Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында кеңестік репрессия құрбаны, Алаш қайраткері Қуанай хазірет Қосдәулетұлына ескерткіш тақта орнатылды.
Қуанай хазірет – Жымпиты өңірінде мешіт-медресе ұстап, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген тарихи тұлға. Батыс Алашорда үкіметіндегі Қуанай хазіреттің орны мен ықпалы туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясында суреттеліп жазылған. Саналы өмірін руханият жолына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қуанай хазіреттің кеңес билігінен көрмегені де жоқ – сол кездегі кеңес одағындағы репрессияның барлық толқынын басынан өткерді. Сайлау құқынан айырылды, бірнеше мәрте сотталды, кәнпескеге түсті, жер аударылды, ең соңында – 1937 жылы «халық жауы» атанып, баласымен бірге атылып кетті...
Міне, осы тарихи тұлғаның есімін халық жадында қалдыру үшін соңғы кезде бірқатар іс-шара қолға алынды. Хазіреттің өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі зерттелу үстінде. Ал еңбек ардагері, жымпитылық Мұрат Хабибуллиннің бастамасымен Жымпиты ауылындағы Алаш аллеясында Қуанай хазірет Қосдәулетұлына арнап ескерткіш тақта орнатылды. Биіктігі 2,5 метрлік тұғырға бекітілген тақтада Қуанай хазіреттің 1863 жылы Жымпиты уезі Қособа ауылында дүниеге келгені, діни білімін Орал мешітінде Қапаровтан алғаны, Жымпитыдағы Батыс Алаш үкіметінің рухани жетекшісі, Ресей Орталық діни басқармасының мүшесі, батыс өңірдің мұхтасибі болғаны, 1923, 1926 жылдары бүкілресейлік діни съездерге делегат болғаны, кейін контрреволюциялық панисламистік бүлікшіл ұйым басшыларының бірі ретінде айыпталып, 1937 жылы желтоқсан айында Орал қаласында ату жазасына кесілгені жазылған.
– Қуанай хазіреттің өзі де, ұрпақтары да кеңес кезінде қатты қудаланды. Атамыздан еш дерек, жәдігер, мұра қалмады. Дегенмен аталас ағайындары бас қосып, осындай іс атқардық. Осы белгіні орнату үшін ресми рұқсат алу, мәтінін дайындау, ескерткіштің барлық шығыны осы ағайынның көмегімен атқарылды, – дейді Мұрат Хабибуллин.
Айта кетейік, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі 1918 жылдан 1920 жылдың басына дейін өмір сүрген. Жымпиты ауылында Күнбатыс Алашорданың бас кеңсесі болған ғимарат сақталған, ол жерде музей қызмет көрсетеді. Ал аудан орталығындағы орталық саябақта Алаш аллеясы бар. Ол жерде Әлихан Бөкейхан, Жаһанша Досмұхамедұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Беркінғали Атшыбаев, Иса Қашқынбаев, Уәлитхан Танашев секілді Алаш арыстарының бюсті орнатылған.
https://egemen.kz/article/346793-quanay-khaziretke-taqta-ornatyldy