ОРАЛ. ҚазАқпарат – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кәмпеске – адамзат тарихындағы аса ауыр қылмыстардың бірі. Осы орайда БҚО бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллин ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
- Жантас Набиоллаұлы, кәмпескенің халқымызға зардабы аса ауыр тиген саяси науқан болғаны анық. Алдымен осыған тоқталсаңыз?
-Иә, кәмпескенің ақылға сыйымсыздығы, адам құқығының аяққа тапталуы, құрбандарының саны, салдарының ауырлығы жағынан өзге де қудалау науқандары, соғыстармен (соның ішінде, тіпті, дүниежүзілік соғыстармен) салыстыруға болады. Советтік кәмпеске – халықтың белгілі бір бөлігінің мал-мүлкін тәркілеу ғана емес, осы тәркілеуге дейін, қатар және кейін жүрген өзге де заңсыз шаралармен ұштасқан біртұтас шаралар кешені. Таратып айтсақ, кәмпеске нысанасы болғандар тәркіленумен қатар, түрлі алым-салық, азаматтық құқықтарының шектелуі (соның ішінде сайлау/сайлану құқығынан айрылуы, ел ішінде еркін жүріп-тұруының шектелуі), жер аударылу, түрлі жұмыстарға мәжбүрлі жегілу, жақын-жуық, бала-шағасын қуғындау, бас бостандығынан айыру сынды түрлі заңсыз жазаларға тартылды. Сондықтан, кәмпеске мәселесі – тек тәркілеу деп қабылданбай, кең ауқымда және кешенді түрде қарастырылуы, зерттелуі, бағалануы тиіс.
-Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия Батыс Қазақстан облысында да өз жұмысын атқарып жатқаны белгілі. Бұл ретте тың деректерге кезіккен боларсыздар?
-Облыс бойынша кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу жұмыстары Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивінде, Қазақстан Республикасының Президент архивінде, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының мемлекеттік архивтерінде, БҚО полиция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік архивінде жүргізілді.
Кәмпеске ресми түрде Қазақ Советтік Социалистік Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысын (декретін) 1928 жылы 27 тамызда жариялаудан бастау алған. 30 тамызда осы қаулыны қолдану бойынша арнайы нұсқаулық шыққан. 1928 жылы әр округ бойынша кәмпескеленетін байлардың саны көрсетілді:
Округ Саны 1 топ 2 топ
1. Семей 88 бай 77 11
2. Павлодар 45 бай 39 6
3. Қарқаралы 58 бай 50 8
4. Ақмола 62 бай 57
5. Петропавл 44 бай 39 5
6. Қостанай 65 бай 55 10
7. Орал 71 бай 56 15
8. Гурьев 40 бай 35 5
9. Ақтөбе 60 бай 51 9
10. Қызылорда 40 бай 35 5
11. Сырдария 69 бай 60 9
12. Алматы 80 бай 70 10
Бұған қоса әр өңірден кәмпескеленгендерді өзге округтерге жер аударудың аймағы белгіленді:
- Жетісу, Сырдария округінен - Орал округіне,
- Орал округінен – Жетісу округіне,
- Гурьев округінен – Петропавл округіне,
- Қарқаралы округінен – Қостанай округіне,
- Семей округінен – Сырдария округіне,
- Павлодар округінен – Ақтөбе округіне,
- Қызылорда округінен – Адай округіне
- Петропавл округінен – Ақтөбе округіне,
- Ақмола округінен – Гурьев округіне,
- Ақтөбе округінен – Қарқаралы округіне,
- Қостанай округінен Семей округіне қоныс аударулары керек болды.
Кәмпескеленіп, жер аударылатын байлар мен совет өкіметіне қауіпті саналатындардың тізімін астыртын анықтаған соң, билік органдары ресми жариялы жұмысты бастады. Алдымен, әр ауданға арнайы өкілдер жіберіп, халықпен, соның ішінде кедейлермен кездесулер ұйымдастырды. Жаңа науқанның мақсатын түсіндіріп, белсене ат салысуға шақырды. Осылайша, үгіт-насихат жүмыстарын 1928 жылдың 3-20 қыркүйегі аралығында жүргізуге тиіс болды. Ал мал-мүлікті тәркілеуді 1928 жылдың 21-қыркүйегінен бастап, сол жылдың 1 қарашасында аяқтау тапсырылды.
Науқанға дейін жасалған жоспарға сай, 1928 жылдың 20 қыркүйегінде «Қызыл ту» газетінде Орал округтік атқару комитетінің кәмпескелеу, жер аудару туралы қаулысы жарияланды.
Мұнда 1928 жылы Орал округі бойынша кәмпескеленетін 71 байдың аты-жөні көрсетілді. Халықтың аштықтан қынадай қырылуына басты негіз болған кәмпескелеу науқаны осы күннен қарқын алады. «Қызыл ту» мен «Красный Урал» газеттерінде қаулыны қолдайтын материалдар ұйымдастырылып, халықтың арасына белсенді насихатты бастайды.
Тізімді де көрсете кеткен артық болмас:
Бірінші қатар
1. Досқалыұлы Шамақ Азғыр ауданы
2. Өтегенұлы Бақы -
3. Омарұлы Шәпен -
4. Мәмбетұлы Әубәкір -
5. Болдианұлы Бомаш -
6. Әлғазыұлы Бектілеу -
7. Омарұлы Ләтіп -
8. Есенбайұлы Мақаш -
9. Әлғазыұлы Көптілеу -
10. Омарұлы Шәрмен -
11. Ғаббасұлы Иманғазы -
12. Мәшекенұлы Халық -
13. Мұқатұлы Мұқамбетиар -
14. Балқашұлы Сәти -
15. Мақашұлы Өтешғали -
16. Досқалиұлы Ғұсман -
17. Әбсәтірұлы Қажыбай -
18. Байанасұлы Өтепәлі -
19. Тағайбайұлы Мұсағали -
20. Шобайұлы Зұлқаш -
21. Үмбетұлы Қаби -
22. Ғылманұлы Рақым Қаратөбе ауданы
23. Шәуілдікұлы Өтеқожа -
24. Шәуілдікұлы Қали -
25. Орынбайұлы Жұмағали -
26. Достанұлы Бисәлі -
27. Жоламанұлы Жалмағанбет -
28. Бекбатырұлы Жанай -
29. Есенғұлұлы Топаш Жаңақала ауданы
30. Зәлиұлы Ырысқали -
31. Сабырұлы Ғұмар -
32. Құбылұлы Жұмажан -
33. Жұмәліұлы Қаржау -
34. Сиықұлы Мағаз -
35. Омарұлы Салық Жымпиты ауданы
36. Бейімұлы Көбес -
37. Мұқамбетұлы Ержан -
38. Ақметұлы Қабыл -
39. Жүсіпқалиұлы Сатыбалды Сыламиқын (Сламихин) ауданы
40. Шәңгерейұлы Бижан -
41. Шәңгерейұлы Таусақ -
42. Шәңгерейұлы Дүсіпқали -
43. Оспанұлы Көшен -
44. Нұғыманұлы Ғабдолла -
45. Бірәліұлы Оразбай -
46. Оразәліұлы Жарас -
47. Жүсіпұлы Шынтай Орда ауданы
48. Бөкейханұлы Мақамбет -
49. Бекесұлы Мұсағали -
50. Ажақмет келіні Меруерт -
51. Әсірәліұлы Бекен -
52. Айтымбетұлы Ешбан Шалқар ауданы
53. Көбейұлы Әбдолғазиз Талобкі (Таловка) ауданы
54. Қуатұлы Жұмағали Тайпақ ауданы
55. Есен-аманұлы Көбеш Завралный (Зауральный) ауданы
56. Өзбекұлы Өтеміс Шежін ауданы
Екінші қатар
1. Қайырлыұлы Қожантай Азғыр ауданы
2. Шомбалұлы Қараған Қаратөбе ауданы
3. Әжібайұлы Шұқан -
4. Бұғайұлы Бәкір Жаңақала ауданы
5. Құдайбергенұлы Нағым -
6. Еламанұлы Ноғайбай Жымпиты ауданы
7. Сүйіншәліұлы Мақмұт -
8. Қосдәулетұлы Қуанай -
9. Сәнәнұлы Қаумет Сыламиқын (Сламихин) ауданы
10. Тілеубергенұлы Серғазы Орда ауданы
11. Аманұлы Құсайын Шалқар ауданы
12. Қаратайұлы Арон -
13. Күсепқалиұлы Дәулетша Тайпақ ауданы
14. Баймұқанұлы Қоспан -
15. Жүнісұлы Кенжеғара Шежін ауданы.
Кәмпескеге іліккен байлардың алдымен мал-мүлкін тартып алған. Содан соң тұрғылықты жерден көшіруге шешім шығарып, кәмпескеленген әр байға арнайы нөмерленген куәлік берген. Барған жеріне сол куәлігімен тіркелу керек болған.
1928 жылы алғашқылар болып кәмпескеленген 71 байдың тізімі бойынша БҚО полиция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында қылмыстық істердің бар-жоғына сұрау салынды. Мұрағаттық қылмыстық істер арасында тәркіленген 71 байдың 11-не қатысты қылмыстық іс бар екені анықталды.
Олар:
1868 ж.т. Алгазыев Бектлеу
1874 ж.т. Каратоев Арон
1893 ж.т. Кудайбергенов Нурум
1893 ж.т. Юсупов Шинтай
1868 ж.т. Омаров Салых
1863 ж.т. Косдавлетов Куанай
1891 ж.т. Букейханов Махамбет
1884 ж.т. Омаров Сокур-Латыф
1865 ж.т. Мукатов Мухамедияр,
1873 ж.т. Аманов Хусаин
1871 ж.т. Джунусов Кенжегара (аты-жөндері сол күйінде беріліп отыр).
Негізі жоғарыдан бекітілген қаулы бойынша Орал округінен кәмпескеленгендер Жетісу округіне жер аударылулары тиіс еді. Бірақ мұрағат құжатынан ОГПУ алқасы арнайы жиналысының хаттамасымен 1929 жылдың наурыз-сәуір айларында Алгазыев Бектлеу, Аманов Хусаин, Букейханов Махамбет, Джунусов Кенжегара, Мукатов Мухамедияр, Омаров Сокур-Латыф, Юсупов Шинтайға Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Одесса, Дондағы Ростовта, Орта Азия округтарында 3 жылға дейін тұруға тыйым салынып, олардың Пенза қаласына жер аударылғаны белгілі болды.
-Кәмпескеге ұшырағандардың бәрі де байлар ма, әлде?
-Жоқ, кәмпескелеп жер аударуға байларды ғана емес, сонымен қатар, халықтың алдында беделі бар, совет өкіметінің саясатына қарсы не қолдамайтындарды да жатқызған. Қоғамдағы әлеуметтік орнына қарай, кәмпескеленгендерді жергілікті қазақ байлары, қазақ атқамінерлері, хан және сұлтан тұқымдары, алашордашылар мен кеңестік құрылысқа қарсы идеядағылар, дін қайраткерлері, патша өкіметі тұсында мемлекеттік лауазымда болғандар, саудагерлер деп жіктедік. Сонда 1928 жылы кәмпескеленген 71 адамның 35-і байлар санатына жатпайтыны анықталды. Бұлар – шыққан тегі, саяси көзқарасы үшін мал-мүлкі тәркіленіп, туған жерден қуылғандар.
Батыс Қазақстан облысы бойынша 1928 жылы алғашқы тәркіленген 71 байдың әлеуметтік санатқа жіктелуіне назар салсақ, бұлардың 36-сы – жергілікті қазақ байлары, қазақ атқамінерлері (біреуі – әйел), төртеуі – хан және сұлтан тұқымдары, бесеуі – алашордашылдар мен кеңестік құрылысқа қарсы идеядағылар, 8-і – дін қайраткерлері, 17-сі – патша үкіметі тұсында мемлекеттік лауазымда болғандар, біреуі – саудагер.
Сол жылы ірі байлардан 2 779 жылқы, 17 591 сиыр, 34 043 қой, 1 459 түйе тәркіленген.
Кәмпеске науқанын жүзеге асырушылардың заңды белден басқаны сондай, тәркілеу, жер аудару ісінде Қылмыстық Кодекс емес, аталған қаулы басшылыққа алынды. Шын мәнінде 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық Кодексімен бай, кулак болу қудаланбайды, яғни, бай, кулак болу – қылмыс емес. Сондықтан адамдарды бай, кулак болғаны үшін ғана қудалау сол кезеңнің өзінің заңнамаларына да қайшы келген.
Тағы бір атап өтетін жайт, кәмпескені осының алдында өткен және онымен тығыз байланысты өзге де науқандармен бірге қарастыру маңызды.
Батыс Қазақстан облыстық архивінде 1922 жылы осы өңірдегі барымташылардың есебі жүргізілген құжаттар бар. Совет үкіметі қалт- құлт етіп, аяққа жаңа тұрып, шаруасы бастан асып жатқан шағында, ақ гвардияшы емес, алашордашылар емес, саясатпен шаруасы жоқ барымтамшыларға көңіл бөлгені, бір қарағанда, түсініксіз, тіпті ерсі көрінеді. Өйткені, үстіртін қарағанда, барымташылар – совет үкіметінің жауы емес, нысаналары – негізінен мал-дәулеті барлар болғандықтан, тіпті дұшпаны ортақ одақтас көрінетіндей. Осы тұрғыдан ойлағанда, большевиктер әдейі бұрмалап, ұры (конокрад) деп атаған барымташылармен шаруасы болмау керек-ті.
-Сонда қалай болған?
-Қолда бар құжаттарды талдау кәмпеске науқан ретінде 1928 жылы басталғанымен, ойға одан әлдеқайда ерте алынғанын көрсетті. Большевиктердің саясаты сатылап жүрді. Әуелі қандай бір іс-тірлігіне кедергі болатын фактор, санаттарды жойды. Барымташыларға дұрыстап кірісуі де тегін емес. Барымташылар – халықтың ең бір әрекетшіл, қайраткер тобы, қазақ әділет институтының бір бөлігі. Барымта – өзге ешбір елде жоқ, тап-таза қазақы ұғым. Бертініректе, мән-мазмұны бұрмаланғаны болмаса, барымта – ұрлық не тонау емес, өзіне қандай да бір қиянат жасады деген тараптың малын айдап алып кетіп, әділет қалпына келгенше, кепілдікте ұстау. Барымтаға кез келген адам қатыса алмайды, ол – білегі жуан, жүрегі түкті азаматтардың ісі. Кез келген әділетсіздікке қарсы тұра алатын бұл азаматтар – советтік жүйенің қиянатшыл саясатына (мысалы, кәмпеске, жер аудару, т.с.с) төзбейтіні анық еді. Сондықтан да, әң әуелі осы әрекетшіл санат есепке алынып, тізімделді.
Мысалы, 1922 жылы жасалған тізімде барымташы деп танылған 17 адамның аты-жөні көрсетілген.
Сөйтіп, большевиктер ең әуелі бас көтерер батырларды (барымташыларды) жойды. Сосын «анау дұрыс емес», «мынау дұрыс емес» дейтін, дей алатын моральдық кедергілер – ар-ождан идеологиясын, дін институтын талқандады. Ұят, обал, сауап деген ұстанымдарды берік ұстанған контингент арасында ұжымдастыруды жүргізу мүмкін емес еді.
Моральдық ұстанымдардың сақталуына үлес қосып отырған молда атаулы бұқарадан шеттетілді, сөйтіп, олардың руханиятқа ықпал-үлесі кеміді. Қазақ даласындағы билер билігі, сондай-ақ, ақсүйек, хан-сұлтандар билігі де совет үкіметінен көп бұрын, Ресей империясының саясатымен қожырап, жұрнақтары ғана қалған-ды. Сондықтан да, ел билейтін ақсүйектері мен билері жоқ, қорған болатын батырлары (барымташылары) құртылған; «әй!» дейтін, «қой!» дейтін молдалары жамағатынан ажыраған, яғни қаймағы алынған қазақ даласында соңғы «дұшпан» – бай-бағландар тобырдың талауына түсті. Кедей-кепшіктердің ең бір азғындаған бөлігінен құралған бұл тобыр болмағанда, жоғарыда айтылған кедергі факторлар алдын ала жойылмағанда, совет үкіметінің кәмпеске науқанын жүзеге асыруы екіталай еді.
Бай немесе кулак деп танылған адамдардың өзге өңірде оқып жатқан ұрпақтары да қудаланғаны, оқудан шығарылғаны жөніндегі архив құжаттары сақталған.
Жалпы, қуғын-сүргінге ұшыраған бай-кулактардың саны 1162 адам екені анықталып отыр.
Атап айтқанда, 1928 жылы 80 адам қылмыстық, әкімшілік тәртіптегі қуғын-сүргін және тәркілеу құрбанына айналып, тұрғылықты жерінен жер аударылды.
1929 жылы 55 адамның біреуі қылмыстық, әкімшілік тәртіптегі қуғын-сүргін және тәркілеу, тағы біреуі нан дайындаудың құрбаны ретінде жер аударылса, 53-і әкімшілік тұрғыда жазаланды.
1930 жылы 610 адамның 8-і сотталып, 453-і жер аударылған. Біреуі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Нан дайындаудың құрбанына айналған екеуі сотталып, 144-і жер аударылған. Екеуі әкімшілік жаза алған.
1931 жылы 367 адам ұжымдастырудың зауалына ұшырап, 365-і жер аударылған. Екеуі әкімшілік тұрғыда жазаланған.
1932 жылы 51 адам қылмыстық, әкімшілік тәртіптегі қуғын-сүргін және тәркілеу құрбаны ретінде жер аударылған.
Сонда 1162 адамның 594-і қылмыстық, әкімшілік тәртіптегі қуғын-сүргін және тәркілеу, 366-сы ұжымдастыру, 202-сі нан дайындау науқанының құрбанына айналды.
Қорыта айтқанда, кәмпеске құрбандарын ақтау – қоғамдық сананы сауықтыру, таптық, әлеуметтік өшпенділік-қақтығыстардың алдын алу, сондай-ақ десоветизация, декоммунизация, деколонизация тұрғысынан да өте-мөте маңызды. Қазақ тарихының советтік кезеңінің ең жантүршігерлік оқиғаларының бірі – кәмпеске науқанын айыптамасақ, оған ұшырағандарды ақтамасақ, мұндай сұмдықтың қайталану қаупі сақталып қалады. Мұндай іс-шаралардың жүйелі, сауатты, батыл жүргізілуі біздің мемлекетіміздің, қоғамымыздың революциялық емес, эволюциялық жолмен даму мүмкіндігін арттырады.
-Әңгімеңізге рахмет. Комиссия жұмысына сәттілік тілейміз.
Тілші: Елжан Ералы