Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысының биылғы нәтижесі!
"DANA" орталығы өлке тарихына қатысты бірнеше бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарып келеді. Соның бірі мемлекеттік тапсырыс аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасы. Кеше "DANA" орталығында осы жоба шеңберінде атқарған жұмыстарымыз бойынша қорытынды жиналыс өткіздік.
ҚР Президентінің жарлығымен XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан архивтерде жұмыс жасауға жағдай жасалып, барлық облыстарда зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Бұл Президенттің тапсырмасы бойынша жасалып жатқан аса маңызды жобалардың бірі. Бұған Астанадан арнайы жобалық кеңсе ашылып, өңірлермен бірлесе қызмет ету жолға қойылды.
Биылғы жылы атқарған жұмысымыз жеті кітапқа жүк болыпты. Әлі дайындалып жатқандары да бар. batysmyra.kz порталына жинақталған деректер енгізілуде. Анықтаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға ұсыныстар бердік.
Бұлар жөнінде алдағы уақытта ресми таныстырылым жасалады. Жұмысымыздың нәтижесімен таныстырумен қатар келер жылы халықпен бірлесіп жұмыс жасауға күш саламыз.
Жеті кітабымыздың атауы мен авторларын назарларыңызға ұсынамын.
1. «ДӘУЛЕТШАХ КҮСЕПҚАЛИЕВ: ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ» Байболсынова Альфия Сабырғалиқызы.
2. «ОРАЛ, БӨКЕЙ ГУБЕРНИЯЛАРЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ. 1921-1922 ж.ж.» (Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив құжаттарының жинағы) құрастырушы Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы.
3. «БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕРІ (1928-1932 жж.)» Хайдаров Есқайрат Ерболатұлы.
4. «ТАУҚЫМЕТ ТАРТҚАН ТАҒДЫРЛАР ІІ» Батырханов Ахмедияр Қуанұлы
5.«ҚУҒЫНДАЛҒАН ХАЗІРЕТТЕР» Қабжан Қазыбек Құттымұратұлы
6. БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАЙЛАРДЫ, КУЛАКТАРДЫ ТӘРКІЛЕУ ЖӘНЕ ЖЕР АУДАРУ. 1928-1932 ЖЖ. (Архив құжаттарының жинағы) құрастырушы Сафуллин Жантас Набиоллаұлы
7. ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-50 ЖАЛДАРЫНА ҚАТЫСТЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ЖИНАҒЫ (Орал, Бөкей губернияларындағы ашаршылық, халық көтерілістері, Алаш, күштеп көшірілгендерге қатысты құжаттар) ұжымдық еңбек.
Кеше авторларға баспадан шыққан кітаптарын және жаңа жылға орай естелік сыйлық табыстап, өзара ой бөлісіп, әлі де атқарар жұмыстарымызды талқыладық.
Жоба аясында бірге қызмет еткен Qazybek Quttymuratuly, Нұрлан Сәдір , Eskayrat Haydarov , Ahmediyar Batyrhanov , Альфия Байбулсинова , Бактылы Боранбаева , Aibulat Kurumbaev , Ақылбек Есеналин әріптестеріме, архив құжаттарының жинағына пікір жазған Светлана Смагуловаға алғысымды білдіремін! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында көп іс тындырылды.
Былтыр архив құжаттарын теруге қолғабыс еткен әлеуметтік желі қолданушыларына да рахмет!
Архив құжаттарымен жұмыстануға мүмкіндік жасаған Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры Айжан Савгабаеваға, Алматы қаласындағыОрталық мемлекеттік архивінің директоры Sabit Shildebayға, БҚО Полиция Департаментінің арнайы архиві ұжымына өзімнің және әріптестерімнің атынан ризашылығымды білдіремін!
Жүйелі, тұрақты қолдау жасаған Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне, Ішкі саясат басқармасына рахмет!
Жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым етеміз!
Бірлігіміз бекем болсын!