Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға ауданымыздан 3602 адам аттаныпты. Олардың басым көпшілігі Сталинград, Калинин майдандарында және Мәскеу, Курск, Воронеж, Новгород, Псков, Ленинград қалалары үшін болған кескіліскен шайқастарға қатысқан. Қан майданнан 2241 боздақ туған ауылына оралмады. Ұлы Отан соғысы талай отбасының шаңырағын ортаға түсірді. Сол сұрапыл соғыстан оралмаған боздақтар қанша ма? Анасы баласынан, баласы әкесінен айырылып, соғыс зардабын шекпеген отбасы қалмады. Сондай отбасының бірі -Рахматуллиндер әулеті.
Ұзынкөл ауылының байырғы тұрғыны болған уақытында ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан атақты шопан Мұхтар Рахматуллин ел басына қара бұлт төнген тұста көппен бірге майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналған ағасы Есім Рахматуллин туралы қандайма мәлімет болып қалар деп үмітін үзбеген болатын-ды.
- Соғыстан оралмаған Есім ата біздің әулетке немере ағайын болып келеді. Әулет шежіресін тарқатып айтар болсам, Меңдібайдан Қатпа және Жұма есімді екі ұл тараған. Қатпадан Рахметолла мен Есім. Рахметолладан Мұхтар ата. Жұмадан Бапақ, Бапақтан менің әкем Айтқали. Руымыз төрт таңбалы Ноғайдың Қоясы. Мұхтар атаның айтуынша ағасы Есімді Ұлы Отан соғысына дейін Мәскеу қаласына арнайы ұшақпен бірнеше рет алдырған. Өйткені Есім аға кереметтей суретшілігімен көзге түсіп, мен деген талант иелерін мойындата білген қылқалам шебері болған,- дейді Ұзынкөл ауылындағы білім ордасының тарих пәні мұғалімі Гүлнәр Айтқалиқызы
- Есім ағамыз жастайынан алғыр, пысық, өте зерек болған. Ол бала күнінде Мұратсай ауылынан Ақоба аулына жаяу қатынап оқыған. Мұртасай мен Ақоба ауылының арасы тікелей дегеннің өзінде де 40 шақырымдай жер. Ұлы Отан соғысына дейін Есім аға оқуға деген құштарлығының арқасында орта білім алған. Ол кезде орта білімділер санаулы болды. Есім аға Ленин мен Сталиннің суреттерін аудармай салған белгілі суретші. Ленин мен Сталиннің суретін салғаны үшін анасы Хадишаға мақтау қағаз берген өкімет адамдары. Өкінішке қарай, сол мақтау қағаз сақталмады, - деп естелікпен бөліскен еді Мұхтар атаның құдай қосқан қосағы Лена әжей.
2022 жылы жарық көрген Жәнібек аудандық анықтамалығының 425- бетінде: «Рахматуллин Есім (1920 ж.т. – 1943 ж.) Ақоба мектебін тәмәмдап, аудандағы дүкенде қызмет жасаған. Көзкөргендердің айтуынша, Академиялық бейнелеу мектептерінің ешқайсысының есігінен сығалап та көрмеген Есім Рахматуллиннің өнері назардан қалыс қалмайды. Жас суретшінің талантын мойындаған жоғарыдағылар оған күрделі істі сеніп тапсырады. Тапсырманың күрделілігі анау-мынау айтқандай емес. Кәсіби қисындардың қай қайсысын да құлағы естімеген, тек өз құлқы қалаған жолмен жүретін Есім Рахматуллинге күн көсемдер – Ленин мен Сталиннің бейнесін салу тапсырылған. Есім Рахматуллин көсемдер портретін салуға бірнеше рет қатысқан. Білетіндер Есімнің бірнеше рет арнайы Мәскеуге алдырылғандығын айтады. Есім аға 1940 жылы 29 қазанда әскер қатарына алынады. Шекара күзетіп, автомат асынып, керзі етік киген көп күндер зұлмат соғыспен жалғасты. Қатардағы жауыңгер ретінде Отан қорғаған ауылдасымыз сол майдан даласынан оралмады. Не бары жиырма үш көктемді көрген үлкен талант иесі белгісіз солдаттың бірі болып кеңес әскері соғысқан белгісіз бір бұйраттан мәңгілікке орын алды. Тек Рахматолла Катпинннің емес, күллі қазақтың ұлы болатын тағы бір талантты сұм соғыс жер бесікке бөлеп берді» - деп мәлімет жазылған.
2000 жылы Орал қаласынан «Дастан» баспасынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 6 томының 70-бетінде: «Рахматуллин Есім-1920 ж. Жәнібек ауд. туған. Қазақ. Қатардағы жауынгер. 1943 ж. тамызда хабарсыз кеткен» деп қысқаша мәлімет жазылған.
Шындығында Есім Рахматуллин соғыста хабарсыз кетпеген. Рахметолла Катпиннің баласы соғыста жау қолына тұтқынға түскен. Ол туралы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі мен Ресей Мемлекеттік әскери архивінде бірқатар деректер сақталған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві [Қор: Финляндия Ұлттық архиві, Ресей мемлекеттік әскери архиві. Тізбе:1941-1945 жылдардағы Кеңес әскери тұтқындары. Іс:2958882] құжаттарында Рахматуллин Есімнің 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Мурацин (құжатта солай) ауылдық кеңесінде туылғаны, 142 атқыштар дивизия, 588 атқыштар полкы сапында қатардағы жауынгер болғаны, 1941 жылы 3 тамызда Тюрьяньярви көлінің оңтүстік бетінде тұтқынға түскені, Пиексямяки қаласында № 2 лагерьде болғаны және тұтқында «А-195» жеке белгісімен тіркелгені жазылған. Бұл жерде Мурацин деп ауыл атауы қате жазылған. Дұрысы Мұратсай ауылдық кеңесі болып жазылу керек.
Есім Рахматуллин туралы Ресей Мемлекеттік әскери архивінен [Қор:38256. Тізбе:1. Іс:36] табылған құжатта: «Рахматуллин Есім. 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Мұратсай ауылдық кеңесінде туған. Ұлты: қазақ. Білімі: орта. Соңғы қызмет орны: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық тұтынушылар одағының секретары. 1935 жылдың 1 мамырынан БЛКЖО мүшесі. Отбасы жағдайы: бойдақ. 1940 жылы 19 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. 1940-1941 жылдары кіші лейтенанттар курсында білім алған. Карел Майданы, 142 атқыштар дивизия, 589 атқыштар полкы құрамында кіші лейтенант шенінде 1941 жылы 30 маусымнан 3 тамыз аралығында Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1941 жылы 3 тамызда Хитола стансасында тұтқынға түскен. 1941 жылы 3 тамыздан 16 қыркүйек аралығында № 2 әскери тұтқындар лагерінде болса, 1941 жылғы 16 қыркүйектен Капвия Хителуома шаруаның ауыл шаруашылығы жұмысына тартылған. 1942 жылғы 17 қарашадан 1943 жылғы 17 ақпанға дейін Ямсянкаскин фабрикасында жұмыс істеген. Валдена жерінде тұтқыннан босатылған. Ағасы Катпин Акантай Сталинград облысы, Перезлав ауданы, № 86 ет кеңшары, № 2 бөлімшеде тұрған» деп нақты мәлімет келтірілген.
Архив құжатындағы мәліметке сенсек, Есім Рахматуллин тұтқыннан босатылған. Алайда оның кейінгі тағдыры белгісіз. Соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, кейін тұтқыннан босатылғандардың басым көпшілігі 1944-1954 жылдары РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабының 1 тармағының «б» тармақшасы негізінде 10-25 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олар саяси қуғын-сүргін құрбандары болды.
Әскери тұтқындар лагерінде тозақ отынан аман қалған есіл ер жөнінде басқалай дерек кездеспеді. Сол солақай саясаттың салқын лебі ескен тұста соғыс тұтқыны Есім Рахматуллинді «сатқын» деп жала жауып, Сібірге соттап жіберді ме? Әлде тоталитарлық жүйенің құрбаны болған көптің арасында ату жазасына кесілді ме? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Оның тұтқыннан босаған соң елге оралмауы жұмбақ. Елге оралса, бауыры Мұхтар ата іздемес еді ғой.
Бұл бір ғана соғыс тұтқыны басынан кешкен жағдай. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста қаншама адам жау қолына тұтқынға түсті. Бұл сұраққа да нақты жауап табу қиын.
Белгілі француз тарихшысы Н.Верттің ақпаратына сүйенсек, соғыс жылдарында кеңес елінен 6 миллионға жуық әскери адам тұтқында болған.
Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталағына 78 жыл өтті. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталары мен әкелері туралы қандайма мәлімет болса екен деп жүргендер арамызда әлі күнге бар. Солардың бірі - Мұхтар ата туған ағасы туралы бір мәлімет ести алмай 2020 жылы өмірден өтті.
Ахмедияр Батырханов,
Орал қаласы
Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті, № 41, 10.10.2023 ж.