Батыс Қазақстан облысы бойынша ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасы аясында тоғыз жинақ жарыққа шықты!
БҚО қоғамдық даму басқармасы мен Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен, Батыс Қазақстан облысы әкімі Н. Төреғалиевтің төрағалығымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Батыс Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін саясатының нәтижелері: тарих пен тағдыр» тақырыбында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.
Бұл Президенттің жарлығымен жасалып жатқан аса маңызды жобалардың бірі.
Мемлекет тарапынан архивтерде жұмыс жасауға жағдай жасалып, барлық облыстарда зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Бұған Астанадан арнайы жобалық кеңсе ашылып, өңірлермен бірлесе қызмет ету жолға қойылды.
Жиын барысында өңірлік комиссияның жеті бағыт бойынша жұмыс топтарының жетекшілері әрі "DANA" орталығының ғылыми қызметкерлері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Өзім "DANA" орталығы атынан былтыр жарыққа шыққан кітаптарымызды және осы бағытта атқарылған істеріміздің нәтижелері тоғыстырылған batysmura.kz сайтын таныстырдым.
Жоба аясында жасаған еңбегіміз тоғыз кітапқа жүк болды! Бұл монографиялық еңбектер мен архив құжаттарының жинақтарынан талайдың мал-мүлкін тартып алып, өздерін туған жерден бездіріп, жалған айыппен абақтығы тоғытып, әйелдерін концлагерлерге қамап, халықты миллиондап аштан қырғаннан соң осы зұлымдықты жасаған жүйені қорғау үшін соғысқа салып, тұтқынға түскендерін елге аман келгенде қайта соттап ит қорлықты қалай көрсеткенін біле аласыз. Өте ауыр, ата-бабамыздың басынан кешкен ең қайғылы кезең!
Әрине, бұл тамшыдай ғана еңбек. Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқан қайырлы іс!
Жиын аяқталған соң сыртқа шығып естелік суретке түсуіміз одан әрі облыс әкімі Нариман Төреғалиұлымен бейресми жиынға ұласты. Жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін мұқият тыңдап, өз ойларымен бөлісті.
Біздің облысымызда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша тұрақты, жүйелі жүзеге асуын жолға қойған БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлына, түрлі түйткілді мәселелерді уақытылы шешіп, жанашырлықпен қолдау білдіріп жүрген БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Қалаубек Баубекұлына жұмыс тобы атынан алғысымыз шексіз.
Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында қолайлы жағдай жасаған Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің
директоры Айжан Нұрғалиқызына және ұжымына жұмыс тобының атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Нұрлан Сәдір ағаның редакторлығымен жарыққа шыққан кітаптарымыздың атауы мен авторларын тағы бір назарларыңызға ұсынамын:
1. "СЕНІМ ҮШІН СЕРГЕЛДЕҢ" Қабжан Қазыбек Құттымұратұлы
2. "ТАУҚЫМЕТ ТАРТҚАН ТАҒДЫРЛАР" Батырханов Ахмедияр Қуанұлы
3. «ОРАЛ, БӨКЕЙ ГУБЕРНИЯЛАРЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ. 1921-1922 ж.ж.» (Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив құжаттарының жинағы) құрастырушы Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы.
4. «БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕРІ (1928-1932 жж.)» Хайдаров Есқайрат Ерболатұлы.
5. «ДӘУЛЕТШАХ КҮСЕПҚАЛИЕВ: ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ» Байболсынова Альфия Сабырғалиқызы.
6. «ТАУҚЫМЕТ ТАРТҚАН ТАҒДЫРЛАР ІІ» Батырханов Ахмедияр Қуанұлы 7.«ҚУҒЫНДАЛҒАН ХАЗІРЕТТЕР» Қабжан Қазыбек Құттымұратұлы
8. БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАЙЛАРДЫ, КУЛАКТАРДЫ ТӘРКІЛЕУ ЖӘНЕ ЖЕР АУДАРУ. 1928-1932 ЖЖ. (Архив құжаттарының жинағы) құрастырушы Сафуллин Жантас Набиоллаұлы
9. ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-50 ЖАЛДАРЫНА ҚАТЫСТЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ЖИНАҒЫ (Орал, Бөкей губернияларындағы ашаршылық, халық көтерілістері, Алаш, күштеп көшірілгендерге қатысты құжаттар) ұжымдық еңбек.
Жоба аясында бірге қызмет еткен Qazybek Quttymuratuly, Нұрлан Сәдір , Eskayrat Haydarov, Ahmediyar Batyrhanov, Альфия Байбулсинова, Бактылы Боранбаева, Aibulat Kurumbaev, Ақылбек Есеналин, Dinara Yessenalina әріптестеріме алғысымды білдіремін!
Ж.Сафуллиннің facebook парақшасынан