Кеңес өкіметінің ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы аласапыран кезеңінде текті әулеттің тұяғы бола тұра, «қауіпті элемент», «халық жауының жары», баласы, ұрпағы болғаны үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған түрмелер мен лагерлерде азап шеккендер саны қаншама?
Жалпы, бұған дейінгі мағлұматтар бойынша 1921-1954 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам ең ауыр жаза – ату жазасына кесілген. Осындай ауыр айыптан айыға алмай кеткен, тұтастай бір отбасылар саны мен олардың тарихы күні бүгінге дейін беймәлім. Сталиндік саясаттың қасірет зардабын шеккен қазақтың зиялылар отбасының бірі Қаратаевтар әулеті.
Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобы 2021 жыл бойы көптеген архив қорларын ақтарып, маңызды, құнды тарихи құжаттарды анықтады. Солардың қатарында Арон Қаратаевтың тарихи отбасылық 2 суреті табылды. Табылған 2 суреттің бірінде –Арон Қаратаевтың өзі түсірілген. Екінші суретте отбасы – отағасы А.Қаратаевтың өзі, жұбайы Хұсни-Жамал Нұралыханова, қызы Шахзада мен кішкентай ұлы Сұлтан (Сұлтан-Хұни) бар. (Ш.Шонанованың тұтқын анкетасында Шахзаданың «1903 жылы 5 сәуірде дүниеге келгені, әкесі бай-жартылай феодал (аты жазылмаған), ал анасы Қаратаева Хұсни-Жамал, інісі Қаратаев Сұлтан-Хұни» –деп жазылған. Мына кітапта:История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов/под общей редакцией М.Н.Сдыкова. –Т-1.,Уральск, 2012. 346-347 бб).
Тарихи дейтін себебіміз, отбасының отағасы Қаратаев Арон-белгілі қоғам қайраткері, әскери комиссар, ХХ ғасырдың 20 жылдары бай-жартылай феодал деген айып тағылып, жер аударылған қазақ зиялыларының бірі. Сонымен бірге, белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі. Бір қызығы, 1918-1985 жылдардағы Қазақстан тарихы жазылған «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» атты Бес томдық жинағының 4 томында (Алматы; Атамұра, 2010. 752 б.) қаншама жылдарын мемлекеттілікті сақтап қалу жолында күрескен әскери комиссардың қоғамдық-саяси рөлі туралы Кеңес өкіметі тұсындағы адал қызметіне қарамастан бір ауыз сөз берілмеген. Сонымен бірге, Алашорда ұйыммен байланыста болған, алашорданы қолдағаны, сол үшін айып тағылғаны қарамастан «Алаш.Алашорда. Энциклопедиясындада» (Алматы: Арыс баспасы, 2009 ж.-544 б.) ешқандай мағлұматтар айтылмайды.
Арон Қаратаевтың жұбайыда осал жан болмады. Хұсни-Жамал Жәңгірханның немересі, әкесі Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыханов. Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы (Нұралыханова) өткен ғасырдың аяқ шенінде қазақ қыздарына арнап 1883 жылы Бөкей ордасында мектеп ашқан, талай талантты шәкірттер тәрбиелеген ағартушы ұстаз. Хұсни-Жамалдың алдынан білім алған шәкірттер қатарында қазақтың қайраткер қыздары - Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова болған. Хұсни-Жамалдың әкесі Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыханов 1851 жылы ағартушы, этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, 1және 2-ші теңіз округінің правителі болған Мақаш Бекмұхамедовтермен бірге Орынбор Неплюев корпусында оқыған. Оқуын аяқтап елге келгеннен кейін 1887 жылы Жаңақалада өз қаражатына мешіт салдырып, «Дала уәлаяты» газетінің Бөкей Ордасындағы тілшісі болған. Оның ұлдарының бірі – Сәлімгерей Нұралыханов Алаш қозғалысының көрнекті өкілі болса, екінші ұлы Сейіткерей Нұралыханов кеңес өкіметін орнатуға араласқан. Ал қызы Хұсни-Жамал жастайынан қоғамдық салада белсенді рөл атқарған, кейін Арон Қаратаевқа тұрмысқа шыққан.
Хұсни-Жамалдың тағдыры не болды? Шахзада мен күйеуі Телжан Шонанов Оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында Қаз МУ ғимаратын өртемек болды деп ұсталғанда, қартайған Хұсни-Жамал Алматыда көшеде қаңғып қалды. Телжан мен Шахзада түрмеде, дүние-мүлкі, үйі тәркіленген.
Сол жылдары Бақытжан Қаратаевтың немере қарындасы Зияда апай Алматыда киім тігіп, нанын әзер тауып отырған. Сондай ауыр күндерде Хұсни-Жамал кешқұрым уақытта Зияда туысының паналап отырған қуықтай үйіне қаңғалақтап келетін. Күйеуі ұсталып, қызы атылған кезде қартайған Хұсни-Жамал жұрттың көзіне түрткі болып, ол жүрген жерде тумалары милициядан қорқып үйіне кіргезе алмаса, ал таныстар сырт айналып кеткен.
Кезінде Жәңгір ханның ақсүйектік тәрбиесін көрген, Астрахань губернаторымен тартысып-таласа жүріп, Бөкей Ордасында қазақ қыздары үшін мектеп ашқан Хұсни-Жамал... Батыс Алашорда қайраткерлері Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев шығарған «Қазақстан» газетін қолжазба күйінде Оралдан жасырып алып келіп, Астраханьда тұратын туған ағасы Сейіткерейдің үйіне тығып, баспаханадан газет бастырып жүрген Хұсни-Жамал... Сол әрекеттері үшін, Хұсни-Жамалдың соңына Астрахань мен Орынбор жандармериясы құпия аңду қойдырған. Сол жандаралдармен бір алысып, өмір мен өлімнің арасында жан пида жүрген Хұсни-Жамалдың қазақтың қыз балаларының оқып-білім алуы, қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен қайратты мінезін, сұлулығымен, парасатын Кеңес өкіметі сындырды.
«Шахзададай қайратты да білімді қыздың анасы Хұсни-Жамал көшеде қаңғып қалып, 1945 жылы Алматыда көз жұмды. Аштан өлді деген де сөз бар. Оралда да қуғын-сүргінге ұшырап жатқан төрелеріне кете алмай, Алматыны қимай жүргені, бәлкім Шахзадасынан бір хабар болып қалар деген ана көкірегінің үміті болар» деп [16]( Сарсембина Б. «Қаратаевтар қасіреті» мақаласында жазған. Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.),( https://lib.kaznmu.kz/s-rsembina-b-arataevtar-asireti-b/) (Сәрсембина Б., Қаратаевтар қасіреті / Б. Сәрсембина//Жас алаш.- 2010.- №48.-17маусым.-4б.) Ананың қызына деген махаббатын осылайша бейнелейді. Анасы мен қызын бөліп жара алмаймыз, екеуінің де тағдыры бір-біріне өте ұқсас. Бірі – хандық билік құртылған заманның куәгері, екіншісі – кеңес өкіметінде қарапайым адами мақсатын жүзеге асыра алмай, бір жағынан саяси жүйенің, екінші жағынан интригалардың құрбаны болған.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызының алғаш қыздарға арнап мектеп ашқаны жөнінде және оның шәкірттерінің фото-суреттері арнайы стендіде орнатылған. Қайраткер Арон Қаратаевтың отбасындағы оның зайыбы Хұсни-Жамал Нұралыханова мен оның қызы Шахзаданың Батыс Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірде белсенді қызмет атқарып, жергілікті «Қазақстан» газетіне шығарылуына, оның таралуына зор үлес қосқан жандар екенін қазіргі көпшілік қауым соңғы жылдардағы тың ақпараттар арқылы тани бастады. Хұсни-Жамал Нұралыханова қуғын-сүргін жылдары Алматыда кесірім тиіп кетер деп қызынан жақындай алмай, ал басқа таныстары қудалаудан қорқып оны жақындатпай, содан қаланың бір бұрышында аштықтан өлген деген дерекшындық болуы мүмкін, бірақ оған нақты дәлел әлі табылған жоқ.
Отбасылық фотодағы ортада тұрған кішкентай қыз бала Арон Қаратаевтың жалғыз қызы - Шахзада Шонанова (Қаратаева) 1903 жылы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Сырым ауданында дүниеге келіп, нәубет саясаттың жазықсыз құрбанына айналып 1938 жылы 9 наурызда ату жазасына кесілген жалғыз қазақ қызы. Ол қазақ тарихында қоғам қайраткері, ұстаз, Алаш қозғалысының өкілі ретінде танымал болатын. Ал Арон Қаратаев туралы БҚО мемлекеттік архивіндегі №992 қорда «бай, кулактар» деген айыппен жер аударылуына қатысты құжаттарда сақталған.
Отбасының тірегі, мемлекеттік қайраткер Арон Ахметұлы Қаратаев туралы БҚО Полиция департаменті архивінде П-4290 айыптау ісі сақталған. Айыпталушының жеке іс-парағында Арон Қаратаевтың 1874 жылы бай отасында дүниеге келгені және руы «Төре» деп жазылған. А.Қаратаев патшалық Ресей тұсында Орынбор гимназиясында білім алып, жоғары қызмет істеген зиялы азамат атанған. Ол қарапайым әскери қызметкерден бастап Орал қаласының полиция бастығы (обер-полицеймейстер) лауазымына дейін көтерілген. Ескі тәртіптің құлауына байланысты қызметтен кетіп, жеке меншік шаруашылығымен шұғылданған. Атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері ретінде өзінің тұрғылықты мекені БҚО Жымпиты ауданының №24 ауылынан 1928 жылы тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласы маңы) деген жерге 5 жылға (1929 жылдың 2 ақпанынан бастап) жер аударылған (ПД архивінде КазЦИК-тің 1928 жылғы 27 тамыздағы декретіне сәйкес Алматы облысы, Еңбекші Қазақ ауданы, «Талды-Бұлақ» деген жерге жер аударылғаны жазылған.). Ал оның жер аударылуы туралы егжей-тегжейлі мына құжатта жақсы берілген: Батыс Қазақстан облысының мұрағатының №992 қорында «Хаттама №7. 26 қыркүйек 1928.
1. Жергілікті қазақ халқының ірі байларынан мүлікті тәркілеу туралы ОАК және ХКК декретін өткізу жөніндегі Орал қалалық Атқару Комитеті пр комиссиясының отырысы
Тыңдалды: Қызыл Орданың бұрынғы полицмейстері Орал қаласынан Қаратаев Арунның шаруашылықтарын тәркілеуге және көшіруге жататын шаруашылықтардың тізіміне енгізуге қатысты жеделхаты.
Қаулы етті: басшылыққа алу. Қаратаев Арунның шаруашылығы жер аударылуға қолайлы деп есептелінеді деп жазылса [14, 24 б], осы қорда "әлеуметтік жағынан қауіпті элемент. Жеке меншігі аумағында Каратаев Арон қызметшілер ұстайды. Шығу тегі бойынша қазақ-қырғыз. 56 жаста руынан "ТӨРЕ", бұрынғы сұлтандар тумасы. Қарашығанақ болысының №8 ауылы Орал округінің Шалқар ауданының № 24 ауылында тұрады. Үйленген, орта білімі бар.
Революцияға дейін, патшалықтың кезінде Жетпісов Ғаббаспен және т.б. ұлтшылдықпен бірігіп, рулық қақтығыста белсенді болды, өзінің барлық күш-жігерін салды, сол арқылы алдымен шаруа бастығының орынбасары, шаруа бастығының лауазымы болды. Ақпан төңкерісі кезінде А.Қаратаев тау полицейлері болды. Орал. Патша қызметінде ол 1916 жылы жигитевтерді жалдау кезінде, соңғыларының көтерілісі кезінде Қаратаев әскерлерді атып өлтірді. Қазан төңкерісі кезінде өзін АҚ пен қызылдан қорғау мақсатында ол екеуіне де көмектесті. Патша құлатылғаннан кейін, Қаз. интеллегенция Қазақ революциялық комитетін ұйымдастырды, А. Қаратаев ұйымға қызу қатысты және белсенді Қазақ қызметкері – интеллигент және сұлтанның патомокы ретінде комитет құрамына кірді, бірақ сұлтандық рулармен араздықтың арқасында қара қазақ-қырғыздардан шеттетілді, өйткені соңғылардың тобы сан жағынан аз болды". деп жазылған, оның атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері болғаны үшін мал-мүлкін тәркіленіп, қоғамдық ортада көптеген қиыншылықтар мен шектеулерге тап болған. ПД архивінде сақталған П-4290 жеке ісінде оның отбасының мал-мүлкінің тәркіленген кезінде – 5 бас жылқысы, 8 бас мүйізді ірі қара, 2 қой, 1 үй, 1 жертөлесі және ауыл шаруашылығына қажетті бірнеше құралдары бар деп тізім жасалған.
Арон Қаратаевтың ісі бойынша оған Алашордашылармен байланысты, олармен ымаралас болды деген айып тағылып, осы іске қатысты бірнеше адамдарды тергеуге алынған. Атап айтқанда, Ғаббас Жетпісов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Шайқы Жантілеуов, Батырбек Әлжанов, Молдагазиев, Уәли Забиров, Садық Қаратаев, Бурғали Бақтыгереев, Ғұбайдолла Әлібековтар тергеліп, сотталған.
Арон Ахметұлы Қаратаев 1993 жылы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жарлыққа» сәйкес, ешбір қылмыстық құрамы жоқ деп танылып, заңды түрде ақталған.
Арон Қаратаевтың ағасы Бақытжан Қаратаев 20-шы ғасырдың басында ірі қоғам қайраткері ретінде танылған. Оның екі баласы Орал нақты білімдер (реалды) гимназиясын, Орынборда әскери училищесін бітіріп, өзара қарсы екі саяси топта қызмет етеді. Олардың бірі- Мұрат Қаратаев Алаш қозғалысына қатысып, оның белсенді мүшесі болған. Батыс Алашорда милициясы құрамына шайқасып, азамат соғысы жылдары қаза табады. Ал, Шәміл Қаратаев кеңестік қазақ қосыны құрамында Батыс Қазақстанды ақтардан азат етуге қатысып, көп жылдар Қазақ ұлттық атты әскер полкінің комиссары болады. 1929 жылы осы ұлттық әскери қосынның Қазақстанның ескі астанасынан (Қызылорда) жаңа астанасына (Алматы) дейін жасаған жорығын басқарды. Бірақ кеңестер қкітемінің нығаюы үшін жасаған барлық қызметіне қарамастан, олда шыққан тегіне қарай, кейін саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болады. Арон Қаратаевтың інісі Мағзұм Қаратаев Императорлық Санк-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, төңкеріске дейін Қазанда, Оралда құқық қорғау саласында қызмет еткен. Алайда, Кеңес дәуірінде ол да қуғын-сүргін құрбанына айналады.
Қаратаевтар әулетінен бірқатар өнерпаздарда шыққан. Қаратай сұлтанның Мерәлі деген ұлынан әйгілі әнші-сазгер, ақын Мұхит дүниеге келді. Оның ұрпақтарының да бірқатары өнерден өз орындарын алған. Лұқпан Мұхитов белгілі әнші, домбырашы, ұстаз болған. Ғұбайдолла Мұхитов (1896-1944) сазгер, әнші, Мұхит әндерін А.Затаевичке алғаш айтып, нотаға түсірткен тілші болған. Ол Батыс Алашорда қайраткері, Алаш әскерінің офицері ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Құбыш Мұхитов (1928 ж. дүниеге келген) күйші, ұстаз, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры қызметін атқарды. Шайхы Қаратаев (1890-1922) әнші, сазгер, күйші болған, атасы Мұхиттың әндерін Ғарифолла Құрманғалиевке үйреткен. Қаратайдың Тілеу деген баласынан тараған ұрпақтан әнші-сазгер Шынтас Қаратаев (1884-1948), домбырашы, күйші Қамбар Медетов (1901-1938) шыққан. Шынтас – Мұхиттың әндерін сазгердің өзінен үйреніп, ел ішіне таратқан, әйгілі «Он алты қыз» әнін шығарған өнерпаз. Міне, осындай белгілі, текті әулеттен тараған талай қазақтың отбасылары ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Кеңестік сталиндік қуғын-сүргіннің қасабынан құтыла алмай, өкінішті күйде, тарих сахнасынан жоғалып кете барды.
Байбулсинова А.С.
М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты,
БҚО өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын
ақтау бойынша жұмыс тобының мүшесі