1928-1932 жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясатының салдары Орда ауданының ауылдарына да өз зардабын тигізген. 1930-1932 жылдары Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарындағы байлардың жергілікті Кеңестік билік органдарына және колхоздастыруға қарсы баскөтеруі орын алған.
Оған Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті архивінен табылған құжаттағы деректер айқын дәлел болып табылады. Архивте Сырымбеков Құлбай, Өтәлиев Үмбетәліжәне басқаларын ҚК 58-10, 59-13 баптары бойынша айыптаған П-3271 нөмірлі құжаттық іс сақталған. Осы архив деректері негізінде Орда ауданы байларының ұжымдастыруға қарсы баскөтеруі тақырыбында жазылған мақаламды көпшілік оқырманның назарына ұсынамын.
1930-1932 жылдары бай-кулактарды тап ретінде жою бағытында өткізілген ұжымдастыру науқанын жүзеге асыру кезеңінде Батыс Қазақстан облысының байлары белсенділік танытып, Кеңестік билікке қарсы бүліктер жасаған. Олардың контрреволюциялық және антикеңестік қызметтері колхоздарды ыдырату, Кеңес билігінің жақын арада құлайтындығы туралы қауесет сөздер тарату, Қазақстаннан тысқары аймақтарға жаппай көшіп кетулерді ұйымдастыру түрінде көрініс беріп, ақыр соңында Кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жүргізуді мақсат еткен.
Контрреволюциялық топтардың шоғырланатын орындарының бірі ретінде Қалмақ облысы таңдап алынып, Батыс Қазақстан облысының әртүрлі аудандарынан шыққан байлар сол жаққа ағыла түскен. Қалмақ облысы аумағына жиналған байлар контрреволюциялық ұйымға бірігіп, мал ұрлаумен айналысатын «бандалық топ» құрып, Кеңес өкіметімен болатын шайқасқа қару жарақтарын сайлап, дайындала бастаған. Қалмақ облысындағы байлар контрреволюциялық қызметтерімен шектеліп қоймай, осы бағыттағы ықпалдарын кеңейте түсу мақсатында өздерінің бұрынғы тұрғылықты жерлеріндегі байлармен байланыс орнатып, Орда ауданының Қасымтау, Сүйіндік ауылдарына өз өкілдерін жіберіп отырған.
Орда ауданының соның ішінде №1 ауыл, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының өздерінің тұрғылықты жерлерінде қалған байларының алғашқы контрреволюциялық қызметтері 1929-1930 жылдары ұжымдастыру кезеңінде басталып, олар алдарына колхоздарды ыдыратып жіберуді міндет етіп қойған. Байлар колхоздарды ыдыратудың әдісі ретінде тұрғындардың арасында антиколхоздық үгіт-насихат жүргізуді, сондай-ақ колхозға мүше болып кіріп алып, оны ішінен ыдыратуды таңдап алған. Байлардың келісіп жасаған әрекеттерінің нәтижесінде колхоздар тарқап кетіп отырған.
1930 жылы Қасымтау ауылында колхоз ұйымдастырылады. Ауылдың байлары колхозға қосылуды құптамайды. Колхоз құру барысында жергілікті биліктің жауапты адамдары Исмағамбетов Қадырғалидан шаруа қожалығын уақытша пайдалануға сұраған екен. Алайда Исмағамбетов Қадырғали колхозға өзінің қыстауын беруден үзілді-кесілді бас тартып, «сендердің колхоздарың бәрібір ұзаққа бармайды» деп кесіп айтқан.
Сол кезеңде Қасымтау ауылында Алманов Кәкіш пен Уаисов Әлмағамбеттің басшылығымен байлардың ұйымы құрылып, Кеңестік биліктің саясатына қарсы антиколхоздық үгіт-насихат жүргізген. Олар өздерінің жағына үгіттеу арқылы орташалар мен кедейлерді тартып, кедейлердің жалпы жиналысы кезінде бүлік шығарып, жергілікті кеңестік органның өкілдерін, оның ішінде ауылдық кеңестің төрағасын, хатшысын ұрып-соққан. Нақтырақ айтқанда Дауылбаев Есенғали, Қаражумин Қази, Нұрғалиев Елемес соққыға жығылған.
Ақырында байлардың ұйымы Қасымтау ауылында ұйымдастырылған колхозды таратып жібереді. Бұл ұйымның қатарында Алманов Кәкішпен бірге Жамалов Жүніс, Сырымбеков Кұлбай, Сырымбеков Өтеғұл, Айтқалиев Құбай, Өтәлиев Үмбетәлі, Исмағамбетов Қадырғали, Жәрдемов Шәкір, Жәрдемов Ахмеджан, Жетібаев Омар, Саржігітов Қаби, Кенжеғалиев Жәрдем, Әбужапаров Хайретдин, Зайналиев Медекеш, Жақыпов Самау секілді байлар белсенді әрекет етіп, ауыл қызметкерлерін, коммунистерді ұрып-соғуға қатынасқан.
1931 жылы күзде ауылдың кедейлері байлардың жасаған істеріне наразылық ретінде кедейлердің жалпы жиналысында аталған байлардың барлығын колхоздың құрамынан шығарып жібереді. Колхоздан шығып кеткен байлар енді Астрахань, Қалмақ облыстарына қарай тыныш, өздеріне қолайлы жерлерге қоныстану жағын қарастыра бастаған.
Осыған ұқсас жағдай Орда ауданының №1 ауылында да орын алған және сол №1 ауылдың байлары Қасымтау ауылының байларымен тығыз қарым-қатынаста болған. Бұл ауылдағы колхозды ыдырату мақсатында біріккен топқа Құрмашев Қаби, Мұқанов Ықсанғали жетекшілік жасаған. Көтерілісшілер бастапқыда жасырын жиналыстар өткізсе, кейін колхоздастыруға ашық түрде қарсы шығып, колхоздың мал-мүлкін тонаумен айналысқан. Байлардың антиколхоздық әрекеттері анықталған соң олар да колхоздан шығарылған.
Сүйіндік ауылының байлары Бектеміров Лұқпан, Жанғалиев Омарғали Қасымтау ауылының байлары Сырымбеков Кұлбаймен, Өтәлиев Үмбетәлімен және т.б. байланыс орнатып, ауыл тұрғындары арасында Кеңестік билікке қарсы үгіт-насихаттар жүргізіп, Астрахань, Қалмақ облыстарына көшіп кету жөнінде жиі айтып отырған.
1931 жылдың аяғында Сырымбеков Кұлбай колхоздан шығарылғаннан кейін Астрахань округіне қарай қашқан, одан әрі Қалмақ облысы жеріне барған және ол жақта бір ай болып қайтқан. Елге келген бойда Сырымбеков Кұлбай Қалмақ облысы аумағында билік органдарына қарулы қарсылық танытып жүрген «бандалық топтың» бар екендігі жөнінде ауыл арасында әңгіме таратып, мына жаққа қарағанда ол жақта өмір сүру жақсырақ екенін айтқан. Шындығында Сырымбеков Кұлбай Қалмақ облысына Қасымтау ауылынан бұрынырақ кеткен Сұлтанғалиев Қажығали, Қасымов Шавали секілді байлармен кездесіп, сол жаққа өз отбасыларымен бірге көшу мәселесін ақылдасу үшін барған.
Сырымбеков Кұлбай тергеуде берген өз жауабында малдарын жаппай сатып жібергені үшін колхоздан шығарылып, жеке салық салынғаннан кейін Бақтыбаев Иманғалимен бірге ауылдан шығып Қарабайлы станциясы арқылы Қалмақ облысының Андреевка хуторына өзіне күйеу бала болып келетін, сол жақта жасырынып жүрген Сұлтанғалиев Қажығалиға барғанын мәлім еткен. Әңгіме барысында Сұлтанғалиев Қажығалидың бұл жақта өмір сүру қолайлы екенін айтып, оларға Қалмақ облысына көшіп келуге кеңес бергенін баяндаған. Мұнда үш күндей болып, Иманғали екеуі Джакуй қаласына тағы бір туысқаны Қасымов Шавалиға барғанын атап көрсеткен.
Қасымов Шавалидың үйінде болғанда ол бұларға өз кәсібі туралы айтып берген. Ол аң аулап, түлкі, қоянның терісін Астраханға барып өткізетінін, оның орнына ұн, шәй, шекер және т.б. қажетті азық-түлік ала келетінін, бұл жақта күн көрістің қамын осылай да көруге болатынын жеткізген. Осы сапарында Сырымбеков Кұлбай кездескен адамдардан Қалмақ облысы аумағында жасырынып жүрген қарулы «бандалық топтың» бар екендігін естіген. Одан кейін осы жаққа қоныс аударған ауылдастары Мұқанов Төлепбергеннің, Зұлқайнаров Хайрулланың үйінде болып, бір ай дегенде ғана ауылдарына жеткендерін мәлімдеген.
Орда ауданының Сүйіндік ауылының тұрғыны, сол уақытта кулак ретінде анықталған Ихласов Арыстанғали 1929 жылдың аяғында байдың санатына жатқызылып астық дайындау науқаны кезеңінде 5 пұт бидай салығы салынғанын, оны төлей алмаған соң мал-мүлкі тәркілеуге ұшырағанын айтқан. Дегенмен артынан бидай салығын толықтай өтегесін мал-мүлкін кейін қайтарып алған. Бұдан кейін ол қолындағы бар малын түгелдей сатып, 1930 жылдың шілдесінде Қалмақ облысының «Замьяна» ауылына көшіп кеткен. Кейінірек ол жаққа ордалықтардан он шақты шаруашылық көшіп барған, оның ішінде Қарамолдин Оспан, Даулетияров Мүшкен, Дербісалиев Қажығали және т.б. бар. Сонымен бұлардан басқа шаруашылықтар да күштеп ұжымдастыру саясатына шыдамай Астрахань, Қалмақ жеріне көшіп кетіп отырған.
Ихласов Арыстанғали 1932 жылы ақпан айының ортасында Астрахань облысы аумағында Орда ауданынан барып базарда мал сатып жүрген адамдарды құзырлы органдар жаппай ұстай бастағанын айтқан. Миллиционерлер кейін ауылға келіп үй-үйді тінтіп, Дербісалиев Қажығалиды тұтқындаған, одан басқа барлығы 26 адамды ұстап Қалмақбазар ауданына алып барған, кейін өзін және басқаларды Астрахань түрмесіне қамаған. Ихласов Арыстанғали Астраханьдағы қамаудан тек төрт айдан соң ғана босап шыққан. Сөйтіп, күштеп ұжымдастыруға наразылық білдірген Орда ауданында қалған байлар да алдарындағы малдарын сойып, Астрахань өңіріндегі базарларда саудалап отырған. Бұл байлар үшін малдарын колхозға өткізбеудің бір амалы болды деп есептейміз. Алайда байлардың бұл әрекеттері кейін өздеріне айып болып тағылған.
1932 жылы 25-26 наурызда Өтәлиев Үмбетәлі мен Сырымбеков Кұлбай Сүйіндік ауылына келіп, тұрғындармен кездесу өткізген. Олар елдегі жағдайдың күрделі екенін, халықтың ашаршылыққа ұшырағанын, тіпті, биліктегі қызметкерлердің өздері де ашығып жүргенін айтқан. Егер жағдай ушыға берсе, жұмысшылар мен қызметкерлердің өздері көтеріліске шығатынын, бәрінен бұрын Кеңестік билік осыдан қорқып отырғанын атап көрсеткен. Енді ауылда тыныш өмір сүру мүмкін емес, сондықтан бас ауған жаққа кету керек, ең болмағанда Астрахань округіне немесе Қалмақ облысына қарай бару керек. Ол жақта жағдай жақсы, саудамен айналысып азық табуға да болады деп өз ойларын жеткізген.
Бектеміров Лұқпан қонақтардың сөзін қостап, қанша рет айтса да ешкімнің көшкісі келмейтінін, егер өзіне салынған міндеткерліктен құтылса бірден ат сатып алып, жұмыс іздеп міндетті түрде Астрахань жаққа жасырынып кететініме сөз беремін, - деп уәде еткен.
1932 жылы сәуір айының басында Сырымбеков Кұлбай мен Құрмашев Қаби ауылды аралап, Сырымбеков Өтеғұлдың, Өрнеков Жүністің, Саржігітов Қабидың, Жамалов Жүністың үйлерінде болады. Колхозға қайтадан кіру үшін арыз беру мақсатында олармен Ордаға бірге баратын болып келіседі. Сонымен бірге Сырымбеков Кұлбай кездесуде «қазір барлық билік органдары өтініштерді қабылдап жатыр, колхозсоюзға арызымызды береміз, мүмкін бізді колхозға қайтадан қабылдап қалар, қабылдамаған жағдайда не боларын артынан көрерміз» деп айтқан. Одан кейін Сырымбеков Кұлбай Қалмақ облысына жасаған сапары жөнінде әңгімелеп, ол жақта билікке қарсы қарулы «бандалық топтың» бар екендігін, жағдай күрделене берсе сол жаққа қарай кетудің қажеттігін жариялаған.
4 сәуірде Сырымбеков Кұлбай, Сырымбеков Өтеғұл, Құрмашев Қаби, Өрнеков Жүніс, Жамалов Жүніс, Саржігітов Қаби барлығы бірге Ордаға барады. Алайда ауылдағы таптық күрестің тіптен шиеленісе түскеніне қарағанда байлардың колхозға қайта кіру ниеттері орындалмағанға ұқсайды.
1932 жылы 26 сәуірде Сырымбеков Кұлбайдың үйінде «Қарат-сойған» мекенінде түнде байлардың жасырын жиналысы өткізіліп, оған Үмбетәлі Өтәлиев, Сейтбатал Айтжанов, Шәкір Жәрдемов, Үмітәлі Мұсақатов, Кұлбай және Өтеғұл Сырымбековтер, Қаби Саржігітов, Жүніс Жамалов, Әлмағамбет Уаисов, Кәкіш Алманов, Ақмолда Бегешанов, Мұғалім Хасаинов, Мүлхайдар Жакупов, Төлепқали Мүлхайдаров, Сабыр Тоқсаналиев, Қадырғали Исмағамбетов, Сүлеймен Қараев барлығы 20 шақты адам қатынасқан.
Бұл жиналыста Үмбетәлі Өтәлиев, Сейтбатал Айтжанов, Кұлбай Сырымбеков, Шәкір Жәрдемов және Жүніс Жамалов кезекпен сөз алып, «Кеңес үкіметіне қарсы барлық жерде соғыс болып, Жапония, Қытай Кеңес билігіне қарсы соғыс жүргізіп жатыр. Астрахань округінің аудандарында колхоздар тарап кеткен, жақын арада Кеңес өкіметі құлайды. Бізде де колхоздарды таратып жіберулері керек болған, бірақ біздің жергілікті қызметкерлер колхоздарды таратпай ұстап отыр. Енді бізге Қалмақ облысында жүрген Сұлтанғалиев Қажығалимен және Жетібаев Омармен (1931 жылғы Жаңақала көтерілісінің белсенді «бандалары») байланыс орнату қажет, олардан қару-жарақ алып, дер кезінде қаруланып Кеңес билігіне қарсы шығуға дайын болуымыз керек. Бұл амалды жүзеге асыру үшін Қалмақ облысынан қару-жарақ алуға қол жеткізіп, қаруланып алып, кейін колхоздың малын айдап Қалмақ облысына қарай көшіп кету керек. Қалмақ облысындағы «бандаларға» қосылып алайық, одан әрі жасайтын әрекеттерді кейін көре жатамыз» - деп мәлімдеген. Барлық қатысушылар Өтәлиев және басқаларының айтқан сөздеріне қолдау білдіріп, Қалмақ облысына өз араларынан уәкіл ретінде Кәкіш Алмановты, Ақмолда Бегешановты, Үмбетәлі Өтәлиевты және Сүлеймен Қараевты жіберуге бірауыздан шешім қабылдаған.
Қасымтау ауылының тұрғыны Жамалов Жүністің тергеуде айтқаны бойынша күштеп ұжымдастыруға қарсылық білдірген Исмағамбетов Қадырғали, Өтәлиев Үмбетәлі, Айтжанов Сейтбатал ауылдық биліктің кеңсесіне келіп, сүтті мал берулерін талап еткен, олай болмаған жағдайда басқа ауданға көшіп кетеміз деп қорқытқан. Ақырында Исмағамбетов, Өтәлиев, Айтжанов өз ауылдарынан қашып шығып, Астрахань жаққа қарай көшіп тынған.
Астрахань аумағына барып қоныстанған Исмағамбетов Қадырғалидың екі ұлының бірі Қадырғалиев Дінім 1930 жылы көшіп кетсе, екіншісі Қадырғалиев Имаш 1931 жылы көшіп барған. 1932 жылы Қадырғалиев Имаш Қасымтау ауылына келіп, Орда ауданына қайтып көшіп келмекші болған, дегенмен ол сол кеткеннен қайтып оралмаған.
Қасымтау, Сүйіндік және №1 ауылдары байларының ұйымы көші-қонға дайындықпен қатар тұрғындар арасында колхозды ыдырату, отырықшылыққа көшу, салық жинау науқандарына кедергі келтіру бағытында антикеңестік үгіт-насихатты жүйелі түрде жүргізеді. Сондай-ақ олар соғыс болады, жақын арада кеңес өкіметі құлайды, патша билігі қайта құрылады деген қауесет сөздер таратады.
Қасымтау ауылының байларына қатысты айтар болсақ, байларды басқа өңірлерге қоныстандыру мәселесі тоқтатылып, олар қамаудан босатылғаннан кейін ауылға келіп, биліктің қолға алған шараларына қарсы әрекеттерін жүргізе бастаған. Атқамінер Айтқалиев Құбай Уаисов Әлмағамбеттің үйіне келіп келіні Жамалдың көзінше «Бізді Кеңес өкіметі қамаудан босатты, олар бізді ұзақ ұстай алмады, себебі салдарынан қорықты. Егер олар қорықпаса, бізді босатпас еді. Сендер қазір колхозда жұмыс жасайсыңдар, кімге жұмыс жасап жүрсіңдер өздерің білмейсіңдер, алдарыңдағы малды өзімдікі дей алмайсыңдар, оны емін еркін қажеттеріңе пайдалана алмайсыңдар. Кеңес өкіметінің құлауы жақын, халықтан күштеп жинап алған мал-мүліктен құралған колхоз да ертең тарап тынады. Әзірге кеш болмай тұрғанда колхоздан шығу керек», - деп айтқан. Осыдан кейін Уаисовтар колхоздан шығып кеткен.
Өтәлиев Үмбетәлі Қасымтау ауылында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға «сендер әртүрлі саяси науқанның міндеттерін неге орындайсыңдар, онсыз да сендерді дұрыс қамсыздандырып отырған жоқ. Егер тапсырмаларды орындамасаңдар сендерді ешкім күштей алмайды, ал сол әртүрлі жоспарлар орындалмаса колхоз тарап, қоғамдық меншіктегі мал өздеріңе қайтарылады. Кеңес билігі ұзақ тұрады деп ойлайсыңдар ма? Жоқ. Биліктің халі мүшкіл, қоғамның кедейлер қабатын түртіп қалсаң құлайын деп тұр. Бізді қамаудан неліктен босатты, себебі Кеңес билігі бізді көп отырғызуға қорқады, олар өз қателіктерін және ақырғы сәті таянғанын көріп тұр», - деп мәлімдеген.
1932 жылы 11 сәуірде Сырымбеков Кұлбай жалпы жиналыста ауылшаруашылық есептік-салық науқанына ашық қарсы шыққан, соның арқасында жиналысқа қатысушы ауыл тұрғындарының көпшілігі ауылшаруашылық салығына қарсылық білдірген.
Бектеміров Лұқпан Сүйіндік ауылы тұрғындары арасында «газеттегі мәліметтерге қарағанда елде соғыс жүріп жатыр, бірқатар қалаларда көтерілістер болып жатыр, бұл жағдай біздің өңірімізде де орын алады», - деген хабар таратқан. Сонымен бірге «жақында Сарғарт Дәнеков, Әжімұрат және Зұлқарнай Сейдалиевтер Қалмақ облысына қашып, сол жақтағы бандалық топқа қосылды. Енді бұл бандалар біздің ауылға келіп, Кеңес билігін құлатады», - деп баяндаған.
Құрмашев Қаби №1 ауылдың бір адамына жеке әңгіме барысында елдегі күрделі саяси жағдай туралы айтып, Қалмақ даласынан ауылға келе жатқанда сол жақтағы бір танысына бір бие құлынымен, бір сиыр бұзауымен, кілем және басқа да бұйымдарын сақтап қою үшін тастап кеткенін сөз еткен.
18 мамырда Құрмашев Қаби Мүлхайдаров Төлепқалимен бірге қамауда отырған кезде Батырбек ауылының бірқатар байларының көзінше «Қазіргі уақытта КСРО-ға қарсы соғыс жүріп жатыр. Шетел әскерімен болған шайқаста 25 мың қызыл әскер қаза тапқан, көпшілігі тұтқынға алынған, қашқаны құтылып кеткен» деп қауесет сыбыс таратқан. Ондағы мақсат халыққа Кеңес билігінің әлсірегенін көрсетіп, жергілікті билік органдарына қарсылық таныту еді.
1932 жылы 26 мамырда Орда ауданы Теректі ауылының тұрғыны Құрмашев Қаби қамауға алынған. №1 ауылдың тұрғындарынан Құрмашев Қабимен бірге айып тағылғандардың ішіндегі Мұқанов Ықсанғали Вологда қаласына, Бөкенбаев Ишанғали Сібір өлкесіне бұрынырақ жер аударылған, ал Ирғазиев Жақсымбек, Көпжанов Ықсан, Омаров Бисенбай, Ажығалиев Сүндетқали, Харесов Зұлқайыр тергеуден қашып жүрген және оларға іздеу жарияланған.
6 маусымда Орда аудандық ОГПУ бөлімі айыпталушылар қатарындағы адамдардың іздестіру жұмыстарын күтпестен тергеу ісін тездету мақсатында Құрмашев Қабиға ҚК 58-8, 58-10 баптары бойынша бастапқы айып тағу жөнінде қаулы қабылдаған.
1932 жылы 3 шілдеде Орда ауданы Сүйіндік ауылының байлары Жанғалиев Омарғали, Жанғалиев Зұлқар, Досқалиев Ұсағали, Ұсағалиев Ғабдолла, Ұсағалиев Шакеш, Қасымтау ауылының байлары Сырымбеков Құлбай, Өтәлиев Үмбетәлі, Исмағамбетов Қадырғали, Жамалов Жүніс, Сырымбеков Өтеғұл, Саржігітов Қаби, Айтқалиев Құбай, Мүлхайдаров Төлепқали, Жәрдемов Шәкір қамауға алынған. Сонымен бірге 2 шілдеде Жұмағалиев Жамиль, Ихласов Арыстанғали қамауға алынған екен, кейінірек Бектеміров Лұқпан тұтқындалған. Қамауға алынғандардың барлығы да БҚО бойынша ОГПУ-дың тергеу изоляторына Орал қаласына жөнелтілген.
Қараша айында тергеу барысында кінәлары анықталмаған азаматтарды қамаудан босатса, Құрмашев Қаби, Сырымбеков Құлбай, Өтәлиев Үмбетәлі, Айтқалиев Құбай, Жәрдемов Шәкір, Сырымбеков Өтеғұл, Мүлхайдаров Төлепқали, Бектеміров Лұқпан, Жанғалиев Омарғали барлығы 9 адам ҚК 58-10, 59-13 баптары бойынша айыптала бастаған. Оларға ұжымдастыру саясатына қарсылық білдірді, колхоздарды таратып жіберді, жасырын ұйым құрды, жергілікті билік өкілдеріне қарсы шықты, Кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізді деп айып таққан. Құрмашев Қабидан басқалары өздеріне тағылған кінәні мойындамаған.
Ал осы іс бойынша белсенді тұлғалар ретінде қаралып жатырған Саржігітов Қаби, Исмағамбетов Қадырғали және Жамалов Жүніс Оралдағы ИТУ-да (еңбекпен түзеу мекемесі) болған кезінде денсаулықтарының нашарлауына байланысты қайтыс болған.
Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының Кеңестік биліктің саясатына ашық қарсы шықты деп жазықсыз айыпталған азаматтарына қатысты архив құжатында мынадай деректер бар:
1. Құрмашев Қаби, 53 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының №1 ауылының тұрғыны, 1907-1909 жылдар аралығында старшынның хатшысы, 1919-1920 жылдары ақтар кезінде старшын қызметтерін атқарған, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатты, партия қатарында жоқ, отбасылы, 1928 жылы сотталған, 1930 жылы ұжымдастыру кезеңінде Ықсанғали Мұқановпен бірге колхоздарды ыдырату бағытында байлардың тобын құрып, жетекшілік жасаған.
2. Сырымбеков Құлбай, 49 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, отбасылы, кәсібі бойынша малшы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, 1929-1930 жылдары колхоздарды ыдырату бойынша байлар тобының белсенді мүшесі болған.
3. Өтәлиев Үмбетәлі, 41 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, революцияға дейін бірнеше жыл старшын болып қызмет атқарған, 1921-1922 жылдары банды Орынғалидың тобына белсенді қатынасқан, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, 1931 жылы сотталған, өйткені, 1930 жылы колхоздарды ыдырату бойынша байлар тобына кірген, Кеңестік қызметкерлерді ұрып-соғуға қатынасқан, Сырымбековтың үйінде өткен жасырын жиында Жаңақала көтерілісі басшылары Сұлтанғалиевпен және басқаларымен байланыс орнату қажеттігін, Қалмақ жерінен қару-жарақ алу және Қалмақ облысына көшіп кету жағын айтқан.
4. Айтқалиев Кұбай, 49 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, 1930-1932 жылдары Қасымтау ауылында колхозды ыдырату бойынша байлардың тобын құрып, жетекшілік жасаған. Колхоздастыруға қарсы үгіт-насихат жүргізу арқылы Қасымтау ауылындағы колхозды таратып жіберген. Бұл мәселелер бойынша Орда ауданының №1 ауылындағы байлар тобының жетекшісі Құрмашев Қабимен байланыс орнатқан. Олардың байланысы басында жасырын жиналыстар өткізумен шектелсе, кейін колхоздарға ашық қарсылық білдіру, колхоз мүлкі мен малын тонау арқылы көрініс берді. Кеңестік билікке қарсы және жеңілмеуге үгіт-насихат жүргізіп, колхозшыларды колхоз малын өз бетінше сойып алуға, колхоздан шығуға итермеледі.
5. Жәрдемов Шәкір, 30 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, 1931 жылы малын әдейі сатқаны үшін сотталған, колхоздарды ыдырату бойынша Қасымтау ауылының байлары тобының мүшесі болған.
6. Сырымбеков Өтеғұл, 50 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, колхоздарды ыдырату бойынша Қасымтау ауылының байлары тобының белсенді мүшесі, өзінің ағайыны Срымбеков Кулбайдың үйінде болған байлардың контрреволюциялық жиылысына қатынасқан.
7. Мүлхайдаров Төлепқали, 40 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, Сырымбеков Құлбайдың үйінде өткен байлардың жасырын жиналысына қатынасқан, халық арасында Кеңестік билікке қарсы үгіт-насихаттар жүргізген.
8. Бектеміров Лұқпан, 47 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Сүйіндік ауылының тұрғыны, 1913 жылдан 1923 жыл аралығында молда болған, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, Қалмақ облысында жасырынып жүрген байлар тобымен және Қасымтау ауылының байларымен байланыс жасаған.
9. Жанғалиев Омарғали, 45 жаста, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Сүйіндік ауылының тұрғыны, революцияға дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған, 1918-1919 жылдары ақтардың кезеңінде өз еркімен Анохиннің отрядына қосылып, бейбіт тұрғындарды шабуылдау әрекеттеріне қатынасқан, әлеуметтік шыққан тегі жағынан ірі байдың ұлы, өзі де бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатты, партия қатарында жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, 1930 жылы мал саудалағаны үшін сотталған, Қалмақ облысында жасырынып жүрген байлармен байланысы бар, халықты көшуге үгіттеген және Кеңестік билікке қарсы шығуға шақырған.
1932 жылы 1 желтоқсанда Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының тұрғындарына қатысты «қылмыстық істің» айыптау қорытындысы шығарылып, енді бұл құжат ҚАССР-і ОГПУ-ының саяси өкілдері үштігінің соттан тыс қарауына жолданған.
1932 жылғы 28 желтоқсандағы ОГПУ жанындағы саяси өкілдер үштігінің отырысында №354 айыптау ісі бойынша Құрмашев Қаби және басқаларға, барлығы 9 адамға қатысты ҚК 58/10, 59/13 баптары негізінде төмендегідей шешім қабылданған:
1. Срымбеков Кулбай,
2. Уталиев Умбетали,
3. Айткалиев Кубай,
4. Мулхайдаров Тулепгали,
5. Джангалиев Омаргали,
6. Бектемиров Лукбан – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. есептелсін.
7. Курмашев Каби,
8. Джардемов Шакир,
9. Срымбеков Утегул – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. есептелсін. Барлығының мүлкі тәркіленсін.
Сөйтіп, ұжымдастыру саясатына қарсылық білдіргендері үшін сотталған Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының адамдары жазаларын өтеу үшін Қарлагқа жөнелтілген. Ал олардың кейінгі тағдырлары туралы мәлімет жоқ. Дегенмен 1989 жылы 13 шілдеде жазықсыз айыпталған Орда ауданы азаматтарының барлығы Орал облыстық соты Президиумының қаулысымен ақталған.
Өтәлиев Үмбетәлінің ұрпағы Нүптіғалиев Ерланның ауылдағы көне көз қариялардың айтқандарынан естуі бойынша сотталғандардың бірде біреуі елге қайтып оралмаған. Өзінің атасы Өтәлиев Үмбетәлі де сол кеткеннен із-түссіз жоғалып кеткен. Ерлан өзінің шыққан ата тегіне, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған атасы Өтәлиев Үмбетәліге қатысты архив деректерін қарастырып жүр екен. БҚО Полиция департаментіндегі құжатпен ұрпағы ретінде танысып көрген. Дегенмен атасының бұрын қандай қызметтер атқарғанын, сотталғаннан кейін қайда, қашан қайтыс болғанын және қай жерде жерленгенін білгісі келеді. Алайда әзірге бұл жағдайларға қатысты нақты дәлелдейтін құжаттар қолына тие қоймаған. Жазықсыз жапа шегіп шейіт болған аталарымыздың артында іздейтін жоқтаушысының бар екендігі, бүгінгі бейбіт өмірде ұрпақтарының өсіп-өніп жатқаны қуантады. Артында бар – оңалар деген осы болса керек.
Қорыта айтқанда Орда ауданы байларының ұжымдастыру саясатына қарсы баскөтеруі 1928-1932 жылдардағы Орал округіндегі халық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі болып табылады. Олай дейтін себеміз Орда ауданындағы баскөтерулердің Жаңақала көтерілісімен байланысының болғандығы анық байқалады. Өйткені Жаңақала көтерілісіне қатынасқан және тергеуден босаған адамдар Орда ауданына келіп қоныстанған, одан әрі Астрахань округіне, Қалмақ облысына қарай қашқан. Сұлтанғалиев Қажығалидың, Жетібаев Омардың, Зайналиев Медекештің және т.б. Жаңақала өңірінен шыққан көтеріліске қатысушылар екендігіне архив деректері дәлел болады. Міне, осындай белсенді көтерілісшілер Орда ауданы байларына идеялық қолдау көрсетіп, Кеңестік билікке қарсы күресте оларға демеу болып отырған.
Орда ауданы байларының өздерінің дүние-мүліктерін және бостандықтарын қорғау жолындағы баскөтеруінің мақсат-мұраттары қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысымен үндесіп жатыр. Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы тұра білген қайсар рухты жандарды халық батырлары деп тануға, олардың ерліктерін қазіргі жас буынға үлгі-өнеге етуге әбден лайық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық саяси ақтау, олардың есімдерін бүкіл қоғамға таныту және дәріптеу егеменді еліміздің басты идеологиялық ұстанымының бірі. Бұл жағдай халқымыздың тарихи санасының жаңғыруына негіз болып, жаңа Қазақстанның рухани-мәдени дамуына жол ашады, - деп есептейміз.
Хайдаров Есқайрат,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау жөніндегі БҚО бойынша комиссияның мүшесі