Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша кең көлемде жұмыс басталғалы үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында да қыруар жұмыс атқарылды. 2001 жылы өңірде кеңестік репрессия құрбандарын ақтау, сол кездегі солақай саясаттың әсерінен болған қуғын-сүргіннің ауқымын зерттеуге байланысты құрылған жұмыс тобы «Dana» ғылыми-зерттеу орталығының аясында қызмет етті. Жергілікті атқарушы биліктің жан-жақты қолдауы және жұмысты дұрыс ұйымдастырудың арқасында аз уақытта көп жұмыс тындырылды.
Жұмыс тобы мүшелеріне құпия қорлардағы құжаттармен танысуға мүмкіндік жасалып, зерттеушілер Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Семей, т.б. қалаларға іссапарға да шығып қайтты.
Ғылыми-зерттеу жұмысы Батыс Қазақстан облысы бойынша жеті бағытқа топтастырылған болатын. Зерттеушілер Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архив және Президент архивінде жұмыстанып, қажетті құжат көшірмелерін әкелді. Тіпті облыстың өз ішіндегі Қаратөбе, Жәнібек, Шыңғырлау, Сырым, Қазталов, Ақжайық, т.б. аудандық архивтер де тексерілді. Репрессия құрбандарының ұрпақтары, куәгерлер іздестіріліп, жүздеген адаммен кездесу өтті. Мұның арасында түрлі ғылыми жиындар мен конференцияларда баяндамалар жасалып, БАҚ бетінде мақалалар жарияланды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс басталған алғашқы жылдың өзінде-ақ батысқазақстандық зерттеушілер екі жинақты жарыққа шығарды. Ал былтыр, 2022 жылдың жұмыс нәтижесінде жеті кітап басылып шықты. Одан бөлек, биыл да бірнеше кітап баспадан шығуға әзірленіп жатыр. Бұл жинақтарда жарық көрген тарихи деректер мен құжаттардың басым бөлігі – бұрын көпшілік көзінен таса болған мәліметтер. Осы арқылы КСРО-да болған саяси репрессияның ауқымы мен оның өңірге келтірген зардабы толық ашылды деуге негіз бар.
Халық көтерілістері хақында
Өңірдегі репрессия салдарын зерттеу жеті бағыт бойынша жүріп жатыр. Оның алғашқысы – халық көтерілістері, оған қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеуге бағытталған. Топ жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров осы кезге дейін жария айтылмаған бірнеше оқиғаны анықтады. Сөйтіп, 2022 жылдың соңында баспадан «Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістері (1928-1932)» атты кітап жарық көрді.
Бұл еңбекте облыс аумағында ұжымдастыру саясатына қарсы болған халық көтерілістері Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде кешенді түрде зерттелген. Кітапта Жаңақала және Ілбішін көтерілісі, Жымпиты көтерілісі, Орал төңірегіндегі ауылдардағы оқиғалар, Азғыр, Орда, Жәнібек және Шыңғырлау аудандарындағы халық наразылықтарының себеп-салдары, жүру барысы, қатысушылардың әлеуметтік құрамы, оларға тағылған айыптар, қабылданған үкімдер, ақтау қорытындылары архив деректері негізінде жазылды.
– Зерттеу жұмысы барысында облыстық мемлекеттік архивінің №992 қорындағы ұжымдастыру саясатына, соның ішінде Азғыр ауданындағы кәмпескелеу мәселесіне қатысты деректерге талдау жасадық. Азғыр ауданындағы кәмпескеленген байлардың тізімі жасақталды. Сондай-ақ жергілікті полиция департаменті арнайы архивінің №18 қорында сақтаулы істерді түгел сүзіп шықтық, – дейді Есқайрат Хайдаров.
Нәтижесінде, Азғырдың Пензаға жер аударылған байлары, Жымпиты ауданы №15 және №19 ауылдарындағы байлар мен атқамінерлердің ісі, Жаңақала және Ілбішін көтерілісі, Орда байларының бас көтеруі, Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылындағы ұжымдастыруға қарсылық, т.б. халық наразылықтары нақты құжаттар негізінде зерттеліп, жарық көрді. Айтпақшы, ғалымның «Күйгенкөл ауылындағы қуғын-сүргін» деген мақаласы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген болатын. Е.Хайдаров 1928-1932 жылдар аралығында кеңес билігіне қарсы наразылық, баскөтеру Батыс Қазақстан облысының Азғыр, Жымпиты, Бөрлі, Зауральный, Камен, Жаңақала, Ілбішін, Орда, Жәнібек, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарын қамтығанын анықтады. Ал бұған дейін тек Жаңақала көтерілісі ғана айтылатын.
«Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архиві құжаттары бойынша көтерілістерге қатынасқаны және кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін 309 адамның жазықсыз саяси қудалауға ұшырағаны анықталды. 1930 жылдары Орал маңындағы аудандардан және Жымпиты ауданынан барлығы 41 адам ату жазасына кесілген. Қалғандары әртүрлі мерзімдерге концлагерлерге қамалып, кейбірі жер аударылған. Дегенмен саяси-қуғын сүргін құрбандарының саны мұнымен шектелмейді. Зерттеу барысында әлі де тың деректер шығуы мүмкін», дейді ғалым.
Ғасыр бойы жасырылған құжаттар
Күштеп ұжымдастыру және 30-жылдардағы аштықта қаза тапқан немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша жұмыс тобын танымал ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева басқарады. Ғалымның «Орал, Бөкей губернияларындағы аштық (1921-1922)» тақырыбындағы құжаттар жинағын Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорындағы деректерден құрастырылған.
– Бұл жинаққа 1921-1922 жылдардағы Орал, Бөкей губернияларындағы аштыққа қатысты тарихи құжаттар енгізілді. Облыстық архив қоймасының №19, №28, №40, №313 қорларында ғасыр бойына сақталған құнды деректер: бұйрықтар, қаулылар, үндеулер, нұсқаулықтар, баяндамалар мен статистикалық есептер – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқының тарихында орын алған аштық қасіретінің дәйегі мен дәлелі. Құпиясыздандырылған бұл құжаттардың басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр, – дейді Бақтылы Сансызбайқызы.
Бұл құжаттардың құндылығы мынада: Орал өңірінде І, ІІ саны бойынша қуғындалған байлардың тізімі, жиналыс хаттамалары толық көрсетілген. Мысалы, 1931 жылы Камен ауданынан ІІ саны бойынша кулак ретінде қуғындалған 31 әйелдің тізімі табылды.
Сондай-ақ 1920-1922 жылдары Орал, Бөкей губернияларында болған аштық қасіретіне қатысты құжаттар облыстық архив қорында ғасыр бойы құпия сақталған екен. Қордағы №28 және №313 қор құжаттарын зерттеу, сараптау жұмысы нәтижесінде Калмыков уезінің Байбарақ, Байғұтты болыстарындағы ашыққан адамдардың тізімдері табылды. Орал уезіне қатысты да осындай құжаттар бар. Жоғарыда айтылған жинаққа бұрын еш жерде жарияланбаған 120 архив құжаты енгізілді.
5 жылда 632 бай тәркіленген
Ал Жантас Сафуллин жетекшілік еткен кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша жұмыс тобы да бірнеше жинаққа жүк болатын құжаттардың шаңын қақты. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңында «Батыс Қазақстан облысындағы байларды, кулактарды тәркілеу және жер аудару. 1928-1932» атты архив құжаттары жинағы дайындалды.
– Бұл жинаққа Батыс Қазақстан облысындағы байларды, кулактарды тәркілеу және жер аударуға қатысты тарихи құжаттар топтастырылды. Құпиясыздандырылған бұл құжаттардың да басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр, – дейді Жантас Набиоллаұлы.
Айта кетейік, «Dana» ғылыми-зерттеу орталығының сайтында дәл осы тәркілеуге ұшырап, жер аударылған тұлғалар хронологиялық ретпен орналастырылған. Мұндағы деректерге қарағанда, Батыс Қазақстан облысында 1928 жыл – 81, 1929 жылы – 54, 1930 жылы – 226, 1931 жылы – 220, 1932 жыл бойынша 51 адам мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған екен. Жұмыс тобы 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізсіз тәркіленіп, жер аударылған, айыппұл салынған 1214 адамды ақтауға ұсынды.
Алаш және Ақжайық
Ақжайық өңірі – Алаш қозғалысы ту тіккен топырақтың бірі. Дәл осы Алаш партиясына мүше болғаны, Алашорда үкіметі идеясын қолдағаны үшін жүздеген батысқазақстандық мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған болатын. Осынау тақырыпқа белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова бастаған жұмыс тобы жүйелі кірісіп, көп жұмыс атқарды.
Алаш қозғалысы тақырыбын көп жылдан бері зерттеп жүрген Әлфия Сабырғалиқызы бұдан бұрын да Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивін, Президент архивін ақтарып, құнды құжаттарды қолға түсірген болатын. Ғалымның көпжылдық еңбегі – ХХ ғасырдың басындағы алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, дәрігер Дәулетшах Күсепқалиевтің өмірі мен қызметі туралы монографиясы дәл осы комиссия жұмысы аясында баспадан жеке кітап болып шықты. Мұнда қайраткер Д.Күсепқалиевтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі архив деректері, қолжазбалар, естеліктер және мерзімді басылымдар негізінде жаңа тарихи көзқарас тұрғысында қарастырылған.
Бұдан бөлек, Әлфия Байболсынованың жетекшілігімен «Тәуелсіздік үшін күрескендер: Алаш қозғалысының белсенділері мен ниеттестері» атты энциклопедиялық жинақ дайындалып жатыр. Бұл бұрын-соңды осы бағытта жарық көрген жинақтардан әлдеқайда толымды, тың деректері мол еңбек болғалы тұр. Қазірдің өзінде Алаш қозғалысының Күнбатыс қанатына қатысы бар 550 адамның тізімі мен өмірбаяны жинақталды. Олардың бірқатары, мысалы Өтеп Жұмағалиев, Мұхамед-Рахым Қарабаев, Айтқали Абылаев сынды тұлғалар әлі күнге дейін ақталмаған.
Түрмеге толы дала
Әлфия Сабырғалиқызы жетекшілік ететін топтың атқарып жатқан тағы бір іргелі ісі – Батыс Қазақстан облысы аумағында болған жазалау лагерьлері мен НКВД кеңселерін анықтау бойынша жұмыстар.
Шыны керек, 20-50 жылдары болған саяси тұтқындар лагерьлері мен НКВД мекемелері туралы ақпарат табу өте қиын екен. Өйткені бұл деректер «аса құпия» деген дәрежеге ие. Тиісті органдар бұл ақпаратты әлі күнге жасыруға тырысады. Кейбір маңызды құжаттар әскери құпияға сәйкес жойылған. Соған қарамастан жұмыс тобы осы бағытта тынбай дерек іздестіріп, біраз мәлімет тапқан.
– Ресми дерек бойынша Батыс Қазақстан облысында 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атылғаны, 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылғаны белгілі. Бірақ біз қазірдің өзінде құжаттық деректер бойынша 1937 жылы шамамен 1500-ге жуық адам, 1938 жылы 2000-ға дейін қудаланғанын анықтадық, – дейді Әлфия Байболсынова.
Орал облысында ГУЛАГ жүйесіне кіретін Каменлаг, Безымянлаг және Салават лагер, АЛЖИР-дің Оралдағы бөлімшесі қызмет жасаған. Оларда 2 мыңнан 5 мыңға дейін тұтқын ұсталған. Бұлардың ең үлкені Каменлаг қазіргі Саратов облысымен шектес Тасқала ауданы аумағында болыпты. Мұнда негізінен өзге өңірлерден жер ауып келгендер орналастырылған, оның ішінде еңбекпен түзету лагері және арнайы қоныстар желісі жұмыс істеген.
Батыс Қазақстан облысы мен Самара облысы шектескен аумағында орналасқан Безымянлаг лагері 1940 жылы құрылған. 1940 жылдың соңына қарай мәжбүрлі еңбек лагері Куйбышев фабрикаларының құрылысына арналған лагерлер әкімшілігі болып өзгертілді. 1941 жылы қаңтарда Безымянлаг лагерінде – 42 903 адам, 1941 жылы шілдеде – 91 211 адам, 1942 жылы қаңтарда – 81 278 адам, 1943 жылдың қаңтарында – 29 811 адам, оның ішінде 1 475 әйел, 1944 жылдың қаңтарында – 5 990 адам, 1944 жылы шілдеде – 8 583 адам, 1945 жылдың қаңтарында – 7 122 адам, 1946 жылдың қаңтарында 5 963 адам болыпты.
«АЛЖИР» жүйесінің Оралдағы бөлімшесі Салават лагері Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасаған. Бұл жерде, ең алдымен, саяси айып тағылғандардың әйелдері қамауға алынды. Қысқа мерзім ішінде барлық «халық жауының» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталып, ЕТЛ-ге жіберілді. Өңірде бұлардан басқа 2 үлкен маңызды лагерь желісі – Түркістан лагері және Ортаазиялық лагерь жұмыс істегені белгілі. Бірақ бұл бұрынғы орган қызметкерлерінің ауызша деректері ғана. Нақты құжаттар әлі табылған жоқ.
Батыс Қазақстан облысында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімдері Орал қаласындағы ИТК №12 бөлімшелерінде: қалалық түрменің жанындағы ағаш барактарда, сондай-ақ далалық стандар Ветелки, Бортау және Плодоовощной маңында болған. Бұған қоса Қазталов ауданының Шильная Балька, Бәйтерек ауданының Дариян, Шапов, Янайкин поселкелерінде, Ақжайық ауданының Бударин, Кожехаров ауылдарында, Шыңғырлау ауданының Ащысай кеңшарында, Бөрлі ауданының Бөрлі поселкесінде, Бөкей орда ауданындағы Сайхын ауылында, Теректі ауданының Федоров поселкесінде де осындай үдерістер өткізіліп, үкім сол жерлерде орындалып отырған. Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданында белгілі Прорва лагерінің филиалы болған.
– Біз қазір Батыс Қазақстанда 1930-1950 жылдары болған саяси қуғын-сүргін лагерьлері мен НКВД кеңселері туралы деректерді өңдеп, кординаттарын анықтап, карта дайындап жатырмыз, – дейді зерттеуші.
Сенім үшін сергелдең
Саяси қуғын-сүргін жылдары дәстүрлі дін өкілдері де жаппай қудалауға ұшырады. Осы жолдардың авторы бастаған жұмыс тобы 2021 жылы діни қызметі үшін қуғынға ұшыраған 892 мұсылман, 107 христиан діні өкілінің тізімін анықтап, ақтауға ұсынған болатын. 2022 жылдың қорытындысында «Қуғындалған хазіреттер» атты жинақ жарық көрді.
Бұл жинаққа саяси қуғын-сүргін жылдары Батыс Қазақстан өңірінде қудалауға ұшыраған дін өкілдері – хазірет-ишандардың тағдыры арқау болған. Аталған хазіреттердің біразы ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген, бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне, жалпықазақ сиездеріне делегат болып қатысып, ел тағдырын шешуге араласқан. Кітап кейіпкерлерінің өмір жолы ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамдық-саяси өміріндегі дін қайраткерлерінің ықпалы мен орнын айқындап тұр. Қайырша Ахметжанов, Қуанай Қосдәулетов, Хасан Нұрмұхамедов, Қажығали Мәулімбердиев, Нығметолла Ибрагимов, Дәулетияр Айсариев, Ғабдолғазиз Көбеев, Ғұбайдолла Ахметов, Құрманғали Қуанышқалиев, Лұқпан Тұрсынов сынды тұлғалар кеңес одағында, соның ішінде Қазақстанда болған сталиндік репрессияның, саяси қуғын-сүргіннің барлық толқынын басынан өткерген еді. Сондықтан осы тұлғалардың мысалында кеңестік репрессияның бағытын, көлемін, мазмұнын, ақылға сыйымсыздығын көруге болады.
«Елім-айлап» көшкен ел...
Зерттеушілер назарынан Қазақстанға күштеп көшірілгендер, 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар тақырыбы да тыс қалған жоқ. Бұл жөніндегі жұмыс тобын тарих магистрі Айболат Құрымбаев басқаратын. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының архивінде арнайы қоныс аударушылар, жер аударылғандар және босқындарға қатысты 3 582 құжат анықталған.
Депортацияға қазақ, қырым татары, неміс, қалмақ, грек, иран, болгар, әзербайжан, поляк, ассириялық, армян, аустриялық, белорус, грузин, еврей, молдован, орыс, өзбек, украин, шешен, корей ұлты өкілдері ұшыраған.
Оларға тағылған айып та сан түрлі: шпиондық жасаған, ақ казак ұйымдарының мүшесі, әлеуметтік қауіпті элемент, репрессияға ұшыраған троцкисттің отбасы мүшесі, неміс армиясында қызмет еткен, власовшы, т.б. жазбалар бар. Репрессияға ұшырағандардың ішінде кеңес одағымен қатар, Грекия, Иран азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар да кездеседі. Комиссияның ұсынысымен 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша депортацияланған 1 559 адам ақталды.
– Біз жұмыс тобының алғашқы күнінен-ақ Батыс Қазақстан облысынан түрлі қуғын себебінен басқа аймаққа кеткендер туралы мәлімет жинастыра бастадық. Соның нәтижесінде 1922 және 1932 жылғы аштық, 1928 жылғы тәркілеу кезінде көп қазақтың көршілес Ресейге өтіп кеткені айқындалды. Алайда көп құжатта қоныс аударушылардың отбасы мүшелерінің саны, аты-жөні көрсетілмейді. Бұл біздің жұмысымызға қиындық туғызады. Біз қазіргі уақытта 355 адамның аты-жөнін отбасы мүшелерімен анықтадық. Алдағы уақытта ақтауға ұсынамыз, – дейді Айболат Шамұратов.
Неміске – тұтқын, кеңеске – сатқын
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия қолға алған жұмыстың бір парасы 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия, басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындар мәселесі болатын. Батыс Қазақстан облысында бұл жұмысты белгілі өлкетанушы, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музейдің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов бастаған зерттеушілер абыроймен атқарып келеді. Ахмедияр Қуанұлы Екінші дүниежүзілік соғыстағы батысқазақстандық тұтқындар тағдырынан «Тауқымет тартқан тағдырлар» атты сериялы жинақ шығара бастады. 2021 жылы жарық көрген алғашқы томда Бөрлі, Жымпиты, Тайпақ, Теректі және Чапаев аудандары бойынша мәліметтер кірсе, 2022 жылы шыққан ІІ томға Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Қазталов, Тасқала, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Фурманов, Шыңғырлау аудандары, Орал қаласы бойынша және Батыс Қазақстан облысының қай өңірінен екені беймәлім соғыс тұтқындары туралы, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінен фильтрациялық істер мен трофейлік материалдардан алынған соғыс тұтқындары туралы тың мәліметтер енді.
– Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің архивінде оралдық 2 939 соғыс тұтқыны туралы мәлімет бар. Олар елге аман-есен оралған соң істі болып, РСФСР ҚК 58-1 бабының «б» тармағымен Оңтүстік-Орал әскери округінің әскери трибунал үкімімен 10-25 жылға сотталған. Сонымен қоса Ресей Қорғаныс министрлігі архивінен де батысқазақстандық соғыс тұтқындары жөнінде біраз мәлімет алдық. Олар соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, қайтыс болғандар және тұтқыннан босатылып елге аман-есен оралғандар, – дейді Ахмедияр Қуанұлы.
Зерттеушінің тынымсыз еңбегі арқасында жау қолына тұтқынға түскен 113 жаңақалалық, 85 жәнібектік, 59 бәйтеректік, 53 қазталовтық, 34 тасқалалық, 65 қаратөбелік, 183 оралдық, 131 ордалық, 65 жалпақталдық, 39 шыңғырлаулық боздақтың аты-жөні анықталған. Бұған қоса батысқазақстандық 209 тұтқынның нақты мекенжайы көрсетілмеген.
– 1939-1945 жылдары Фин және Екінші дүниежүзілік соғыста Батыс Қазақстан облысынан 1 036 адам жау қолына тұтқынға түскен. 820 жерлесіміз тұтқында қайтыс болған. Тұтқынға түскен 216 адамның кейінгі тағдыры белгісіз. «Боздақтар» кітабында хабарсыз кетті деген 81 жерлесіміз жау қолына тұтқынға түскенін анықтадым. Олардан 69 адам тұтқында қайтыс болған. Тұтқынға түскен 12 адамның кейінгі тағдыры белгісіз, – дейді Ахмедияр Батырханов.
ТҮЙІН. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің тапсырмасына сәйкес биыл жұмыс тобы мүшелері «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бойынша мұрағат құжаттарының 10 томдығын және «Халық жады» естелік жинағының 20 томын дайындауға кірісті. Бұл жұмыс та талай ақтаңдақтың орнын толтырып, жоғымызды түгендеуге үлес қосары анық.