Есенғұлов Ғұмар Қожахметұлы, 1890 жылы 15 мамырда Орал облысы Темір уезі Ембі-Темір болысының №8 ауылында дүниеге келген. Оның әкесі – Қожахмед Есенғұлов, анасы – №3 ауылдан Балхия Таменова. Осы күнге дейін Ғұмар Есенғұлов 1886 жылы дүниеге келген деп көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген құжатқа ауыл старшыны, №8 және №3 ауылдың ауылнайы Әлібек Қитмановтың және халық судьясы Әли Жылқамановтың қолдары қойылып расталған, бұған Ембі-Темір болысының старшыны Т. Санкебаев мөрін басқан. Есенғұлов Ғұмардың туу туралы куәлігі жоғары оқу орнына түсу үшін берілген. Әкесі елдегі көзі ашық, зерек адам болған. Ғұмар Есенғұлов болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық орыс-қазақ Романов училищесін бітіргеннен кейін Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түседі. Батыс Қазақстан облыстық мұражайының №27047 қорында Ғұмар Есенғұлов аттестатының көшірмесі сақталған. Есенғұлов Ғұмар Орал әскери-реалды училищесіне 1903 жылдың қаңтарында қабылданып, өте жақсы тәртібі мен жақсы оқуымен көзге түскен. 1909 жылдың 6 маусымында Орал әскери-реалды училищесінің толық курсын тәмамдаған. Ғұмар Есенғұлов жоғары оқу орнына түсу үшін 1909 жылы тамызда қосымша бір жылдық әзірлік класында оқып, оны 1910 жылы 8 маусымда аяқтайды. Училищеден соң курстастары Б. Бисенов, Ы. Шұғыловпен бірге 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шықты. Студенттік шағында Ғұмар Есенғұлов Орал облысының земство сборынан жылына 350 рубль көлемінде стипендия (шәкіртақы) алып оқыған. 1914-1916 жылдары Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде дәрігер-ординатор болып қызмет атқарған. 1916 жылы Орынбор қаласындағы «Жедел жәрдем» стансасында дәрігер болды. 1916 жылы 15 сәуірде Ғұмар Есенғұлов Саратов қаласындағы Император атындағы медицина факультетінің сынақ комиссиясы төрағасына өтініш жазып, «Степень лекаря» «Емдеуші дәрігер» біліктілігіне емтихан тапсыруға рұқсат сұраған. Бұл өтініші қанағаттандырылып, «Емші дәрігер» біліктілігін 1916 жылы 9 маусымда алады және әскери іске қатыстылығы туралы №7902 куәлік берілген.
Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №2675 іс Ғұмар Қожахмедұлы Есенғұловқа арналған. 393-қор, тізбе №1. Жалпы алғанда, бұл істе Орал реалды училищесі, әзірлік курсы, студенттік, емшілік кезеңдері жылдарымен сипатталған.
Ғұмар Есенғұлов 1917 жылы сәуірдің басында Орынбор қаласында өткен Торғай және Орал облысы қазақтарының съезінде қаралатын мәселелерді әзірлеп, өтетін орны мен уақытын анықтап, жұртқа хабар беретін айрықша бюроның құрамына кірді. 1917 жылы сәуірдің ортасында Орал қаласында өткен 1-інші Орал облысы Қазақ съезінде Жайық сырты облысы қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында өткен 2-інші Жалпықазақ съезінің қаулысымен Құрылтай жиналысы депутаттығына Орал облысынан белгіленген 7 кандидаттың бірі болды. Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан аталған депутаттар тізіміне де кірді. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г. Бизяновтың ұйғаруымен 1917 жылы Темір уезі бойынша Уақытша үкімет комиссары болып тағайындалды. 1918 жылы 11 қыркүйектегі орталық Алашорда үкіметі Уфа мәжілісінің қаулысымен Уақытша үкімет берген құқықтарды уақытша пайдалана отырып, жергілікті земстволық басқару ісіне бақылау жасайтын Алашорда Темір уездік комиссары міндеті қоса жүктелді. Осыған орай «Ойыл уәлаятының» облыс комиссары Ж. Мергеновке бағына отырып, Темір уездік атқару комитетінің Халық шаруашылығы бөлімі деп аталған жергілікті земстволық басқару құрылымының жұмысына бақылау жасады. Осы қызметте жүріп 1918 жылы күзде ақ казактардан қашып, Темірге келген Ә. Әйтиевке, М. Ипмағамбетовке Уақытша үкімет комиссарының қолы қойылып, мөрі басылған куәлігін табыстап, елге жетулеріне көмектесті. Большевик И. Құрмановтың идеяластарына қарсы күреске қатысты, 1919 жылы маусым айында Батыс Алашорданың әскери бөлімшелерін Орал казактарының әскери үкіметі жағында ұрыс қимылдарына қатыстырмау мақсатында Темір стансасы маңында қызылдарды атағымен қашырған Жаһанша Досмұхамедовтің 300 жігітін халық жасағы сойылмен қаруланған «запас кісілер» есебінен 3 мыңға жеткізіп, үрей туғызған әскери тактикалық шараны ұйымдастыруға қатысты. 1919 жылы қарашада Темір кентін қызылдардың 1-армиясы алғаннан кейін Кеңестер жағына 1919 жылы 20 желтоқсанға дейін шыққандардың қатарында ауылды кеңестендіру, жергілікті басқару органдарын қайта құру ісіне атсалысты. Темір кентінде эпидемиолог дәрігер болды. Темір уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесі денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н. Қалменовтің ұсынуымен 1920 жылы қаңтарда сүзекке қарсы күресетін эпидемиолог отряд меңгерушілігіне тағайындалды. 1920 жылы маусым айында РК(б)П Қазақ облысы бюросы төралқасының шешімімен жаңадан құрылған Орынбор-Торғай губерниясының атқару комитетіне мүшелікке тағайындалды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе қаласында орталық амбулаторияда дәрігер-терапевт қызметін атқарды. 1929 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, дәрігер болып қызмет етіп жүргенде дүниеден озды. (БҚО тарихи өлкетану музейі қоры, №27047 қор; №27056 қорынан; БҚО МА 393-қор, 1-тізбе, №2675 іс).