерге қашан жіберетінімізді айта алмаймын» деп қарап тұр! Алыстан ат арытып келгенде істің арты сөзбұйдаға салынып, нәтижесіз қайтуымыз әбден мүмкін болғандықтан, көз алдымдағы газеттің көшірмесін қалайда алып кетуге тырыстым. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деп атам қазақ қалай тауып айтқан! Бірақ күнім түсіп отырған кісіні іш тартып, ең болмаса руын сұрап жақындасайын десең, қазақ емес. Содан «арғы аталарыңыз қайда болды, Қазақстанмен байланысы бар ма?» - деп сөз бағытын өзгерттім. Дәл түсіппін, арғы аталары қазақстандық екен. Аталарының туған жерін, қонысын, не себепті Ресейге көшкендігін айтып, әңгімеміз жараса бастады. Әрі-беріден соң саясатқа көштік. Мен Қазақстан мен Ресей Президенттерінің достық қарым-қатынасы арқасында екі елдің тату-тәтті екендігін, біздің облысымыз Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетіндігін, өткен жылы облыс әкімі осы бес бірдей губерния басшыларымен өзара іс-қимыл меморандумына қол қойғандығын айттым. Екі ел арасындағы түрлі жағдайды қозғап, арамыз жыли бастады. Қарапайым адамдар бір-біріне мүмкіндігінше көмектесіп, екі елдің қатынасын шынайы достыққа ұластыруға ұмтылу қажеттігін сөз еттік. Ұзын сөздің қысқасы, айналып негізгі шаруамызға қайта оралдық. Осылайша Тамара Буякевичтің соңғы сөзі бойынша газетіміздің алғашқы үш нөмірінің көшірмесін сапалы етіп өздері жасап, сол күні қолымызға береді және өзіміздің маманымыз өз құрал-жабдығымен кіріп, фотокөшірмесін жасайды. Ал біз әр бетке 200 рубльден емес, 100 рубльден төлейтін болдық.
Әріптестерім ішке кіріп, білек сыбанып іске кірісіп кетті. Әсіресе Саша Куприенко мен Темірболат Тоқмәмбетовке сын болды. Арнайы көмекші құралдарсыз сапалы газет көшірмесін жасау оңай емес. Фотоаппаратты штативке орнатып, газет тігіндісін тегіс ұстап, фокусын келтірудің қиындығын кәсіби маман ғана біледі. Оның үстіне уақыт тығыз. Бірақ жігіттер жарады. Жат елдің мемлекеттік архивінде өз үйінде жүргендей қимылдады. Таң атқалы нәр сызбағанын ұмытып та кетті. Кешкісін мұрағат жабылар уақытта біз де жұмысымызды аяқтадық. Флешкамызда «Известия» («Хабар») газетінің 1918 жылғы 17, 19, 21 қараша күндері шыққан алғашқы үш санының көшірмесі, «Киргизская павда» («Қазақ дұрыстығы») газетінің 1919 жылғы 1 қаңтардан 7 ақпанға дейін шыққан №1-24 сандары, сондай-ақ «Яицкая правда» газетінің 1919 жылғы бірнеше санының көшірмесі жатты. Тамақ ішпесек те тапқанымызға тойынып, пәтерімізге көңілді қайттық.
Келесі күніміз Мәскеу маңындағы Химки қаласы, Библиотечная (Кітапхана) көшесі №15 үйде орналасқан Ломоносов атындағы Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінде өтті. Мұнда да күтпеген жағдай болды. Ресейде қай мекемеге барсаңыз да сақтық күшті. Есікте күзет, арнайы тексеру құралының астынан өтесіз. Артынып-тартынып кіріп барған бізге шошына қарады. Төрт ер адамбыз. Қолымызда фото, бейне құрал-жабдықтар салынған сөмкелеріміз бар. Сәлемдесіп, шаруамызды айтар-айтпастан: Немене, банк тонайын деп жүрсіздер ме? Бұл кітапхана! - деп дүрсе қоя бастады сөзін іштен шақыртумен шыққан кітапхана кезекшісі.
Біз мақсатымызды барымызша түсіндіріп жатырмыз.
– Фотоға, бейнеге түсіру үшін алдын ала сұраныс хат жазу керек. Оны басшылар бірнеше күн қарайды. Шетелден болғандықтан, рұқсат тіптен берілмеуі де мүмкін! - деп бір тоқтады.
1911-1913 жылдары шыққан «Қазақстан» газетінің түп-нұсқасы осында екенін білеміз. 1919 жылы шыққан «Дұрыстық жолы» газеті де болып қалар деген үмітіміз де бар еді. Бірақ тоқсаныншы жылдардың басында Ғұмар Қарашты зерттеуші ғалым Мақсат Тәж-Мұрат «Қазақстан» газетімен танысу үшін Ресейге арнайы келгенде, оған: «Ғимараттың подвалы суға кетті, газеттер сонда жатыр» деген сылтаумен ештеңе көрсетпегін білеміз. Осыны ойлап, абдырай бастадық.
– Біздің алыстан тікелей ат басын тіреп, арнайы келгенімізді басшылығыңызға айтып көрсеңіз қайтеді? Мүмкін болса, өзіміз сөйлесейік, - деп ұсыныс жасадық. Жақтырмағанын іштей емес, сырттай білдіріп, ұсынысымызды директорға жеткізуге кетті. 10-15 минуттан кейін қайтып келді. Кімге барғанын, не айтқанын, оған кім тапсырма бергенін білмейміз. Бірақ бағанағы ашулы апайымыз 180 градусқа өзгеріп келді. Ғайыптан тайып бәріне рұқсат ала келіпті. Жылы шыраймен ішке кіргізді. Біз аң-таң. Бір-бірімізге қарап мәз болдық. Іштей «Алланың қолдағаны болар, ісіміз сәтті болсын» деп іске кірістік. Әдетте кітапхана оқырмандары оқу залында ғана отырып, қолына берген дүниемен танысса, біз кітапхананың сақтау камераларын, сирек қор бөлмелерін емін-еркін аралап кеттік! «Қазақстан» газетінің түпнұсқа тігіндісін қолмен ұстап, әр бетін парақтап ашып қарап, сақталу сапасына риза болдық.
«Дұрыстық жолын» да таптық. Тоғыз қабатты ғимараттың ішіндегі қажетті көріністерді фотоға, бейнетаспаға армансыз түсірдік. Сөйтіп, кешкісін дискіге әрі флешкаға «Дұрыстық жолы» газетінің 1919 жылғы 20 ақпан мен 10 шілде аралығында шыққан 11 санының түгел көшірмесін алып, Мәскеуге қайттық. «Дұрыстық жолы» газетінің алар орны ерекше екендігін әр оқырман білуі тиіс. Аса қиын, қауіпті кезде басын бәйгеге тігіп, қазақ зиялылары бас қосып, «ана тіліміз – қазақ тілі, сондықтан баспасөз тек қазақ тілінде шықса жеткілікті» деп, Ғұмар Қараштың «Дұрыстық жолы» өлеңімен басталып жарық көрген басылым бұл! Ұстанымы айқын, берік, жаны рухани бай алдыңғы толқын осылайша елдігімізді сақтау үшін қиыншылықтарға қасқайып қарсы тұрған.
Біз ең болмағанда осы ата- бабаларымыздың еңбегін ұрпаққа жеткізсек деп елге оралдық.