Тарихтан белгілі, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Ф. Голощекин Қазақстанды «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады.
Голощекин өзіне қарсы шыққандарды Қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені – бұл зұлматтың қаншалықты қасіретті болғанын айғақтайды. Қазір әр өңірде саяси қуғын-сүргіндерді ақтау мәселесі бойынша өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы, журналист Қабжан Қазыбек Құттымұратұлымен сұхбат құрдық.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Батыс Қазақстан облысындағы атқарылған жұмыстар қанша бағытта іске асуда? Өңірлік комиссияның жұмыс тобының қызметімен таныстыра өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасы Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жарлығына орай Батыс Қазақстан облысында өңірлік жұмыс топтарын құру және зерттеу жұмысын ұйымдастыру 2021 жылы тамыз айында басталды. Жұмыс тобының 6 түрлі бағыты белгіленіп, оған жауапты тұлғалар бекітілді. Мамандарға арнайы архивтердегі құпия құжаттармен танысу үшін тиісті рұқсат берілді. Орал қаласында бұрыннан өңір тарихын зерттеумен шұғылданып жүрген «DANA» ғылыми-зерттеу орталығы бар еді. Біз 2012 жылдан бері тарихи-танымдық «DANAqaz» журналын шығарып, жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылардың басын қосып, өлкеміздің ақтаңдақ беттерін жариялап жүргенбіз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысты да осы орталықтың үйлестіруімен бастап кеттік. Орталық жетекшісі, ұлтжанды азамат Жантас Сафуллиннің бастамасымен барлық зерттеу жұмысы тиімді ұйымдастырылып, өткен үш жыл ішінде біраз нәтижеге қол жеткіздік деп айта аламын.
Әрине, бұл жұмыстарға облыстық әкімдік тарапынан, сол кездегі жергілікті ішкі саясат департаменті (қазір қоғамдық даму басқармасы), түрлі деңгейдегі архивтер барынша қолдау көрсетті. Жұмыс тобының жетекшісі – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов тікелей қадағалап, тиісті қаржы, іссапар шығындары, қажетті рұқсатнамалар дер кезінде беріліп отырды. Соның нәтижесінде өңірлік жұмыс тобы үш жылға жетпейтін уақыт ішінде оншақты жинақ дайындады.
– Саяси қуғын-сүргін мәселесіне тоқталған кезде дәл осы қасіретке ұшыраған дәстүрлі дін өкілдерін жиі атай бермейміз. Сіз Батыс Қазақстан облысындағы репрессияға ұшыраған дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу кезінде қандай талаптарды негізге аласыз?
Жалпы, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін зерттеу жұмысын жүйелеп, бірнеше бағытта жүргізуге кірістік:
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қоры, аудандар архивтері;
ІІД, ҰҚК, прокуратура арнайы қорлары;
Мерзімді басылымда бұрын-соңды басылған мақалаларды, кітаптарды саралау;
Репрессия құрбандарының ұрпақтарын іздеу, естеліктерін жинау, елмен жұмыс;
Ресей Федерациясында тұратын шекаралас қазақ диаспорасымен байланыс орнату;
Совет үкіметі орнағанға дейінгі БҚО аумағындағы діни құрылымды зерттеу, ол үшін Уфа, Орынбор, Астрахань архивтерінен алынған мәліметтер базасын пайдалану, метрике, құлпытас зерттеу ісі қолға алынды. Осы жылы жұмыс тобы мүшелеріне Алматы қаласына іссапар ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, Алматы қалалық архиві, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің архиві, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Ғылыми кітапхана, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларында сақталған құнды құжаттармен танысуға, көшірме алуға мүмкіндік жасалды. Сонымен бірге жергілікті басылымдарға, әлеуметтік желілерге хабарландыру беріп, бұл іске халықты, ынталы топтарды жұмылдырдық. Тақырыпты зерттей келе Совет одағында дін өкілдерін қудалау ісі 1920 жылдары сайлау құқынан айыру науқанынан басталғаны анықталды. Сонымен бірге сол кезеңде Орал губерниясындағы дін өкілдері, құлшылық ғимараттары есепке алынған. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорында сақталған құжатқа қарағанда 1923 жылы Орал губерниясында 106 православ шіркеуі, 12 единоверлік шіркеу, 26 құлшылық үйі (молитвенный дом), 190 мешіт діндарлардың иелігінде қызмет етіп тұрғаны көрсетілген. Алайда бұл мәліметтің өзі толық емес, есепке Калмыков, Гурьев, Бөкей, Шежін уездеріндегі мешіттер мен шіркеулер кірмей қалған.
– Осы тұста БҚО саяси қуғын-сүргіндерді ақтау өңірлік комиссиясының дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу барысында қандай да бір сандық деректерге кезіге аламыз ба?
– 2021 жылы өңірлік комиссияның 5 айлық жұмыс қорытындысы ретінде «Сенім үшін сергелдең» атты жинақ дайындалды. Онда Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 894 адам – мұсылман діні өкілдері, 107 адам – православия діні өкілдері аты-жөні анықталып, қысқаша биографиялық анықтама жасалды. Кейін бұл адамдарды ақтау, саяси құқығын қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына арнайы ұсыныс жолданды.
2022 жылы Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнаулы архивінде сақталған 1930 жылдардың репрессия құжаттарымен танысуға басымдық берілді. Бұл құжаттарды Алматы қаласына алып кеткенге дейін барынша қарап шықтық. Нәтижесінде 1937-1938 жылдары Орал облысынан әшкереленген 18 панисламистік антисоветтік ұйым болғанын анықтадық. Бір ғана №02368 қылмыстық іс бойынша 125 адам айыпталып, ату жазасына кесілген. Бірақ бұл құжаттардың құпиялылық грифі алынбағандықтан, көшірме алу және табылған деректерді кеңірек жариялау мүмкін болмады.
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивімен де тұрақты қарым-қатынаста болдық. Жүздеген іспен танысып, көшірме алып отырдық. Архив басшылығы жұмыс тобының барынша нәтижелі қызмет етуіне барынша көмек етті. Қажетті құжаттардың құпиялылығын алу, көшірме жасауда кідіріс болмады. Дін өкілі болғаны үшін қудаланған, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың тізімі толыға түсті.
Олардың толық саны әлі нақтыланбаса да, шамамен 4 мыңдай адам діни сенімі үшін қуғындалғаны анықталды.
Мәселен, 1924 жылы Орал уезінде даусы алынған 907 адамның – 355-і, Гурьев уезіндегі 1495 адамның – 310-ы, Елек уезіндегі 1207 адамның – 528-і, Жымпиты уезіндегі 4207 адамның – 2286-сы, яғни барлық даусы алынған тұлғалардың шамамен 40 пайызы – дін өкілі болған. (БҚОМА, №24 қор, №2 тізім, №360 іс)
Бұл кезеңде жұмыс тобы облыстың Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Бөкей ордасы, Жәнібек, Тасқала аудандарындағы архивтерінде болып, репрессия құжаттарымен танысты. Репрессияға ұшыраған дін өкілдерінің ұрпақтарымен кездесіп, еш жерде жарияланбаған тың деректер, фотосуреттер қолға түсті.
2022 жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жекелеген белсенді азаматтардың қолдауымен Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне енген әулие Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зиратында Батыс Қазақстан облысының дін тарихы музейі ашылды. Музейдің алғашқы экспозициясының бірі – «Репрессияға ұшыраған дін өкілдері» атты көрме болды.
Бұл кезеңде жергілікті «Орал өңірі» облыстық газетіне, «Егемен Қазақстан» республикалық басылымына бірнеше мақала жарияланды. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарындағы өңірлік жұмыс топтарымен әріптестік байланыс орнатып, тәжірибе бөлісіп, ақпарат алмасып отырдық.
БҚО полиция департаменті архивінде сақталған Үштік хаттамалары тізімінен (шамамен 17 томнан тұрады) Батыс Қазақстан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырап, атылғандардың аты-жөні, үкім орындалған уақыты, айыпталушының кім екендігі, қызмет орны, отбасы және басқа да қысқаша болса да маңызды мағлұматтар табылды. Осы үштік хаттамалары бойынша Батыс Қазақстан облысында панисламистік топ құрып, антисоветтік үгіт насихат жүргізді деген, диверсиялық террористік топ құрып төңкеріс жасамақ болды деген 20-дан астам топтың тізімі анықталды. Мұның ішінде Қуанай Қосдәулетұлы, Хасан Нұрмұхамедұлы сынды ишан-хазіреттердің қылмыстық ісі толығырақ зерттелді. Бұл аталған тұлғалардың ұрпақтарын тауып, кездесіп, архив құжаттарын куәгерлердің естеліктерімен толықтыра түстік. Өңірлік жұмыс тобының 2022 жылғы атқарған қызметінің нәтижесі ретінде желтоқсан айында «Қуғындалған хазіреттер» атты жинақ дайындалды. Бұл жинақ ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүріп, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласқан дін қайраткерлерінің бір шоғыры туралы еді. Жинақ кейіпкерлерінің өмірбаяндық деректері саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссиясының жұмысы аясында, БҚО өңірлік жұмыс тобының екі жылға жуық еңбегінің нәтижесінде жаңадан анықталған болатын.
«Қуғындалған хазіреттер» кітабына ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамдық-саяси өміріндегі дін қайраткерлерінің ықпалы мен орнын айқындап, репрессия кезеңінде олар көрген қуғын-сүргінді көпшілікке таныстыру үшін ең танымал 10 тұлға таңдалып алынды. Олар – Қайырша Ахметжанов, Қуанай Қосдәулетов, Хасан Нұрмұхамедов, Қажығали Мәулімбердиев, Нығметолла Ибрагимов, Дәулетияр Айсариев, Ғабдолғазиз Көбеев, Ғұбайдолла Ахметов, Құрманғали Қуанышқалиев, Лұқпан Тұрсынов. Бұл тұлғалар Совет Одағында, соның ішінде Қазақстанда болған сталиндік репрессияның, саяси қуғын-сүргіннің барлық толқынын басынан өткерді. Осы он тұлғаның тағдыры сол кезеңдегі саяси репрессияның ауқымы мен қарқынын анық көрсетіп тұрған еді.
2023 жылғы жұмыстар сәуір айында басталды. Бұл кезде негізгі басымдық «Халық жады» жобасы аясында репрессия құрбандары ұрпақтарының естеліктерін жинауға бағытталды. Нәтижесінде біздің бағыт тарапынан барлығы 24 адамның естелігі жиналып, тапсырылды. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде сақталған сайлау құқынан айырылған тұлғалардың толық тізімін жинау қолға алынды.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ ақталмаған діни қайраткерлер, дін өкілдерінің саны жинақталуда. Бұл жерде айта кететін бір мәселе: тергеу кезінде қаза тапқандар немесе НКВД органдарының қолына түспей, РФ т.б. аумағына көшіп кеткендер ешбір тізімге кірмей қалған. Олар репрессияға ұшырағанына қарамастан, не айыптылар тізімінде, не ақталғандар тізімінде жоқ. Мұндай тұлғалардың нақты санын анықтау үшін НКВД архивінде сақталған істерге толық шолу жасап шығу керек.
Большевиктік-коммунистік билік тарапынан жабылған және қиратылған ғибадат орындарының (мешіттер, медреселер, шіркеулер және т. б.) толық саны да есептелу үстінде.
Мысалы, бұрын Орал облысының құрамында болған, кейін Орынбор облысына қарап кеткен Елек уезінің аумағында – 114 ғибадатхана (68 мешіт, 46 шіркеу) болған екен. Ал Орал уезінде – 87 ғибадатхана (31 мешіт, 15 старообряд шіркеуі, 25 православ, 5 баптист, 2 мәскеу шіркеуі, 4 кулугур отщельниктер, 1 блокроницкий, 1 католик, 1 лютеран, 2 беспоповцы шіркеуі), Жымпиты уезінде 75 мешіт, 1 шіркеу болғаны анықталды. Бұл ғибадатханалар 1930 жылдардың аяғында түгелімен жұмысын тоқтатқан.
Белгілі тарихшы, тарих ғылымының докторы Нәзира Нұртазина «Борьба с Исламом. Религиозная политика Советской власти в Казахстане в 20-40-е годы ХХ века» (Алматы, 2008) кітабында Қазақстандағы дінге қарсы күресті екі кезеңге бөледі. Оның біріншісі – 1917-1927 жылдар – алғашқы либералдық кезең болса, екіншісі – 1928-1938 жылдар – жауынгер атеизм кезеңі. Аты айтып тұрғандай, осы екі кезеңде дін өкілдеріне қарсы репрессия қарқыны да сәйкесінше болған.
– Сіз дәл осы тақырыпты зерттеу барысында бұрын ашылмаған қандай да бір тың деректерді кездестіре алдыңыз ба? Олардың өмір жолын зерттеуде қандай деректерді негізге аласыздар?
– Соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірінде дін өкілдерін қудалау бірнеше сатыдан тұрғанын байқадық. Оның біріншісі – Совет үкіметіне сенімсіз элементтерді сайлау мұрсатынан айыру (1923-1927); Бұл кезеңде облыс аумағындағы барлық діни ғибадат орындары және дін қызметкерлері есепке алынып, молдалар «жат элемент» ретінде сайлау және сайлану құқынан ажыратылған. Бұл науқан сайлау құқынан айырылғандарға үстеме салық салуымен, ол уақытылы төленбеген жағдайда халық сотының шешімімен мал-мүлкін саудаға салып, салық қарызын өтеп, өздерін соттау және жер аудару жазасын беруімен ерекшеленеді. Осы сайлау құқынан айыру науқаны кезінде әсіресе дін өкілдері ерекше қудаланды. Мұны сол кездегі советтік сарапшылардың өзі де мойындаған. Мысалы, 1924 жылы Орал уезінде даусы алынған 907 адамның – 355-і, Гурьев уезіндегі 1495 адамның – 310-ы, Елек уезіндегі 1207 адамның – 528-і, Жымпиты уезіндегі 4207 адамның – 2286-сы, яғни барлық даусы алынған тұлғалардың шамамен 40 пайызы – дін өкілдері болыпты. «Бұлардың бәрі дін қызметкері емес, арасында қарапайым діндарлар да болар» дейді (Заключение по материалам перевыборной компании 1924 года по уездам Уральской губернии. БҚОМА, Қор №24, Тізімдеме №2, Ic №360 Материалы по передаче 3-х волостей Букеевскому уезду (Чижинской, Сламихинской, Глининской) 11а бет
Дін өкілдерін қудалаудың екінші кезеңі 1928 жылмен сәйкес келеді. Бұл кезде саяси репрессияның екпіні күшейіп, бай-молдаларды, жат элементтерді тәркілеумен, панисламистік топтарды әшкерелеудің алғашқы оқиғаларымен сипатталады. Қазақстанда кәнпеске науқаны ресми түрде 1928 жылы 27 тамызда басталды. Қазақ Советтік Социалистік Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Бай шаруашылықтарын кәнпескелеу туралы» қаулысын (декретін) жариялап, әр округ бойынша кәнпескеленетін байлардың санын көрсетті. Бұл «жоспар» бойынша Орал округінен бірінші категория бойынша 56 ірі бай және 15 «аса қауіпті элемент» – барлығы 71 адамның мал-мүлкі тәркіленіп, Жетісу округіне жер аударылатын болды. Осы 71 адамның ішінде – Ғабдолғазиз Көбеев, Халық Мәшекенов, Қуанай Қосдәулетов, Махмуд Сүйінішәлиевтер – атақты хазіреттер болатын.
Сталиндік репрессияның дін өкілдеріне қатысты соңғы, қорытынды үшінші кезеңі 1937-1938 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезеңде адам тағдыры шыбын ғұрлы болмай, үштіктің шешімімен жаппай ату жазасына кесілген.
«Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында кең жайылған, негізінен молда, ишан, бай-феодал және басқа діншіл-байшыл белсенділерден құралған антисоветтік ұлтшыл панисламистік ұйым әшкереленіп, жойылды. Бұл ұйым басында антисоветтік ұлтшыл пантүркистік ұйымның тармақталған бағыттары болғанымен, кейіннен бірігіп кеткен. Бұл ұйымды Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасындағы (ЦДУМ) Тәржіманов және басқалары басқарған жапон барлау агенттерімен тікелей қарым-қатынаста болған беделді молдалар мен ишандар басқарған. Осы ұйым бойынша контрреволюциялық локалды топтар мен жекелеген тұлғаларды қоспағанда 1363 адам белсенді мүшелері ретінде тұтқындалып, үштік шешімімен сотталды. Оның 829-ы І категорияға жатқызылды.
Осы ұйым мүшелері ретінде сотталғандардың ішінен 771 адам өз қылмысын мойындаған» делінген Қазақ ССР НКВД мекемесінің 1937 жылғы №00447 бұйрығын жүзеге асыру жөніндегі есепте. («Материалы государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий 20-50 годы ХХ века». І том. Под общ. ред. Е.Т.Карина. Нур-Султан, 2022. 380-бет).
Батыс Қазақстан облысында дін өкілдерін қудалау негізінен «Уфадағы ЦДУМ өкілдері Тәржіманов пен Мақұлов басқарған контрреволюциялық панисламистік антисоветтік көтерілісшіл шпиондық-диверсиялық ұйымымен» байланысты қаралады. Қылмыстық құжаттарда «ЦДУМ ісі» деп таңбаланған бұл «ұйым мүшелеріне» «Қазақстанда совет үкіметін күшпен құлатып, Жапонияның ықпалындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құрмақ болды» деген айып тағылған.
Әрине, бұл қылмыстық істердің барлығы ойдан шығарылып, қолдан құрастырылғаны, айыптаушылардың мойындау жауаптары психологиялық және физикалық тұрғыда күш көрсету, қысым жасау арқылы алынғаны кейін толық дәлелденген.
Қудаланған хазіреттердің өмір жолын зерделеген кезде олардың төңкеріске дейінгі қоғамдық-саяси істері, «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» газеттерінде жарияланған деректер, 1917-1920 жылдар аралығында Алаш қозғалысына қатысты мәліметтер барынша пайдаланылды. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің, Қазақстан Републикасы Президент архивінің, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорындағы құжаттар айналымға қосылды. Сондай-ақ зерттеу барысында Алматы қалалық және Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті арнайы архиві қорындағы құжаттармен танысып, сараптадық.
Сұхбаттасқан – Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ
https://zhasalash.kz/news/kugindalgan-hazretter-tagdiri-a9ded0/