Жақанов Мизамғали Көккөзұлы, 1890 жылы БҚО Жымпиты ауданының Қособа ауыл советінің №7 ауылында дүниеге келген. Білімі орташа, 4 кластық училищені аяқтаған. Тұрғылықты жері: Орал қаласы, Кожевенная №9 үй. Қызметі – ауыл шаруашылығы техникумында оқытушы. Батыс Алашорда қозғалысының белсенді мүшесі. 1911 жылы Орал қалалық мектебінде білім алып, «народный учитель» атағы үшін сынақтан өткен. 1911-1918 жылдары бірсыныптық училищеде, 1919-1920 жылдары Құрайлы бірсыныптық училищесінде оқытушы қызметтерін атқарған. 1918 жылы Уездік земской управада іс жүргізуші болған. 1920 жылдан бастап жұмысшылардың кәсіподақ мүшесі. 1928 жылға дейін Жымпиты ауданының мекемелерінде түрлі лауазымдарды атқарған. 1929 жылы 12 қаңтарда Батыс Қазақстан облыстық Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы алқа жанындағы Ерекше Кеңестің қаулысымен Жақанов Мизамғали РСФСР ҚК-ның 58-10-бабымен Қазақстан және Орта Азия аумағында 3 жыл мерзімге тұру құқығынан айырылған. 1932 жылы Исаев совхозында өз ісіне салғырттығы мен қызметін асыра пайдаланғаны үшін жергілікті соттың шешімімен 1 жылға мәжбүрлі жұмысқа сотталған. 1932-1937 жылдар аралығында Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында оқытушы болып жұмыс жасаған. 1937 жылы 5 қыркүйекте Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, ниеттес деген айыппен тұтқындалады. Сонымен бірге 1935 жылы тамызда Жақанов Мизамғали бұрынғы алашордашылар Манкеев Абдулла, Бармақбаев, Хабибулла Ищанов, Жәрдемалиевтермен бірігіп, Орал қаласы, Қаратөбе, Жымпиты аудандары, Маңғыстау облысында контрреволюциялық ұлтшыл топ құрып, құрамына жастарды үгіттеген деген айып тағылған. 1937 жылғы 5 қыркүйектегі тұтқындау кезіндегі НКВД жендеттерінің тінтуі барысында М. Жақановқа тиесілі 29 дәптер, Құран кітап, «Алашорда кітабы», «Мұсылман» кітабы тартып алынған. Тұтқынның жеке анкетасында М. Жақанов бұрынғы бай-кулак отбасынан, әйелі Ағипа 33 жаста, әйелі Талшын 37 жаста, ұлы Бақи 13 жаста, қызы Сәуле 10 жаста деп жазылған.
1937 жылы 15 қарашадағы БҚО УНКВД Үштігінің шешімімен РКФСР ҚК 58-2, 58-11-баптары бойынша сотталып, ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. Келесі күні 16 қараша 23 сағат 45 минутта үкім орындалған. 1956 жылы 12 сәуірдегі Батыс Қазақстан облыстық Сот Президиумының Қаулысымен Жақанов Мизамғалидың ісінде қылмыс құрамының жоғына орай іс тоқтатылған. «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылғы 14 сәуірдегі заңның 2-бабына сәйкес саяси қуғын-сүргіндер құрбаны деген мәлімет бойынша ақталған. (БҚО ПДА, №563 іс).