Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес өкіметі жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде Жарлыққа қол қойып, мемлекеттік комиссия құрылған болатын.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен өз жұмысын бастап кетті. Білуімізше әр өңірде 11 жұмыс тобы құрылып, оның құрамына кірген зерттеушілер мен ғалымдар үшін еліміздің архивтерінде, жабық қорларда жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасалмақ. Мемлекеттік комиссияның елордада өткен алғашқы жиынында Қырымбек Көшербаев «Алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрмеуі шешуді қажет ететін күрделі мәселелер тұр. Бұл іске баршаңызды байыптылықпен және барша жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Ашаршылық және репрессия құрбандары туралы статистика әлі де нақтылауды қажет етеді. Қазір мәліметтер үш миллион деп көрсетілуде. Алайда, қазаққа жасалған озбырлықтың зардабы одан көп болуы мүмкін. Боздақтарды ақтап алуға әр азаматтың атсалысқаны дұрыс» деген болатын. Ал Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов әлі күнге дейін ақталмай қалған азаматтардың қылмыстық істері тек қана Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында емес, облыс орталықтарында да бар екенін, 1920-1950 жылдарда қуғын-сүргін болған кезде қудаланған байлардың, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен азаматтардың біразы ақталмай қалғанын айтқан еді.
Соңғы жылдары өлкетану тақырыбына қызығып, жергілікті архивтермен етене жұмыс істеп жүргенде байқағанымыз – саяси қуғын-сүргінге байланысты көптеген істердің құпиялылығы әлі алынбай, жабық тұрғандығы еді. Сондықтан кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру бастамасын қуана қолдадық. Редакция тапсырмасымен Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде және Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің архивінде сақталған саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың іс-құжаттарымен танысуға кірістік. Аталған мекеме басшыларына қолдау-көмегі үшін алғыс айтамыз.
«Даусын алу»
Кеңес өкіметінің жазалау тарихын қарасаңыз, адам құқығын шектеу, аяққа таптаудың неше түрлі тәсілін қолданғанын байқайсыз. Соның бірі – азаматтың сайлау және сайлану құқығын алып қою. Оларды ел ішінде «даусы жоқтар», «даусы алынғандар» деп атапты. Шынында да архивте сақталған құжаттарға қарасақ, әділетсіздікке көнбей, аудан мен облысқа, тіпті республикаға шағымданған сол жандардың шырылы көп жағдайда ескерусіз қалған. 1918-1936 жылдар аралығында РСФСР (кейінгі СССР – Қ.Қ.) Конституциясының 65-бабы бойынша баю мақсатында кісі еңбегін пайдаланғандар, капиталды өсімге беруден, кәсіпорын мен мүлік табысынан күн көретіндер, жеке саудагерлер мен коммерциялық делдалдар, дін қызметкерлері, бұрынғы полиция, жандарм, күзет қызметкерлері, ақыл-есі ауысқандар мен қамқоршылықта тұрғандар, сондай-ақ сот үкімімен қамауға алынған тұлғалар сайлау және сайлану құқығынан айырылған екен. Бұл үрдіс әсіресе сталиндік кезеңде өрши түскен. 1926 жылғы Бүкілодақтық санақ нәтижесіне қарағанда Кеңес Одағында сол жылы 1 040 894 адамның сайлау құқығы болмапты. Оның 43,3%-ы – саудагерлер мен делдалдар, 15,2%-ы – дін қызметкерлері, молдалар, монахтар болыпты. «Даусы алынған» азаматтардың кәмелетке толған балалары да сайлау және сайлану құқығын ала алмаған.
Деректерге қарағанда 1927 жылы КСРО-да «даусы жоқ» азаматтардың саны 3 038 739 адамға жеткен!
1937 жылы қабылданған РСФСР Конституциясында сайлау құқығы барлық азаматқа берілетіні жазылғанымен, жұмысқа кірерде толтырылатын міндетті анкета парағында: «бұрын-соңды дауыс беру құқығы алынған ба, алынса қашан, не себепті?» деген сауал 1961 жылға дейін тұрған екен.
Бұған қоса айтарымыз, «даусы алынғандар» тізіміне енгендер 1930 жылдары бүкіл елді жайпап өткен саяси репрессия кезінде сот пен оққа алдымен ілінгені де шындық.
Төменде оқырман назарына Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорында сақталған құжаттардың арасынан алынған үш тағдыр – үш адамның ісін ұсынамыз.
«Молданың баласы»
«Қазақстан Орталық Атқару комитетінің ағзасына!
Батыс Қазақстан облысы Камен ауданының азаматы Мұқан Ыдырысқалиұлынан тілек!
Мен 1925 жылдан бастап бұрынғы Шежін ауданы, Меңдеш кеңесінің қарауында (қара шаруа ретінде) болып келдім. Меңдеш кеңесі Қосшы кеңесіне ауғансын, 1929 жылы ілкі колхоз құралуында «Голощекин» атты колхозға мүше болып кірдім.
1931 жылы астық майданы кезінде «бұрынғы молданың баласысың» деп астық салып, төлей алмағандықтан үй-дүниямды һәм меншікті жалғыз сиырымды алып, «Голощекин» колхозына беріп, өзімді сотқа берді. (Әкем молда Ыдырысқалидан еншімді 1912 жылы алып, бөлек болдым, Ыдырысқали 1918 жылы өлді).
Содан Камен учаскелік халық соты 2 жыл түрме, 4 жыл жер аууға үкім төгіп, өкімді тұтқын арқылы Орал еңбек түзеу үйіне алып, 2 айдан соң тұтқын үкімі өтелді, енді 4 жыл жер аууды өтейсің деген. Содан үй-жаныммен осы аудан қарауындағы Камен атты ет совхозына кіріп, 4 жыл қызмет етіп отырмын. Қызмет жайлы екпінділік билет, болмаса мақтау алдық. Осылай үкімді өтедім деп облыстық прокурорға арыз берсем, бұл жайлы ауыл кеңесі һәм ауатком алдына мәселе қою керек дегенсін ауданға барсам, бізден берілген, сондықтан Қазаткомнан сұрану керек дейді.
Сондықтан Сізден өтініп сұрайтыным, үкімді өтеген менің дауысымды өзіме қайыруыңызды сұраймын. Ақпарын төмендегі әдіріске тез арада жіберуіңізді (сұраймын).
Станса Переметная, РУЖД, Зап Каз области, Каменского района, Каменского м/совхоза, ферма №4, мне.
Арыз иесі Мұқан Ыдырысқалиұлы, 3/VI/35 жыл».
Көріп отырғанымыздай, бұл арыздың иесі Мұқан Ыдырысқалиұлы «молданың баласы» деп қудаланған екен. Тарихтан қарасақ, бұрынғы Бөкейлік, яғни Ішкі орданың Нарын қисымына қарасты №10 ауылында Өтеғали Зорбайұлы мен оның баласы Ыдырысқали Өтеғалиұлы указной молда болып, мешіт ұстағаны шындық. Кеңес өкіметі орнап, большевиктер билікке келмегенде Мұқан да ата жолын жалғастырып, молдалық құруы ғажап емес еді. Өйткені өз заманының сауатты тұлғасы, мұсылманша білімді Мұқан Ыдырысқалиұлының аты-жөні метірке құжаттарында жиі көрінеді. Әкесі Ыдырысқали молда мешіттегі неке қию рәсімдерінде ұлы Мұқанды жиі куәлікке тартып, шариғат ісіне баулыған сияқты.
Алайда «бай менен молданы қамшымен қойдай қуған» кеңес билігі Мұқан Ыдырысқалиұлын да аямаған. Қазақстан Орталық Атқару комитеті төрағасының хатшысы Құлымбетовтің «Ыдырысқалиевтің барлық материалын алдырып, оның ісін БОСК (ВЦИК)-тің 1934 жылғы Нұсқауының 40 бабын қолданып қайта қарауды сұраған» хатына қарамастан, өтінішті қанағаттандырмаған.
«Алматы, КазЦИК, секретариат, ҚазОСК төрағасы Құлымбетов жолдасқа.
Сіздің 23 маусымда бізге жолдаған Камен ауданы Переметная стансасында тұратын Ыдырысқалиев Мұқанның арызын алдық. Арызды алмастан бұрын облыстық атқару комитеті 27 сәуірде оның ісін қарап, қоғамдық пайдалы еңбек өтілі жеткіліксіз болғандықтан оның сайлау құқығын қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты, сондықтан Ыдырысқалиевтің ісін екінші мәрте қарау қажетсіз деп санаймыз. Оның үстіне Ыдырысқалиевтің ісі Сіз айтқандай БОСК (ВЦИК) нұсқаулығының 40 бабына сәйкес келмейді, өйткені бұл бапта жер аударылған бай (кулак) балаларының ісі қаралады, ал Ыдырысқалиев өзі бай (кулак) ретінде жер аударылған, сондықтан оның ісі БОСК нұсқауының 40 емес, 41 бабы бойынша қаралды. Облатком ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қонысбаев. Нұсқаушы (инструктор) Ненащев. 27/VI/1934.»
«Кісі еңбегін қанаушы»
«Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясына Теректі ауданы Бексары ауылсоветінің азаматы Хибашев Тамаштан шағым.
Мені Теректі аудандық сайлау комиссиясы сайлау пұрсатынан айырып отыр. 1929 жылдан бастап Бексары ауылындағы Чапаев атындағы ауыл шаруашылық артелінің мүшесімін, тапсырманы үздік орындап, еңбек озаты атандым. Колхоздың ең қиын жұмысында жүрдім. Осы жылы денсаулығым нашарлап, ауырғаныма қарамастан 262 еңбеккүн жинадым. Алайда ауылдық сайлау комиссиясы мені кісі еңбегін қанаушы ретінде сайлау пұрсатымнан айырды.
Дұрысында 1927 жылы көктемде жер жырту кезінде Сапаров Зақаш атты кедеймен бірге жұмыстас болдым. Ол қазір де колхозда істейді, мен оны жалдаған жоқпын, бірге істедік. Менің бір атым, бір түйем болды, оның бір аты болды, біз біріктік. Мен оны жалдамадым, екеуміз бір соқаны пайдаландық.
Мені сайлау пұрсатымнан заңсыз айырғаны жөнінде аудандық сайлау комиссиясына үш мәрте шағым жаздым, соңғысына ғана жауап қатты.
Жасым 51-де, отбасымда 5 адам бар, төртеуі – бала», деп жазады Тамаш Қибашұлы 1935 жылы 21 ақпанда.
«Теректі ауданы Барбастау ауыл кеңесі қалқоз Құрамыстың ішіндегі Қибашұлы Тамаштан.
Осы арызымды беріп, мына төмендегі қалдерді көрсетемін: мен Қибаш ұлы Тамаш 1926 жылдан бастап 1929 жылға дейін артел болып құралып жұмыс жасадық. Сондағы бар малым бір пар өгіз, бір ат, үш бұзаулы сиырым болды. 1929 жылдан бастап қалқозға мүше болып кіріп, осы малды ортаға салдым. Ешбірін соймадым. 1930-1931 жылдары «ударник» деген билет алдым. Тоқтаусыз жұмыс жасадым. Бірге жүрген жолдастарым осы халімді ыспаттайды. Осы уақытта бір кісілердің өтірік арызы бойынша мені жеке салыққа тартып отыр. Осы арызымды жақсылап тексерсеңіз екен».
Бейшара шаруа «Көрсеткен сөздерімді ыспаттайды» деп, Құрамыс колхозында бірге жүрген З.Сапарұлы, Қ.Ахметұлы, М.Арыстанұлы, А.Қожақметұлы, Д.Мұқанұлы, М.Есмайылұлы, Ж.Мұқашұлы, Қ.Бүркітұлы, К.Нұрышұлы, Б.Арыстанұлы, Т.Сатыбалдыұлы, Ғ.Керешұлы, Құр.Нұрышұлы, Қыдыр Өтегенұлы – барлығы 14 адамды куәге тартқан. Аталған адамдар бірі арабша, бірі латынша, бірі орысша қол қойған.
Құжаттарға қарағанда Бексары ауыл кеңесі мен Құрамыс колхоз басқармасы «сен даусың алынған кісісің» деп, Тамаш Қибашұлының колхозда жасаған еңбеккүнін, тиісті табысын да бермей кеткен.
Тағы бір құжатта Тамаш Қибашұлы өз әкесінің «1930 жылы сот астында болып, үш жылға жер аударылғанын, сол мерзімді күнін өткізіп, кейін Оралға кетіп, биыл дүниеден өткенін» жазыпты. «Мақсатым – азаматтық құқымды алу» деген шаруаның шағымы ақыры қанағаттандырылмағанға ұқсайды. Өйткені Теректі аудандық атқару комитетінің президиум отырысы Тамаш Қибашұлының сайлау құқын қайтару туралы шағымын 1935 жылы 8 қаңтарда және 1935 жылы 9 мамырда екі мәрте қарап, екеуінде де арызды қанағаттандырудан бас тартқан.
«Саудагердің әйелі»
Шыңғырлау ауданы Қарашығанақ кеңесінің қарауындағы азаматша Есжан келіні Нағима күйеуі Есжанұлы Макардың саудагерлікпен айналысып, кісі еңбегін қанағаны үшін 1934 жылы 6 қаңтарда сайлау құқынан айырылған.
«Жасым 50-де, бұған дейін ешқашан даусым алынған емес еді. Енді Қарашығанақ ауылкеңесі менің даусымды алып, колхоздан шығарып жіберді. Мен Есжанов Макардан 1926 жылы жесір қалдым, өз еңбегіммен күнелттім. 1929 жылы Буденный атындағы колхоз құрылған күнде қолымда бар бір ат, бір сиырды қосып, колхозға кірдім. Осылайша 1934 жылға дейін колхозда еңбек еттім. 1934 жылы мені «бай-құлақтың отбасы» деп даусымды алды, колхоздан қуды, сиырымды тартып алды.
Ауылкеңес мені «1931 жылдан сайлау пұрсаты алынған» депті, онысы өтірік, мен 1934 жылға дейін колхозда еңбек еттім.
Облыстық сайлау комиссиясынан менің сайлау пұрсатымды қайтаруды сұраймын» деп жазады Нағима 1934 жылы 20 қазанда облыстық сайлау комиссиясына жазған арызында. Бұл сірә, «дауысы жоқ» әйелдің алғашқы арызы емес сияқты.
Бұл жолы облыстық сайлау комиссиясы жесір әйелдің көз жасына аяушылықпен қарапты. Жылдан аса сабылыстан кейін, 1935 жылдың 29 наурызы күні Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті президиумының отырысында мынадай қаулы қабылданыпты:
«Батыс Қазақстан облыстық сайкомінің (сайлау комиссиясының – Қ.Қ.) 16 наурыздағы №16 хаттамасының 18-пунк-
ітінен көшірме.
Тыңдалды: Азаматша Нағима Есжан келінінің Шыңғырлау ауаткомімен «саудагер және кісі күшін пайдаланушы Макар Есжанұлының әйелі» деп алынған сайлау дауысы жайлы шағымы (баяндамашы Айтбайұлы).
Қаулы: Ері Макар Есжанұлының 1928 жылы өлгендігін, өз басының сауда істеп, кісі күшін пайдаланбағандығын, және 1929 жылдан қалқозда мүше екендігін қаперге алып, Нағима Есжан келінінің сайлау даусын өзіне қайыруға.
Облсайком ағасы Шепкоплас.
Облатком нұсқаушысы Айтбайұлы».
P.S. Архив қорларында мұндай жүздеген, мыңдаған істер тарихтың шаңы басып, қараусыз жатыр. 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісі жəне мəслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы қарсаңында «сайлау пұрсаты» туралы мақала жазып отырып, «Тәуелсіз елде сайлау учаскесіне өз еркіңмен барып, көңілің қалаған таңдауды жасаудың өзі де бір бақыт екен-ау!» деген ойда қалдық...
Батыс Қазақстан облысы