Отызыншы жылдардың ойранын көз алдыңа әкелетін көне құжаттарды қарап отырып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға тағылған айыптың қисынсыздығына, соған қарамастан мыңдаған адамның атылып, айдалып кеткеніне таңғаласыз.
Заманында қатарының алды болып, өнер-білімге ұмтылған, кейін сол білімді жас ұрпақтың көзін ашуға жұмсаған Қайыр Жәрдемәлиев – сталиндік репрессия кезінде жазықсыз атылып кеткен арыстың бірі. Бұрынғы Орал облысындағы Ілбішін (қазіргі Ақжайық) ауданындағы орталау мектеп директоры болып жүрген кезінде, 1937 жылы 11 қыркүйекте тұтқындалған Қайыр сол жылы 10 қазанда Орал қаласында атылған. Оған әйгілі 58-бабтың 2 және 11-бөліктері бойынша айып тағылған екен. Мұның алғашқысы Кеңес өкіметін немесе одақтық республикалардың бірінің билігін қарулы күшпен басып алу болса, екіншісі осындай мақсатта ұйымдасқан топ құрып, дайындық жұмысын жасады дегенді білдіреді. Алайда Қайыр Жәрдемәліұлының өмірбаянын қарасаңыз, бүкіл өмірі ХХ ғасырдың қадау-қадау оқиғаларымен қатар өрбіген қарапайым ұстаздың үздіксіз өсу жолына қанығасыз. Біздің қолымызға оның 1933 жылы 1 маусымда өз қолымен жазған өмірбаяны түсті: «Мен, Жәрдемәлиев Қайыр 1893 жылы Талөпке ауданы 1 Талап ауылкеңесінде тудым. Әкем Жәрдемәлі Қуанышқалиев кедей шаруа еді. Өзім жастайымнан қазақ молдаларынан оқыдым. 1909-1910 жылдары Көбейұлы медресесінде оқыған бай балаларының ассуын дайындадым, 1911-1914 жылдары Нысанов Ахметтің қызметінде жүрдім. 1915-1916 жылы қазақ байларының балаларын оқыттым, өздеріне атшы, делбеші болдым, қонағын күттім. 1916 жылы тыл жұмысына алынып, 1000 жігітпен бірге Уфа қаласында болдым, мені татар байы Ялкинге көмекшілікке жіберді. Тыл жұмысынан қайтқан соң тағы да байларға жалданып, 50 сом табыс таптым. Сөйтіп 1917 жылы күзде өз қаражатыма Ғұсмания медресесіне түстім. 1918 жылы елге қайтып, 1 қыркүйекте бұрынғы Бөкей губерниясының Орда қаласында тұңғыш ашылған педагогикалық курсқа жазылдым. 1918 жылы 1 қарашада 1 басқышты шаруа мектебінің мұғалімі деген лауазым алдым. Сол 1918 жылдан 1924 жылға дейін 1 басқышты мектеп мұғалімі болып қызмет еттім. 1924-1925 оқу жылында мен Талөпке ауданы бойынша халыққа білім беру бөлімінің инспекторы, 1925-1927 жылдары коммуна мектебінің меңгерушісі болдым. 1927-1928 жылдары Бөкей уездік білім бөлімінде әлеуметтік сала бойынша инспектор, 1929-1931 жылдары Сламихин (қазіргі Жалпақтал) шаруа жастар мектебінің (ШКМ) меңгерушісі болып қызмет еттім. 1931-1933 жылдары Талөпке аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болдым. 1919 жылдың 1 қаңтарынан бері ағарту саласы қызметкерлері одағының мүшесімін», деп жазады Қайыр Жәрдемәлиев.
Дәл осы 1933 жылы Қайыр «Кеңес өкіметіне сенімсіз элемент, бұрынғы молда» ретінде сотқа тартылған екен. Бірақ Талөпкеден Орал қаласына айдалып келген азамат сот алдында ақталып шығады. Сөйтіп, елге қайтпастан, Орал облыстық білім басқармасының кадр бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. 1934 жылы Орал қаласында 1 басқышты мектеп мұғалімдерін қайта даярлайтын курстың меңгерушісі болады. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстық кеңестік партия мектебінде сабақ береді. 1934 жылы 7 қарашада Ұлы Октябрь революциясының 17 жылдық мерейтойына орай, үздік қызметі үшін оған Лениннің 6 томдық шығармалар жинағы сыйға беріліпті. 1935 жылы қаңтарда Қайыр Жәрдемәлиев БҚО Білім басқармасы жанынан ашылған орталау мектеп мұғалімдерін қайта даярлайтын педкурстың директоры болады. Осы қызметінде жүріп, студентінен емтихан қабылдап отырған фотосуреті сақталған екен. Облыстық деңгейде атқарған үшжылдық қызметінде ол өзін тәртіпті, жігерлі, алғыр орындаушы ретінде дәлелдеген. «Өзіне тапсырылған үлкен-кіші жұмысты уақтылы әрі адал орындайды, қызметін жетік білетінін көрсетті. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары, өз қызметін жоғары дәрежеде атқарып отыр», деп жазады БҚО білім басқармасы меңгерушісінің орынбасары Мисюрев 1936 жылы 11 ақпанда берілген мінездемеде.
Тағы бір құжатта кейіпкеріміздің 1936 жылы 1 ақпаннан бастап Орал қаласындағы №4 қазақ орта мектебіне 5-7 сыныптарға ана тілі пәні мұғалімі болып қызметке жіберілгенін көреміз. Осы жұмыста оқу жылының соңына дейін істеген Қайыр Жәрдемәлиев шәкірттерінің орфографикалық және стилистикалық сауатын көтеріп, пролетарлық жазушылардың көркем шығармаларын мәнерлеп оқуға баулыған екен. Бұл мінездемеге 1936 жылы 27 тамыз күні аталған мектептің директоры Қаратаев қол қойыпты.
Қайыр Жәрдемәлиев 1936 жылы 10 шілдеде Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының жолдамасымен Ілбішін ауданындағы толық емес орта мектептің директорлығына жіберілген. Бұл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздың соңғы қызметі болыпты. 1937 жылы бүкіл Кеңес Одағын шарпып өткен репрессия жалыны оның да өмірін жалмап кетті. Оған 1933-1934 жылдары Орал қаласында жүрген кезінде контрреволюциялық ұлтшыл ұйым құрамында партия мен үкіметтің іс-шараларына қарсы әрекет жасады деген айып тағылған. Әсіресе, сол тұста облыстық партия комитетін басқарған Құрамысовпен және Балғаниязовпен бірге, «Екпінді құрылыс» газетін басқарған Сәтбек Иманқұловтың тобында болды, бұрынғы алашордашылармен ауыз жаласты, қызметке өзінің жақтастарын тартты дегендей қисынсыз жалаларды жапқан. Қылмыстық істің басты дәлелі – авторы көрсетілмеген «домалақ арыз» ғана болған. Ол арыз облыстық НКВД бөліміне Алматы қаласынан келген-мыс, авторы анықталмаған.
Бір назар аударарлығы, 1937 жылы 13 қыркүйекте жүргізілген алғашқы тергеуде-ақ Қайыр Жәрдемәлиев өзіне тағылған барлық айыпты «мойындапты». Осылайша қайран арыстың тағдыры 1937 жылы 10 қазанда НКВД «үштігінің» талқысына түсіп, «атылсын, өзіне тиесілі мүлкі тәркіленсін» деген шешім шығарылады. Үкім 1937 жылы 13 қазан күні түнгі сағат 11-де орындалған.
Қайыр Жәрдемәліұлының «халық жауы» атануы оның туған інісі Қадырдың тағдырын да ойран етіпті. Ол 1919 жылдан большевиктер партиясының мүшесі болған, Талөпкеде Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан. 1921-1924 жылдары Мәскеуде Коммунистік Шығыс институтында оқыған. 1923 жылы Кремльде Ленинмен кездесіп, 1924 жылы КСРО көсемі қайтыс болғанда құрметті қарауылда тұрған. Кейін Талөпке, Жаңақала, Сламихин, Тайпақ аудандарында партия комитеттерін басқарған. 1930 жылы Алматы облысына шақырылып, Кеген аудандық партия комитетінің 1 хатшысы, Ақсу МТС директоры, Алматы облыстық жер комитетінің бастығы секілді лауазымды қызметтерде істеген. 1937 жылы ағасы Қайыр атылғаннан кейін көп ұзамай Қадыр да қамауға алынып, 8 жылға сотталып кете барады. Оны тура келген ажалдан «күн көсемді» көргені, таныс болғаны ғана құтқарған сияқты. Сөйтіп, Қадыр Жәрдемәліұлы 1943 жылы ғана елге оралған. 1957 жылы ғана толық ақталып, бүкілодақтық дәрежедегі зейнеткер атанады.
Қайыр Жәрдемәліұлы тұтқындалған кезде отбасында әйелі Зұлхажжа 5 баласымен қалған екен.
– Менің атам Қайыр өзінің ұсталатынын алдын ала білген, – дейді арыстың немересі Серік Жәрдемәлиев.
...Қайыр әйелі Зұлхажжаға: «Мені бүгін түнде ұстап әкетеді. Ертесіне таңертең менің делбешім келер. Тез жиналып, балаларды алып төркініңе – Талөпкенің Беспішеніне тарт. Дүние-мүлікті алам деп әуре болма, ала алсаң «Зингер» тігін машинасын ал, кейін қажетіңе жарар. Балалар өзіңе аманат!», деген екен. Оқиға дәл солай болады. Кейін Зұлхажжа балаларды өз ауылына орналастыра сала, Оралға қайтып келіп, күйеуін құтқармақ болып аласұрады. Бірақ еш хабарын біле алмайды.
Қайыр Жәрдемәлиев тұтқындалған кезінде тұңғыш қызы Гүлсайран – 13-те, ұлы Жүсіпбек – 10-да, қыздары Сара – 8-де, Гүлстан – 4-те, кенже ұлы Болат – 2 айлық болған екен. Анасы түрме жағалап, жазықсыз күйеуін арашаламақ болып шырылдап жүргенде кенжесі Болат шетінеп кетеді. Қалған перзенттерінің алдынан кейін «халық жауының баласы» деген атақ кедергі болып талай шыққан...
«Жарықтық әжем өте қайратты, қайсар адам еді. Жалғыз өзі балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Жалғыз ұлы Жүсіпбектен туған мені өз бауырына салып өсірді. Жазықсыз кеткен жарын іздеуден бір тынбады. Алғашында апамның сұрау салған хаттарына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен «Қайыр Жәрдемәлиев пәлен жылға сотталып, Сібірге айдалды. Сол жақта жүргенде туберкулезден қайтыс болды» деген хаттар келетін. Оның өтірік екенін кейін, Сталин өлген соң, 1957 жылы репрессия құрбандары ақтала бастағанда білдік қой», дейді бүгінде Жаңақала ауылында тұратын Серік ағамыз.
https://egemen.kz/article/281536-domalaq-aryz-taghdyryn-sheshken