ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқы үшін аласапыран оқиғаларға толы қасіретті кезең болды. Кеңестік биліктің солақай саясатының кесірінен қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамы ыдырай бастады. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу, олардан артық астықты талап ету науқаны және ұжымдастыру саясатының күштеп жүзеге асырылуы елдің шырқын бұзып, Кеңестік билікке қарсы халық наразылықтарын өршіте түсті.
Ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістері Батыс Қазақстан облысы аумағын да түгелдей дерлік қамтыған. Ғылыми-ізденіс жұмыстарының нәтижесінде БҚО ІІД архивінен Жаңақала көтерілісінен басқа, Жымпиты, Шыңғырлау, Орда, Азғыр және Жәнібек аудандарында ұжымдастыру саясатына қарсы наразылықтардың болғандығын дәлелдейтін деректер табылып отыр.
Архив қорларымен жұмыстану барысында 1929 жылғы Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылдарының байлары мен атқамінерлерінің баскөтерулері жөніндегі құжаттарды кездестірдім. Қазіргі уақытқа дейін 90 жылдан астам уақыт бойы алғашқыда БҚО ҰҚК-де, кейін БҚО ІІД архивінде сақталған бұл құжат Досмұхамедов Ғаббас және басқаларын РСФСР-дің ҚК-нің 58-8, 58-9, 58-10, 58-11 баптары негізінде айыптау бойынша іс деп аталады.
Ғаббас Досмұхамедов және басқаларына қатысты «қылмыстық іспен» тарихшылар Ғинаятолла Карабалин мен Тұяқбай Рысбековтың, өлкетанушы, журналист Амантай Боранқұлдың бұрынырақ таныс болғандығын, архив деректерін өздерінің еңбектерінде қолданғанын айтқанымыз орынды. Дегенмен бұл мәселе жаңаша тұрғыдан зерделеуді, архив құжаттарын қайтадан саралауды қажет етеді. Сонымен қатар халық көтерілістеріне қатынасқан адамдардың есімдерін анықтап, оларды қоғамға таныстыру мақсатында бұқаралық баспа беттерінде жариялау саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық саяси ақтаудың бір жолы деп білемін. Осыған орай 1929 жылғы Жымпиты өңіріндегі баскөтерулерге қатысты зерттеу мақаламды көпшілік оқырманның назарына ұсынамын.
1928 жылы ірі байларды кәмпескелеу туралы Кеңес үкіметінің қаулысы шыққаннан кейін ел іші ала топалаң болып кетті. Жымпиты төңірегіндегі ауылдарды да әбігерге салып, әсіресе, бай адамдардың мазасын қашырды. Астық дайындау науқаны кезеңінде байлардан артық астықты үкіметке тапсыруларын талап ету жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Осы астық дайындау науқанындағы келеңсіздіктердің салдарынан Бұлдырты өзенінің орта сағасында орналасқан №15, №19 ауылдардың байлары мен кедейлерінің арасында алауыздық пайда болып, Кеңестік билікке қарсы наразылықтар орын алған. Аталған ауылдардың байлары мен атқамінерлері алашапқын болып үкіметтің шешімдерін асыра орындап жүрген жергілікті билік орындарының өкілдеріне қарсы шыққан. Досмұхамедов Ғаббас пен Әділов Хұсайын бастаған көтерілісшілер өздерінің жасырын мәжілістерін ұйымдастырып, үкіметке артық астық пен ат көліктерін беруден бас тартқан, халықтың арасында Кеңестік билікке қарсы үгіт-насихаттарын жүргізген, тіпті, олардың ашынғандары сондай жайылымдық және шабындық жерлерді өртеуге дейін барған.
1928 жылдың қаңтар және ақпан айларында И.Сталиннің Сібірге астық дайындауды жеделдету үшін сапарға шыққаны тарихта белгілі. Ол осы аймақта жүрген жерлерінде сөйлеген сөзінде заң саласы органдарына РСФСР Қылмыстық істер Кодексінің 107 – бабын пайдаланып, астық дайындау жоспарын орындамаған шаруаларды жаппай соттауды талап етеді. Алғашқыда орталықтың қатаң нұсқауларына қарамастан негізінен астық дайындау кеңселеріндегі қызмет бабын асыра пайдаланғандарды және астықты қайта сатып, алыпсатарлықпен белсенді айналысушыларды ғана соттап келген. Ал 1929 жылға қарай заң органдары әдептілік пен ар-ұяттан бас тартып, астықты тікелей өсіретін және оны қолында ұстап отырған еңбекқор шаруаларға қырғидай тие бастаған. Сталиндік қатыгез саясаттың құрығына барлық қазақ ауылдары, оның ішінде Орал округіне қарасты Жымпиты ауданының ауылдары да ілікті.
Астық науқаны қызар шақта 1929 жылы 15 ақпанда Досмұхамедов Ғаббастың бастамасымен, оның үйінде №15 ауылдың (бұрынғы Бұлдырты болысы) байларының жасырын мәжілісі өтеді. Алғашқы мәжіліске Досмұхамедов Ғаббастың өзінен басқа Рамазанов Оспанғали, Сухамберлиев Сақтаған, Әбілғазиев Есқали, Қарашолақов Есен, Майданов Хайрулла, Болатов Төлеуқайыр, Есқалиев Өтеғали, атқамінер Жамбергенов Батырғали және байлардың өздері қойған адамы, атқамінер, ауылдық кеңестің мүшесі Суханов Дәулетияр қатынасып, онда өздеріне кедейлер мен батырақтар тарапынан қысымшылықтың күшеюіне және астық өткізудің шекті мөлшерінің қойылуына байланысты кедейлерге қалай қарсы тұрамыз және артық астықты тапсырудан қалай жалтарамыз деген сұрақтарды талқылайды.
Майданов Хайрулла «кедейлер мен батырақтарды өз жақтарына шығарып алу үшін өздерін жақсы жағынан көрсетіп, кедейлер мен батырақтарға уақытша қолдануға аздап мал беруді, артық астықтың жоғын көрсету үшін үкіметке тек қана 3-5 пұт астық тапсырып, солай уақыт созуды, шындығында, кеңес өкіметінің жүргізіп отырған науқанын осындай айла-амалдар арқылы іске асыртпау керектігін» ұсынады.
Ал Досмұхамедов Ғаббас «қалай болса да астық тапсырудан жалтарудың қажеттігін, өйткені, інісі Жаһаншадан алған хабары бойынша жақын арада соғыс болады, Кеңес өкіметі құлайды, сондықтан ұйымдасып оңтайлы сәтті күту керектігін, осының барлығы жүзеге асқан жағдайда кедей және батырақтармен сол уақытта есептесуге болатынын» мәлімдейді. Мәжіліске қатысушылар бұл ұсыныспен келісіп, бірігіп әрекет етуге уағдаласып тарқасады.
Бұдан кейін көп кешікпей №15 ауылдың тұрғыны Рахымберлиевтің үйінде сол бұрынғы адамдар екінші жасырын мәжіліс ұйымдастырады. Мұнда наразы топ билік біздерді бәрібір өздерінің жауы санайды, сондықтан астықты тапсырудың қажеті жоқ, сондай-ақ арба көлік бермеу керек деп шешеді. Кейін олар ауылдағы өздерінен басқа байларды да үкіметке астық тапсырмауға, науқандық жұмыстарға арба көлік бермеуге үгіттей бастайды.
1929 жылдың наурыз айында Досмұхамедов Ғаббастың үйінде Кеңес өкіметінің саясатына қарсы топқа кіретін байлардың үшінші жасырын мәжілісі өтеді. Бұл жерде бұрынғы Батыс Алаш Орданың жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовпен байланыс орнатуға шешім қабылданып, оған туысы Ізмағамбетов Вильдан мен Досмұхамедов Ғаббастың ұлы Ғаббасов Нұғманды жіберуді ұйғарады. Олар қайтып келгенше артық астық тапсырудан барынша жалтара тұруға, арба көлікті мүлдем бермеуге бірауыздан келіседі.
Сол жылы көктемде ұйымның мүшесі, №15 ауылдың тұрғыны Болатов Төлеуқайырдың үйінде астық дайындау науқанына қарсылық білдірген топтың төртінші жасырын мәжілісі болып, онда ұйым мүшелері өздерінің ұстанған бағыттарынан таймайтындарын айтқан. Осыған ұқсас мәжіліс 1929 жылдың 1 маусымында ауылдың байы Сухамберлиев Сақтағанның үйінде өтіп, Досмұхамедов Жаһаншаға өз өкілдері ретінде одан кеңес алу үшін адам жіберуге екінші қайтара шешім қабылданады және оның жақын ағайыны Ізмағамбетов Вильданды аттандырады.
№15 ауылдың байлары №19 ауылдың байларымен, әсіресе, солардың ішіндегі жетекшісі Әділов Хұсайынмен тығыз байланыста болып, барлығын өздерінің жағына үгіттеп отырған. 1929 жылы маусым айының басында түнде Досмұхамедов Ғаббастың ұлы Ғаббасов Нұғман №19 ауылға келіп, Әділов Хұсайынмен кездескен және әрі қарай қалай әрекет ету керектігі жөнінде нұсқау алу үшін Досмұхамедов Жаһаншаға өз адамдарын жіберетіндерін жеткізген. Ізмағамбетов Вильдан да сапарға шығарының алдында №19 ауылға соғып, Досмұхамедов Ғаббастың айтқаны бойынша Жаһаншадан хабар алғанша астық тапсырмау керектігін баяндаған. Осыдан кейін ауылдың байлары ұйымдасқан түрде астықты жасыруға және малдарын шұғыл сатуға кіріскен.
1929 жылдың 7 маусымында ұйымның жетекшілерінің бірі Әділов Хұсайынның бастамасымен астық тапсыру мәселесіне байланысты Бегешев Фазылдың үйінде №19 ауылдың байларының жасырын мәжілісі өткізіледі. Онда Әділов Хұсайын «астық тапсыру міндеткерлігі бар барлық адамды мүліктік және әлеуметтік жағдайына қарамастан кәмпескелеуге ұшыратып, Орал округінен тыс аумаққа жер аударады» деп айтқан, сондықтан үкіметке астық тапсырмауды ұсынады. №19 ауылдың байларының осы бағыттағы мәжілістері 19 маусымда Қойшығұловтың үйінде өтсе, 20 маусымда Кабаков Құбаштың үйінде бас қосқан. Сондай-ақ Әділов Хұсайын өзінің ықпалын және қолдаушыларын пайдалана отырып «Қосшы» одағын жою бағытында үгіт-насихат жүргізген.
Сонымен бірге ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің айыптау қорытындысында ұйымға қатысушылардың барлығы бір-бірінің үйлеріне түнге қарай өте жиі барып, ұзақ уақыт бойы әңгіме-дүкен құратын болған, осының өзі жоғарыда аталған байлар мен атқамінерлердің ұйымдасқан антикеңестік қызметтерін айқындай түседі деп көрсетілген. Сөйтіп, бұл деректер Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылдарындағы ауқатты адамдарының наразылық әрекеттері Кеңестік биліктің саясатына қарсы бағытталған баскөтеру екендігіне дәлел болады.
Кеңес өкіметі кулактар мен байларды тап ретінде жою мақсатындағы саясатын жүзеге асыру үшін ауылдық жерлердегі кедейлерді байларға қарсы қойып, таптық күресті шиеленістіре түсті. 1929 жылы ақпан айында Досмұхамедов Ғаббас, Әбілғазиев Есқали, Болатов Төлеуқайыр және т.б. астық дайындау мәселесі талқыланып жатырған ауылдың жалпы жиналысына келіп, өздерінің төңірегіне жақтастарын топтастырып, олар «астық біздің қолымызда болса барлығы да болады, кооперация астықсыз ештеңе бермейді, ал билік артық астықты тапсыруды халыққа жариялау арқылы барлығымызды алдап отыр, соның ішінде кедейлерді де, сондықтан үкіметке астық тапсырудың және көлік арба берудің қажеті жоқ» деп ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жүргізеді.
Ауылдағы жалпы халықтық жиналыстарда комсомол жастары, кедейлер мен батырақтар артық астықты үкіметке өткізбеген байларды сөге сөйлеп, оларға салынатын айыппұлдың мөлшері мен астық тапсыру міндеткерлігін сол жерде көпшіліктің алдында жариялап отырған. Артық астықты үкіметке тапсырмағаны және жасырғаны үшін №15 және №19 ауылдардың бірқатар ауқатты адамдары бұрын істі болған. Мысалы, 1929 жылы маусымда Досмұхамедов Ғаббасқа 1300 сом, 1000 пұт бидай, ал мамыр айында Сухамберлиев Сақтағанға 650 сом, 500 пұт тары, Әбілғазиев Есқалиға 1088 сом, 800 пұт тары, Болатов Төлеуқайырға 600 сом, 500 пұт тары, Жақыпов Батырғалиға 2000 сом, Еламанова Мүгілсінге 2200 сом, 200 пұт тары айыппұл салынған және астық тапсыру міндеткерлігі жүктелген. Бірақ бұлардың барлығы да ақшалай айыппұлдарын төлегенімен де астық тапсыру міндеткерлігін орындамаған. 1928 жылы Досмұхамедов Ғаббас, Рамазанов Оспанғали, Сухамберлиев Сақтаған, Жамбергенов Батырғали және т.б. байларға астық дайындау науқаны кезеңінде қолдарында бар тарының артығын жасырды, пайда табу мақсатында кедейлерге пұтын 2-3 сомға сатты деп кінә таққан. Мұнысымен қоймай жергілікті билік органдарының адамдары байлардың үй-жайларын, қора-қопсыларын тінтіп тексеріп, оларды қоймаларында астықтары бола тұра жасырды, бидайды үстеме бағамен сатты деп айыптады. Осылай кеңес өкіметі байлардың жеке мүлкіне қол сұқты.
Құжаттарға зер сала қарасақ, 1929 жылы қараша айында тергеу кезінде бай Сухамберлиев Сақтаған 200 бас жылқысынан 2 бас жылқысы, 40-50 бас сиыры мен 8 бұқасынан 2 сиыры мен 2 бұқасы, 100 бас қойынан 10 қойы қалғанын айтқан. Атқамінер Әділов Хұсайын тергеу хаттамасында 10 жылқысынан 1 жылқысы, 15 сиырынан 3 сиыры, 100 қойынан 10 қойы қалғанын, бұрын 2 түйесі болғанын көрсеткен. Болатов Төлеуқайыр бұрын 15 сиыры болса, қазір 3 сиыры қалғанын, 2 жылқысы, 10 қойы барын мәлімдеген. Майданов Хайрулла 15 жылқысынан 8 жылқысы, 16 сиырдан 5 сиыры, 80 қойдан 32 қойы қалғанын, 4 түйесі барын айтқан. Досмұхамедов Ғаббастың иелігіндегі мал санында айырмашылық көрінбейді, 19 жылқысы, 2 түйесі, 2 бұқасы, 5 сиыры, 28 қойы болған, дегенмен бұрын 5 десятина шабындығы болғандығын, жыртатын жердің есебі жоғын баяндаған. Куәгерлердің бірінің сөзіне қарағанда Қызылорда қаласында қызметте жүрген Жаһанша Досмұхамедов ағасы Ғаббасқа жазған хатында: «4 жылқы, 4 сиырдан басқа малдың барлығын сатып, одан түскен ақшаға үй ішіне қажетті дүниелер мен ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын алуға» кеңес берген екен.
Көтерілісшілер тобына кірді деп айыпталған адамдардың құжаттарда бай болғандары көрсетілгенімен де олардың кәмпескеленген бай екендіктері айтылмайды. Тек қана буржуй жалған есімімен белгілі Еламанова Мүгілсіннің кәмпескелеу бойынша жер аударылған бай-жартылай феодал Тоғайбай Еламановтың жесір әйелі, қазір меншігінде жер үйі, киіз үйі, 24 жылқысы, 8 сиыры, 5 бұқасы, 5 түйесі, 20 қойы бар екендігі туралы дерек бар. Соған қарағанда Кеңестік билікке сенімсіздік білдірген байлардың малдарын ақшалау үшін қаланың базарларына алып барып сатып отырғандары, кей жағдайларда мал басының санын әдейі жасырғандары да байқалады. Өйткені, оларға құзырлы органдар Досмұхамедов басқарған топ малдың басын азайту туралы күшті үгіт-насихат жүргізді, «Кеңес билігі жақын арада құлайды» деп арандатушы сыпсыңдар таратып, осының негізінде артық астықты үкіметке өткізбеуге шақырды деген айыптар таққан. Сонымен ауылдағы ауқатты адамдардың малдарын жаппай сату арқылы мал басының санын күрт кемітулерін Кеңестік биліктің саясатына қарсы наразылықтың бір түрі болды деп қарастыруымызға болады.
Бұдан басқа билікке наразы топ Орал округінен тыс жерлерге қоныс аудару жағын да ойластырады. Кеңес өкіметінің саясатынан бой тасалауды көздеген ауылдың бас көтерген азаматтары өздерінің арасында көрші Ақтөбе және Гурьев округтеріне көшудің қажеттігі жөнінде айтып отырған. 1926 жылы Әділов Хұсайынның бастамасымен №19 ауылдан ауқатты он шақты отбасы Гурьев округінің Қарасамар ауданына көшпекші болып округтік жер қатынастары басқармасына өтініш білдірген. Алайда олардың бұл жоспарлары жүзеге аспай қалған. 1929 жылдың мамыр айынан бастап Еламанова Мүгілсін, ал одан бұрынырақ Темірханов Мырзағали секілді бірқатар бай адамдар мал-жандарымен бірге сол кезеңде Ақтөбе округіне қарасты Шыңғырлау ауданына қарай көшіп, билік өкілдерінен жасырынып жүрген.
1925 жылдың жазында Досмұхамедов Ғаббас егіс даласындағы зиянкестермен күрес кезінде ат көлік сұрай келген ауылдық кеңестің хатшысы Қожахметов Атулланы сойылмен ұрып, иығын жаралаған. Қожахметов екінші қайтара милиционер Казмағамбетовпен бірге келгенде Досмұхамедов оны тағы да ұрмақшы болған. Ал 1929 жылы мамыр айында құрбан айт мейрамы кезінде Досмұхамедов Ғаббас БЛКЖО мүшесі, батырақ Данов Зайнулланы кедейлер жиналысында өзінде және басқа да байларда жасырған астықтары бар екендігін дәлелдемекші болып сөйлегені, сонымен бірге бұрынғы қарыздарының өтеуін сұрағаны үшін оны ұрған.
1929 жылдың 15 маусымында Әбілғазиев Есқали мен оның ұлы Есқалиев Өтеуғали екеуі ауылдық кеңестің өкімімен саранчамен күресу үшін арба көлік талап еткен зиянкестермен күрес жөніндегі уәкіл Баймұханов Ғабдешті қамшымен ұрып-соғып, үстіндегі киімін жыртып тастаған.
1929 жылдың 16 маусымында Рамазанов Оспанғали ауылдық кеңестің мүшесі және саранчамен күрес жөніндегі уәкіл Нукушев Құдайбергенді саранчамен күреске қажетті ағаш құралын сұрап келгені үшін ұрып-соғып, қылғындырған. Рамазанов Оспанғали «сендер батырақтар маған тары тапсыруды мойныма іліп қойдыңдар, енді сендердің кесірлеріңнен мен жеке мүлкімнен айырылдым. Мен сендердің халықты тонаушы биліктеріңді мойындамаймын, одан ешқандай жақсылық күтпеймін, не істесеңдер де өздерің біліңдер, мен сендерге бағынбаймын» деп ашына сөйлеген. Сол жерде болған атқамінер Жамбергенов Батырғали да Нукушев Құдайбергенді ұрмақшы болады, бірақ ол бұлардан сытылып шығып, атына отырып, қашып кетеді. Бұдан бұрынырақ болған жиындардың бірінде Рамазанов Оспанғали ауылдық кеңестің мүшесі Арыстанов Жақсығұлды соғып жіберейін деп ұмтылғанда оған Жымпиты РИК-ның уәкілі Аршинов араша түскен.
1929 жылдың 16 маусымында саранчамен күресу мақсатында жұмысқа шығуын талап еткені үшін ауылдық кеңестің мүшесі, атқамінер Суханов Дәулетиярдың ағайыны Сүлейменов Рысжан мен зиянкестермен күрес жөніндегі уәкіл Дөкенов Тілекқалидың арасында төбелес болған. Содан кейін Суханов Дәулетияр қасына 20 шақты өз адамдарын жинап алып, Сүлейменов Рысжанды ақтап алу үшін ауылдың кеңсесінің алдына келіп, айғайлап-қорқытып, ауылдық кеңестің төрағасынан ұрғаны үшін хаттаманы Сүлейменов Рысжанның үстінен емес, керісінше Дөкенов Тілекқалидың үстінен толтыруды талап етеді. Төраға амалсыздан келіседі. Сол кезде №15 ауылда жүрген РИК-тың уәкілі Ибатулин де жағдайды оң шешетіндерін айтып, ашу-ызаға берілген топты тезірек тарқатып жіберуге тырысады. Суханов «сендер біздердің кім екенімізді ұмытқан екенсіздер» деп билік өкілдеріне қоқан-лоқы көрсетіп, артынша қасындағы тобымен бірге өз жайларына кетеді. Сөйтіп, биліктің жергілікті жердегі жандайшаптары мен ауылдың азулы, әрі ашулы азаматтары арасындағы текетірес өзінің шырқау шегіне жетеді. Осы соңғы жағдайлардан кейін жергілікті билік өкілдері өздеріне қарсылық танытқан ауыл азаматтарының үстінен арыз-шағымдар түсіре бастайды.
1929 жылы маусым айында Досмұхамедов Ғаббас, Болатов Төлеуқайыр және басқа да ұйым мүшелері Болатов Төлеуқайырдың туысқаны, 13 жасар бала Бисенбаев Серікті қайтадан құрылған «Ақ жол» ауылшаруашылық артельіне қарасты шабындық және жайылымдық жерлерді өртеуге көндіреді. 10 маусымда қырлықтағы 24 десятина шабындық жер өртелсе, ал бірнеше күннен кейін, 20 маусымда Қособа мекеніндегі кедейлердің «Ақ жол» а/ш артельінің шабындық және жайылымдық жерлеріне от қойылады, соның салдарынан 70 десятина жер өртеніп кетеді.
Осыған ұқсас оқиға №19 ауылда да орын алады. Әділов Хұсайынның бастамасымен өзінің ағайыны Кабаков Зайнулланы ауылдың маңындағы жерлерді өртеуге үгіттеп келістіреді. 24 маусымда Кабаков Зайнулла мен жас бала Құбашев Харес екеуі Бозоба мекеніндегі №19 ауылдың кедейлері мен батырақтарына қарасты жайылымдық және шабындық жерлерді өртеп жібереді, соның кесірінен 135 десятина аумақтағы шөп жанып кетеді. Осылайша Бұлдырты өзенінің бойындағы қос ауылдың ауқатты адамдары Кеңестік биліктің күштеп ұжымдастыру саясатына, колхоздастыруға, ортақ меншікті құруға қарсылықтарын ашық түрде білдіреді.
1929 жылдың 19 маусымында ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің Жымпиты ауданы бойынша жауапты уәкілі Гаврилов №15 ауылдың байлары мен атқамінерлерінің әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдарды қарап шығып, кінәлілерді жауапқа тарту үшін алдын ала тергеу жұмыстарын жүргізудің қажеттігі жөнінде қаулы қабылдаған. Қаулының көшірмесін қатерге алу үшін ОГПУ-дың Орал округтік бөліміне және 1-ші участкелік прокурорына жіберген. Сөйтіп, 20 маусымнан ОГПУ-дың аудандағы саяси уәкілі Тюменев тергеу шараларына кірісіп, жағдайды нақтылау үшін жергілікті билік өкілдерінен, ауыл азаматтарынан түсініктемелер ала бастаған.
1929 жылы 26 маусымда №15 ауылдың азаматтары Досмұхамедов Ғаббас, Сухамберлиев Сақтаған, Суханов Дәулетияр, Жамбергенов Батырғали, Бисенбаев Серік, Есқалиев Өтеуғали, 29 маусымда Әбілғазиев Есқали, Қарашолақов Есен, Үмбеталиев Әділгерей, Сүлейменов Рысжан, Оспанғалиев Мырзағали, ал 3 шілдеде Болатов Төлеуқайыр, Рамазанов Оспанғали, Аташев Айтмұхан тұтқындалып, Жымпитыдағы тергеу үйіне қамалады. 5 шілдеде №15 ауылдың байлары мен атқамінерлеріне Кеңестік билікке қарсы шыққандары үшін алғашқы айып тағылған. Кейін қылмыстары анықталмаған соң кедей Үмбеталиев Әділгерей, байдың баласы Оспанғалиев Мырзағали қамаудан босатылған. Ал жер өртегендері үшін ұсталған екі жас бала Бисенбаев Серік пен Аташев Айтмұханға ешқайда кетпеу туралы қолхат берілген.
1929 жылдың 23 маусымында Әділов Хұсайын бастаған №19 ауылдың байлары мен атқамінерлеріне қатысты іс қолға алынып, тергеп-тексерулерден кейін 30 маусымда Әділов Хұсайынды, Купаев Жұмабайды, Жақыпов Батырғалиды, Байғожиев Әбдірахманды қамауға алу жөнінде шешім қабылданған. Көп кешікпей 26 жасар, кедей Купаев Жұмабайды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатып жіберген, кейін одан жәй куәгер ретінде жауап алынған. 2 шілдеде Еламанова Мүгілсін мен Темірханов Мырзағалиды қамауға алу жөнінде қаулы шығарылған, дегенмен құзырлы органдардың хабарламаларында буржуй Еламанова Мүгілсіннің Ақтөбе округі аумағында қашып жүргендігі айтылған және ол кейінірек қамауға алынған. 10 шілдеде тергеу шараларының нәтижесінде №19 ауылдың тұтқынға алынған азаматтарына бастапқы айып тағылған.
1929 жылдың 20 шілдесінде Жымпиты ауданының №15, №19 ауылдарының байлары мен атқамінерлеріне қатысты «қылмыстық» істердің ұқсастығына, ұйым мүшелерінің бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап отырғандығына байланысты екі істі қосып бірге қарастыру жөнінде шешім қабылданған.
1929 жылы 24 шілдеде Жымпиты ауданының №15, №19 ауылдарының азаматтарын тергеу ісі тәмәмдалып, Досмұхамедов Ғаббас, Сухамберлиев Сақтаған, Суханов Дәулетияр, Жамбергенов Батырғали, Есқалиев Өтеуғали, Әбілғазиев Есқали, Қарашолақов Есен, Болатов Төлеуқайыр, Сүлейменов Рысжан, Рамазанов Оспанғали, Әділов Хұсайын, Жақыпов Батырғали, Байғожиев Әбдірахман, Еламанова Мүгілсін, Темірханов Мырзағали барлығы 15 адамды ОГПУ-дың Орал округтік бөліміне, яғни Орал қаласына жөнелтеді. 14 тамызда осы 15 адамды Орал округтік изоляторында қамауда қалдыру жөнінде тағы қаулы қабылданған.
1929 жылы 27 тамызда ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінен ОГПУ-дың Жымпиты ауданы бойынша уәкілі Гавриловқа шұғыл-құпия түрде телефонограмма келген. Онда екі апта мерзім ішінде №15, №19 ауылдарда болған өрттің себептерін анықтап, Болатов Төлеуқайыр, Досмұхамедов Ғаббас және Әділов Хұсайынның басшылығымен жас балаларды бұл іске қандай мақсатпен араластырғандарын біліп беріңіз делінген. Сонымен қатар ұйым мүшелерінің бұрынғы Батыс Алаш Орданың төрағасы Жаһанша Досмұхамедовпен қандай байланыстары болғандығын анықтап беруін сұрап, оған өкілдер жіберілді ме, Измағамбетов Вильдан мен Ғаббасов Нұғман ауылға келді ме деп, келген жағдайда оларды ұстап, куәгерлерді тергеп, екеуін конвоймен алдарына жеткізуді талап еткен. Егер Измағамбетов Вильдан мен Ғаббасов Нұғман осы уақытқа дейін ауылға келмесе, олардың қайда екендіктерін немесе қайда жасырынып жүргендерін анықтап, оларды іздестіріп, ұстау шараларын тездетіп қолға алудың қажеттігін айтқан. Сондай-ақ кімнің ықпалымен жер өртегенін анықтау үшін Әділов Хұсайынның туысқаны Кабаков Зайнулладан екінші қайтара жауап алуды тапсырған.
1929 жылы 15 желтоқсанда Кабаков Зайнуллаға айып тағылған. Ал енді 16 желтоқсанда қамауда отырған Сүлейменов Рысжанды босатады. Ауылдағы зиянкестермен күрес жөніндегі уәкіл Дөкенов Тілекқалимен болған төбелес екеуара кикілжің деп саналады және ұйыммен байланыстары анықталмаған соң Купаев Жұмабай екеуіне қатысты іс сол күні тоқтатылады. 29 желтоқсанда Майданов Хайрулла жауапқа тартылады. 31 желтоқсанда Майданов Хайрулла мен Кабаков Зайнулла қамауға алынып, екеуін Оралға жөнелту жөнінде шешім қабылданған.
1929 жылы 30 желтоқсанда 16 адамға айып тағылады. Тергеу барысында 42 адамнан куәгер ретінде жауап алынған. 31 желтоқсанда «қылмыстық» іске қажетті деректердің толық жинақталғанын ескере отырып, Измағамбетов Вильдан мен Ғаббасов Нұғманның қолға түспегеніне қарамастан тергеуді аяқталды деп есептеп, айыптау қорытындысын дайындауға кірісу ұйғарылады. Ал 1930 жылы 6 қаңтарда БЛКЖО мүшесі, 13 жасар Бисенбаев Серікке қатысты бұрын қозғалған іс тоқтатылған.
Қамауда қапаста отырған Әділов Хұсайынның бұрынғы аурулары асқынып кетіп, ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің уәкіліне өзінің денсаулығының нашарлығын айтып хат жазған. 7 қаңтарда оны Орал қалалық ауруханасына қатаң бақылау қою арқылы емделуге жіберген.
1930 жылы 31 қаңтарда РСФСР-дің ҚК-нің 58-8, 58-9, 58-10, 58-11 баптары негізінде қорытынды айыптау шығарылып, 16 адамға қатысты «қылмыстық» істі ОГПУ-дың саяси өкілдігі үштігінің қарауына жіберген. Бұл баптар арқылы оларды Кеңестік билік өкілдеріне қарсылық білдірді, мемлекеттің және қоғамның мүлкіне шығын келтірді, Кеңестік билікті құлатуға, әлсіретуге бағытталған үгіт-насихаттар жүргізді, ұйым құрып, контрреволюциялық қылмыстарға барды деп айыптады.
Құжаттарда айып тағылған ауыл тұрғындарын жергілікті билік өкілдерін және кедейлерді ұрып-соқты, жасырын мәжілістер ұйымдастырды, кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізді, артық астықты жасырды, малдарын базарларға алып барып әдейі сатып жіберді, кедейлердің жерін өртеді деп жіпке тізгендей етіп теріп жаза берген. Дегенмен айыпталушы азаматтардың көпшілігі астық жасырғандарын мойындағанымен де қандай да бір ұйым болғандығын, жасырын мәжілістер өткізгендерін, Жаһанша Досмұхамедовпен байланыстары болғанын жоққа шығарып, өздерін кінәлі деп есептемейтіндерін мәлімдеген. Малдарын жаппай сатып жіберулерін астық міндеткерлігін орындау үшін сол ақшаға бидай сатып алмақ болғандарымен түсіндірген.
Архив құжаттарында кеңестік билікке қарсы шыққандары үшін айыпталған төмендегі тізімдегі бір топ азаматтың жасына, шыққан тегіне, атқарған қызметіне, әлеуметтік жағдайына, саяси ұстанымына, мал-мүлкіне, тұрғылықты жеріне қатысты мынадай деректер бар:
1. Досмұхамедов Ғаббас, 61 жаста, партияда жоқ, қазақ, үйленген, шала сауатты, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, 61 УК бабы бойынша артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, Батыс Алаш Орданың бұрынғы төрағасының ағасы, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, осы уақытта иелігінде 19 жылқысы, 2 түйесі, 2 бұқасы, 5 сиыры, 28 қойы, бір жер үйі, бір киіз үйі, бір шөп шабатын құрылғысы, бір соқасы бар, бұрынғы ірі бай, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
2. Сухамберлиев Сақтаған, 75 жаста, партияда жоқ, қазақ, үйленген, сауатсыз, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, патшалық кезеңде бұрын ауыл старшинасы және сот төрешісі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, қазіргі уақытта иелігінде жер үйі, киіз үйі, 2 жылқысы, 4 түйесі, 2 сиыры, 2 бұқасы, 10 қойы бар, бұрынғы ірі бай отбасынан шыққан, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
3. Суханов Давлетияр, 35 жаста, қазақ, партияда жоқ, үйленген, шала сауатты, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша орташа, ықпалды атқамінер, сотталмаған, Жымпиты ауданының №15 ауылдық советінің мүшесі, байдың қойған адамы, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысқан, қазіргі уақытта жер үйі, 1 жылқысы, 8 сиыры, 2 бұқасы және 4 бұзауы бар, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
4. Жамбергенов Батырғали, 44 жаста, қазақ, партияда жоқ, әйелі өлген, сауатты, мүліктік жағдайы бойынша орташа, ықпалды атқамінер болып табылады, сайлау құқығынан айырылған, пара алғандығы үшін сотталған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысқан, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі және жылқысы бар, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
5. Әбілғазиев Есқали, 50 жаста, қазақ, партияда жоқ, үйленген, екі әйелі бар, шала сауатты, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін екі рет істі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, осы уақытта 14 жылқысы, 10 сиыры, 6 бұқасы, 57 қойы, 2 түйесі, жер үйі және екі киіз үйі бар, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
6. Есқалиев Өтеуғали, 20 жаста, қазақ, партияда жоқ, үйленген, шала сауатты, малшы-шаруа, ірі бай Абильгазыев Искалидың ұлы, әкесімен бірге шаруашылықтарының бірінде тұрады, сайлау құқығынан айырылған, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
7. Қарашолақов Есен, 23 жаста, қазақ, партияда жоқ, үйленген, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі, 12 жылқысы, 6 сиыры, 4 түйесі және 104 қойы бар, бұрынғы ірі-ықпалды байдың баласы, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
8. Болатов Төлеуқайыр, 33 жаста, қазақ, партияда жоқ, үйленген, шала сауатты, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысқан, бұрынғы ықпалды атқамінер, осы уақытта киіз үйі, жер үйі, 3 сиыры, 2 жылқысы, 10 қойы бар, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
9. Рамазанов Оспанғали, 55 жаста, қазақ, партияда жоқ, үйленген, екі әйелі бар, сауатсыз, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, сотталмаған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, ірі байдың және бұрынғы ауыл старшынының ұлы, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі, 6 жылқысы, 6 сиыры, 1 түйесі және 20 қойы және ауыл шаруашылық құрылғылары бар, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
10. Майданов Хайрулла, 36 жаста, қазақ, партияда жоқ, сауатты, үйленген, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, сотталмаған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі, 8 жылқысы, 5 сиыры бұзауымен, 4 түйесі және 32 қойы бар, бұрында бай болған, Орал округінің Жымпиты ауданының №15 ауылының тұрғыны.
11. Әділев Хұсайын, 57 жаста, қазақ, партияда жоқ, шала сауатты, үйленген, екі әйелі бар, мүліктік жағдайы бойынша ауқатты ықпалды атқамінер, сайлау құқығынан айырылған, сотталмаған, патшалық кезеңде урядник және із кезуші болып полицияда қызмет атқарған, 1919 жылы Алаш Орда үкіметі кезеңінде ауыл старшыны орынбасары және Земск басқарма мүшесі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысқан, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі, 1 жылқысы, 3 сиыры, 10 қойы бар, Орал округінің Жымпиты ауданының №19 ауылының тұрғыны.
12. Жақыпов Батырғали, 49 жаста, қазақ, партияда жоқ, шала сауатты, әйелі өлген, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі, 6 жылқысы, 7 сиыры, 4 бұқасы, 7 түйесі, 8 бас ұсақ малы және 46 қойы бар, бұрында бай болған, Орал округінің Жымпиты ауданының №19 ауылының тұрғыны.
13. Байғожиев Әбдірахман, 70 жаста, қазақ, партияда жоқ, шала сауатты, үйленген, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқығынан айырылған, патшалық кезіндегі бұрынғы сот, сотталмаған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, қазіргі уақытта жер үйі, киіз үйі, 3 жылқысы, 6 сиыры, 2 бұқасы, 10 қойы мен ешкісі бар, бұрында ауқатты бай болған, Орал округінің Жымпиты ауданының №19 ауылының тұрғыны.
14. Еламанова Мүгілсін, 46 жаста, қазақ, партияда жоқ, сауатсыз, жесір, шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай (кулак), сайлау құқығынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, кәмпескелеу бойынша жер аударылған бай-жартылай феодал Елемановтың әйелі, осы уақытта жер үйі, киіз үйі, 24 жылқысы, 8 сиыры, 5 бұқасы, 5 түйесі, 20 қойы және басқада мүліктері бар, бұрынғы ірі байдың әйелі, ауыл шаруашылық салығын төлемеу және артық астықты бермеу мақсатында Ақтөбе округі аумағында тығылып жүрген, екі рет ұсталған, Орал округінің Жымпиты ауданының №19 ауылының тұрғыны.
15. Темірханов Мырзағали, 38 жаста, қазақ, партияда жоқ, сауатты, үйленген, малшы-шаруа, мүліктік жағдайы бойынша бай-атқамінер, сайлау құқығынан айырылған, сотталмаған, 1928 жылы кәмпескелеу бойынша жер аударылған бай-жартылай феодал Елеманов Тугайбайдың ағайыны, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысқан, осы уақытта жер үйі, киіз үйі, 3 жылқысы, 3 сиыры, 18 қойы, 1 қашары бар, ауыл шаруашылық салығын төлемеу және артық астықты бермеу мақсатында Ақтөбе округі аумағында тығылып жүрген, Орал округінің Жымпиты ауданының №19 ауылының тұрғыны.
16. Кабаков Зайнулла, 18 жаста, қазақ, партияда жоқ, бойдақ, шала сауатты, орташа-шаруа, әкесімен бірге иелігінде жер үйі, киіз үйі, 1 жылқысы, 4 сиыры, 5 қашары, 1 түйесі, 3 қойы, бар, сотталмаған, барлық уақытта әкесімен бірге ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысқан, Орал округінің Жымпиты ауданының №19 ауылының тұрғыны.
1930 жылы 15 наурызда ОГПУ-дың саяси өкілдігі үштігінің шешімімен төмендегі № 737 іспен айыпталған 16 адамға ҚК 58/8 және 58/10 баптары бойынша үкім шығарылған. Аты-жөндері құжатта көрсетілген күйінде беріліп отыр:
- Досмухамедов Габбас,
- Абилгазыев Искали,
- Балатов Толеукаир,
- Рамазанов Успангали және
- Адилев Хусаин – ату жазасына кесілсін, барлығының мүлкі тәркіленсін.
- Карашулаков Исен – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мүлкі тәркіленсін.
- Майданов Хайрулла – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мүлкі тәркіленсін.
- Искалиев Утеугали,
- Жакупов Батыргали және
- Темирханов Мирзагали – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, үшеуінің де мүлкі тәркіленсін.
- Суханов Давлетьяр және
- Жамбергенов Батыргали – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын.
- Байгужиев Абдрахман және
- Ельаманова Могульсун – үш жыл мерзімге Сібірге жер аударылсын, екеуінің де мүлкі тәркіленсін.
- Сухамберлиев Сактаган – жанұясымен бірге Ақмола округіне жер аударылсын, мүлкі тәркіленсін.
- Кабаков Зайнулла – тергеуде болған кезі есепке алынып, қамаудан босатылсын.
1930 жылы 22 наурызда өлім жазасына кесілген 5 адамға қатысты үкім сағат 16.40-та орындалған. Қалғандары 7 адам 10 жылдан 3 жыл аралығындағы мерзімге концлагерьге айдалады, 3 адам жер аударылады, ал 1 адам қамаудан босатылған. Құжаттарды қараған кезде байқағаным концлагерьге айдалған адамдардың көпшілігінің кейінгі тағдырлары белгісіз. Тек қана Майданов Хайрулланың 1934 жылы 25 маусымда еңбекпен түзеу лагерьінен босап шыққаны туралы Карлагтың бастығы қол қойған анықтама бар. Ал Сібірге жер аударылған Байғожиев Әбдірахман мен Еламанова Мүгілсінге қатысты 1933 жылы 11 наурызда Орал облысы аумағында және Қазақстанмен шекаралас жерлерде тағы да 3 жыл мерзімге тұруға тиым салатын Батыс Сібір өлкесі ОГПУ-ының үкімі шыққан.
1989 жылы 16 мамырда жазықсыз жазаланған жандардың барлығы Орал облыстық прокуратурасының қаулысымен ақталған. Дегенмен олардың кейінгі тағдырлары қалай болғандығы, ұрпақтарының қайда жүргендігі қатты ойландырады. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аттары аталған адамдардың ұрпақтары болса, редакцияға немесе әлеуметтік желілер арқылы хабарласар деп үміттенеміз.
Қорыта келгенде, Жымпиты көтерілісі дейтін себебіміз 1929-1930 жылдары Кеңестік билікке қарсы баскөтерулер Жымпиты ауданының көпшілік ауылдарын қамтыған. 1929 жылы Жымпиты ауданының №6 және №11 ауылдарының байлары мен атқамінерлерін, барлығы 24 адамды айыптаған архив құжаттары табылды. Олардың 12-сі ату жазасына кесілсе, қалғандары 9 адам 10 жыл, 5 жыл, 3 жыл мерзімдерге сотталған және 3 адам 3 жыл мерзімге жер аударылған. Сонымен бірге көтерілісшілердің №20 ауылда Тауышов Айтпай, №17 ауылда Қабышев Аят, №18 ауылда Ақболатов Жұбандық, №24 ауылда Аманкелев Есен, №13 ауылда Есболатов Төлен секілді белсенді өкілдері болғандығы жөнінде мәлімет кездесті. Осы ауылдарда болған баскөтерулерді, наразылықтарды біртұтаста қарастырған жағдайда Жымпиты көтерілісі шығады. Болашақта бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары өз жалғасын табады деп есептеймін.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін халық білуі тиіс. Оларды бүкіл қоғам халық батырлары деп танып, қазіргі жас ұрпақ ержүрек ата-бабаларының ерліктерін мақтаныш етулері керек деп ойлаймын. Сондықтан Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістеріне қатысты деректер ғылыми айналымға толық енгізіліп, оқулықтарда жариялануы, музейлерде дәріптелуі және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалуы қажет. Сөйтіп, өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңаша тұрғыдан зерделеп, халықтың тарихи санасын қайта жаңғыртамыз деп есептеймін.
Хайдаров Есқайрат,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі
Дерек көздері:
- БҚО ІІД архиві 6 қор, П-2917 іс, 3-356 пп.
- Амантай Боранқұл. Азаттық жолындағы азапты өмір. Орал, «Полиграфсерфис», 2019. – 236 б. (181-184 беттер).
- Рысбеков Т.З. Өскен өлке тарихы. Орал, 1997. – 178 б. (111-116 беттер).
- Ашық сайт https://ru.openlist.wiki