1928 жылы бай шаруашылықтарды кәмпескелеу және оларды тұрғылықты мекендерінен көшіру шаралары барысында құзырлы органдардың назарына, әсіресе, ханның ұрпақтары мен бұрынғы болыс правительдер ілігеді. Осы науқан қыза түскен уақытта ОГПУ-дың Орал өңірлік бөліміне Алғазиев Бектілеу, Омаров Латып (Соқыр Латып) және Мұқатов Мұхамедияр үшеуіне қатысты ҚК 58-10-13, 59-3 баптарында көрсетілген «қылмыстарға» айыптаған құжаттық іс келіп түскен. Бұл құжат бүгінгі таңға дейін БҚО Полиция департаменті архивінде сақтаулы тұр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссияның мүшесі және зерттеу тобының жетекшісі ретінде аталған архив құжатымен танысып көрдім.
Шаң басқан архив құжаттарын зер сала қарағанда байқағаным Азғыр ауданының №5 ауылы, Шалқар және Таубұйрат ауылдарының ауқатты бай адамдары кәмпескелеу кезеңінде дүние мүліктерін жасыруға тырысты, Кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізді, патша үкіметі дәуіріндегі өмірлерін дәріптеді, жергілікті кеңестік билік аппаратын өздеріне бағындырып алды және билік органдары өкілдеріне қарсылық танытты деп айыптала бастаған.
Азғыр аумағы бұрыннан Бөкей Ордасына қарап келсе, 1926 жылдан 1930 жылға дейін Орал округінің құрамында Азғыр өз алдына аудан болып құрылған. Бүгінгі таңда Азғыр ауылы Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайды. Міне, сол кездегі Азғыр ауданына қарасты Таубұйрат, Толыбай, Жиделі, Шалқар, Үштаған және басқа да ауылдарында кәмпескелеу саясатының кесірінен дүрбелең етек алып, байлардың мал-мүлкі талан-таражға түседі. Тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов «Таубұйрат» атты еңбегінде Орал округінде кәмпескелеудің алғашқы кезеңінде 67 байдың тізімі жасалғанын, сол тізімдегі байлардың көпшілігін Азғыр ауданынан шыққандар құрағанын атап көрсеткен.
Орал округіндегі кәмпескелеу науқанына қатысты деректер БҚО мемлекеттік архивінің №992 қорында сақталған. Архив құжаттары бойынша Азғыр ауданынан кәмпескелеуге ұшыраған 22 бай мыналар: Досқалиев Шамақ, Өтегенов Бақи, Омаров Шәпен, Мәмбетов Әбубәкір, Болдиянов Бомаш, Алғазиев Бектілеу, Омаров Латып, Исенбаев Мақаш, Алғазиев Көптілеу, Омаров Шәрмен, Ғаббасов Иманғазы, Мәшекенов Халық, Мұқатов Мұхамедияр, Балқашев Сәти, Мұқашев Өтешқали, Досқалиев Ғұсман, Абсатыров Қажыбай, Баянасов Өтебала, Тоғайбаев Мұсағали, Шұбаев Зұлқаш, Хайрлиев Қожантай, Үмбетов Қаби. Осы кәмпескеленген байлардың ішінен Алғазиев Бектілеу, Омаров Латып және Мұқатов Мұхамедияр құзырлы органдардың бақылауына бұрынырақ түскен секілді.
1928 жылы 28 тамызда ОГПУ-дың Орал өңірлік бөлімі Орда ауданы бойынша уәкілдеріне Орал округіне қарасты Азғыр ауданының №5 ауылының тұрғыны Омаров Соқыр-Латыпты, Таубұйрат ауылының тұрғыны Мұқатов Мұхамедиярды, Шалқар ауылының тұрғыны Алғазиев Бектілеуді тінтуге рұқсат беретін ордерді табыстаған. Сөйтіп, олардың мал-мүліктері, қора-қопсылары, үй-жайлары тексеріліп, тінту хаттамалары толтырылған. Тергеп-тексеру барысында Омаров Латыптың 2 қыстауы, 2 жазғы орны, 85 жылқысы, 35 түйесі, 300 сиыры, 400 қойы бар екені анықталған. Ал Мұқатов Мұхамедиярдың меншігінде 2 жер үйі, 1 киіз үйі, 50 жылқы, 40 түйе, 150 сиыр, 300 қой бар екені көрсетілсе, 100 сиырын, 100 қойын жасырғаны мәлім болған. Алғазиев Бектілеудің иелігінде 2 киіз үйі, 2 жақсы жабдықталған жері үйі, 130 жылқысы, 70 түйесі, 250 ірі қарасы, 500 қойы болса, бұдан басқа 750 ірі қара малды, 1000 бас қой мен ешкіні жасырғаны анықталған. Байлардың мал-мүлкінің белгілі бір бөлігі кәмпескеленген.
Азғыр ауданының «аса қауіпті әлеуметтік элемент» ретінде көрсетілген байлары туралы БҚО Полиция департаменті архивіндегі П-4298 нөмірлі құжатта мынадай деректер бар. Алғазиев Бектілеу, 52 жаста, қазақ, алаша руынан шыққан, Орал округі Азғыр ауданының Шалқар ауылының тұрғыны, ауқатты бай, 2 кластық училищені бітірген, 2 әйелі бар, малшы, партия қатарында жоқ, бай ретінде дауыс беру құқығынан айырылған, бұрын істі болмаған және сотталмаған. Алғазиев Бектілеу патша билігі кезеңінде өзінің беделін пайдалана отырып, 1897-1905 жылдар аралығында Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Кеңестің жанында депутат болса, 1910-1912 жылдары сол Кеңесте писарь, ал 1916 жылдан Нарын бөлімі правительінің көмекшісі қызметтерін атқарған. 3 қайтара медальмен марапатталған. Өкінішке орай қазақтан тыл жұмысына адам алу кезеңінде Алғазиевтің өз қызметін пайдаланып, ауыл тұрғындарынан ірі көлемді пара алғаны істе айтылған.
Алғазиев Бектілеу ескі жүйенің табанды жақтаушысы ретінде Қызыл Армияға белсенді түрде қарсы шыққан және ақ гвардияшылармен, бандалық топтармен тығыз байланыс жасап отырған. 1918 жылы Нарын бөлімін қызылдардан азат ету мақсатында Б.Алғазиев осы өңірдің аса ірі байларымен бірге Анохинның бандаларын Ордаға шақыруға бастамашылық еткен. Анохинның бандалық тобының Ордада 80 жігіттің басын кесіп алып, қанды қырғын жасағаны тарихтан белгілі. Бұл оқиғалардан Алғазиев Бектілеудің Кеңестік биліктің орнауына ашық түрде қарсы шыққаны көрініп тұр.
Кеңестік билік орнағаннан кейін Алғазиев Бектілеу өзінің контррреволюциялық қызметін жасырып, жергілікті билік аппараты қатарына өтуге мүмкіндік алады. 1919 жылдан 1922 жылға дейін Ревтрибуналда, аудандық атқару комитетінде, халықсотында жауапты қызметтер атқарған.
Революцияға дейін қазақ халқының арасында Алғазиевтың ықпалы күшті болған, сол ықпалын Кеңес өкіметі кезеңінде де сақтап, орташалар мен кедейлердің бір бөлігін өзіне бағындыра білген. 1925 жылы енді өзі жоғары лауазымды орындарға ие болмаса да жергілікті билік органдарын басып алуға ұмтылуын тоқтатпаған. 1926 жылы сайлауалды науқаны кезінде ол Шалқар ауылдық кеңесінің құрамына өзіне жақын және қажетті адамдардың өтуіне бар күшін салған. Осы мақсатта ол өз үйіне ауылдық кеңеске сайлауға түсетін адамдарды жинайды және сол уақытта оның бастамасы мен күштеуінің арқасында ауылдық кеңестің төрағалығына Артаналиев, хатшысына Исжанов сайланады. Осылайша ол өзі қойған адамдар арқылы ауылдың тұрғындарына ықпалын жүргізеді.
ОГПУ-дың мәліметі бойынша 1927 жылы Алғазиев ауылдық кеңестің мүшелерімен бірге мешіттің құрылысына тұрғындардан мәжбүрлі түрде қаражат жинаған. Осы мәселе бойынша Алғазиевтің үйінде бірнеше қайтара жиылыс өтіп, ауылдың байлары мешіт құрылысына қаражат жинау мақсатында тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізген. Нәтижесінде халықтан 15 сауынды сиыр, 12 бұқа, 150 сом ақша жиналған. Алайда Алғазиев Бектілеудің мешіт салудағы бұл игі бастамасы өзіне айып болып тағылған.
Сонымен бірге Алғазиев ауылдық кеңестің мүшелеріне өзінің ықпалын жүргізе отырып, шұрайлы шабындық жерлерге ие болған. Ауылшаруашылық алым-салықтарын төлемеу жақтарын да қарастырып, өзіне тиесілі жерлерді әдейі жасырып келген.
Омаров Соқыр-Латып, 44 жаста, қазақ, алаша руынан шыққан, Орал округі Азғыр ауданының №5 ауылының тұрғыны, бай, сауатсыз, үйленген, малшы, партия қатарында жоқ, бай ретінде дауыс беру құқығынан айырылған, шабындық жерлерді бөліске салу бойынша істі болған. Революцияға дейінгі уақытта аса ірі бай ретінде кедейлердің еңбегін кеңінен пайдаланып келген. 1916 жылы ауылдың старостасы болған, сол биліктің арқасында Омаров Латып жергілікті халыққа күшті ықпал еткен. Оны 1916 жылы тыл жұмыстарына қазақ жігіттерін алу кезінде байлардан пара алды деп айыптаған.
Омаров ескі жүйенің адамдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың алдында зор беделге ие болған. 1918 жылы Нарын бөлімінің правительінің оң қолы, ең жақын көмекшісі есебінде шексіз құқыққа ие болған. 1919 жылы ақгвардияшылармен байланыса отырып, Алғазиев Бектілеу, Омаров Шәрмен және Омаров Шәпен секілді байлармен бірге Бөкей губерниясы территориясын қызыл әскерден азат ету қозғалысына белсенді түрде қатынасқан. Ақгвардияшылардың әскерін азық-түлікпен, ат көлікпен қамтамасыз етіп отырған. Омаров Латыптың жеке өзі ақтардың әскеріне 11 арғымақ атын берген екен.
Бөкей губерниясында ақгвардияшылар мен бандалар жойылып, Кеңес билігі орнағаннан кейін Омаров Латып қазақ халқының арасындағы өзінің ықпалын сақтап қалып, Мұқашев Өтешқалимен және басқаларымен бірге №5 ауылдың кеңесінің құрамына мүше болып кіреді. 1920-1927 жылдары ауылдық кеңестің құрамында болған кезеңінде Омаров Латыпқа ортақ дүние-мүлікті, малды талан-таражға салды, өзінің туысқандарына бөліп берді, алып-сатарлықпен айналысты, - деп кінә таққан.
Патша өкіметі кезеңінде барлық Омаровтар, соның ішінде Соқыр-Латып та «Жаман Бестау», «Теректі» мекендеріндегі ең жақсы шұрайлы шабындық жерлерді иеленіп келген. 1926 жылы Омаров Латып өз күшімен және ауылдық кеңес мүшелеріне ықпал етуі арқылы «Теректі» мекеніндегі жерді кедейлерден тартып алады, қарсы шыққандарын ұрып-соғады. Омаровтың қаһарынан қорыққан кедейлер бұл жерлерден көшіп кетуге мәжбүр болған. Мұндай жағдай 1928 жылы шабындық жерлерді бөліске салғанда тағы да қайталанған. «Қызылшошақ», «Қызылбауыр» мекендеріндегі кедейлерге берілуі тиіс жерлер Омаровтың иелігіне өтіп кеткен. Омаровтардың өз адамы, ауылдық кеңестің төрағасы Меңдіханов байлардың, ақсақалдардың мүддесін қорғап, айтқандарын орындап отырған. Осылайша Азғыр ауданының ауылдарындағы жергілікті билік шын мәнінде байлардың, бұрынғы патша дәуіріндегі шенеуніктердің қолында болған. Омаров Латып ауылдық кеңесте болған жиналыстарда Кеңестік билікті мойындамай, кәмпескелеу саясатына қарсы бағытталған наразылықтарды ұйымдастырған.
Мұқатов Мұхамедияр, 63 жаста, қазақ, беріш руынан шыққан, Орал округі Азғыр ауданының Таубұйрат ауылының тұрғыны, бай, шала сауатты, үйленген, партия қатарында жоқ, бұрын істі болған. Мұқатов Мұхамедияр патша өкіметі кезеңінде 5-6 жыл Нарын бөлімінің №7 ауылының старшинасы болған. Қазақ халқының арасындағы ықпалының күшті болғаны соншалық оның 30-40 жігіттен тұратын шабармандары болған, олар барымтамен, адамдарды ұрып-соғумен айналысқан. Мұқатов Мұхамедияр өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жақсы үлкен шабындық жерлерді иеленіп алған, жер сатумен шұғылданған.
Қазан революциясы кезеңінде Мұқатов ескі жүйені қолдап, ақгвардияшылардың, бандалық топтардың жағында болады. 300 қарулы бандалардың әскерін ауылына шақырған. Бандалық топтың басшыларын өз үйінде қабылдап, қалғандарын ауылдағы басқа үйлерге жайластырады, олардың өздерін тамақтандырып, аттарына жем-шөп беріп отырады. Бандалар Мұқатовтың ауылында қызыл әскер келгенше екі ай бойы болады. Бандалармен бірге Мұқатов та қоныс аударады, ол өзінің тұрғылықты жеріне 1920 жылы ғана оралады. Сөйтіп, Мұқатов Мұхамедияр Бөкей Орда губерниясы территориясында Кеңестік биліктің орнауына өзінің қарсылығын білдірген.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де Мұқатов ауыл-аймақтағы кедейлерді қыспақтауын қоймай, кедейлерге бөлінген жақсы шабындық жерлерді азын-аулақ ақы беремін деп тартып алатын болған. Мысалы, 1927 жылы «Қараой» қыстауындағы шабындық жерді кедейлерден алып, оларға бір қой беремін деп уәде еткен. Сондай-ақ Мұқатов Мұхамедияр тұрғындарға ауылдық кеңестегі сенімді адамдары арқылы ықпал етіп келген, ал байлардың мүддесіне қарсы шығып, өз дегенін орындамағандарын жазалап отырған. Мәселен, 1927 жылы 3 маусымда жерді бөліске салуға арналған жиналыстың алдында басқа да байлармен бірге кедейлерді ауылдық кеңестің төрағасы Масалимовқа қарсы айдап салады. Оларды төрағаны ұрып-соғып, қолындағы құжаттарын тартып алуға итермелейді. Сейтов, Ықмалиев, Әлікенов секілді кедейлер Мұқатовтың айтқанына көніп, ауылдық кеңестің төрағасы Масалимовты ұрып тастаған. Жалпы 1927 жылы шабындық жерлерді қайта бөлу науқаны уақытында Мұқатов бұл шараға кедергі келтіріп, өзіне шұрайлы жерлерді алып қалуға тырысқан. Ол кей жағдайда ауылдық кеңестің мүшелеріне ықпал ету жолымен, кейде кедейлерге күш көрсетіп, оларды алдау арқылы мақсатына жетіп отырған. Сонымен ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің айыптау ісі бойынша Мұқатов Мұхамедияр Кеңестік биліктің саясатына бағынбайтын, социалистік құрылысқа қауіп төндіретін тұлға ретінде есептелінді.
Сөйтіп, Азғыр ауданының аса ірі байлары Кеңес үкіметінің байларды тап ретінде жоюға бағытталған солақай саясатының құрбандарына айналып, саяси қуғын-сүргінге душар болады. Шын мәнінде олардың еш кінәсі жоқ еді, олардың бар кінәсі ықпалды ірі бай болғандары, ақгвардияшыларды қолдағандары. Ал азамат соғысы кезеңінде елдің екіге жарылып, бірі-бірімен соғысуы тарихи заңдылық. Алашордашыларға, бұрынғы патша үкіметіне қызмет еткен шенеуніктерге бастапқыда кешірім берген Кеңестік билік кейін олардан қауіптенеді, оларды қоғамнан аластатып, саяси жағынан қудалауды, жаппай соттауды өздеріне мақсат етіп қояды.
1928 жылы тамыз-қараша айларындағы тергеп-тексеру шараларынан кейін 16 қарашада Орал округтік ОГПУ-ы Алғазиев Бектілеуге, Омаров Латыпқа, Мұқатов Мұхамедиярға ҚК 58-10-13, 59-3 баптары бойынша алғашқы айып таққан және 22 қарашада қамауға алған. Ал 29 қарашада үшеуінен ҚК 59-3 бабы бойынша бандитизмге айыптау алынып тасталған және істі Қазақ КСР-іне қарасты ОГПУ-дың саяси өкілдігінің қарауына жіберуге шешім қабылданған. 1928 жылы 20 желтоқсанда ОГПУ-дың ҚКСР-і бойынша өкілдігінің айыптау қорытындысы шығарылып, 1929 жылы 7 қаңтарда аталмыш іс ОГПУ-дың соттан тыс алқасының қарауына жолданады. 1929 жылы 28 қаңтарда Алғазиев Бектілеуге, Омаров Латыпқа, Мұқатов Мұхамедиярға қатысты «қылмыстық іс» Мәскеудегі ОГПУ-дың орталық тіркеу бөліміне келіп түскен.
1929 жылы 15 наурызда Мәскеудегі ОГПУ алқасының арнайы отырысында ҚК 58-10 бабы бойынша Алгазыев Бектлеуге, Омаров Сакур-Латыпқа, Мукатов Мухамедьярға қатысты №69040 айыптау ісі қаралып, үшеуін Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Одесса, Дондағы Ростов губерниялары мен округтарында және Орталық Азия аумағында тұру құқығынан айырып, 3 жыл мерзімге Қазақстаннан жер аударуға шешім қабылданған. 1929 жылы сәуір айының соңында оларды Пенза өңіріндегі бай-кулактарды қабылдайтын елді мекенге жөнелткен.
Азғыр ауданынан жер аударылған азаматтардың кейінгі тағдыры белгісіз, олар туралы қолымызда қандай да бір дерек жоқ. Дегенмен қуанышқа орай еліміздің егемендігінің арқасында 1999 жылы 29 сәуірде жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған Алғазиев Бектілеу, Омаров Латып, Мұқатов Мұхамедияр Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының қаулысымен ақталып шыққан. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Азғыр аумағынан шыққан ауқатты адамдар Қазақстан Республикасының 1993 жылғы заңымен құқықтық жағынан ақталған, енді оларды қоғам болып моралдық және саяси тұрғыдан толық ақтап алуымыз керек. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін бір сәт еске алып, олардың қандай да бір қателіктері болса, кешіріммен қарап, аруақтарына тағзым ету біздің парызымыз!
Хайдаров Есқайрат,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау жөніндегі БҚО бойынша комиссияның мүшесі