Білесіздер ме, өңіріміздің бір топ белгілі ғалым -тарихшылары мен өлкетанушылар Ескайрат Хайдаров, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байбулсинова, Қазыбек Құттымұратұлы, Ахмедияр Батырханов, Курумбаев Айбулат бұрын қолға алынбаған тарихты қазбалап, бұрын рұқсат етілмеген архивтерді қопарып, өзге өңірлерге сапар шегіп, көптеген ақпараттарды жинап өңдеп, бірнеше тарихи кітаптар шығарған! Оларды редакциялаған белгілі қоғам белсендісі, қоғам қайраткері – Нұрлан Сәдір, ұйымдастырушысы, басшылық етуші - Жантас Сафуллин. Мықты команда!
Ылғи сайдың тасындай іріктелген, өз ісінің кәсіби мамандары ғана емес, жүректерінде елжандылық пен ізгілік ұялаған, бойларында табандылық пен еңбекқорлық тұнып тұрған тұлғалар!
Жақында осы кітаптардың таныстырылымы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша облыстық жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллиннің бастамасымен өтіп, біз де сол дөңгелек үстелге қатысу құрметіне ие болдық.
Шараға қатысып, кітаптардың тұсауын кескен Дарига Ғазезқызы Мұштанова жүрегімен жазыпты өз әсерін, одан артық айту мүмкін емес, бірақ өз ойымды да қосайын.
Әр кітаптың тақырыбын түгел жазып отырмадым, тілші емеспін, қажет болса олардың сайтынан алуға болады https://www.batysmura.kz/
Зерттеу жұмыстарының жалпы бағыттары: өңірдегі халық көтерілістері мен оған қатысқаны, не қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды, ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау, байлар мен малды шаруалардың, хазіреттер мен басқа да дін өкілдерінің қудалануын зерттеу, 1939-1945 жылдары қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау туралы ұсыныстар дайындау, елден күштеп көшірілгендерді, босқындарды анықтау, ақтау бойынша ұсыныстар енгізу.
Тарихшылар келтірген архив материаларын (айтпақшы облыстық архив басшылығы, соның ішінде Айжан Нұрғалиқызының зерттеушілерді қолдауына алғыс көп айтылды) тыңдап отырып, Жұбан ақынның «Мен - қазақпын,мың өліп, мың тірілген» дегені жай өлең емес, тарихтың сан қатпарын түйсігімен сезініп жазылған зар заман толғауы екенін жаныңмен түсінесің...
Жазалау лагерлері 1933 - 50 жылдары негізінен 4 жерде: Шалқар лагері (Теректі ауданы), Сайқын ауылы (Бөкей ордасы ауданы), Саратов облысының шекарасында Каменлаг, (Тасқала ауданы), Самарамен шекарада Безымянлаг болған дейді Алфия Байболсынова, тіпті картасы жасалған, барактардың орны әлі де сақталған. Ойлайсың, сонда не үшін жазалаған, кімді жазалаған??? Неге сол көршімен шекаралы жерлерге лагерь салу қажет болған??? Бұл зерттеулерге тәуелсіздік алғаннан кейін, бұдан ертерек рұқсат берілгенде қаншама мағлұмат алар едік, үлкендердің, көзімен көргендердең көбі болды ғой сол жерде... Теректі ауданының қазір ата болған азаматтары өздері көрмегенімен әкелерінен естігенін жандары қиналып отырып әңгімелегенін Жантас Сафуллин түсірген видеодан көрдік. «Тұтқындар мына барактарда тұрған, оның ішінде әйелдер де болған, оларды қысы -жазы жаяу 9 шақырым жердегі далаға айдап, жұмысқа салып, күні бойы әбден шаршаған жандарды қайтадан 9 шақырым кері айдаған ғой конвоирлар» деп күрсінеді
Батыс Қазақстан облысындағы бандитизм деп тіркелген мәліметтерді зерттеген тарихшы Есқайрат Хайдаров та бандитизмге, көтерілісшілерге берілген бағаның сол кездегі саясат тұрғысынан екенін, олардың нағыз күрескерлер екенін, ақтауға ұсынылу қажеттігін айтты.Шынымен да, бұл өте қызықты да маңызды тақырып.Бала кезімде 1880 жылдары туған атамның «Аманғали банды» деген болды, өлеңдері де бар, оны «банды» деп айту себебі үкіметке қарсы болғанынан, онымен бір кездері араласып тұрғанын айтып отыраты есімде.
Тарихшы-ғалым Бақтылы Боранбаева Түркістан облысына арнайы барып жинаған бізден зорлықпен көшірілген адамдармен кездескені, маң далаға 300 ден астам адам, бала- шағасымен қалдырылғаны, балалардың қайғылы өлімі, басында панасы жоқ адамдардың көрген күні туралы көшірілген адамдардың ұрпақтарының естеліктері де, архив құжаттары да алғаш рет енгізілді.
Облыста жазалау лагерьлері мен НКВД кеңселерін анықтау қиын болған дейді Алфия Сабырғалиқызы, өйткені бұған дейін еш жерде айтылмаған құпия құжаттардың көбі жойылып кеткен де. Әрине, әдейі істелген болар. Адамдарды атудың жоспарын орындау үшін әр ауылдағы үштік кеңестің шешімімен еш сотсыз жүзеге асырылып отырғанын естігенде жаның түршігеді, мысалы атылған 150 мұғалімнің аты-жөні анықталған... Не үшін екен дейсің...
Ахмедияр Батырхановтың архивті, ресейлі сайттарды қазбалап, БҚО облысынан тұтқында болғандары анықтау және ақтауға ұсыну бойынша жұмысы тіпті ерен деуге болады, бұл екінің бірінің трагедиясы сол кездегі. Оларды келгенен соң тағы да 10-20 жылға лагерлерге айдалғанындарын көбіміз бала болсақ та үйдегілердің біреулер туралы сыбырлап айтатынынан түсінетін едік. Біздің буынның бала кезі соғыстың біткеніне 10-15 жыл ғана өткен кез ғой, соғыстың иісі аңқып тұратын әр үйде. Білеулер туралы «пронттан кантужный келді», «піленнен келді» деген әңгімелер әлі құлағымда. Тұтқынға қалай түссе де Нұрлан Сәдір айтқандай, олар кінәлі емес, ақталуға жату керек дегенге қосыламын.
Жиынға қаладағы тарих пәнінің мұғалімдері қатысып отырды, бұл -өте дұрыс болған. Өйткені ғалымдардың игі ісін болашақта жалғастырар оқушылар олардың алдарында отыр. Мектептерді қаншама ғылыми жобалар, өлкетану конференциялар өткізуге, оған оқушылар мен олардың ата-аналарын тартуға болады! Қаншама тарихи материалдар Оқу жоспарының өлкетану компоненттеріне сұранып тұр! Сонда ғана тарихи таным жүйеленеді, ұрпақтан ұрпаққа жетеді емес пе!
Барлығын жазу мүмкін емес, қызығушылар болса сайттың сілтемесін бердім жоғарыда.
Менің осы жазбамен бөлісу мақсатым - бұндай ақпараттар тек академиялық ортада ғана қалмай, көпшілікке жетсін деген ой. Жастарға жетсін деген ой. Қазіргі технологиялық шарықтау кезде өмір сүріп отырған жастарда өткенге, тарихымызға «бұл бұрынғының әңгімесі», «тарихтан оқыдық қой», «біз тек алғы жылжуымыз керек», «бұл аталардың әңгімесі» деген сияқты көзқарастар сіңіп кетпей тұрғанда олардың бойына тарихи-танымдық құндылықтарды беру қажет деп ойлаймын.
Өзінің тарихына, ата- бабаға, отбасына құрмет қандай цифрлық сауаттылықтан да, технологиялық таланттан да маңызды, бұлар - адамның адамгершілік, имандылық тұғырын құрайтын компоненттер. Зерттеу тобына, комиссия мүшелеріне алғысымыз шексіз, жұмысты жалғастыруға өздері аса мүдделі, өйткені ашылмаған қанша дүние жатыр! Тек мемлекет тарапынан алда да оларды қолдау жалғаса берсін деп тілейміз.
Төмендегі Ютубқа сілтемеден Теректі ауданындағы жазалау лагері туралы бейнематериалды көре аласыз.