ХХ ғасырдың басында қазақтан шыққан дін қайраткерлерінің өмірбаянына қарап көрсек, олардың әрдайым ұлт шаруасы үшін алғы шепте жүргенін байқаймыз. Советтік репрессия кезінде аяусыз қуғындалып, тағдыры тәркі болған тұлғаларды қасиетті рамазан айында бір еске алып қойған артық болмас.
Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссияның батысқазақстандық жұмыс тобы соңғы екі жыл ішінде жергілікті және республикалық архивтердің қорларында сақталған жүздеген құжатты ақтарып шықты. Нәтижесінде бірнеше кітап, құжаттар жинағы жарық көрді. Бұл еңбектерден сталиндік репрессияның ақылға сыймас ауқымы, аяусыз қатыгездігі анық көрінеді.
Үрейді алған үш толқын
Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Нәзира Нұртазина «Борьба с Исламом. Религиозная политика Советской власти в Казахстане в 20-40-е годы ХХ века» (Алматы, 2008) кітабында Қазақстандағы дінге қарсы күресті екі кезеңге бөледі. Оның біріншісі – 1917-1927 жылдар – алғашқы либералдық кезең болса, екіншісі – 1928-1938 жылдар – жауынгер атеизм кезеңі. Аты айтып тұрғандай, осы екі кезеңде дін өкілдеріне қарсы репрессия қарқынды жүргізілген.
Кейінгі жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірінде дін өкілдерін қудалау бірнеше сатыдан тұрғанын байқадық.
Оның біріншісі – Кеңес үкіметіне сенімсіз элементтерді сайлау пұрсатынан айыру (1923-1927); Бұл кезеңде облыс аумағындағы барлық діни ғибадат орындары және дін қызметкерлері есепке алынып, молдалар «жат элемент» ретінде сайлау және сайлану құқынан ажыратылған. Бұл науқан сайлау құқынан айырылғандарға үстеме салық салуымен, ол уақытылы төленбеген жағдайда халық сотының шешімімен мал-мүлкін саудаға салып, салық қарызын өтеп, өздерін соттау және жер аудару жазасын беруімен ерекшеленеді.
2022 жылы баспадан шыққан «Сенім үшін сергелдең» атты еңбегімізде 1923-1927 жылдар аралығында сайлау құқынан айырылған 896 мұсылман діні өкілінің, 107 христиан діні өкілінің аты-жөні, өмірбаяндық деректері жарияланған еді. Сайлау құқынан айыру науқаны кезінде әсіресе дін өкілдері ерекше қудаланды. Мұны сол кездегі кеңестік сарапшылардың өзі де мойындаған. Мысалы, 1924 жылы Орал уезінде даусы алынған 907 адамның – 355-і, Гурьев уезіндегі 1495 адамның – 310-ы, Елек уезіндегі 1207 адамның – 528-і, Жымпиты уезіндегі 4207 адамның – 2286-сы, яғни барлық даусы алынған тұлғалардың шамамен 40 пайызы дін өкілі болыпты. Бұлардың бәрі дін қызметкері емес, арасында дін ұстаған қарапайым жандар көп болатын.
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде сақталған тағы бір құжатта былай дейді:
«Өткен сайлау науқанында Жымпиты уезі бойынша РСФСР Конституциясының 65-бабына сәйкес сайлаудан аластатылғандардың сипаты мынадай:
Саудагерлер (предприниматели) – 306, еңбек табысына өмір сүрмейтіндер – 365, алыпсатарлар – 182, дін өкілдері – 2286, бұрынғы полиция мен жандарм агенті – 103, ақыл-есі ауысқан және бағымдағылар – 7, сот үкімімен сотталғандар – 958, барлығы – 4207 адам.
Секретарь ГИК-а Бекқалиев, Зав. Оргчастью Кунаев, инструктор Дюйс...
№4195, от 6/V/1925».
Көріп отырғанымыздай, репрессияның негізгі салмағы дін өкілдеріне түскен. Қудалаудың алғашқы толқыны кезінде-ақ көптеген ишан-хазірет туып-өскен жерінен, ел-жұртынан ажырап, жер аударылуға немесе қуғыннан қашып, өз еркімен жат жерді паналауға мәжбүр болды. Батыс Қазақстан өңірінде белгілі дін қайраткерлері Ғұбайдолла Ахметұлы, Лұқпан Тұрсынұлы, Құрманғали Қуанышқалиұлы, Жарман (Жармұхамед) Айтмұхамедұлы, Жанұзақ Өрбісінұлы, т.б. тағдыры осындай болды.
Дін өкілдерін қудалаудың екінші кезеңі 1928 жылмен сәйкес келеді. Бұл кезде саяси репрессияның екпіні күшейіп, бай-молдаларды, жат элементтерді тәркілеумен, панисламистік топтарды әшкерелеудің алғашқы оқиғаларымен сипатталады.
Қазақстанда кәмпеске науқаны ресми түрде 1928 жылы 27 тамызда басталды. Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысын (декретін) жариялап, әр округ бойынша кәмпескеленетін байлардың санын көрсетті. Бұл «жоспар» бойынша Орал округінен бірінші категория бойынша 56 ірі бай және 15 «аса қауіпті элемент» – барлығы 71 адамның мал-мүлкі тәркіленіп, Жетісу округіне жер аударылатын болды. Осы 71 адамның ішінде Ғабдолғазиз Көбеев, Халық Мәшекенов, Қуанай Қосдәулетов, Махмуд Сүйінішәлиев атақты хазіреттер болатын.
Бұл аталғандардың ішінде Халық Мәшекеновтің тағдыры бізге белгісіз. Ол отбасымен Алматы округіне жер аударылғанымен, кейін НКВД қызметкерлеріне пара беріп, қамаудан босап шығып, Ресей жеріне қашып кеткен.
Тергеу құжаттарында «Бұқарада жоғары діни білім алған, 500 мүриді бар ишан, Жымпиты үйезі Ащысай болысының №1 ауылында мешіт ұстаған» деп сипатталатын Махмуд Сүйіншәлиев те Алматыға жеткен соң қайта сотталып, Ресейге жер аударылады. Сол сергелдең сапарда ауруға ұшырап, 1930 жылы Орынбор облысында қаза тапқан. Ал Қуанай Қосдәулетов пен Ғабдолғазиз Көбеев кәнпескеден кейін де қайта-қайта жауапқа тартылып, ақыры 1937 жылы атылып кетті.
Сталиндік репрессияның дін өкілдеріне қатысты соңғы, қорытынды үшінші кезеңі 1937-1938 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезеңде адам тағдыры шыбын ғұрлы болмай, үштіктің шешімімен жаппай ату жазасына кесілген.
«Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында кең жайылған, негізінен молда, ишан, бай-феодал және басқа діншіл-байшыл белсенділерден құралған антисоветтік ұлтшыл панисламистік ұйым әшкереленіп, жойылды. Бұл ұйым басында антисоветтік ұлтшыл пантүркистік ұйымның тармақталған бағыттары болғанымен, кейіннен бірігіп кеткен. Бұл ұйымды Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасындағы (ЦДУМ) Тәржіманов және басқалары басқарған жапон барлау агенттерімен тікелей қарым-қатынаста болған беделді молдалар мен ишандар басқарған. Осы ұйым бойынша контрреволюциялық локалды топтар мен жекелеген тұлғаларды қоспағанда 1363 адам белсенді мүшесі ретінде тұтқындалып, үштік шешімімен сотталды. Оның 829-ы І категорияға жатқызылды. Осы ұйым мүшелері ретінде сотталғандардың ішінен 771 адам өз қылмысын мойындаған» делінген Қазақ ССР НКВД мекемесінің 1937 жылғы №00447 бұйрығын жүзеге асыру жөніндегі есепте.
Батыс Қазақстан облысында дін өкілдерін қудалау негізінен «Уфадағы Орталық мұсылмандар діни басқармасы (ЦДУМ) өкілдері Тәржіманов пен Мақұлов басқарған контрреволюциялық панисламистік антисоветтік көтерілісшіл шпиондық-диверсиялық ұйымымен» байланысты қаралады. Қылмыстық құжаттарда «ЦДУМ ісі» деп таңбаланған бұл «ұйым мүшелеріне» «Қазақстанда Кеңес үкіметін күшпен құлатып, Жапонияның ықпалындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құрмақ болды» деген айып тағылған.
Әрине, бұл қылмыстық істің барлығы ойдан шығарылып, қолдан құрастырылғаны, айыптаушылардың мойындау жауаптары психологиялық және физикалық тұрғыда күш көрсету, қысым жасау арқылы алынғаны кейін толық дәлелденген.
Айыптау хаттамасының үлгісі
Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті арнаулы архивінде сақталған Қуанай Қосдәулетовті айыптау ісінің 2-томында 1937 жылғы қылмыстық істің қалай жүргізілгені жөнінде НКВД қызметкерлерінің өздері берген жауаптары хатталған. Бұл хаттамаларды өлкетанушы, ҰҚК ардагері Қуаныш Қитаров «Қосдәулетов Қуанай хазірет» (Орал, 2009) кітабында, «Саяси қуғындар тағдырлары» (Орал, 2011) кітабында жариялаған.
«Кейін, Сталин өлген соң Кеңес одағындағы репрессия құрбандарының ісі қайта тексеріле бастайды. 1955 жылы тергеушіге берген жауабында осы оқиғаның куәгері, НКВД қызметкері Ахмет Әбузаров былай деген:
«...Шамамен 1937 жылдың тамыз айының соңында немесе қыркүйек айында ІІХК (НКВД) Батыс Қазақстан облыстық басқармасы жанынан «ерекше үштік» құрылған соң Орал қаласына ҚазССР Ішкі істер халық комиссарының орынбасары Володзько келіп, баяндама жасау үшін жедел уәкілдерді, ішінде мен де бармын, шақырып алды. Баяндама барысында Володзько біздің «облыстағы контрреволюциялық ұйымдарды әлі күнге дейін әшкерелемей отырғанымызды» сынап, қолда бар тіркелген материалдарды жинақтауды тапсырды.
Менің есімде, Володзько өңірдегі мұсылман дін қайраткерлері туралы материалдармен танысқан соң өзі айтып отырып бір бұйрықты қағазға түсіртті. Ол бұйрықта Батыс Қазақстан облысында контрреволюциялық, бай-молдалардан құрылған, бүлікшіл ұйымның әшкереленіп жойылғаны айтылған, осыған байланысты біз өңірдегі барлық байлар мен молдаларды тұтқындап, әлгі ұйымға қатысты екенін анықтауымыз керек болды.
Жұмыс барысында мені басқарма бастығы Ромейконың кабинетіне шақырды. Онда Володзько маған бір тұтқынның тергеу хаттамасын көрсетіп, қалай дұрыс толтыруды түсіндірді. Ол маған: «Жақсы бір хаттама жасап алу керек, осының негізінде өзге де хаттамаларды толтыру қажет, тек қатысушылардың аты-жөнін өзгертіп, бәрін де ұйымға мүше ретінде қосу қажет», деді. Істерді қалай қарау жөнінде де ақылын айтты: «Ұйымның басшысы ретінде 10-15 адамды ерекше іске тіркеп, айыптауды көбірек қосып, Әскери алқаға жібереміз, олар бірінші дәреже бойынша өтеді. Ал төменгі қатардағы мүшелерінің барлығын бірінші дәрежеге жатқызып, «Үштік» арқылы өткіземіз. Бұл жұмыстың бәрін облыстық басқармадағы Голованов пен Испанский біліп отыруға тиіс...».
Бүгінде облыстық ІІБ архивінде сақталған қылмыстық істермен таныса отырып, «Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым мүшелерін» әшкерелеген қылмыстық істердің дәл осы тәртіппен жүргенін көреміз.
Деректерге қарағанда «Уфадағы Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасы төрағасының орынбасары Кашафутдин Тәржіманов пен Мағди Мақұлов басқарған астыртын ұйымның мүшесі» деген айыппен Оңтүстік Қазақстан облысынан – 119 адам, Ақтөбеден – 72, Атыраудан – 12, Қазақстанмен шекаралас Ресей облыстарынан 25 адам (негізінен қазақтар) сотталып, атылған екен. Батыс Қазақстан облысы бойынша толық мәлімет болмағанымен, жазықсыз жазаланған дін қайраткерлері саны аз болмағанын қазірдің өзінде аңғарып отырмыз. Репрессия құрбандарын түбегейлі ақтау жөніндегі жұмыс тобының алдындағы зор міндеттің бірі осы.
1937 жылы мұсылман элитасын, көрнекті дін қайраткерлерін баудай түсірген әйгілі «Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасы ісі» («Дело ЦДУМ») бойынша Уфадағы діни басқарма төрағасының орынбасарлары Кашафутдин Тәржіманов пен Мағди Мақұлов басқарды делінетін астыртын топ алдымен сотталса, осы ұйымның Батыс Қазақстан өңіріндегі қанатына жетекшілік етті деген желеумен белгілі дін қайраткерлері Қуанай Қосдәулетов пен Хасан Нұрмұхамедұлы бастаған бір топ адам 1937 жылы 29 қазанда тұтқынға алынды. НКВД жендеттері жасы 80-ге таяған, төсектен тұра алмай жатқан қазіретті түрмеге зембілге салып алып кеткен.
«Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым әшкереленді. Ұйымның мақсаты – Кеңес үкіметін құлатып, Қазақстанды СССР-дан бөліп алып, Жапония протекторатындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құру болған». Қуанай қазіретті, оның ұлы Мұхамед-Закирді және бірнеше адамды айыптаған қылмыстық істің айыптау жолдары осындай еді.
Тергеушілердің мойындауы
1937 жылы айыпталушы тұтқындардан қалай жауап алынғаны жөнінде де деректер бүгінде белгілі болған. Батыс Қазақстан облысы УНКВД-сында 1933 жылдың тамыз айынан 1939 жылдың қазанына дейін жұмыс істеген Юдин Павел Петровичтен жауап алған 1956 жылы 19 маусымдағы хаттамаға көз салайық. Ол контрреволюциялық Алаш Орда ұжымы мен мұсылман дініне қатысты істерді жүргізіп, жекелеген кінәлілерден, Кеңес үкіметіне қарсы ұлттық көтеріліс жасау әрекетіне байланысты ұсталған тұтқындардан жауап алуға қатысқан.
Сұрақ: Олардың контрреволюциялық ұйымға қатысы және кінәсі қандай айғақтармен дәлелденді?
Жауап: Ол кезеңде тергеушілер мен милиция қызметкерлерінің қолында тұтқындардың мойындауынан басқа ешқандай айғақ болған жоқ. Менің есімде Батыс Қазақстандағы жаппай тұтқындау Алматыдан тұтқын Ізмұқан Құрамысовтың жауабы алынғаннан кейін басталды. Оның жауабында облыс территориясында контрреволюциялық, шпиондық ұжым бар екені айтылған.
Сұрақ: Сіздің тарапыңыздан және басқа да қызметкерлер тарапынан тергеу барысында қылмыстық кодекс нормалары бұзылған жоқ па?
Жауап: Мен өз басым топтап жауап алуға қатысқаным болмаса, тәртіп бұзған жоқпын. Бірақ қызметкерлер Тихомиров, Колесников, Торопов, Жгуттар жүйелі түрде қылмыстық істі жүргізу кодексінің нормаларын бұзып жүрді. Олар тұтқындарды ұрып-соғып, үздіксіз жауаптап, «қылмысын» мойындататын.
Облысымызға КСРО НКВД-ның халық комиссарының орынбасары Володьзко келіп және УНКВД бастығы болып Узликов тағайындалған соң тергеу барысында тәртіп бұзу жүйелі түрде басталды. Узликов тұтқындарды ұрып-соғуға жарлық берді.
I.Құрамысовтың мойындаған жауабын алғаннан кейін мен және басқа да қызметкерлер Володьзко мен Узликовтен «тұтқындалғандардың барлық хаттамасын Құрамысовтан жауап алу хаттамасымен бірдей қылып жазуға» бұйрық алдық. Солай істедік те. Кейбір хаттамаларды мен және басқа да қызметкерлер жөндеуге СПО-ның бастығы Афанасьевке немесе басқарманың басқа да басшы қызметкерлеріне беріп отырдық».
«1958 жылы 3 сәуірде куәгер Н.Е.Головановтан жауап алу хаттамасынан көшірме. Ол Батыс Қазақстан облысының НКВД-да 1921-1941 жылдары жұмыс істеді.
Сұрақ: Тұтқындардың Кеңес үкіметіне қарсы ұйымға қатысы және олардың практикалық қылмыс әрекеті қандай айғақтармен дәлелденді?
Жауап: Контрреволюциялық әрекеті үшін 1937-1938 жылдары тұтқындардың үстінен куәлердің жауаптары болды. Олардың қылмыстық іс-әрекетін дәлелдейтін ешқандай айғақ болмады. Іс бойынша менің алдыма келген тұтқындар кінәсін мойындап отырды. Олар камераларда «сауықтырудан» өтумен қатар менің кабинетімде жауапта болған кезде өкіл Тихомиров Василийдің кабинетінен бақырған дауыс естілді.
Заңдылық бойынша кінәсін мойындамаған тұтқынға ерік-күшін сындыру үшін таяқ жұмсалды. Тұтқындарды жауап алғанда тұрғызып қойдық, ұйықтатпастан конвейер жүйесі бойынша жауап алдық. Мен өз басым жауап алғанда тік тұрғызып «конвейер» жүйесін қолдандым. Тұтқындар жауап үстінде орындықта отырса, біз сөгіс алатынбыз». Бұл деректер «Бөкейорда тарихы» кітабында келтірілген.
Сталиндік репрессия кезінде қудаланған хазіреттердің өмір жолын зерделеген кезде олардың төңкеріске дейін де қоғамдық-саяси істердің ортасында жүргені «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» газеттерінде жарияланған мақалалардан анық көрінеді. Ал 1917-1920 жылдар аралығында Алаш қозғалысына қатысты құжаттарда Ғұмар Қараш, Қайырша Ахметжанұлы, Қажығали Мәулімбердіұлы, Дәулетияр Айсарыұлы, Сағидолла Ізтілеуұлы, Қуанай Қосдәулетұлы, Хасан Нұрмұхамедұлы, тағы басқаларының есімі жиі аталады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссияның батысқазақстандық жұмыс тобы соңғы жылдары Орталық мемлекеттік архивінің, Президент архивінің, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорындағы жүздеген құжатты тарихи айналымға қосты. Сондай-ақ зерттеу барысында Алматы қалалық және Батыс Қазақстан облыстық ІІД арнайы архиві қорындағы құжаттармен танысуға мүмкіндік жасалды. Соның нәтижесінде саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жазаланған арыстардың, дін қайраткерлерінің есімін, ерен еңбегін ел біле бастады. Бұл халқымыздың тарихи санасын жаңғырту бойынша атқарылған үлкен бастама дер едік.
https://egemen.kz/article/339414-khaziretterge-tongen-qara-bult