Қазақтың алғашқы жоғары білімді дәрігерлерінің бірі – Дәулетше Күсепқалиевтің тағдыры түрлі сынаққа толы. Оның әкесі Жүсіп Күсепқалиұлы 1868-1870 жылдары Ресейдің отарлық саясатына қарсы Кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысқаны үшін Сібірге жер аударылғанда, Дәулетше 1874 жылы Екатеринослав уезі, Старо-сербск қаласында дүниеге келіпті. Кіндік қаны жат жерде тамған төре тұқымы атажұрты – Тайпақ өңіріне тек он жылдан кейін оралыпты...
Дәулетше (азан шақырып қойған есімі Дәулетшаһ) Күсепқалиевтің өмір жолы мен тарихи қызметі туралы белгілі тарихшылар Дәметкен Сүлейменова мен Альфия Байболсынова көлемді зерттеу мақалаларын жазды. Біз ол деректерді қайталамай, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінен табылған тың деректер туралы ғана сөз қозғамақпыз.
Кеңес өкіметі 1920 жылдардың ортасынан бастап бай мен молданы, атқамінер мен саудагерді «жат элемент» деп жариялап, қысымға ала бастағаны белгілі. Соның бір көрінісі азаматты сайлау және сайлану құқығынан айыру болатын. Осындай құқай қазақтан шыққан алғашқы дәрігердің бірі, Алаш арысы Дәулетше Күсепқалиевтің басынан да өтіпті. 1927 жылы большевиктер оны сайлау пұрсатынан ажыратып, кеңес өкіметінің жауларының қатарына қосқан. Осылайша, он жеті жылға созылған қуғын-сүргін басталып кеткен.
* * *
Жымпиты ауданының Тайпақ селосының аткомына (атқару комитетіне – Қ.Қ.)
Тайпақ ауруханасының бастығы Дәулетшаһ Күсепқалиұлынан арыз
Мен 1903 жылдан бастап 1911 жылғы 4 сүмбілеге шейін Орал губернасында Гурьевте әм Жымпиты қаласында крестиан нәшәлнік болып едім. Соует хүкіметінің негізгі заңы бойынша дауыс құқысынан қалдым. Өткен жылғы кеңес сайлау турасындағы нұсқауларда соның 18-19 тармақтарында айтылды, даусынан айырылып кеңес өкіметіне бес жылдан кем қызмет етпегендерге құқық қайырылып беріледі деп.
Мен соует хүкіметіне ұдайы 1920-жыл
10-шы қамалдан (наурыз – Қ.Қ.) бүгінге дейін қызмет етіп келе жатырмын. Сол себепті сізден өтінемін: менім құқымды қайырып беруіңізді. Соует хүкіметіне жақсы қызмет етіп жүрмін. Сот астында болғаным жоқ. Жаман қызметім сауетке болған жоқ. Бұған қоса дүкіменттерді сізге тапсырдым.
Орал облысының халқына 27 жылдай қызмет еттім. Анық үшін 1900 жылы Мәскеу униуарситетін бітіріп едім. Содан бері мынадай қызметтерде болдым:
1900-1901-1902 жылдарда Жымпиты үйезінде 11-ші бөлімнің ауылдағы доқтыры болып тұрдым;
1903-1911 – крестиан нәшәлнік болдым;
1911-1915 жылда Жымпиты қаласындағы ауруқананың бас доқтыры болдым;
1916 жыл – Ілбішін қаласында санитарный доқтыр;
1917 жыл – Теке (Орал – Қ.Қ.) қаласында санитарный доқтыр әм төңкерістен соң областной комитеттің шілені (облыстық комитет мүшесі – Қ.Қ.), бүтін Орал губернасының уәкілдерінің сайлауымен;
1918-1919 – Орал губерналық земстуасының упрауасының шлені, доқторлық денсаулық бөлімін басқарушысы;
1920 жыл 10 қамалдан – Орынборда жұқпалы тазалық қарайтұғын КирВоенревкомының басқарушы доқтыры;
1920 жыл 1 әсеттен (шілде – Қ.Қ.) 1920 жыл 20 қауысқа (қараша – Қ.Қ.) дейін – Жымпиты аудандық денсаулық бөлімшесінің басқарушысы;
1920 жыл 20 қауыстан 1924 жылғы 1-ші дәлуге (қаңтар – Қ.Қ.) шейін – Тайпақтың аудандық доқтыры;
1924-1925 жылдарда – Жымпиты қалалық ауруқананың бас доқтыры;
1925-1927 жылда – Тайпақ ауруқанасының бас доқтыры;
Ашаршылық жылдарда ысталауой (асхана – Қ.Қ.) басқардым, Қызыл крестке қызмет еттім доқтыр болып. 27 жыл қызметімде сот астында болғаным жоқ. Халыққа қарсы болғаным жоқ. Шумада ( оба – Қ.Қ.) көп қызмет еттім.
Доктор Дәулетшаһ Күсепқалиұлы
1927 жыл, 12-ші мизан.
№2 ауыл, Тайпақ селосы
Тайпақ ауруқанасы
Қосымша дүкімент куәлік хаттар 16 дана
* * *
Дәулетше Күсепқалиев осы өтінішіне 16 дана түрлі құжат көшірмесін жалғапты. Ол хаттардың кейбірін оқырман назарына ұсынамыз.
1920 жыл, 2 шілде
Қырғыз (қазақ – Қ.Қ.) өлкесін басқару жөніндегі әскери-төңкеріс комитетінің денсаулық сақтау бөлімі
№1803
КУӘЛІК
Осы куәлікті ұсынушы дәрігер Дәулетшаһ Жүсіпұлы Күсепқалиев 1920 жылдың 10 наурызынан 1 шілдесіне дейін Қазақ әскери-төңкеріс комитеті денсаулық сақтау бөлімінде қызметте тұрады және эпидемияға қарсы топтарды ұйымдастырушы дәрігер және Қазақ өлкелік Денсаулық сақтау бөлімінде санитарлық-эпидемиялық бөлімшесінің меңгерушісі лауазымында. Осыны қуаттап қол қойып, мөр басамыз.
Қазақ өлкесі Денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісі, Жалпы іс жүргізу кеңсесінің меңгерушісі қол қойған.
* * *
РСФСР
Қырғыз (қазақ – Қ.Қ.) өлкесін басқару жөніндегі әскери-төңкеріс комитетінің денсаулық сақтау бөлімі
1920 жыл, 2 шілде
№1798
МАНДАТ
Әскери-төңкеріс комитеті Президиумының осы жылғы 28 маусымдағы қаулысымен дәрігер Дәулетшаһ Күсепқалиев Орал губерналық төңкеріс комитетіне, оның Денсаулық сақтау бөліміне жолданып, Жымпитыға дәрігер етіп тағайындау үшін жіберіледі.
Осыған орай Қазақ әскери-төңкеріс комитетінің Ішкі істер комиссариаты барлық губерналық және жергілікті атқару комитеттерінің лауазымды тұлғаларына дәрігер Күсепқалиевтің Орынбордан Оралға және Жымпитыға жетуі үшін көмек көрсетуді міндеттейді, оның өзімен бірге алып жүрген мүлкі (дәрігер Күсепқалиевке және оның баласы, Орынбордағы Борисеглеб курсында оқушы Ғафар Күсепқалиевке тиесілі екі тұлып, бір «татарка» (бұл да киім болса керек – Қ.Қ.), қалалық тон) реквизицияға (тәркілеуге, тартып алуға) жатпайды.
Қазақ әскери-төңкеріс комитетінің Ішкі істер комиссары
Денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі
Жалпы кеңсе меңгерушісі
Көшірме дұрыс:
Жымпиты УИК жауапты
хатшысы (қол қойған)
* * *
КССР
Жымпиты уездік аштық комитеті
21 маусым 1922 жыл
№1597
МАНДАТ
Осыны көрсетуші дәрігер Күсепқалиев ашыққандарға арналған Тайпақ асханасының меңгерушісі, сол жөнінде куәландырып,
Ашыққандарға көмек комитетінің төрағасы (қол қойған)
Хатшы (қол қойған)
Көшірме дұрыс:
Жымпиты УИК жауапты
хатшысы (қол қойған)
* * *
Ресей Қызыл Крест қоғамы орталық комитеті
Округтік өкіл
13 ақпан, 1924 жыл
№167
Орынбор қаласы
КУӘЛІК
Осы куәлікті көрсетуші Күсепқалиев Дәулетшаһ Жүсіпұлы Қырғыз (қазақ) республикасы Европалық Қызыл крест қоғамы Орталық комитеті Округтік өкілетті басқармасының №10 дәрігерлік-санитарлық отрядының бөлім бастығы.
Дәрігер Күсепқалиевке Қызыл крест бөлімшесінің бастығы ретінде Орал губернасы мен Жымпиты қаласында тұрғындарға Қызыл крест құзырына кіретін, жергілікті жағдайда жасауға болатын жалпы жобадағы медика-санитарлық қызмет ұйымдастыру тапсырылған.
Оған Ресей Қызыл крест қоғамының пайдасы үшін халықтан ақшалай және материалдық көмек жинау және оны округтік Қызыл крест комитетінің нұсқауы бойынша жұмсау-тарату тапсырылған.
Барлық кеңестік мекемелер және жеке тұлғалар дәрігер Күсепқалиевке жан-жақты көмектесуі, толық қолдауы тиіс.
Осы куәлік ерекше өкім шыққанға дейін күшінде.
КССР бойынша округтік Төтенше өкіл Шомбалов
(қолы қойылған)
Алматы бөлімінің меңгерушісі Хусим (қолы қойылған)
Іс жүргізуші Ермолаев.
Көшірме дұрыс:
Жымпиты УИК жауапты
хатшысы (қол қойған)
* * *
КССР,
Орал губернасы Жымпиты уезі
Денсаулық сақтау басқармасының инспекторы
14.02.1925
№79
КУӘЛІК
Осы куәлік дәрігер Дәулетшаһ Күсепқалиевтің Орал губернасы аумағында шыққан оба ошақтарында қанша күн болғандығы жөнінде берілді:
1. Ілбішін уезіндегі «Ильток» оба ошағында 1909 жылы 25 шілдеден 21 тамызға дейін;
2. Жымпитының №5 ауылындағы Құттығара, Қоғасай болыстарында және Өлеңті болысының №8 ауылындағы Ханкөл деген жердегі оба ошақтарында 1909 жылғы 4 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін;
3. Жымпиты базарындағы оба ошағында 1910 жылғы 14 тамыздан 22 тамызға дейін;
4. Өлеңті болысының №9 Шарман ауылында болған оба ошағында 1911 жыл-
дың 5 тамызынан 24 тамызына дейін;
5. Орал уезі Шідерті болысының №5 Ақмоласай ауылындағы оба ошағында 1911 жылғы 3 қыркүйектен 20 қазанға дейін;
6. Ілбішін уезі Өлеңті болысының №1 Қарасу ауылындағы оба ошағында 1912 жылғы 7 көкектен 9 мамырға дейін;
7. Орал уезі Жымпиты болысы №3 Андышқұдық ауылындағы оба ошағында 1912 жылғы 22 мамырдан 4 маусымға дейін;
8. Орал уезі Шідерті болысы №2 Ақшаттау, Жирен ауылындағы оба ошағында 1912 жылғы 6 маусымнан 21 маусымға дейін;
9. Орал уезі Жымпиты болысы №6 Батпақкөл ауылындағы оба ошағында 1912 жылғы 7 қыркүйектен 17 қыркүйекке дейін;
10. Жақсыбай болысындағы №14 Алабаскөл ауылындағы оба ошағында 1913 жылғы 9 қарашадан 20 желтоқсанға дейін;
11. Индер болысы №10 Ескімешіт ауылындағы оба ошағында 1915 жылғы 22 қыркүйектен 9 қарашаға дейін;
12. Индер болысы №12 Ақмола ауылындағы оба ошағында 1915 жылғы 13 қарашадан 5 желтоқсанға дейін;
13. Гурьев уезі Еспол болысындағы №10 ауылындағы оба эпидемиясы кезінде 1916 жылы 12 желтоқсаннан бастап 7 күн қоршау ішінде, 4 күн қоршау сыртында;
Жалпы бөлім меңгерушісі
Ізбасов пен Денсаулық сақтау
инспекторы Әбитов қол қойған.
* * *
Жымпиты уезінің әкімшілік бөлімі
Тайпақ болыстық аға сақшысы
1927 жыл, 10 қазан
№191
Уездік әкімшілік бөлімінің Тайпақ болыстық аға сақшысынан берілді осы куәлік қағаз Тайпақ болыстық ауруқанасының бастығы жолдас Дәулетшаһ Күсепқалиұлына анық үшін, ол азамат Дәулетшаһ Күсепқалиұлы өткен кеңес сайлауында сайлауға кеселдік етіп, ауыл, болыстар, ауылдағы болған әңгімеге кіріскен жоқ. Өзінің міндетті қызметі ауырған азаматтарға тоқтаусыз қарайды. Қалсыз, келе алмаған науқастар болса, барып та қарап тұрады. Жаман мінез-құлықтан тыс. Еш те бір ауылда болған әңгімеге қатысы жоқ.
Анық үшін берілді, қолымды қойып, куәландырамын.
Тайпақ болыстық
аға сақшысы қол қойған.
* * *
Алайда архив құжаттарынан жоғарыдағы арыз да, қосымша куәліктер де іске аспағанын көреміз. «Тайпақ ауданындағы адам доқтыры Дәулетшаһ Күсепқалиұлы туралы» деген құжатқа назар аударайық:
«Дәулетшаһ Күсепқалиұлы 1900 жылы Мәскеу университетін бітіріп, 1903 жылға дейін доғдырлығында болады. 1903-1911 жылға дейін ұдайы крестиански нәшәлнік болып, 8 жыл бұл істе тілегін көрсетіп, патша заманында қызмет қылады. Осы соңғы жылдар орнынан қалып, доқтырлық қызметіне кіріседі. Әлі де сол қызметте.
Күсепқалиұлы ... төре нәсілінен, бұрын да (патша заманында) крестиански нәшәлнік йәки басқа қызметте тұрғанда байлықпен, кісі күшімен пайдаланып жүрген, қазір де күйлі, кісі күшімен пайдалануы дұрыс. Крестиандықтан түскеннен кейін төңкерістен бұрын да, қазір де тар ғана мамандығымен кәсіп етіп, қоғам қызметіне белсендігі көрінбеген.
Земства мен Алашордада белсенділікпен қызмет етіп, еңбекшілер табына қиғаш бағытпен жүргендігі көрініп, Тайпақ болаткомы (болыстық атқару комитеті – Қ.Қ.) мен Жымпиты уаткомы (уездік атқару комитеті – Қ.Қ.) Кеңес өкіметі заманында бес жылдан артық қызмет етіп еді дейді. Бірақ (біресе) оның кісі күшін пайдалануы, ескі төре, қазақ еліне тізесі батқаны және тар мамандығымен ғана іс қылған жағдайынан аулақ болып отыр.
Осы жоғарыдағыларды ескеріп, Дәулетшаһ Күсепқалиұлының сайлау, сайлану еркінен айыруды дұрыс деп тауып, бұрынғы қаулыны күшінде қалдыруға, негізгі заңға 69 статиа және Қазақстан Орталық ...ның сайлау туралы нұсқаулығының 14-ші статиасының 5 және 11 тармақтарымен даусы алынуы тиіс деп табам.
21.09.1928.
Нұсқаушы (қолы қойылған)»
* * *
Бұл тарихтың соңы әйгілі: 1928 жылы Дәулетшенің мал-мүлкі кәмпескеленіп, өзі үй-ішімен Жетісу өлкесіне жер аударылумен жалғасты. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивіндегі тәркілеу туралы құжаттарға көз салайық. Ірі байлар мен сенімсіз элементтер қатарында тізімге ілінген Дәулетше туралы былай делінген:
«13. Дәулетше Күсепқалиев – 58 жаста. Төре тұқымы. Орал округі, Тайпақ ауданы 2 ауылда тұрады. Тәркілеу тізіміне кірген. Сауатты. Патша тұсында түрлі шенеуніктік қызмет атқарған. Отырықшы шаруашылық жүргізген. 150 ірі қара малы бар. Өзге малын жасырып үлгерген. Алаш өкілі Досмұхамедовтің қол астында қызмет еткен. Үстем тап өкілі ретінде дауыс беру құқынан айырылған...».
Архив құжаттарынан кейіпкеріміздің 7 адамнан тұратын отбасымен Алматы қаласына жеткенін көреміз. Дәулетше ол жерде күйеубаласы, республикалық венерологиялық диспансер меңгерушісі Ахмет Мамытұлының қамқорлығымен 1929-1934 жылдары осы диспансерде дәрігер болып қызмет етеді. Бірақ сталиндік қуғын-сүргін басталған кезде бір жерде көп тұрақтамай, Алматы облысы Қаскелең аудандық ауруханасында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес аудандық ауруханасында, кейіннен Семей облысының Абай аудандық ауруханасында бас дәрігер болып қызмет атқарады. Осы қызметте жүріп жұқтырған аурудан қайтыс болған Дәулетшенің сүйегі Семей жерінде қалған көрінеді...
https://egemen.kz/article/284443-sibirde-tuyp-qughynda-olgen-dariger