Осыдан үш жыл бұрын БҚО бойынша "ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия" құрылғанынан және ол комиссия құрамына өлкеміздің тарихын түгелдеуге сыбана жұмыс қылып жүрген бір топ ғалым, журналист, ұлтжанды азаматтар еніп, іске кіріскенінен хабардар болған едік.
Опыр-топыр көп шараның бірі болып, арасынан көрінбей қалмаса, "су аяғы құрдым" — ізі білінбей кетпесе " дегендей сүлесоқ күмәнім болғанын да жасырмайын, басында.
Жақында Қадыр Аға орталығының конференц-залында өткен сол комиссияның үш жыл ішінде тындырған жұмыстары туралы есепті жиынында болып, марқұм,Исатай Кенжәлиев ағамыз айтпақшы, "есім кетті". Білгенімізден білмегеніміздің көп екенін шамалаймыз ғой, шамалауын, бірақ мұншалықты деп ойламаппыз. Төбе шашың тік тұратын деректерді қанын сорғалатып жайып салған ғалымдар әңгімесі жаныңды түршіктіреді.
Ғалым сіңлім Альфия Байбулсинованың Жайық өңіріндегі түрмелер жүйесі мен ату жазасы жүзеге асырылған жерлерді анықтау барысындағы жұмыстарын әңгімелегендегі жанарынан төгілген жасын сәулені мен бұрын еш патриоттың жүзінен көрген жоқпын! Тарихшы ғалымдарды эмоциядан аулақ, тек қана фактілерге жүгінетін халық десек те, мына қастерлі жұмыс қозғамай қоймаған екен. Қан ғой...
" Екі ауылға бір түрме, ауыл басы сайын "үш әріптің" кеңсесі... "Еңбекпен түзеу лагері" деп аталатын, адамдарды құлша жұмсап, күшін тегін пайдаланудың зұлым тәсілі біздің жақта да жайылып жатыпты-ау. Осы мына біздің Теректінің алабына да қан мен тер, тұтқын байғұстардың көз жасы армансыз төгіліпті. Өмірлер үзіліп, тағдырлар талқан болып жатыпты Придорожный ауылының маңатында. Барактар мен тұтқын байғұстарды жаяу қуған айдау жолдардың сораптары әлі сақталған дейді сол жерлерге арнайы барып, көзімен көріп, ауыл адамдарының сөздерін де, өздерін де бейнетаспаға түсіріп алған Жантас Сафуллин .
Жайықтың жағасында, Ысқырық тау жақта, сосын анау Казталовтың ел "Шелний балкі" деп атайтын жерінде неге жол апаттарының жиі болып, түсініксіз оқиғалардың неліктен естіліп қалып жататыны да енді сырын аша бастағандай: аш аруақтар жатады екен ғой күңіреніп... Аш болмай қайтеді, аты-жөндері жазылған бір қалақша да қалмаса жатқан жерінде... Аш болмай қайтеді, сүйектері саудырап, жер қойнынан орын таппай, әлі күнге шашылып жатса... Қай бір тереңге көмді дейсің, ажал конвейері үздіксіз жалмап, жоспармен қырып жатқан сорлылардың денесін. Бетін жасырған болып қана, түйіп тастай берген, тастай берген.
Құдайым-ай, "АлЖИР"," КарЛаг" деп жүргенде, тап сондай азап лагерлері жүйесі облыс, аудандарды түгел торлапты ғой, түгел. Ақирет деген сол емей немене. Сол ақыреттен қайтіп аман қалып, қайтіп қайта жалғанып кеткеніне таңқалмасқа шараң жоқ бүгінгі мына қазақ деген көнтерілі халықтың.
Қарап отырып ойға кетесің. Көзге жас, көкірекке ыза толып, қанжылайды жүрек.
Комиссия жұмыс
тобының жетекшілері Qazybek Quttymuratuly , Бактылы Боранбаева , Альфия Байбулсинова, Eskayrat Haydarov , Ahmediyar Batyrhanov , Aibulat Kurumbaevтардың ересен еңбектеріне дүркін-дүркін қол соғып отырып тыңдадық есептерін. Алғашқы үш кітаптың жарық көргеніне серпіліп, қуана,жұбана қабылдадық.
Аттары қандай дейсің, аттары!
. «Мені елден айырған саясаттың екпіні»,
«Нарыннан өлі айырылмай, тірі айырылдық...»
Бөкей және Орал өңірлеріндегі "бандитизм."
Ғалымдар жанып тұр! Бүйірлері қызып, жанды жұмыстың қызығына, екпінді ырғағына еніп алғандары көрініп тұр.
Бұл жұмыстың басы ғана, жартысына да жеткен жоқпыз әлі, жалғастыруымызға мүмкіндік болса екен деп отыр бәрі бірауыздан.
Үкіметке, облыстық Қоғамдық Даму басқармасына рахмет осы жобаны құрып, жүзеге асуына мүмкіндік берген. Исі қазақтың жоғын түгелдеп, кегін қуып, тұтас ұлтты түп-тұқиянымен құртып жіберуге жасалған қанды шеңгелдің аяусыз іздерін әшкерелеу— ардың ісі! Геноцид екенін дәлелдеудің басы осылай басталған шығар басқа елдерде де. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың халық санын ғана емес, санасын да құртып жіберуге шақ қалғаны әлі күнге сезіліп тұратыны шындық.
Қысқасы, тауқыметтен де, тақсыреттен де көз ашпаған тағдырлы тарихымыздың дұшпандар жасырып тастамақ болған қаралы беттері ашылып жатыр. Түгел ашылсын. Ақиқаты жетсін бұқара халыққа. Әділет жеңсін, кеш болса да.
Рахмет Сіздерге, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрамы. Алла разы болсын! Жалғассын!