Ермұхамбетов Галош Ермұхамбетұлы 1892 жылы БҚО Казталовка ауданының Беспішен ауылында дүниеге келген. Қазақ, бұрынғы бай, сауатты, Алашорда мүшесі, үйленген. Әкесі Жұмағалиев Ермұхамбет 1927 жылға дейін ірі бай болған, хазіретке қызмет еткен діни-сопы, мал саудасымен айналысқан, Алашордамен ниеттес. Шешесі – 1929 жылы тәркілеуге ілінген атақты Арыстан деген бай-феодалдың қызы. Г.Ермұхамбетов 1937 жылы 28 желтоқсанда БҚО Жаңақала УНКВД тарапынан тұтқындалған. Қылмыстық істе Сейітқали Меңдешевтің бала күннен досы деп көрсетілген. Антисоветтік, ұлтшыл, зиянкестер, террористік бүлікші ұйымның мүшесі болған деген айып тағылған. 1937 жылы 31 желтоқсанда БҚО УНКВД шешімімен РКФСР ҚК 58-7, 58-10-баптары бойынша сотталып, БҚО УНКВД Үштігі 8 жылға ЕТЛ-да жазасын өтеуге шешім қабылдаған. Бірақ кейін шешім өзгертіліп, 1938 жылы 11 ақпанда екінші рет Үштіктің хаттамасымен қайта шешім шығарылып, ең ауыр үкім – атужазасына кесілген, оған тиесілі мүлкі тәркіленген. Үкім 1938 жылдың 13 ақпанында 23 сағат 25 минутта орындалған. 1958 жылы 10 мамырда БҚО облыстық сотының шешімімен істе қылмыс құрамының жоқтығына орай тоқтатылып, ақталған. Қылмыстық істе отбасында әйелі Раузия, ұлы Башу Ермұхамбетов 1919 жылы дүниеге келген, інісі Гатау Кафизов бар деп көрсетілген. (БҚО ПД архиві, №П-983 іс, Р.Құрманбаев, Г.Ермұхамбетов және басқаларының ісінде).
Ермұхамбетов Галош Ермұхамбетұлы
- Аты-жөні: Ермұхамбетов Галош Ермұхамбетұлы
- Туған жері: БҚО Казталовка ауданының Беспішен ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ