Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссияның жұмыс тобы мүшелері Жымпиты ауылында болып, аудандық архив материалдарымен танысты һәм халықпен жүздесті.
Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия биыл «Халық жады» (Память народа) атты естелік жинағы дайындап жатқанын айтқанбыз. Саяси репрессия кезінде қудаланған жандардың ұрпақтары айтып берген әңгімелер бұйырса осы жинаққа қосылатын болады.
Біз әуелі Сырым аудандық архивіне кіріп, ол жердегі көне құжаттармен, әсіресе білім мекемелерінің 1930 жылдардағы бұйрықтар, жиналыс хаттамаларымен таныстық. Қажетті көшірмелерді алдық. Зерттеушілердің алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасаған архив ұжымына, басшы Ардақ Абайқызына алғыс айтамыз.
Сапарымыздың маңызды бір бөлігі - жергілікті халықпен, ақсақалдармен кездесу болды. Бұл жерде біз Құттыбай Қабдешұлы, Тілекқабыл Нұржанов, Ким Федянин, Болат Уәлиев, Наурызғали Әлмұхамедұлы Оспанов т.б. қариялармен кездесіп, советтік репрессияға ұшыраған әкелері, туған-туыстары туралы әңгімелерін бейнежазбаға түсіріп алдық.
Қуғын-сүргінге ұшыраған бай-құлақтар, халық көтерілістеріне қатысушылар, Алаш қозғалысы, Алашордаға қатысты тұлғалар мен ниеттестер, Қазақстаннан басқа жаққа амалсыз көшкен босқындар, ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары, әскери тұтқындар, жер аударылғандар және арнайы қоныс аударушылар, дін өкілдері және т.б. тұлғалар туралы естеліктер қорымыз толыға түсті.
Біздің жұмыс тобы мүшелерінің бір тобы Жалпақталдағы архивте болып, Қазталов ауданы жұртшылығымен кездескенін айта кетейік.
Соңғы жылдары біздің топтың атқарған жұмыстарының бір парасымен www.batysmura.kz сайты арқылы танысуға болады.
Қадірлі жерлестер! Сіздің ата-әжеңіз немесе басқа да туысыңыз репрессияға ұшырап, қуғын көрсе, сотталса, жер аударылса, ол жайында қандай да бір ақпарат білсеңіз, естіген әңгімелер жадыңызда қалса, бізге хабарласыңыз.
Мамырдың соңына дейін осы тақырыпта біздің мамандарға сұқбат беріңіз. Жұмыс күндері 10:00-12:30 аралығында. Мекенжай: Ж. Молдағалиев 19 ("Аманат" партиясының ғимараты), 108 бөлме (Рухани жаңғыру офисі)
Естелік материалды Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс. электронды почтасына жолдауға болады.
Орал қаласы, Жеңіс шағын ауданы 33/1.
тел.: 87112 342463
тел/уатсап: 87776120182
"DANA" ғылыми зерттеу орталығы
Суретті түсірген Шынар Молданиязова