Есболов Тұрсынғали 1886 жылы БҚО Тайпақ ауданы№7 ауылында дүниеге келген. Тайпақ ауданы №7 ауыл тұрғыны, 1886 жылы туған Тұрсынғали Есболовтан сайлау комиссиясына арыз: «Сайлау туралы нұсқаулықтың 14-бабы І-ІІ тармағына салып, мені сайлау құқығымнан айырып отыр. Мен анам Ақбөпенің қолында тұрамын: Жымпиты бөлімі сақтандыру кассасы кітапшасының жазбасына сәйкес, біздің отбасында 6 жан бар: үй иесі Ақбөпе, 70 жаста; менің әйелім Қанжан емшектегі баласымен; ұлым Құрият 12 жаста, оқушы; қызым Әмина 5 жаста және мен, 1920 жылдан Өкіметте қызмет атқарып келемін, қазір қорғаушылар алқасының мүшесімін, денсаулығым 60 пайызға жарамсыз. Шаруашылығымызда 26 бас мал бар, сақтандыру пунктінің №44 хабарламасына сәйкес бұл орта шаруаға және таза еңбекке жатады. Ал земство кезінде аудандық милицияның сайланбалы бастығы болғаным, шаруа бастығы (крестянский начальник) мен мировой судьяның ісін жүргізгенім үшін сайлау құқығымнан айыруы да жөнсіз, өйткені ол тек техникалық лауазымдар болатын. Одан кейін мен талай қоғамдық пайдалы іспен айналысып, ауыл мектебін асарлап салуды ұйымдастырдым, тұтынушылар қоғамына ерікті жарна салдым. №7 ауылсовет бастығы елді адастырып, қалай да мені сайлау пұрсатымнан айыру үшін кез келген өтірік құжат беруге әзір. Өйткені екеуміздің арамызда мүлікке байланысты сот ісі болған еді». Тұрсынғали Есболов, 1929 жыл, 12қаңтар». Осы арызға қоса бірнеше құжат бірге тіркелген: 1928 жылы 1-2 желтоқсанда өткен Қадырғұл ауылы кедейлерінің №2, №3 жиналыс хаттамалары, 4 желтоқсандағы Әзербай ауылы кедейлерінің жиналыс хаттамасы, дәрігерлік анықтама т.б. Алғашқы жиында Жиенәлиев баяндама жасап, жарыссөзде Исмағамбетов, Меңдібаев,Тілеуғожиев сөйлепті. Бәрі де Есболовтың қоғамға зияны жоқ екендігін айтқан. Тілеуғожиев: «Ол Тұтынушылар қоғамына кіруге мүмкіндігім болмай тұрғанда мен үшін 50 тиын төлеп жіберді, оның мұндай жақсы істері көп, сондықтан жарамсыз санаймыз» деген. Қалғандары да осыны қостап, «Есполов қоғамға қауіпсіз, сайлау комиссиясы мәселені тағы бір қарасын, сайлау құқығын қайтарсын» деп қаулы еткен. Екінші жиында К. Рамазанов, Д. Ақуов, Домаланов, Мұнайдаров, Бекиров, Тәженбаев және басқалары Есболовтың халықты жақсылыққа бастағанын, мысалы, 1927 жылы ауылдың 6-7 баласы Жымпитыға барып оқи алмай қалғанда халықты үгіттеп, ауылдан мектеп салуға бастама көтергенін, нәтижесінде мектеп салынып, балалар білім алып, сауат ашқанын айтқан. Ал Әзербай ауылындағы кедейлер жиылысында Қалиев деген кісі: «Біз Тұрсынғалидың көмегін көрдік. 1921 жылы ашаршылық кезінде ол ашыққан халыққа өз малының сүтін беріп, талай адамды өлімнен алып қалды. 1923 жылы өз егінінен 200 пұт тарыны тұқымдыққа кедей-кепшікке таратып берді, әлі күнге дейін ақысын сұрамай отыр. Міне, оның көрсеткен көмегі осындай, ал басқаларынан біз мұндай жәрдем көрмедік» деген. Осы құжаттардың арасында 1928 жылғы 12 мамырда толтырылған акт те жүр. Онда былай делінген: «Жымпиты сақтандыру пунктінің ғимаратында азамат Тұрсынғали Есболов еңбек қабілетінен айрылғандығы бойынша тексеруден өтті: Есболов арық, даусы әлсіз, тері асты май безі әлсіз жетілген, сол жақ көзінің қарашығы бұлдыр, сол жақ шынтақ буыны семіп қалған, оң жақ көзінде әлсіздік бар. Қаулы: Есболовтың еңбек қабілетсіздігі 60 пайыз». Соңында Жымпиты уездік денсаулық бөлімі төрағасы мен 3 дәрігер қол қойған. Бірақ бұл аралықта Тұрсынғалиды қаралаушылар да қарап жатпаған. Орал губерниялық «Қызыл ту» газетіне Есболовты «әшкерелеген» мақалаларды дүркін-дүркін шығарып жатты. Ең ауыры «Алашорданың аудандық милиция бастығы болды» деген айып еді...
Біз Тұрсынғали Есболовтың кейінгі тағдыры қалай болғанынан хабарсызбыз. Ол әлде жер аударылып, әлде қуғыннан қашып, Ресей Федерациясын паналағанға ұқсайды. Бірақ бәрібір советтік репрессиядан аман қалмаған: 1941 жылы 27 маусымда Чкалов облысы Павлов ауданы Орынбор астық совхозындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүрген кезінде тұтқындалып, ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. («Алаш милициясының бастығы»//Қазыбек Құттымұратұлы, 2021 жылы, 21 қаңтар күнгі «Орал өңірі» газетіне жарияланған).