Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толды. Автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы болған тарихи тұлғаның мерейтойы оның туған жерінде кеңінен аталып өтті.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала топырағында өткен мерейтойлық шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келді. Тарихи тұлғаның туған жерінде өткен «Сейітқали Меңдешев – мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар алдында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды.
«Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл және осы өңірдің әйгілі перзенті Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толуымен құттықтаймын. Жаңақала ауданынан көптеген өнер саңлақтары мен белгілі тұлғалар, төрт Кеңес Одағының Батыры, 17 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олардың ішінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевтің орны бөлек. Оның ағартушылық қызметі ұлт-азаттық көтеріліс және ашаршылық кезіндегі халқына жанашырлығы жұртымыздың жадында әрдайым сақталады. Сейітқали Меңдешевтің туған еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Халқының болашағы үшін аянбай тер төккен осындай тұлғаларымызды ұлықтау – бүгінгі буынның перзенттік парызы. Ұлт мүддесіне адал қызмет еткен Сейітқали Меңдешев сияқты ардақты азаматтардың есімін есте сақтау жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу тұрғысынан өте маңызды. Оның өмір жолы мен қайраткерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге бола біледі деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев», делінген екен Астанадан жеткен құттықтау хатта.
Жаңақалада өткен тағылымды шараның тағы бір мәртебелі мейманы – Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінің директоры, белгілі ғалым Сәбит Шілдебай болды. Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сәбит Қамытбекұлы өткен жылы ғана «Сейітқали Меңдешев. Құжаттары мен материалдар жинағы» атты еңбекті баспадан шығарған болатын. Бұл жинақта кеңес дәуіріндегі қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан бірегей тұлға, қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру жолында және кеңестік билік органдарын жергіліктендіру жолында, 1921-1922 жылдардағы аштыққа қарсы күресті ұйымдастыруға, қазақ ағарту және ғылым салаларының негізін қалауға ерен еңбек еткен қайраткер Сейітқали Меңдешевтің архивтерде сақтаулы құжаттары, деректік материалдары, мерзімді басылым мақалалары тұңғыш рет бір жерге топталған болатын.
Конференцияға, сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Закария Сисенғали қатысты.
Сейітқали Меңдешевтің атақ-даңқы жалпы қазақ даласына кеңестік кезеңде шықты. Әйткенмен, оның төңкеріске дейін де Батыс Қазақстанда, Бөкейлікте ұлт-азаттық күрес жолында жүріп әбден шыңдалып, қоғам қайраткері дәрежесіне жеткені Есқайрат Хайдаровтың баяндамасынан анық көрінді.
1903 жылы Қазан қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіріп, «халық мұғалімі» деген атақ алған Сейітқали ел ішінде сабақ бере жүріп, 1906-1908 жылдары Бөкей Ордасында мұғалімдер мен фельдшерлерді біріктірген зиялылардың жасырын одағын ұйымдастырған екен. Бөкейлік оқыған жастар тұңғыш рет ұйым құрып, халықты мәдени-рухани жағынан жетілдіруге, оқу-ағарту ісін бір жолға қоюға, ұлттық тең құқылықты сақтауға ұмтылған. Зерттеуші Мақсат Тәж-Мұраттың жазуына қарағанда, 1907-1908 жылдар шамасында белгілі Шәңгерей Бөкеевтің мекені – Көлборсы жерінде он адамнан тұратын жасырын ұйым құрылған. Олар – Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Сейітқали Меңдешев және Мұхтар Сәрсембиевтер болатын.
1911 жылы әуелі Бөкейлікте, кейін Орал қаласында шыққан «Қазақстан» газетінің маңында Сейітқали Меңдешев те жүрді. Газет басу үшін елден ақша жинап, баспахана сатып алған кезде ұйымдастыру жұмыстарының ішінде болғаны туралы өз қолымен жазған хаты Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған.
«Сейітқали Меңдешев қазақ халқының тағдырына қатысты саяси жағдайларға бей-жай қарай алмай, Бөкей Ордасындағы, оның ішінде Жаңақаладағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске де белсене қатысты. Одан бұрын Петербург қаласына екі мәрте барып, бірінде ел ішіндегі білім беру мәселесін, екіншіде Астрахань губерниясындағы жерге талас тақырыбын көтеріп, ұлтының мүддесін қорғады», дейді ғалым Есқайрат Хайдаров.
– Республикалық деңгейден асып, күллі Одаққа танымал болған тұлғаға арналған конференция облыс орталығында емес, өзінің туған ауданында ұйымдастырылса да жоғары деңгейде өтті, – деді осы шараға Алматы қаласынан арнайы келген Сәбит Шілдебай.
Сәбит Қамытбекұлы осы сапарында аудандық кітапханада оқырмандармен кездесіп, жоғарыда аталған кітапты таныстырып өтті. Тарихи тұлғаның туған жері – Жаңақазан ауылында болып, мектеп музейімен, тарихи ғимараттармен танысты.
Мерейтойдың тарихи маңызына Мемлекет басшысының өзі назар аударып, арнайы құттықтау хат жолдаған қазақтың бірегей тұлғасы – Сейітқали Меңдешевтің тойы ел еңсесін бір көтеріп тастады.