Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.
Аталған комиссия облыс әкімдігінің 2021 жылғы 20 қаңтардағы №1 қаулысы негізінде құрылды. Комиссия құрамында 19 адам бар. Басым көпшілігі – ғылыми дәрежесі бар тарихшылар мен өңірімізге танымал өлкетанушылар, мәслихат депутаттары мен азаматтық қоғам өкілдері. Тоғыз ғалымға архивтерде құпия құжаттармен жұмыс жасау үшін арнайы рұқсат берілді.
Комиссия отырысында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиевтің мәліметі бойынша, комиссия құрамындағы тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар архивтермен жұмыс, ғылыми-зерттеу және тарихи-танымдық жұмыстарын жүргізуде. Жеті тақырыптық бағыт бойынша қызмет атқаратын жұмыс топтары құрылды: 1) Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу; 2) Күштеп ұжымдастыру және 20-30 жылдардағы ашаршылықтан жапа шеккендерді анықтау; 3) Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу; 4) Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау; 5) Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау; 6) 1939-1945 жылдардағыв фашистік Германия, Финдляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау; 7) Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жж. аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс топтары.
- Биыл өңірлік комиссияның үш отырысы, жұмыс топтарының сегіз отырысы өтті. Басқосуларда өңірлік комиссияның қызметін ұйымдастыру, құрылған жұмысшы топтарының бағыттарын талқылау мәселелері қаралды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысымен тамыз айынан бастап "DANA" ғылыми-зерттеу орталығы шұғылдануда. Бұл орталық 2012 жылдан бері ғылыми-зерттеу және тарихи-танымдық жұмыстарды жүйелі атқаруда. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы өңір тарихына қатысты көптеген зерттеу еңбектерін жариялады. Орталық бастамасымен «Дана.qaz» журналының 58 нөмірі жарық көрді. Биыл жоба шеңберінде арнайы мәліметтер базасы жүктелген «Батыс мұра kz.» тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу порталы іске қосылды. Аталмыш интернет-ресурста саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты бес негізгі бағыт бойынша бөлімдер жұмыс жасайды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен қызығушылық танытқан тұлғаларға порталға кіріп онлайн сауалнамаларды толтырып жіберуіне мүмкіндік жасалған. Алдағы уақытта тақырыптар бойынша тұрғындардың жеке әңгімелерінің бейнеархиві жүктелмек.
Сондай-ақ жоба ауқымында өңірлік комиссия мүшелері, ғалым-мамандар мұрағат көздерімен жұмыс, ақпарат жинақтау мақсатында биыл 10-24 қазаны аралығында Алматы қаласындағы архивтерде, ғылыми орталықтарда жұмыс істеді. Оралдық зерттеушілер ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Президент архиві, полиция департаменті мен ҰҚК-ның арнайы архивтері және т. б. орталықтарда жұмыс істеп, өңір тарихына қатысты тың деректермен жұмыстанды. Екі апталық ғылыми іссапар нәтижесінде алматылық ғалым-мамандармен, архивистер ізденушілермен өңір тарихын зерделеу бойынша байланыс орнатылды. Архивтердегі жұмыс барысында 100-ге жуық іс қаралып, 4 мың беттей құжат көшірмесі әкелінді.
Жалпы осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми ізденушілік жұмыстар нәтижесінде сан түрлі саяси мотивтер бойынша репрессияға ұшырағандардың тізімдері жасақталуда. Атап айтқанда, 20-30 жылдары облыс аумағындағы көтерілістер мен халық наразылықтарына қатысқаны репрессияға ұшыраған 170 адам, күштеп ұжымдастыру кезінде қудаланған бай-кулактар мен шаруалардың қатарынан 500-ге жуық адам, күштеп қоныс аударылғандар 3500 адам, қудалауға ұшыраған 1 001 дін өкілі (894 мұсылмандар, 107 православтар), екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары қатарынан 2939 адамның тізімі табылды. Аталмыш тізімдерді жұмысшы топтары мұқият тексеріп, нақты ақпараттарды мемлекеттік комиссияға жолдайды. Сонымен қатар жұмыс тобы облыс аумағында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылғандардың жаппай жерлеу орындарын, НКВД лагерлері болған жерлерді іздестіру жұмысын жүргізуде. Бұл бағытта далалық экспедициялар мен танымдық бағыттағы іздестіру жұмысы жалғасады. Жыл соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірімізде жүргізілген жұмыстарды қорытындылайтын жинақ шығару жоспарланып отыр, – деді Дархан Қадыралиев. Өңірлік комиссия отырысында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы, өлкетанушы, "DANA» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Жантас Сафуллин баяндама жасады.
Қазақстанда 1927-1953 жылдары 103 мың адам жазаланып, 25 мыңдай адам атылғаны туралы дерек айтылады. Батыс Қазақстан облысында 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап (қазіргі құжаттық деректер бойынша шамамен 1500-ге жуық), оның 335-і атылған. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып (қазіргі деректер бойынша – 2000-ға дейін), 690-ы атылған делінеді. Әлі де болса терең зерттелмегендіктен шынайы жағдайда адам саны бұдан көп деп санаймыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы барысында осы деректердің нақтылығына көз жеткізіп, ақиқатқа бір табан жақындаймыз. Біздің облысымыз бойынша жеті бағытта зерттеу жұмысы жүргізілуде. Бес айдың ішінде Орал мен Алматы қалаларындағы архивтерде жұмыстанып көптеген тың деректер анықтадық. Әзірге мұның барлығы барлау бағытында жүргізілуде. Алдағы уақытта осы архивтермен жүйелі жұмыстану қажет.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс тобының мүшелері, қазан айының 10-22-сі күндері аралығында Алматы қаласында іссапарда болғаны айталды. Мұрағат қорларынан Батыс Қазақстан облысына қатысты көптеген құжаттардың көшірмесін алдық. Нақтырақ айтсақ, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған батысқазақстандық тұлғаларға қатысты 68 істің фотокөшірмесі (барлығы 4 мың бетке жуық), 1920-1930 жылдардағы мерзімді басылым мақалаларының көшірмесі және қолжазба естеліктер көшірмелері, «Депортация тарихынан. Қазақстан 1930-1935 жж.» құжаттар жинағының электронды нұсқасы, Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан әскерге шақырылып, жау қолына тұтқынға түскен 6226 соғыс тұтқынның тізімі, күштеп ұжымдастыру, Алашорда тарихына қатысты және басқа да құнды архив құжаттары жеткізілді. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен республикалық деңгейдегі танымал ғалымдармен бірнеше семинар-кеңес, кездесу өтті, тәжірибе алмасылды. Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебаймен «Дана» орталығы арасында алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға шарт жасастық. Нәтижесінде оларда сақталған тарихи құжаттар негізінде бірлесе отырып кітаптар шығаруға уағдаластық, – деген Жантас Набиоллаұлы жұмыс топтарының атқарған қызметіне байланысты құнды деректерді бөлісіп, комиссия жұмысына жетілдіру бойынша бірқатар мәселені атап өтті. Басқосуда тарихшы-ғалым, облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев облыстық комиссия қорытындысы бойынша монографиялық еңбек жариялауды ұсынды. «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі, журналист, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлы комиссия жұмысы қауырт екенін, соған байланысты тарихи құжаттарға уақтылы қол жеткізу үшін облыстық мемлекеттік архивінде қызмет ететін мамандарды көбейтуді сұрады. Зерттеуші сөзін қостаған облыстық мемлекеттік архиві Айжан Сауғабаева қосымша штат бірлігін көбейту керектігін айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта архивте 28 қызметкер еңбек етеді. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен лимит бойынша 94 маман қызмет етуі керек.
– Комисия отырысында аса өзекті мәселелерді қарастырдық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу – бәрімізге ортақ міндет. ХХ ғасырда еліміздің басына төнген ауыртпалық аз болған жоқ. Халқымыз алапат ашаршылықты, жаппай қуғын-сүргінді, сұрапыл соғысты басынан кешті. Тарихи шындықты қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы, ел болашағы жолында жапа шеккен зиялы тұлғаларды ақтау – біздің азаматтық міндетіміз болмақ. Біз репрессия құрбандары қудаланған басқа баптарды анықтауымыз керек. Себебі саяси мотив шеңберінде жәбірленушілерге бірнеше баптар бойынша айыптар тағылған. Кеңестің солақай саясаты азаматтық құқықтарын өрескел бұзып, сайлау құқығынан айыру сынды шектеулер қойды. Біз олардың санын анықтаудың әдістерін нақтылауымыз керек. Егер бүкіл кеңес халқы үшін 1937-38 жылдардағы куғын-сүргін «Үлкен террор» жылдары қайғы-қасірет болса, қазақ халқы үшін 1920-30 жылдар – бұрын-соңды болмаған нағыз «Алапат қасірет» болды. Дәл осы жылдары большевиктік-сталиндік режимнің алдын ала әзірлеген халыққа қарсы саясатының нәтижесінде қазақ халқы орасан шығынға ұшырады. Біз үшін өңірде науқан құрбандарының жалпы санын анықтау, оларды ақтау мәселесін көтеру маңызды. Ол үшін біздің облысқа қатысты іздестіру-зерттеу жұмыстарын еліміздің барлық өңірлерінде, шекаралас Ресей аумағында жүргізу, санаттар бойынша статистикалық мәліметтерді толықтыру және қайталап тексеру қажет. Мемлекеттік комиссияның төрағасы тақырыптық бағыттар бойынша ғылыми еңбектерді, монографияларды жариялауды ұсынған болатын. Жасаған жұмыстардың қорытындысы ретінде арнайы жинақтар шығарып, келесі жылға арналған баспа өнімдерінің жоспар-жобасын дайындау қажет, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев комиссия мүшелерінің жұмысына ризашылық білдірді.
Нұртай Алтайұлы,