Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ерлік көрсетіп, үкіметтік марапаттармен марапатталған, алайда соғыстан соң сотталып, темір тордың ар жағында қиын күндерді бастарынан кешкендер туралы мерзімді басылымдарда жазылып жүр.
1946-1953 жылдары соғыста тұтқында болғандардың басым көпшілігі және қан майданнан елге келген кейбір соғыс ардагерлері РСФСР Қылмыстық Кодексі 58-1-бабының «б» тармағымен 10-25 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар кейін рахымшылыққа ілігіп, туған ауылдарына аман-есен оралды. Барлығы бірдей елге оралды десек, күпірлік болар. Төрт жылғы қан майданан аман оралғанмен қызыл террор құрбаны болғандар қаншама?
Солардың қатарында Жәнібек ауданының тумасы Өтеғалиев Хайретден де бар. Ол 1939 жылы Жәнібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Шайқас алаңында ерліктің сан үлгісін көрсетіп, екі рет орденмен марапатталған. Туған жеріне оралып, білім ордасында шәкірт тәрибелеп жүрген шағында жазықсыз жала жабылып сотталған.
1944 жылы 2 тамызда №229 атқыштар полкінің командирі, подполковник Александров толтырған Утигалиев Хайретденнің марапат қағазы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде [Қор:33. Тізбе:690155. Сақтау бірлігі: 1169. Жазба: 30344674. Парақ:141] сақталған құжатқа назар аударайық.
1. Тегі, есімі және әкесінің аты: Утигалиев Хайритден. 2. Әскери шені: қызыл әскер. 3. Лауазымы, әскери бөлімі: 8 Ямполь атқыштар дивизиясы, 229 атқыштар полкының байланыс ротасының радисі. «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа ұсынылады. 4. Туған жылы: 1918. 5.Ұлты: қазақ. 6. Партиялығы: партияда жоқ. 7. Азамат соғысына, одан кейінгі КСРО және Отан соғысын қорғаудағы әскери қимылдарға қатысуы (қайда, қашан) Ұлы Отан соғысында 1941 жылғы 22 маусымнан 1941 жылғы 22 қыркүйек аралығында және 1944 жылғы 13 сәуірден күні бүгінге дейін қатысты. 8. Отан соғысында жараланған немесе контузия алғаны туралы 1941 жылы 9 қыркүйекте Батыс майданда жеңіл жараланған. 9. Қызыл Армия құрамында қай уақыттан 1939 жылғы қазаннан 1941 жылғы қыркүйек айлары аралығы және 1944 жылғы 14 сәуірден.10. Қай әскери комиссариаттан әскерге шақырылған. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариаты. 11. Бұрын марапатталған ба? (қандай ерлігі үшін) марапатталмаған.
1. Жеке ерлігі немесе сіңірген еңбегі туралы қысқаша, нақты мәлімдеме:
1944 жылы 25 шілдедегі шайқаста жаудың күшті соқысына қарамастан, жолдас Утигалиев үзіліссіз радиобайланысты сақтап, сол арқылы құраманың табысты болуын қамтамасыз етті. Жау қоршаудан шығуға тырысқан кезде қарсы шабуылға тойтарыс беруге жолдас Утиғалиев те қатысып, жаудың 9 жауынгерін өзі өлтірді.
Жолдас Утигалиев қорқуды білмейтін радист, оның рациясы өте жақсы жұмыс істейді, бұл өзі тағайындалған 3-атқыштар батальонының жауынгерлік тапсырмаларын орындауға үлкен септігін тигізді».
1944 жылы 7 тамызда І Украин майданы 8 Ямполь атқыштар дивизиясының № 023/Н бұйрығымен неміс басқыншыларына қарсы күресте қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және бір мезгілде ерлік пен батылдық танытқаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы атынан №229 Суворов орденді атқыштар полкінің байланыс ротасының радисі Утигалиев Хайретдин «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
Сұрапыл соғыста полк командирі, подполковник Александров толтырған құжатта жерлесімізді 1939 жылғы қазаннан 1941 жылғы қыркүйек айлары аралығы және 1944 жылғы 14 сәуірден Қызыл Армия қатарында болғанын жазған. Ал қызыл әскер Хайритден Утигалиевтің 1941 жылғы қыркүйектен 1944 жылғы 14 сәуірге дейін аралықта қайда болғаны жазылмаған. Мәселе осы жерде болып тұр. Бұл жерлесіміз туралы қосымша ізденіп көрдік. Жаужүрек байланысшының 1945 жылы 3 наурызда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталғаны туралы құжат РФ ҚМО архивіннен табылды.
1945 жылы 3 наурызда №229 Суворов орденді атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковник Мегремшвили қызыл әскер Утигалиев Хайретденді ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне марапатқа ұсынған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві [Қор:33. Тізбе:687572. Іс:2558. Парақ:87] сақталған Утигалиев Хайретденнің марапат қағазы төмендегіше сыр шертеді.
1.Тегі, есімі және әкесінің аты: Утигалиев Хайретден. 2. Әскери шені: қызыл әскер. 3. Лауазымы, әскери бөлімі: 229 Суворов орденді атқыштар полкының байланыс ротасының радисі. ІІІ дәржелі «Даңқ» орденіне марапатқа ұсынылды. 4. Туған жылы: 1918. 5.Ұлты: қазақ. 6. Партиялығы: партияда жоқ. 7. Азамат соғысына, одан кейінгі КСРО және Отан соғысын қорғаудағы әскери қимылдарға қатысуы (қайда, қашан) Ұлы Отан соғысында 1941 жылғы 22 маусымнан. 8. Отан соғысында жараланған немесе контузия алғаны туралы 1943 жылы 5 қыркүйекте Чернигов түбінде жеңіл жараланған. 1943 жылы 18 ақпанда Харьков түбінде ауыр жараланған. 9. Қызыл Армия құрамында қай уақыттан 1939 жылғы 15 қазаннан. 10. Қай әскери комиссариаттан әскерге шақырылған. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариаты. 11. Бұрын марапатталған ба? (қандай ерлігі үшін) 1944 жылы 7 қыркүйекте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
1. Жеке ерлігі немесе сіңірген еңбегі туралы қысқаша, нақты мәлімдеме:
Жолдас Утигалиев батальонда рация бастығы болып жұмыс істей жүріп, батальон командирі мен полк командованиесі арасында үзіліссіз радиобайланысты қамтамасыз етті.
Косице, Спишска-Нова-Вес, Попард маңындағы шабуылды шайқастарда және бұған дейінгі Карпат шайқастарында Утигалиев материалдық-техникалық базаны әрқашан ұқыпты және жарамды күйде ұстап, шаршағанына, суыққа және таулы орманды аймақтың қиындықтарына қарамастан, үзіліссіз радиобайланысқа ие болды. Утигалиев байланысты үзген жоқ. Утигалиев жау тылына екi рет барлауға барып, сол жерден полк барлауына құнды мәлiметтер жеткiздi.Қызыл әскер Утигалиев батальон құрамында шабуылға жиі қатысып, Спишска-Нова қаласы үшін шайқаста 7 жауды өлтіріп, 3 дұшпанды тұтқынға алды».
1945 жылы 10 наурызда 4 Украин майданы №8 атқыштар дивизиясы командирінің №24/Н бұйрығымен Утигалиев Хайретден ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.
Утигалиевті бір құжатта Хайритден десе, екінші құжатта Хайретден деп жазғанын байқадық. Соғыс жылдары мұсылмандардың аты-жөндері көбіне өрескел қате жазылғанын архив құжаттарын парақтаған сайын көріп жүрік.
Ақоба ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Мұрат Мұхамбетқалиев ақсақалдан Хайретден Өтеғалиевтің соғыстан кейінгі жылдары ауыл мектебінде директор қызметін атқарып және неміс тіліннен сабақ беріп жүрген кезінде Ішкі Істер Халық комиссариаты қызметкерлері бір күнде алып кеткенін, содан оның елге қайтып оралмағанын естіп едік. Сонымен қоса Хайретден Өтеғалиевтің Атырау қаласында тұратын қызы Сәуле апай маған хабарласып, әкесі туралы мәлімет іздестіруімді өтінген еді. Қызының айтуынша да, әкесі Хайретден істі болып, түрмеге қамалған соң елге оралмаған.
Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі ретінде Хайретден Өтеғалиев туралы мәлімет іздеу үшін Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде болдым. Өкінішке қарай, бұл архивте жерлесімізге қатысты деректер кездеспеді. Алайда әлеуметтік желі арқылы ҚР Ішкі Істер министрлігі дайындаған «Ашық тізім» сайтынан Хайретден Өтеғалиевтің 1949 жылы 13 желтоқсанда қамауға алынып, 1950 жылы 27 маусымда сотталғаны жөнінде мәлімет көзіме оттай басылды. Аталмыш сайттан алынған дерекке кезек берейік: «Утегалиев Хайретдин. Туған жылы: 1918. Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Тереңқұдық ауылдық кеңесі. Білімі: сауатты. Үйленген. Ақоба толық емес орта мектебінің директоры (НСШ). Қамауға алынғанға дейінгі мекенжайы: Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылы. Қамауға алынған мерзімі: 13.12.1949. Қамауға алған мекеме: Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі Істер Халық комиссариаты басқармасы. Соттаған орган: Батыс Қазақстан облыстық сот алқасы. Сотталған мерзімі: 27.06.1950. Үкім: РСФСР Қылмыстық Кодексінің 154 бабымен 5 жылға еңбекпен түзеу лагеріне бас бостандығынан айырылған. Ақпарат көзі: ҚР ІІМ».
2020 жылғы 12 қарашадағы БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының «БҚО мемлекеттік архиві» КММ Жалпақтал филиалының директоры Миржан Карабалин қол қойған №Ж\Т–Б-0725 анықтама Утегалиев Хайретденнің 1946-1948 жылдары Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық кеңесінде тұрғанын растайды.
Ендеше, анықтама мәтініне назар аударайық: «Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылдық кеңесі, «Социализм» колхозы тұрғындарының 1946-1948 жылдардағы № 4 шаруашылық кітабындағы № 189 тіркеумен: Утегалиев Х г/с м 1918 ж., Туралиева Б ж ж 1922 ж., Жакупова У мать ж 1888 ж., Утегалиев Е брат м. 1935 ж. жанұя басшысы Утегалиев Хайредтен (шаруашылық кітабының басында) лауазымы директор деп көрсетілген. 15.02.1948 жылы Жәнібек ауданы есебінен шығып кеткен деп көрсетілген. 1942 жылғы Жәнібек аудандық кеңесі атқару комитетінің шешімдерінің архивтік көшірмелерін жолдап отырмыз. Негіздеме: Қор-203 Т-2, іс-20 п-36а, п-37, Қор-205, Т-1, іс-26, п-200, п-200а, п-201, іс-30, п-7, п-7а, п-13, п-13а, п-14, п-14а, п-16, п-18, п-28».
Хайретден Өтеғалиевтің кейінгі тағдыры белгісіз. Ол сотталған соң елге қайта оралмаған. Қолымызға түскен деректерді негізге алып, қан майданнан туған ауылына аман-есен оралған жаужүрек байланысшының саяси қуғын-сүргін құрбаны болып кете барғаны жанымызға батады. Шайқас алаңында қарша бораған оққа кеудесін төсей жүріп, әскери құрамаларды рация арқылы байланыспен қамтамасыз ете білген ержүрек Хайретден хақында басқалай алып-қосарымыз жоқ. Соғыстан кейінгі жылдары елде, ауыл-аймақта да жағдай мәз болмады. Ол кезеңде адамдар кімнің дос, кімнің қас екенін ажырата алмады. Бір ауыз сөздері үшін бірнеше жылды арқалап, темір тордың арғы жағына кете барғандар қаншама? Олардың нақты санын ешкім де айта алмайды. Сұрапыл соғыста атойлап жауға қарсы шайқасқан ержүрек байланысшының кейінгі тағдыры не болды екен? Бастысы, от пен оқтың ортасынан оралған оғланның кейінгі тағдыры белгісіз қалмаса екен...
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
1939-1945 ж.ж. фашистік Германия, Финляндия
және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған
әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар
дайындау жөніндегі
БҚО жұмыс тобының жетекшісі,
Орал қаласы
Батыс Қазқстан облысы Жәнібек аудандық
«Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті,
№51 (8383), 20.12.2022 ж.