Есқали Балтаұлы 1882 жылы қазіргі Орал облысы Қаратөбе ауданы Қазақстан колхозы Аққолқа ауыл советінде дүниеге келген. Руы – жетірудың телеуі. Ол Қаратөбеде өткен Алаш съезіне бір топ зиялылармен бірге қатысқан. Есқалидың әкесі Балта екі иығына екі кісі мінгендей, бір өзі ту биенің етін иығына салып, еркін көтерген қайратты кісі болыпты. Шешесі Бике кедей шаруалардың отбасынан шығыпты. Есқали Балтаұлы жайлы дерек іздеп жүргенімде 1998 жылы маусым айының 19-ы күні аудандық әкімдікте қабылдау бөлмесінде жұмыс жасап жүрген оның немересі Әлия Хамитқызы Есқалиева Есқали атасы туралы өз қолында бар дерек-құжаттарын ұсынды. Есқали Балтаұлы Дәуқара бастауыш мектебінде оқыпты. Қалдығайты болысындағы бастауыш мектепте, кейін Қиылдағы екі басқыш мектепте оқып, жағдайы келмей, оқуын бітіре алмаған. Сабынкөл болысында есепші болған. Одан соң ол Қиылдағы крестьянский начальниктің кіші пиары болып үш жылдай жасаған. Кейін Сабынкөл болысында писарь болып жүріп, Кеңес үкіметінің жеңісін қарсылаған. Осы болыста болыстық хатшы жұмысында 1926 жылға дейін жасаған. 1926 жылдан кейін қаржы саласы жұмысына ауысып, қаржы инспекторы болған. 1928 жылдан бастап қаржы бөлімінің бас бухалтері қызметін атқарған.
Есқали қамқоршы жан болып, көптеген адамға көмегін тигізген. «Сол уақытта өзі жас болса да, бүкіл ауыл тік тұрып, кішкене баласынан бастап үлкен ақсақалға дейін сыйлап құрметтейтін еді» депті 1990 жылы 72 жастағы Айтмұқанбетқызы Сымбат апай Егіндікөл – Орал маршрутымен кетіп бара жатқан Хамитқызы Ғалияға. Атасы жайлы осындай жылы сөзді бейтаныс апайдан естігенде Ғалия бір марқайып қалыпты. Үлкен ұлы Сырым Есқалиев жоғары партия қызметкері болып, құрметті еңбек демалысына шығып, 1981 жылы Орал қаласында қайтып, сонда жерленіпті. Әкесі Балтаұлы Есқали 1928 жылы дүниеден озған. 1930 жылы желтоқсан айының 27-сі күні дүниеге келген Хамит Балтаұлы Есқалиев Сырым ағасының тәрбиесінде болыпты. Егіндікөл орта мектебінде жұмыс жасады. 1993 жылы тамыз айының 27-сі күні 63 жасында дүниеден озды. Міне, Алашорданың Қаратөбе съезіне қатысқаны жайлы бұрын белгісіз болған бір зиялының өмір тағдыры осылай қалыптасты. (Қ. Хасанов материалынан, Қаратөбедегі Алаш музейі).