Бүгін Орал қаласында "DANA" ғылыми орталығында БҚО бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс топтарының жетекшілері Жантас Сафуллин, Қазыбек Құттымұратұлы, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байболсынова, Есқайрат Хайдаров және Айболат Құрымбаев биылғы атқарылған жұмыс барысынан әңгіме өрбітті.
Сонымен қоса келер жылы атқарылатын жұмыс жоспарын тілге тиек еттік. Өңір басшысы Ғали Нәжімединұлының және БҚО Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарық көрген "Сенім үшін сергелдең" авторы Қазыбек Құттымұратұлы және "Тауқымет тартқан тағдырлар" авторы Ахмедияр Батырханов жинақтарын авторларына Жантас Нәбиоллаұлы табыс етті. Алла қосса, алдағы уақытта дін қайраткерлері мен соғыс тұтқындарына арналған екі жинақтың тұсау кесері ұйымдастырылады. Бүгінгі отырыста топ жетекшілері өзара пікірлерін білдіріп, екі жинақтың да өңірімізде алғашқы жарық көрген шығармашылық дүние екеніне тоқталды. "Тауқымет тартқан тағдырлар" жинағына Бөрлі, Жымпиты, Казталов, Теректі,Чапаев және бұрынғы Тайпақ аудандары бойынша сұрапыл соғыста жау қолына тұтқынға түскен 292 боздақ, майдан даласында істі болып, ату жазасына кесілген 47 және шайқас алаңында істі болғаны үшін жазасын айыптылар ротасында өтей жүріп, алдыңғы шепте қаза тапқан 22 батысқазақстандық туралы архив құжаттары негізінде мәлімет келтірілсе, әр жылдары соғыс тұтқындары туралы мақалалар енген. Жинақтың редакторы құрдасым әрі жиенім Нұрлан Сәдірге және бастама көтеріп, қолдау білдірген Жантас Нәбиоллаұлына алғысым шексіз. 1995 жылы Орал қаласынан жарық көрген "Боздақтар" кітабының 1 томының 22-бетінде Ұлы Отан соғыс жылдары Батыс Қазақстан облысынан 157 адам жау қолында тұтқында қайтыс болған деп мәлімет жазылған. Соңғы жылдары ізденіс барысында сұрапыл соғыста біздің өңірден жау қолында тұтқында қайтыс болған үш мыңнан астам батысқазақстандықты анықтадым. Қазіргі күні сол архив құжаттарынан алынған деректерді орыс тілінен қазақ тіліне аудару жұмыстарын атқарудамыз. Алдағы уақытта өзге аудандар бойынша соғыс тұтқындары жөнінде мәліметтер жарық көреді деген ойдамын.