Большевиктер билігі қудалаған дін өкілдерінің тағдыры сан қилы. Соның бірі – батысқазақстандық Лұқпан Тұрсынұлы.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Лұқпан молданың дәл қай жылы өмірге келгені нақты емес. Құлпытасында 1884 жыл деп көрсетілген. Бірақ 1928 жылғы архив құжаттарында «жасы 48-де» делінеді. Сол кездің өзінде «мұхтасиб» деген анықтауыш иеленген. Мұхтасиб (араб. – «хисбаны атқарушы») – мұсылмандарды түзу жолға бағыттап, мұсылмандықтың моральдық нормаларын ашықтан-ашық бұзушылыққа жол бермей, түзу жолға салатын діни лауазым иесі деген мағына береді. Қазақ даласында молдаларға «мұхтасиб» атағын Орынбор мүфтилігі берген, оның мәні – өзі тұратын аймақта, аудан көлемінде дін ісін жүргізуші, қадағалаушы дегенге саяды.
Башқұртстан Республикасы мемлекеттік архивінде сақталған дерекке қарағанда, Лұқпан Тұрсынов Астрахань губернасы Ішкі қазақ ордасына қарасты Талов қисымы №7 старшындықтың Ескі Талов поселкесінде 1908 жылы 26 қарашада №8072 д№744/06г екінші молда болып бекітілген. Құжатта бұл мешіттің 1901 жылдан бері қызмет етіп тұрғаны, имамы Жалмырза Сақанов (әрі Меңдібаев) екендігі жазылыпты.
Елден безу
Лұқпанның өзі Байбақты руының Қоян-Қашу бөлімінен тарайды. Оның бір туған ағасы Шәкудің ұрпағы, оралдық Жомарт Ғабдолханұлы біздің кейіпкеріміз туралы біраз дерек, суретпен бөлісті. «Қазталов ауылында Лұқпан атаның өз мешіті болған екен. Оны 1924 жылдары большевиктер тартып алып, құлып (клуб) жасаған. Өзін қудалап, түртпектей берген соң 1929 жылдары отбасымен Ішкі Ресейге көшіп кеткен. Әкемнің айтуынша, Башқұртстан жағында тұрыпты-мыс» дейді Жомарт аға.
Бұл шындыққа сай келеді. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында біз Лұқпан Тұрсынов туралы бірнеше деректі кезіктірдік.
«Тұрсынұлы Лұқпан (48 жаста) – мұхтасиб, Бөкей уезі бұрынғы Бостандық болысынан, РСФСР Конституциясының 65 бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған» (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс);
Тағы бір құжатта былай делінген:
Қазақ Талөпке қаласының қарауындағы 1928-1929 жылдары сайлауалды әзірлік науқанында сайлау-сайлану пұрсаты алынғандардың тізбесі. Сүйеніш: Қазақстан Орталық Аткомының 1927 жылғы 24-қауыстағы Ресей Орталық Аткомының 69-ыншы Конституция негізгі заңында сәйкестіріп шығарған нұсқама кітабы, ІІ қалалық сайкомының 1-2-3 санды әм райондық сайком 3-4 санды отырыс қаулыларымен беркілген. 1928 жыл, декабрь (желтоқсан): ...Талов ауданының 4 ауылынан 1923-1928 жылдары мына адамдардың сайлау құқы алынған: Қараоба ауылынан: Лұқпан Тұрсынұлы, мешіт молдасы, діни қызметі үшін 14 бап бойынша сайлау құқынан айырылған, өзі 48-де, әйелі Мәген 37-де (БҚОМА, №392 қор, №1 тізбе, №116 іс, Талов ауданы бойынша сайлау құқынан айыру жөніндегі құжаттар);
Міне, осы кезеңде Лұқпан молда туған жерінен алыс кетуге шешім қабылдайды. «Молдағам негізі кедей шаруа еді. Бірақ заманында молда болғансың деп күн көрсетпеген соң орыс жеріне көшуге мәжбүр болды» деп жазыпты Ғабдолхан Шәкуұлы 2003 жылы қағазға түсірген естелігінде.
Жылымық
Өзін, молдалық «қылмысын» білетін ортадан алыс кеткен Лұқпан Тұрсынов 1937-1938 жылдың қанды қасабынан аман қалған. Бірақ берген құрбандығы да аз емес: оншақты ұл-қызы бірінен соң бірі шетінеген. Көп тұяқтан аман қалған жалғыз ұлы Тоқас Ұлы Отан соғысы кезінде майданға алынып, хабарсыз кеткен.
Лұқпан Тұрсыновтың тарих алаңына қайта шығуы 1943 жылдан басталыпты. Бұған себеп – Ұлы Отан соғысының алғашқы қиын-қыстау кезеңінде Сталиннің есіне Құдай түскен. Яғни халықты соғысқа үндеуге, жауға қарсы жұмылдыруға діннің ықпалы зор екенін түсінеді. Сөйтіп кеңестің атеистік саясатына жылымық кіреді. 1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (САДУМ) құрылады. Сол жылы қазан айында Ташкентте мұсылмандар құрылтайы өтіп, фашистік агрессиямен күрес жөніндегі міндеттер қабылданады. Осы сиезде делегаттар антифашистік үндеу жариялайды. «Бисмиллаһи рахман рахим!» деп басталған ол үндеу кейін КСРО-дағы барлық мұсылман ұлттар тіліне аударылып, халық арасына таратылады.
Осы үндеуге қол қойған он адамның бірі – Лұқпан Тұрсынов еді.
Сол кездегі мұсылман діни элитасы саналған бұл он адамның аты-жөнін толық келтіре кетейік: Ишан Бабахан Абдумәжитханов – сиезді шақырушы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, Ғабдрехман Расулев – Уфа қаласындағы Орталық мұсылмандар Діни Басқармасының муфтиі, Әлимхан Түрк Шәкирхожаев – Қырғыз КСР-інен келген имам, Ғабдулғафар Шамсутдинов – мұхтасиб, Қазақстаннан келген қажы, Халилрахман Насрутдинов – мұхтасиб, Орталық мұсылмандар Діни Басқармасы Діни кеңесінің мүшесі, Мәскеу қаласы мешітінің имамы, Мулла Салех Бобоколанов – Тәжікстаннан келген дін қайраткері, Муратходжа Салих-Ходжаев – халфе, Ташкенттік мударрис, Кене ишан Хызыркули ишан оглы – Түрікменстаннан келген дін қайраткері, Лұқпан Тұрсынов – Батыс Қазақстанның мұхтасибі, Кемал Шабданов – Қырғызстан мұсылмандарының өкілі. (Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві – GARF, №6991s қор, №3s тізбе, №6 іс, 34-36 беттер - https://islamperspectives.org/rpi/items/show/19566)
1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы құрылған кезде Қазақстаннан үш қази сайлау ұсынылған. Үшеудің бірі – Лұқпан Тұрсынов еді. Бұл туралы белгілі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани былай деп жазады: «...Қазақстанда қазилықты үшеу сайлап, бірін Моңғолияға жіберіп, екеуі Қазақстанда істеп тұрады екен. Соның бірі қылып құрылтайда мені сайлап, Ақмолада имам-хатиблары қазиы болып тұра бердім» (С.Ғылмани, «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары», Алматы, «Даик Пресс», 2013, 357 бет).
Иә, Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылысымен Лұқпан молдаға шетелге – Моңғолия қазақтарының арасына жол түсіп тұр еді.
Бұл жөнінде Ғабдолхан Шәкуұлы қызық естелік қалдырған:
«Моңғол Халық Республикасы Ұлан Батыр қаласынан 800 шақырым жерде 2 мың қазақ тұрады екен. Біздің Одақтан молда сұратады, ол кезде мүфти Ташкентте, Ишан Бабахан, ұлты өзбек. Бас мүфти орыс жерінен Лұқпан ағайды шақыртып, Моңғолияға баруға келісімін алып, Мәскеуге, Кремльге жібереді. Онда Жоғарғы Совет төрағасы Калинин, хатшысы Горькийдің қабылдауында болады. Молдағам мен жеңгейге паспорт жазып береді. Паспорттың сырты қызыл мақпалмен қапталған, іші орысша және моңғолша жазылған, Калинин мен Горький қол қойған, герб мөрі бар. Өзім көріп, қолыма ұстадым», деп жазады інісі.
Баян-Өлгейде
Лұқпан молданың Баян-Өлгей қазақтары арасындағы тарихын сол елдегі қандасымыз, белгілі өлкетанушы Жанарбек Ақби былай деп кестелейді:
«Коммунистердің саяси қырғыны Моңғол елінде де Сталин жобасы бойынша жүрді. Сталин «Моңғол елінде 30 мыңнан астам халық жауы бар» деп санын белгілеп берген екен, 1937-1938 жылдары қанды қырғын 36 мың адамды жалмап, жоспар артығымен орындалды. Сол кездері Моңғол еліндегі саны 30 мыңға жетер-жетпес қазақ та саяси нәубет құрығына ілікті. Қазақтардан, әсіресе дін ұстанатын адамдар, хат танитындар, байдың тұқымдары, Қытайға қашып кетуі мүмкіндер, үкіметке қарсылар деген тізіммен 1000-ға тарта адам қырылып кетті.
1939 жылы маршал Х.Чойбалсан батыс өлкеге сапар шегеді. Ол кезде қазіргі Моңғолияның ең батыс өлкесінде орналасқан қазақтар әкімшілік жағынан көрші Ховда аймағына қарасты еді. Чойбалсан қазақтар шоғырланған өлкеге келгенде, «Қазақтарға жеке аймақ орнатып берем» деп уәде етеді. Сөзінің шын екеніне сендіру үшін өлкедегі жасы үлкен, елге сыйлы шаңырақтарға кіріп, сәлем береді. Сондай киелі шаңырақтың бірі, 1865 жылдары Қытаймен соғыста мерт болған М.Бәтекен батырдың шаңырағына әдейі барады. Бәтекен батырдың жұбайы Зымыран апа жасы 105-ке келген кезі екен. Маршал Чойбалсан апаға сый-сияпатын ұсынып, өкіл бала болады. Кетерінде «Не тілегіңіз бар?» деп сұрайды. Сонда Зымыран апа: «Жасарымды жасадым, енді маған тағы 100 жыл өмір жоқ, көрім жақын адаммын. Мен өлсем жаназамды шығартатын молда керек», депті. Аудармашылар жүректері зырқ етіп, нағыз қанды қырғынды ұйымдастырған адамның өзіне бұл сөзді жеткізе алмай, шыбын жаны мұрын ұшына жетіп, бір-біріне жалтақтап, кібіртіктеп қалады. Зерек Чойбалсан апаның ауыр тілек айтқанын сезіп, «Мен баласы болдым емес пе? Кәрі адамның сөзіне ренжімеймін, сол қалпында аударыңдар!» депті. Аударма жасап жүрген Жеңісхан, Сәду, Изенбайлар бір-біріне жалтақтап, сәлден соң Жеңісхан батылданып, апаның аузынан шыққан сөзін қаз-қалпында: «жаназамды шығаратын молда керек», деп аударып беріпті. Сәл ойланып, ауыр күрсініп алған маршал Чойбалсан «біз дін ұстанушыларды түбірімен құрттық, енді ел ішінде қалған, солардан естіген, көрген, еліктейтін жандар бар шығар. Апаның жаназасын шығаратындай молда тауып қойыңдар» деп, аудармашының бірі болып жүрген, болашақ Баян-Өлгейді өз қолымен орнататын тұлғаның бірі Д.Жеңісханға тапсырма беріп кетеді. Ел басынан тапсырма алған Жеңісхан 1930 жылы Мәскеуде білім алған, ел ісіне жетік, ұлтжанды адам екен. Баян-Өлгей аймағы 1940 жылы орнағанда партия хатшысы болып, 1943-1952 жылдары Баян-Өлгей аймағын басқарады.
Сонымен 1940 жылы көрші Ховда аймағынан бөлініп, Баян-Өлгей аймағы орнайды. Маршал Х.Чойбалсан сөзінде тұрып, моңғол қазақтарына жеке аймақ орнатып береді. Бірақ халық көпке дейін сенбей, үркіп, Қытайдың Шыңжаңына қаша береді. «Бұл қазақтың сеніміне қалай кіреміз? Елдің шекара бұзып үрке қашуын қалай қойдырамыз?» деген Чойбалсанға Жеңісхан баяғы дін мәселесін еске салады. «Халықтың дініне еркіндік беру керек. Ол үшін мешіт салып, мықты білімді молдаға имамдық істету керек, сонда халық үкіметке сенеді. Әрі отырықшылыққа үйрене бастайды», дейді Жеңісхан.
Міне, біздің кейіпкеріміз Лұқпан молданың Моңғолияға сапары осылай басталса керек. Х.Чойбалсан қазақтың тілін білетін, сауатты молданы КСРО-дан, кеңестік қазақ елінен сұратқан.
Лұқпан молда Баян-Өлгейге келісімен аймақ бастығы Жеңісхан барынша қолдау көрсетеді. «Мүмкін болса мешіт салып, дінді сол мешітте жүргізсең» деген жоспарын айтады. Лұқпан молда бірден іске кіріседі. Ақшасын қазынадан шығарып, бір кірпішті 3 тиынға бағалап халыққа соқтырады. Алдымен өз басына үй, сосын мешіт салдырған екен. Мұнарасын ұлты өзбек Ясын деген азамат көтеріпті. Лұқпан салдырған мешіт сол заманда өте әдемі, Баян-Өлгейдегі сәулеті биік құрылыстың бірі болыпты. Баян-Өлгей орталығында салынған мешітті көреміз деп ел жан-жақтан ағылып тамашалаған. Әр сумынға жауапты адам қойып, мешітке қаражат үшін халықтан зекет жиғызған. Лұқпан Баян-Өлгейде жүргенде 2 рет рұқсат алып, демалысқа еліне барып келген екен. Әр барған сайын қазақтілді газет, кітаптар әкеліп жүрген. Лұқпан молда Баян-Өлгейде ой-қырдағы өлкелерге барғанда өмір бақи көшпелі салт ұстанған халыққа мәдениетті киіну, мал қора, үйлерін қалай салу сияқты ақыл-кеңесін айтып отырады екен. Лұқпанның әйелі де ұнды қалай ашыту, үй ішін қалай сәндеу, отбасындағы қыз бала тәрбиесі, олардың киім киісі жайлы өз білгенін бөлісіп, көмектескен.
Лұқпан аймақ бастығы Жеңісханың тапсырмасымен 1937-1938 жылдары саяси нәубет жылы ұсталған үлкен молдалардың ұрпақтарына да көп көмектескен. Өйткені аталарын қырған партиядан гөрі мешіт имамының сөзі өтімді болатын. Өз өмірін мысалға келтіріп, Қазақстанда да «халық жауы» деген нәубет жүргенін, мешітін алып, қудалағанын айтып, «ауыздарыңа берік болып, оқу оқысаңдар, білім алсаңдар ешкімнен кем болмайсыңдар, жаңа заман оқуын оқыңдар» деп үгіт жасаған. Лұқпан мешітпен бірге медресе де ашып, бала оқытып, үлкендерге де үгіт-насихат жасап, жұма намазын үзбей жүргізіп тұрған.
1952 жылы қаңтарда маршал Чойбалсан өмірден өтеді. Жеңісхан өзі орнатқан Баян-Өлгей аймағындағы қазақтар арасында жоғары-төмен домалақ арыз көбейгенін байқайды. Енді елде саяси ойын қыза түсетінін ерте аңғарып, Лұқпанды шақырады. «Қиын кезде шақырдым, келдің. Міндетіңді мінсіз атқардың. Саған рахмет! «Үш әріп» ұйымының басшысы Қалқабайға айтып қойдым, сені еліңе қарай шекарадан өткізіп жібереді. Басың аман тұрғанда еліңе кетіп қал!» дейді. Лұқпан кетерінде Жеңісхан Баян-Өлгей шеберлеріне арнайы алтын-күмістен қаптатып істеткен ер-тұрман сыйлайды. «Менен естелік болсын» деп күміс сапты пышақ, керей белбеу тағады. Лұқпаның әйеліне қазақтың өкшелі етігін кигізіпті. «Баян-Өлгейде сендер жүргенде жаназасыз бір де бір қазақ көмілген жоқ. Сен тәрбиелеп кеткен біраз адам баршылық, енді дініміз үзілмес. Халық та орнықты, жолдарыңыз болсын!» деп жылы шығарып салады.
Айтпақшы, Лұқпан молда кеткен соң Баян-Өлгейдегі мешітке ұйғыр Бәдірақын имам болған. Бірақ көп уақыт өтпей дінге қысым басталып, ол Ховда аймағына жер аударылады. Одан кейін имам болған бірнеше қазаққа жала жабылып, ақыры мешіт есігіне қара құлып түседі. 1957 жылы Бұғыты сумын мектебін салғанда мешітті бұзып, кірпішін мектеп құрылысына пайдаланған. Тек Жеңісхан, Қалқабайлардың ықпалымен мешіттің мұнарасын бұзбай алып қалған екен. Күні бүгін сол мешіттің мұнарасы Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласында көнеден сыр беріп, қалқайып әлі тұр...
Алматыда
Архив құжаттарына қарағанда Лұқпан Тұрсынов 1946 жылы Мәскеуде өткен мұсылман дінбасыларының сиезіне Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүшесі ретінде қатысқан. 1948 жылы 14 желтоқсанда өткен ОАМДБ бірініші құрылтайының III пленумына Қазақстан атынан қатысқан 3 қазидың бірі болыпты. Жоғарыда айтылғандай, бұл жиындарға Моңғолиядан арнайы келіп қатысса керек. Ал 1954 жылы 1 ақпанда өткен ОАМДБ екінші құрылтайының III пленумында пленум мүшесі болған. 1966 жылға дейін Алматы мешітінің имамы болып қызмет еткен. «Мен Өзбекстанда 4 жыл Кеңес армиясы қатарында болып, 1953 жылы 9 қараша күні Алматы қаласына келдім. Пушкин көшесі №16 үйдегі мешіттің астында екі отбасы – Молдағам Лұқпан және қази, ақмолалық Сәдуақас Ғылмани отбасымен тұрады екен. Сәдуақастың әйелі және 8-сынып оқитын қызы болды», деп еске алады Ғабдолхан Шәкуұлы.
Ғабдолхан ағайдың жазуынша, Лұқпан Тұрсынов 1952-1966 жылдары Алматы мешітінің имамы болған. Ғабдолхан сол үйде үш жыл жатып, техникум бітірген екен.
1956 жылы 17 сәуірде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің уәкілі Б.Жұмашевтың Қазақстандағы мешіттер туралы Полянскийге жолдаған есебінде мынадай жолдар бар: «Алматы қаласындағы мешіт ХХ ғасырдың басында Қазан мешіттері үлгісінде салынған. Сыртқы түрі жақсы, мұнарасы бар. Ішкі көрінісі, жасау-жабдығы қанағаттанарлық. Мешіттің имамы болып ОАМДБ пленум мүшесі Лұқпан Тұрсынов қызмет етеді».
Лұқпан Тұрсыновтың өз балаларының ғұмыры қысқа болғанын жоғарыда айтқан едік. Алғашқы әйелі дүниеден өткен соң Лұқпан Ұрқия есімді татар келіншегіне үйленеді. 1958 жылы Ғабдолхан Шәкуұлы өзінің әлі 1 жасқа толмаған Қайрат есімді ұлын молда ағасының бауырына салады. 1966 жылы жасы егде тартқан шағында имамдық қызметін тастап, Лұқпан Тұрсынов елге, Орал қаласына оралады. Жомарт Ғабдолханұлының айтуынша, үкімет Лұқпан молдаға Орал қаласының бұрынғы Кутяков, қазіргі Әбілқайыр хан көшесінен 3 бөлмелі пәтер беріпті. 1971 жылы 20 наурызда дүниеден өткенше сол үйде тұрған. «Лұқпан атаның беделі өте күшті еді. Айына бір мәрте елге, Қазталовқа келген кезінде хазіретке сәлем беру үшін үйімізге адам сыймай кететін. Келген үлкендер молда атамыздың алдында басын иіп, қолын сүюші еді», деп еске алады Жомарт Ғабдолханұлы.