Жанқадамов Бижанғали Әбілқасұлы, 1890 жылы 23 желтоқсанда Орал облысы Ілбішін уезі Қалдығайты болысының 10-шы ауылында дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, қазақ халқының алғашқы жоғары білімді мал дәрігерлерінің бірі. Тегі – байұлына жататын қызылқұрт руы. Әкесі Әбілқас орта шаруалы адам болған. Б. Жанқадамов болыстық орыс-қазақ училищесін, Орал реалдық әскер училищесін бітірген (1906-1912 жж.шамасы). 1912-1917 жылдар аралығында Қазан ветеринарлық институтында оқып, оны мал дәрігері маманы деген дипломмен тәмамдады. 1915 жылы қаражат жоқтықтан оқуын үзіп алғандығы жөнінде курстасы Мұқаш Боштаев «Қазақ» газетіне жазды. 1916 жылы К.Жәленов, М.Балтанов, М.Баймұхамедовпен бірге қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылғы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенті болып майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетінде хат жарияланғандардың бірі. 1917 жылы наурыз айында Ә.Бөкейханның шақыруымен құрамында А.Кенжин, Б.Сүлеев, Е.Омаров, Ғ.Бірімжанов, т.б бар қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп,жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастыруға қатысты. «Қазақ» газетіне тыл жұмысындағы жігіттердің жай-күйінен мақала жазды. («Жолсыз әуре қылмаңдар»,1917, 1сәуір, №224).Сол жылы сәуір ортасында Орал қаласында өткен I Қазақ Орал облыстық съезіне делегат ретінде қатысып, Орал облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылы күзде II Қазақ облыстық съезі шешімімен жүргізілген земство сайлауында С.Омаров, К.Отаров, Ғ.Жетпісов тәрізді ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына К.Жәленовпен баламалы негізде түсіп,басым дауыспен төраға болып сайланды. 1917 жылы күзде облыстық земство төрағасын сайлау кезінде қазақ оқығандары арасындағы топқа бөлінген күрестен өзін аулақ ұстады. Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп,оның демократиялық негізде жұмыс істеп,халық шаруашылығы міндеттерін толығынан атқаруына қол жеткізуге күш салды. Ойыл облысында үкімет пен земство билігінің қосарланбай, екі билік органының аражігі дәл ажыратылуын жақтады. Осындай тура да шыншыл, принципшіл мінезімен ел ықыласына бөленіп, аз уақытта Ойыл облысы басшылары санатына енді. 1918 жылы 22-25 тамыз аралығында Комуч пен Уақытша Сібір үкіметі тарихи қыркүйек Мемлекеттік кеңесі қарсаңында Челябі қаласында өткізген кеңеске М.Шоқаев, Жанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Ойыл уәлаяты земствосы атынан өкіл болып қатысты. 26 тамызда делегацияның күш салуымен айтылмыш кеңесте Комуч Алашорда үкіметін таныды. Б. Жанқадамов Алашорда делегациясы құрамында 1918 жылы 8-11 қыркүйек аралығында өткен Уфа мемлекеттік кеңесіне қатысты. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының баскөтеруі тұсында Б. Жанқадамов уездік аурухана үйінде Жанша және Х.Досмұхамедовтің, И.Қашқынбаевтың, М.Балтановтың т.б қатысуымен өткен кеңесте Ойыл облысы бойынша билік тұтқасын уақытша облыстық земство басқармасына беру жағында болды. 1919 жылы ақпанда большевиктік «Яицкая правда» газетінде Б.Қаратаев жариялаған Батыс Алашорда қызметкерлерінің №1 тізімінде аталды. 1919 жылы күзге қарай екінші рет өткізілген земство сайлауынан кейін қараша айында Батыс Алашорда үкіметінің Ойыл облыстық земство управасы жанындағы комиссары болып тағайындалды. Сол шамада көшкен үкімет мекемелерімен бірге Ойыл бекінісіне келді. Жедел отряд басқарып,Ершовтың ақ партизандар отрядыменбірге барлау операцияларына және Қызыл армияның шолғыншы отрядтарымен болған ұсақ қақтығыстарға қатысты. 1919 жылы желтоқсанның басында Қызылқоға маңындағы Миялы жайлауында тұрған Ж.Досмұхамедұлының Жымпиты отряды мен қызылдардың 1-Армиясы құрамындағы 3-татар атқыштар полкі арасында келіссөзге жүрген екі делегаттың бірі. Татар полкінің командирі Х. Мәулідов пен әскери комиссары Ғ. Қасымовқа Батыс Алашорда үкіметінің Қызылқоғада тұрған Елек корпусын бірлескен тұтқиыл шабуылмен алу жоспарын жеткізді. Қызылдар екінші парламенттерді кепілге ұстап қалып, Б. Жанқадамовты «3-ші татар полкінде бірқатар уақыт болған, Кеңес өкіметінің аз халықтар жөніндегі саясатымен жете танысқан, сондықтан Батыс Алашорда үкіметіне мән-жайды толық түсіндіріп бере алатын адам» ретінде қайтарады. Бұдан кейін Б. Жанқадамов Қызылқоғадағы қалыптасқан жағдайды талқылау үшін жиналған земстволық және қалалық өзін-өзі басқару орындары, саяси және қоғамдық ұйымдар өкілдері, ақсақалдар мен дін иелері кеңесіне (1920 ж. 10 желтоқсан) қатысты. Шын мәнінде, сәл кейінірек, 27 желтоқсанда түнде Батыс Алашорда үкіметінен Б. Жанқадамов бұрын Ойылға жеткізген әскери қимыл жоспарын дербес жүзеге асырып, тұтас Елек корпусын өз күшімен қолға түсірді. Батыс Алашорда үкіметі таратылған соң Б. Жанқадамов өзге үкімет мүшелерімен бірге елден аулақ ұсталды. 1920 жылы Орынборға әкелінді. Сол жылғы 1 шілдеден Қазәсревкомның Редакциялық коллегиясында аударма комиссиясын басқарды. 1920 жылы аяқ шенінде елге оралып, 1924 жылға дейін Жымпиты уезіне қарасты Қалдығайты, Көкөзек болыстарында әртүрлі Кеңес қызметінде болды. 1920 жылдың аяғы-1930 жылдың басында Тайпақ ауданында мал дәрігері болып жүрген кезінде «Халық жауларына» қарсы науқан өршіген 1936 жылдың басында қызметінен босатылады. 1936 жылы қыркүйектен бастап Казталов аудандық жер бөлімінде аға мал дәрігері. 1937 жылы жазда Орал қаласында тұтқындалды. Жауап алу кезінде Ж. Досмұхамедовті құрметтейтінін, А. Байтұрсыновтың, М. Жұмабаевтың, Шәңгерейдің талантына бас иетінін тайсалмай айтты. Бұрынғы Батыс Алашорда құрамында болғанын, кейін алашордашылар Ғ. Манкеев, М. Жақанов, М. Байшеркешов, А. Қитаровтармен байланыс ұстағанын жасырмады. IIXK Батыс Қазақстан облыстық басқармасы үштігінің қаулысымен 1937 жылы 2 желтоқсанда атылды. ҚР Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылы 16 қыркүйектегі ұйғарымымен ақталды (БҚО ПДА 1-қор, №П-983 іс. Б. Джанкадамов қылмыстық ісі. Осы бір делода 8 адам ісі қаралып, бәрі 1 топ ретінде антисоветтік ұлтшыл, террористік, қозғалыс ұйымдастырушылар деп айыпталып, түгелдей қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істе: Жанқадамов Бижан, 1889 ж.т. (вет дәрігер), Таушанов Сейфіл, 1890 ж.т. (мектеп директоры), бұл екеуі ең ауыр үкім – ату жазасына кесілді. Қалғандары Арстанов Яхон, 1904 ж.т. (землеустроитель), Байшеркешев Мұстафа, 1890 ж.т., (мұғалім); Ақбаев Рустем, 1896 ж.т., (мұғалім), Джармухамбетов Дабыс, 1897 ж.т., Джакубалиев Мухамеджан, 1892 ж.т., (педкурс директоры); Ажгиреев Валихан, 1903 ж.т., (мұғалім), бұлар 10 жылға бос бостандығынан айырылғандар істері тіркелген).
Жанқадамов Бижанғали Әбілқасұлы
- Аты-жөні: Жанқадамов Бижанғали Әбілқасұлы
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Қалдығайты болысының 10-шы ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ