Заманында ең танымал дін қайраткерлерінің бірі, Орал облысының қазиы атанған Қайырша Ахметжанов бүгінде мүлдем ұмытылған деуге болады. 1917 жылы Орал қазақтарының сиезін ұйымдастырушылардың бірі, бүкілресейлік мұсылмандар сиезінің, Орынборда өткен жалпықазақ сиездерінің делегаты, Күнбатыс Алашорда үкіметінің діни көсемдерінің бірі Қайырша хазіреттің сүрген жылдары, ғұмырының соңғы кезеңі белгісіз, ақтаңдақ...
Қайырша хазіреттің сүйегі – Жетірудың Кердерісі. Атажұрт қонысы – Шалқар көлінің күнбатыс бетіндегі Дуана. Жалпы, Жайық өзенінің жоғарғы бетін, сол жағалауын жайлаған қалың кердеріде белгілі дін қайраткерлері көп шыққан. Әбубәкір Кердері, Құрбанғали хазірет, Орал уезі Жұбанышкөл болысында туып, кейін Қытайдың Құлжасында еңбек еткен Молдағали Бектұрлыұлы... Тіпті Қайырша хазіреттің өз әкесі Ахметжан да қатарының алды болған, күллі қазақтың асыл діні мен атажұрт топырағын қорғап, патша алдына саяси талап қойған қайраткердің бірі болатын.
Ахметжан молда
Орал облысы Ілбішін үйезі Шалқар болысы 3-ші ауылының молдасы Ахметжан Баймұхамедұлына байланысты бірнеше дерек белгілі.
Қаратөбе өңірінде белгілі әулие, ғұлама діндар Едіге Шымырұлы (1850-1926) деген адам өткен. Сол Едіге ишанның баласы Сағит айтты деген мынадай жыр жолдары бар:
«Бөрібайдың баласы,
Шымырғали молда еді,
Нұрпекеге қол берген,
Әдеп-арқан жол көрген.
...Қарындасы Шымырдың –
Ахметжанның шешесі.
Кердеріде сол еді,
Оның да ғылымы мол еді.
Имам болған еліне,
Ақмешітті салдырған,
Дуананың көліне...»
Бұл Ахметжан молда 1891 жылы 27 шілдеде Ресей империясының патша тағына мұрагері Николай Александрович (кейін ІІ Николай патша) Орал облысына келген кезінде қарсылап алушы қазақтар тобының құрамында болып, қазақ халқының атынан патшазадаға арыз ұсынған екен.
Бірақ Ахметжан ишан Баймұхамедұлының «қазақтың діні тұрғысында істерін Орынбор діни басқармасының қарамағында қосу» жөнінде берген бұл өтініші һәм қабылданбады.
Бірақ қазақтар қол қусырып қарап отырмаған. 1905 жылы Орал және Торғай облыстарынан 22 адам, көбі ишан-хазірет, Петербургқа депутат болып барып, қазақтың дін және жер мәселесін оңынан шешуді талап еткен. Солардың бірі – Ахметжан ишан.
Бұл делегацияның шағымы «Орал облысының және Торғай облысының Петербургке депутат болып барған ізгі ишандарының һәм билерінің дін тұрғысындағы һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге ұсынған сөздері» деген атаумен Орал қаласында Камил Тухватуллиннің баспасынан 1905 жылы шағын кітапша болып басылған. Бұл құжатта дін туралы: «Енді бұл заманда қазаққа дін жөнінен болған қысым және кемшіліктер шектен асты. Яғни қазақ балаларының мұсылманша оқып жүрген мектеп медреселерін әкімдер жапты, жамағат болып намаз оқитұғын мешіт пен ғибадатханаларды жапты, һәм неке, туған балалар, өлген кісілер және талақтар туралы және метрике жазудан моллаларды тыйды» деп күрделі мәселелер қозғалады. Жер туралы: «қырғыз-қазақ халқы осы күнге шейін өзінің мекен етіп күнелтіп келе жатқан жерін, мәңгіге нәсіл-нәсәпқа өзімнің, ешкімнің ортағы жоқ жерім деп есептейді. Қырғыз-қазақ халқының осы көңіліне сай, өткен заманда әкімдері патшалық мұқтаждығы үшін қырғыз-қазақ халқының жерінен жер алса, тек халықтың разылығымен, обществолардың приговоры бойынша алушы еді» деген жолдар кездеседі.
Осы жазбада Ахметжан халпенің граф Алексей Павлович Игнатовқа жазған хатындағы «қазақтың бүгінде бауыры балшық, сырты су болып, көзінен аққан жасы таусылып, қан ағады» деген жолдары мысалға келтірілген. Көріп отырғанымыздай, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында қазақтың дін мәселесі өте қиындап, ел ішіндегі ишан-хазіреттердің жағдайды түзеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген.
Ахметжан молданың сауатты, көзі ашық адам болғаны қазақтың тұңғыш ұлттық басылымдарының бірі «Қазақстан» газетінің 1912 жылғы 24 сәуірдегі №11 нөмірінде жариялаған қазанама-мақаласынан да көрінеді.
Қайырша хазірет
«Баймұхамедтен – Ахметжан мен Ахметше бірге туған. Ахметжаннан – Қайыршаһ және Әсима деген қыз болған. Ал менің атам Ахметшеден – екі ұл, бір қыз туған. Әкемнің құлпытасында «Кердері руы, Жабағы тайпасы, Андас бөлімі» деп жазылған», – дейді Орал қаласында тұратын еңбек ардагері Темірболат Құбашев.
Бір таңғаларлық жәйт, Қайырша хазіреттің туған жылы туралы мәлімет табылмай тұр. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты шығарған «Азалы кітап» жинағында бұл кісінің есімі жоқ. Кеңес үкіметінің саяси қуғын-сүргін құрбандары тізіміне кірмеген. Ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, Күнбатыс Алашорда жетекшілерінің бірі болған Қайырша Ахметжановқа большевиктер билігі тиіспей, тек қойды деу ақылға сыймайды. Туыстарының айтуынша, Қайырша хазірет те қудаланған, сотталған, жер аударылған. Ақыры жат жерде қайтыс болған.
Темірболат ағайдың айтуынша, Қайырша хазірет діни білімді Қазан қаласында алған. Орысша сауаты да жоғары болғанға ұқсайды. Оның есімі жарқ етіп көрінетін кез – ақ патша тақтан құлап, күллі қазақ қоғамы автономия тақырыбын толғатып жатқан уақыт. 1917 жылы 19-22 сәуірде Оралда өткен облыстық қазақ сиезінде хатшылық қызмет атқарып, аты-жөні хаттамаға түскен.
Орал қазақтарының сиезі
«1917 жылы сәуірдің 19-22-сі аралығында өткен Орал (Батыс Қазақстан) облыстық қазақ съезіне 800-ден астам делегат қатынасты. Делегаттар саны жағынан сол жылғы көктемде өткен қазақ съездерінің одан асқаны жоқ. Съезді шақырушылар оған мұқият дайындалды. Делегаттар арасында Орал облысының уездерін айтпағанда, барлық болыстың өкілдері болды» деп жазды белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» кітабында.
Орал облысы қазақтарының бірінші сиезі 1917 жылдың 19 сәуірі күні сағат түскі 12-де ашылған. Сиез төрағалығына Томск округтік сотының прокурор жолдасы Жаһанша Досмұхамедұлы бірауыздан сайланған. Ғұбайдолла Әлібеков пен Алпысбай Қалменов төраға орынбасарлары болса, Ғаббас Жетпісов, Қайырша Ахметжанов және Ермұхамед Арғыншиев сиез хатшысы болып сайланған.
Осы сиездің екінші күні дін мәселесі талқыланды.
«Айырым муфтият құрудың қажеттігі жөніндегі бірінші мәселені талқылай келіп, сиез қазақтар үшін бөлек мүфтилік құрған дұрыс болады деген ұйғарымға келді, бірақ бұл мәселе өзге облыс қазақтарымен ақылдаса отырып шешілетін болғандықтан, сиез қаулы етеді:
Орал облысы қазақтарының діни басқармасы уақытша Орынбор мүфтилігіне қосылсын. Жергілікті имамдарды мешіт жамағаты діни білімі, тиісті куәлігі бар адамдар арасынан сайласын. Ахун мен қази татарларда қалыптасқан үлгімен сайлансын. Әр ауылдық әкімшілік аумағында кем дегенде бір мешіт болуы міндетті болсын. Мешіт имамы туу, өлу және неке жайлы мәліметтерді метіркелік дәптерге жазып отыруға міндетті. Сайланған имамдардың қызметі мерзіммен шектелмейді».
Сиездің үшінші күні, 21 сәуірде делегаттар Мәскеуде өтетін бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне Орал облысынан баратын топ мүшелерін анықтады. Сөйтіп, Мәскеуге Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Ғұбайдолла Әлібеков, мұғалім Сұбханов, молдалар Қайырша Ахметжанов, Хасан Нұрмұхамедов, Қажығали Мәулімбердиев, К.Андабаев, Хамидолла Тәржіманов, И.Байгүреңов баратын болды.
Дәл осы сиезде Қайырша Ахметжанов Орал облысы қазақтарының қазиы болып сайланды. Әр облыстағы қазақ сиездерінің таңдауымен Бөкейліктен – Ғұмар Қараш, Оралдан – Қайырша Ахметжанов, Торғайдан – Ғұбайдолла Ешмұхамедов, Ақмоладан – Мағди Мақұлов қази болып сайланған. Осылардың ішінен әуелі Ғұмар Қараш, кейін Мағди Мақұлов Уфадағы діни басқармада қазақ істерімен айналысты.
Алқалы жиындар
Қайырша хазіреттің есімі осыдан кейін қазақ тағдыры талқыға салынған алқалы жиындардың бәрінде кездеседі. Тарихшы Светлана Смағұлованың дерегінше, ол Орал облысының Далалық бөлігін басқарудың уақытша ережесін жасауға да қатысқан. 1917 жылы мамырда Мәскеуде жалпымұсылман сиезіне қатысып, жалпықазақ сиезін құруды қолдаған. Бұл қаулыға Жалпы мұсылман сиезінің қазақ өкілдері К.Төгісов, А.Досжанқызы, Ғ.Әлібеков, Ә.Теміров, Ә.Дауылбаев, Ғ.Қарашев, Қ.Оразаев, Б.Теміртанов, Ш.Бекмұхамедов, Сұбханов, X.Тәржіманов, О.Татиев, Х.Нұрмұхамедов, У.Танашевтармен бірге Қайырша Ахметжанов та қол қойған.
Орынбор қаласында 21-28 шілде аралығында өткен Бірінші Жалпықазақ сиезінің хаттамасында да Қайыршаһ хазіреттің Орал облысынан сайланған қазы екендігі жазылған.
Ал 1917 жылғы желтоқсанның 5-13 күндері өткен екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезіне әр уезде басы ел сыйлаған екі ақсақалдан, әрбір облыстық қазақ комитеттерінен келетін екі өкілден тыс 30-ға жуық адамға арнаулы шақыру жіберілді. «Олардың қатарында Омар Қарашұлы, Қайырша Ахметжанұлы, Ғабдолла Ешмұхамбетұлы, Ахметжан және Қожахмет Оразайұлдары, Құрманбек Бірімжанұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Уәлитхан Танашұлы, Халел Досмұхамбетұлы, Жаһанша Досмұхамбетұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл Маманұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Салық Қарпықұлы, т.б. болды. Бұлармен қатар «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттері мен жаңадан ашылған қауымдардан бір-бір өкілден шақырылды» деп жазады тарихшы Кеңес Нұрпейісов.
Осы екінші жалпықазақ сиезіне Қайырша хазірет арнаулы шақырулы делегат болса да әлдебір себеппен қатыса алмаған сияқты. Себебі сиез делегаттары «Алаш автономиясы бүгін ресми иғылан етілсін бе, әлде автономияны ресми иғлан етуді арамыздағы жат жұрттармен сөйлескенше һәм милициямызды құрып алғанша тоқтата тұру лайық па?» деп екіге жарылып, тас салған кезінде Қайырша Ахметжанов бұл таңдауға қатыспаған. 33 адам «бүгін», 42 адам «кейін» деп, үш адам екі жаққа да қосылмай қалыс қалған. Барлығының аты-жөні белгілі, бірақ ол тізімде Қайырша хазірет жоқ.
Бірақ Қайырша хазірет осыдан кейін екі жылдай өмір сүрген Ойыл уәлаяты һәм Күнбатыс Алашорда үкіметінің жұмысына белсенді қатысып, діни жетекшілерінің бірі болған. Бұл жөнінде жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясында «Қайырша қазы», «полк молдасы» деп жиі айтылады. Күнбатыс Алашорда 1919 жылдың соңында кеңес үкіметіне өз еркімен беріліп, 1920 жылдың басында таратылғанға дейін Қайырша Ахметжанов та осы айналада жүрсе керек.
Қудалау
1920 жылы 21 қаңтарда Қырғыз (қазақ) әскери төңкеріс комитетінің (КРВК) Алашорданы тарату және қарусыздандыру туралы шешімі шыққан болатын. Бұл тапсырма Леважа-Мюрат пен Әбдірахман Әйтиевке жүктелген. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорында Орынбордың тапсырмасымен Жымпитыға келіп, Күнбатыс Алашорданың «ликвидациясын» қабылдаған Әбдірахман Әйтиевтің жеделхаты сақталған:
«Орал облыстық төңкеріс комитетіне, көшірмесі Әскери төңкеріс кеңесіне. Қырғыз (қазақ) өлкесінің Төңкеріс комитетіне Орал облысынан сенімді күзетпен Орынборға жеткізуді ұсынады:
Тоқберлинов Ихсанды, Мергенов Дрангурді (Жанғожа – Қ.Қ.), Уәлиев Құрманды, Жетпісов Ғаббасты, Нүкішев Нұрахметті, (А)Блаев Айтқалиды, Көпжасаров Ескендірді, Сұлтангереев Нәдіршахты, Медешев Айтілепті, Ишанов Хабибуланы, Сникрентов Шаришті, Құлбаев Исмағұлды, Қаржаубаев Рахметолланы, Сарыудрин (Сарғожин болуы керек – Қ.Қ.) Сабырды, Ахметжанов Қайыршаны, Омаров Салықты, Құбаналиев Майданды, Ертілеусов (Ізтілеуов – Қ.Қ.) Сағидолланы, Қосдәулетов Куанайды, Чулаев Қожасты, Нұрмұхамедов Хас(а)нды, Көпжасаров Исаны, Қалменев Пурашты, Сатаев Кенжеғалиды, Қазаев Ғұбайдолланы, Омаров Хайролланы, Тілеубергенев Джебукинберді (Жұбекен – Қ.Қ.), Нұрмұхамедов Қабышты, Мұқанов Мұхамедқалиды, Танаусов Мырзабайды, Попов Ива Гавриловты И. Даеденко земск басқармасының мүшесі, осыларды Алашорданың белсенді қайраткерлері әрі нағыз қолдаушылары ретінде. Председатель Песковский».
Көріп отырғанымыздай, бұл тізім Күнбатыс Алашорда үкіметінің ең белсенді мүшелері десек қателеспейміз. Дәл осы тізім бойынша кейін бұлардың бәрі де қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыраған.
Міне, осы кезден бастап Қайырша хазіреттің басына бұлт үйірілді деп айта аламыз. Кейін алашордалықтарға амнистия берілген кезде бірнеше жыл өз шаруашылығымен айналысып, бейтарап тұрған. Бұл жөнінде Самат Бекболатов деген азаматтың өмірбаянында «1921 жылдан 1924 жылдың аяғына дейін Жымпиты ауданы Шолақаңқаты ауылында Қайырша Ахметжановтың қолында мал бағып, жалшылықта жүрдім» деген дерек кездеседі.
Қайырша Ахметжановтың 1926 жылы 25 қазан мен 4 қараша аралығында Уфа қаласында өткен Ішкі Ресей және Сібір мұсылмандарының ІІІ сиезіне қатысқандығы туралы дерек сақталған. Сиез президиумының ұсынысымен жергілікті башқұрт үкіметін – Башқұртстан Орталық Комитетін сиез атынан құттықтау үш адамға – Хасан-Гата Габашиге, Ғинатулла Ахметшинге және Қайырша Ахметжановқа тапсырылыпты.
Қолымызға әзірге нақты дерек түспесе де, 1923-1924 жылдардан басталған жаппай қудалау – сайлау пұрсатынан айыру, үстеме салық салу, ол төленбеген жағдайда мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару секілді қуғын-сүргіннен Қайырша хазірет те тыс қалды деп айта алмаймыз.
«Көкемді 1932 жылы айдап алып кетті, біз далада қалдық. Ол кезде Куйбышев (қазіргі Самара) облысында тұратын едік. Кейін ағайынды сағалап, елге келдік», дейді екен Қайыршаның қарындасы, Ахметжан молданың 1916 жылы туған кенже қызы Әсима апай. Бұл деректі бізге Темірболат ағай жеткізді.
Соңғы сәт
Байдың, молданың ұрпағы ретінде Ахметшеұлы Құбаш та қуғын-сүргін көрген. Ұлы Темірболаттың айтуынша, Құбаш арабша сауатты болған. Құлпытасында 1882 жылы туды деп жазылғанымен, шын туған жылы 1899-1900 жылдар болуы керек. «Ауыл мектебін бітірген соң дін оқуын оқу үшін Қазан қаласына барған екен. Сол кезде бүкіл Ресейде төңкеріс басталып, күнде жиын-митинг болып, Қазан шаһарының тынышы кетіп тұрған екен. Әкем оқымай, елге қайтып келіпті», дейді Темірболат ақсақал.
Ол кездері Құбаш Ахметшеевтер Ілбішін (қазіргі Чапаев) шаһары тұсында, Жайықтың сол жағалауын мекендеген. Бұл қазіргі Теректі ауданы Шағатай ауылдық округі, Қызылжар ауылы маңы. Дуана да, Шалқар көлі де қашық емес.
Большевиктер билігі толық орнаған соң «молданың тұқымы, бай» деген айыппен Құбаш та сотталып, жер аударылған. Кейін амнистияға ілініп, босаған соң туған ауылына бармай, нағашыларын сағалап, қазіргі Бекей, Ханкөл ауылдарына келген.
Құбаш Ахметшеұлына тоқталып отырған себебіміз – Қайырша хазіретті соңғы рет көріп, тілдесіп қалған, ақырғы сапарына шығарып салған осы кісі. Тағы да Темірболат Құбашұлының әңгімесіне құлақ түрейік:
«1930 жылдардың соңы, 1940 жылдардың басы болса керек, әйтеуір соғыстан бұрын, әкеміз Қайырша хазіреттің бір хабарын естіп, Ресей жеріне іздеп барыпты. Әттең, нақты қай жер екенін анықтап сұрап алмаппын, айтса да есімде қалмаған. Сонымен әкем барса, хазірет қатты науқас екен. Төсек тартып жатса керек. Немере інісі келгеніне қатты қуанып, «менің күткен адамым келді. Енді өле берсем де болады» депті жарықтық. Сол жерде өзінің жеке түскен фотосуретін және ұстаған Құран кітабын өз қолымен әкеме табыстаған. Және көп ұзамай өмірден өткен. Арулап, пәктер алдында хазірет күлімсіреп жатыпты. Әкем хазіретті өз қолымен жерлеп, сурет пен Құранды елге алып қайтқан...»
Қайырша хазіреттің Құран кітабы осылайша Құбаш қарттың үйінде ең қастерлі бұйымға айналған. Кейін кенже ұл Темірболаттың шаңырағына көшкен. Темірболат ағай бұл Құранды 2000 жылдардың басында Орал қаласына жұмыс сапарымен келген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқан.
«Алаш қайраткерлері, Қайырша хазіреттер армандаған тәуелсіздікке біз жеттік. Сол бабалар алақанының табы қалған көненің көзі қасиетті Құран сізді бәле-жаладан, сұқ көзден, сұғанақ тілден қорғайтын оққағарыңыз болсын», депті Темірболат Құранды ұсынып тұрып. Президент Құранды сүйіп, кеудесіне басып, «маған берген сыйлықтардың ішіндегі ең қымбаты осы» деген екен.