Жалпақов Тәжмұхамет, 1897 жылы Орал облысы Ілбішін уезінің Мөтеш болыстығы 8 ауылында дүниеге келген (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы). Батыс Алашорда офицері, кейін Жайық өңірін кеңестендіру ісіне қатысқан. Әкесі Темір орта шаруалы адам болған. Т.Жалпақов болыстық орыс-қазақ мектебін, 1915-1917 жылдары қалалық Романов орыс-қазақ училищесінен соң Воронеж ер балалар фельдшер мектебін бітірген. 1918 жылы жазда Ғұбайдолла Мұхитов, Т.Бекмағамбетовпен бірге Ойылдағы Тұңғыш Қазақ кавалериялық юнкерлер мектебіне түсіп, 1919 жылы юнкерлік мектепті прапорщик шенінде тәмамдаған. Кейін Жымпиты қаласындағы Алаш полкінің шаруашылық бөлімінде қызмет атқарған және полктің штаб офицері болып тағайындалады. 1919 жылдың аяқ шенінде полкпен бірге Ойыл бекінісінде қызмет атқарған. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін оны тарату жөніндегі өлкелік айрықша комиссияның ұйғаруымен Батыс Алашорда офицерлер тобының құрамында Орынбор қаласына әкелінген. 1920 жылы сәуірден 1920 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақ өлкелік төтенше комиссиясының ерекше тапсырмалар жөніндегі комиссиары болып тағайындалады. Одан әрі Жымпиты уездік еңбек комитеті мобилизация бөлімінің бастығы (1920 жылы желтоқсан-1921 жылдың мамыры аралығында); Қызыл армия құрамындағы ерікті Коммунистік эскадрон командирінің көмекшісі; Жымпиты уездік еріктілер отрядының командирі (1921 жылдың маусым-1922 жылдың желтоқсаны аралығында), осы қызметте Жымпиты төңкерісіндегі Серов, Мещеряков, Сафронов баскөтерулерін басуға қатысты; Тайпақ болыстық атқару комитетінің төрағасы (1922 жылы желтоқсан-1924 ж.); Орал облыстық тұтынушылар одағы қоғамының нұсқаушысы (1924-1928 жж.); Аңқаты тұтынушылар одағының бухгалтері (1928-1932 жж.); Аңқаты жұмысшылар секциясының нұсқаушы-бухгалтері (1935-1936 жж.); Шыңғырлау аудандық тұтынушылар одағының бас бухгалтері (1936-1937 жж.);Исаев жұмысшылар кооперативінің бухгалтері (1938 ж.); пішен дайындау мекемесінің инспектор-бухгалтері (1938-1942 жж.); 1942-1945 жж. аралығында Ұлы Отан соғысында болды; Теректі аудандық тұтынушылар одағының бас бухгалтері (1945-1952 жж.); Қаратөбе ауданындағы Аққозы жұмысшылар кооперативінің бас бухгалтері (1945-1952 жж.); Қаратөбе ауданындағы Аққозы жұмысшылар кооперативінің бас бухгалтері (1952-1956 жж.). 1956 жылы зейнет демалысына шығып, өмірінің соңына дейін «Аққозы» кеңшарында тұрған (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі.; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған:Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009.).
Жалпақов Тәжмұхамет
- Аты-жөні: Жалпақов Тәжмұхамет
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезінің Мөтеш болыстығы 8 ауылы
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ