1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында істі болып әскери трибунал үкімдерімен ату жазасына кесілгендер мен сотталған тасқалалықтар туралы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақталған құжаттар негізінде осы мақаланы жазуға тура келді. Ресей архивінде сақтаулы құжаттарда майдан даласында істі болғандардардың аты-жөндері, туған жылдары, туған жерлері, әскери бөлімдері, мекенжайлары мен туыстары туралы мәлімет келтірілген.
Соғыста әскери трибунал үкімдерімен ату жазасына кесілген тасқалалық Батыров Аюс пен Василенко Яков Иванович 1998 жылы Орал қаласынан «Дастан» баспасынан жарық көрген Тасқала ауданының «Боздақтар» кітабының 4 томына енбеген. Алайда Батыров Аюс пен Василенко Яков Иванович Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі құжат бойынша қайта оралмас шығындар тізіміне енген. Шыны керек, РФ Қорғаныс министрлігінң Орталық архивіндегі Ұлы Отан соғысы жылдарынан сыр шертетін құжаттар 2007 жылға дейін өте құпия деген белгімен жабық болды. Тек 2007 жылы 8 мамыр күні РФ Қорғаныс министрінің № 181 бұйрығымен аталмыш архивтегі сұрапыл соғыс жылдарына қатысты біраз құжат құпиялығын жойып, жарыққа шыға бастаған еді. Сол себепті бұрын бізге беймәлім болған архив құжаттарымен жұмыстануға мүмкіндік туды. Сол бір ел басына қара бұлт төнген тұста алдыңғы шепте жүрген жауынгерлердің істі болғандарына архив құжаттары арқылы куә болдық.
Батыров Аюс. Туған жылы: 1910. Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Камен ауданы, Белинская ауылы. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Камен аудандық әскери комиссариаты. Әскери шені: қызыл әскер. Соңғы қызмет орны: 200 атқыштар дивизиясы, 661 атқыштар полкы. 1942 жылы 9 мамырда 200 атқыштар дивизиясының әскери трибунал үкімімен ату жазасына кесілген. Мекенжайы мен туысы: Батыс Қазақстан облысы, Камен ауданы, әйелі Батырова М... [РФ ҚМОА. Қор:58. Тізбе:818883. Іс:754. Парақ:754].
Василенко Яков Иванович. Туған жылы: 1921. Туған жері: Саратов облысы, Партизан ауданы, Михайлов ауылы. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Камен аудандық әскери комиссариаты. Әскери шені: қызыл әскер. Соңғы қызмет орны: 200 атқыштар дивизия. 1942 жылы 14 тамызда 200 атқыштар дивизиясының әскери трибунал үкімімен ату жазасына кескен. Мекенжайы мен туысы: Батыс Қазақстан облысы, Камен ауданы, Иван Федорович. [РФ ҚМОА. Қор:58. Тізбе:818883. Іс:765. Парақ:123].
Бисенев Кабайдулла. Туған жылы: 1911. Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Камен ауданы, Ермолин ауылы. Әскерге шақырылған жері: 07.05.1943, Саратов облысы, Дергачев аудандық әскери комиссариаты. Әскери шені: қызыл әскер. Соңғы қызмет орны: жұмысшы батальоны.1943 жылы 27 шілдеде Саратов гарнизоны әскери трибунал үкімімен 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне сотталған. Тағылған айып: РСФСР Қылмыстық кодексінің 193-7 бабы «г» тармақшасы және 162 бабы «д» тармақшасы. Мекенжайы мен туысы: Саратов облысы, Дергачев ауданы, Красноречинск кеңшары, № 3 бөлімше, әйелі Кабаева Мядиня. [РФ ҚМОА. Қор:58. Тізбе:18001. Іс:722. Парақ:86].
Губайдуллин Захарья. Туған жылы: 1913. Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Камен ауданы, Кулаков ауылы. БКП (б) мүшелігіне кандидат. Әскерге шақырылған жері: 10.02.1940, Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Камен аудандық әскери комиссариаты. Әскери шені: қызыл әскер. Соңғы қызмет орны: Карель майданы, 5 атқыштар дивизиясы, 142 атқыштар полкы. 1943 жылы 22 қарашада Карель майданының әскери трибунал үкімімен 5 жылға құқы шектеліп, мүлкі тәркіленіп, еңбекпен түзеу лагеріне 10 жылға сотталған. Мекенжайы мен туысы: Батыс Қазақстан облысы, Камен ауданы, Кулаков ауылы, анасы Губайдуллина Аигинуом. [РФ ҚМОА. Қор:58. Тізбе:18001. Іс:1091. Парақ:191].
Өткеннен сыр шертетін құжаттарда жоғарыда аты-жөндері аталған боздақтардың мүмкін ұрпақтары болар деген ойымызда жоқ емес. Соғыс зардабын шекпеген отбасы жоқ екені белгілі. Сол соғыстың салқыны архив құжаттарын парақтаған сайын сезіле түседі...
Ахмедияр Батырханов,
Орал қаласы
Тасқала аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газеті, № 38, 21.09.2023 ж.